Біздің елдің бай тарихы өзгелер көзімен, саясат ықпалымен көп бұрмаланып, ұлттық мүдде мен шынайы тарих үшін емес, «ұлы» орыстық шовинизмнің салқынымен жасандылық пен жалғандық мол араласқаны баршаға аян.
Бір өкініштісі, саясатқа тәуелді жылдар болса бір сәрі, бүгінгі азат, еркін ойлы заманда, Тәуелсіздік алғалы отыз жыл өтсе де, әлі күнге тарихшыларымыз, оның ішінде «мүйізі қарағайдай» көрнекті оқымыстылар да бар, баяғы бір жақты көзқарастан арыла алмай келеді.
Осындайда көзі қарақты оқырманға анық білініп, ал тарихтан хабары «орташа» оқырманды ойлантып тастайтын, ойланғаннан гөрі шатастыратын тұстар мен мұндалап, көзге түспей қоймайды. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысалды тағы бір мәрте оқырман назарына ұсынып көрелік. Тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев «Қасым хан» мақаласында былай деп жазған еді: «Қасымның (Қасымханның) әкесі Жәнібек ханның кім болғандығы көпке мәлім. Қазақ хандығының негізін қалаушы және Керей ханнан кейін қазақта хан болған. Ол билік құрған жылдар шамамен 1460 жылдардың соңы мен 1470 жыдардың бас кезіне сәйкес келеді…» («Егемен Қазақстан», №28, 14-20.07.2011ж.)
Қазақ хандығының құрылуына байланысты енді бір көрнекті тарихшымыз, профессор Талас Омарбеков: «Халқымыздың қилы тарихы» мақаласында жоғарыда көрсетілген Жәнібек хан туралы ойын былай білдіреді:
«Өзбек-қазақ қауымдастығын этно-саяси тұрғыдан нығайта түскен тағы бір маңызды нәрсе – Әбілхайыр өлген соң өзбек мемлекетінде бүліншіліктер басталып, ондағы ру-тайпалар Қазақ хандығына көшіп келе бастады. Мұның өзі өзбек-қазақ елінің Дешті Қыпшақта тәуелсіз мемлекетті орнықтыруына жаңа мүмкіндіктер ашты. Бұл маңызды істе, әсіресе, Керейдің қанды шайқастардың бірінде ертерек қайтыс болып кетуіне байланысты Жәнібектің бір орталыққа бағынатын хандықты нығайтудағы рөлі үстем. Сондықтан да, дәстүрлі деректердің бәрі Жәнібектің қазақтың алғашқы ханы деп көрсетеді.
Ол бұл жолда әсіресе, тайпалық көсемдердің бытыраңқылығын, билік құмарлығын шектеуге күш салды.
Сондықтан да, оның есіміне билер «Әзиз», яғни «Бәрінен үстем» («Құран Кәрімдегі анықтамада осылай көрсетілген) деген қасиетті есімді тіркеді. Қазақ билері мұндай жоғары мәртебені Жәнібектен кейін Тәукеге ғана бергені және белгілі. («Егемен Қазақстан», 8.09.2015 ж.)
Осылайша дуалы ауыз оқымысты жалпылама түйіндеп, XV ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына шыққан Орыс хан ұрпағы Барақ хан ұлы Жәнібекті «Әз Жәнібек» атандырады. Қандай тарихи жазба деректемеге, ақын-жыраулар сөзіне немесе қандай ма болмасын тарихи жәдігерлерге сүйенгенін ашып айтпайды.
Сонда XIV ғасырда өмір сүрген тарихи жәдігерлерден бұрын ел аузында аңыз боп сақталған Әз Жәнібек хан мен Жиренше шешен, Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу сияқты аңыз-әфсаналардағы Әз Жәнібек хан қайда қалады?
Аңыздар өз алдына, ақындығы мен тарихи жадысы таразыға тең түсіп жататын атақты жырау бабамыз Мұрат Мөңкеұлы әйгілі «Үш қиян» толғауында жеріне жеткізіп жырлайтын Алтын Орданың даңқты хандарының бірі Әз Жәнібек ханның рухы алдында ұят болмай ма?
Қарапайым оқырман болса, кешірімді ғой, білместігі болар дер едік-ау…
Жырау баба сөйлесе:
«…Алты жыл балшық бастырып,
Тоғыз жыл керіш соқтырып,
Сусынын шайға қандырып,
Хандығына жұртты нандырып,
Адыра қалғыр Аштархан,
Әз Жәнібек хан салдырып,
Ақылын кәуірге алдырып,
Айласы құрып кеткен жер…»
Жыраудың анық айтып отырғаны – Алтын Орданың ханы, Өзбек ханның ұлы Әз Жәнібек хан. Бұл да бір аса бағалы тарихи-әдеби дерек.
Басқа-басқа даңғайыр шежіреші,тарихи жадысы мықты Мұрат бабамыз егер Барақ ұлы Жәнібек хан Астрахань қаласын салдырған болса, оны неге айтпасын?!
Қазақ хандығының іргесін қалаушы Жәнібек ханның қала салдыруға мұршасы қайдан келсін? Оның өмірі Мұхамед Шайбани сықылды жауларымен жан алып, жан беріскен қанды қырғын шайқастар мен тартыстарда өтпеді ме?
Осы мақаланы жазарда қолыма қайта-қайта алып, шұқшия қарап оқығаным –тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевтің «Әз Жәнібек хан: аңыз бен ақиқат» деген мақаласы.
Мұнда ғалым ойға қонымды, салиқалы жазба деректерге сүйенген пікір айтады, ой-пікірін тасқа таңба басқандай дәлелдермен қорғайды. Зерттеуші былай деп жазады: «Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов өмір сүрген заманда орыстың белгілі археологы, шығыстанушы, нумизмат тарихшы П.С.Савельевтің ғылыми тұрғыда әлі күнге маңызын жоғалтпаған құнды еңбегі дүниеге келді. Бұл еңбектегі ғылыми тұрғыда талданған нумизматикалық деректер қазақ тарихы үшін бірегей керемет… Зерттеуші нумизматикалық жәдігерліктерге иек артып Әз Жәнібек хан есімі бедерленген теңгелердің Хорезм қаласында хижраның 700-751 жылдарынан (1350 жыл) құйыла бастағанын баяндайды.
Әз Жәнібектің ел билеген тұсында құйылған теңгенің бір жағында араб қарпімен «әл-сұлтан әл-ғадл ғазиз Жанибек хан», екінші жағында «Харб/сы/ Гүлстан әл-джәдид» деген сөздер таңбаланған. Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының ғылыми қызметкерлері Жәнібек ауданындағы Жаңатұрмыс обасынан 1353-1354 жылдары Гүлстандағы теңге сарайында құйылған Әз Жәнібек хан дәуірінің теңгесін тапты»…
Жаңабек Жақсығалиев осымен қатар Хиуа ханы (1645-1663), Шығыс әдебиеті мен мәдениетінің асқан білгір Әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресі» атты тарихи шығармасынан мынадай бір деректі де сөйлетеді: «Өзбек хан өлгеннен соң оның ұлы Жәнібекті хан көтерді, Жәнібек хан ғажайып мұсылман патша болды, өзі ғұлама, ибалы, ақылды кісі еді. Сарайшық шаһарында таққа отырды, шариғатты қатаң сақтар еді… Хижраның жеті жүз елу сегізінші жылы (1358) қайтыс болды, ол он жеті жыл патшалық құрды, Сарайшықта жерленді».
Әз Жәнібек ханға қатысты бұлтартпас деректің бірі осы деп санаймыз.
Өзі сол заман үшін біршама ұзақ уақыт 17 жыл хандық құрса, өзі асқан әділ әрі ғұлама мұсылман дінінің қорғаны болса, әрине, бағынышты халқы ондай ханды «Әз», «ғазиз» деп атағаны оның мәртебесіне лайық болмақ. («Егемен Қазақстан», 6.08.2015 ж.)
Осындай тарихи деректерді сөйлете отырып, тарихшы отандасымыз мынадай қорытынды жасайды.
«Келтірілген әртүрлі тарихи деректер: нумизматикалық жәдігерлерді, жыр-аңыздарды, толғауларды, кәсіби мамандардың тың ойларын саралай келе, біз осыған дейін Әз Жәнібек деп жүрген ханның Қазақ хандығының негізін қалаған Барақұлы Жәнібек емес, Алтын Орда ханы Өзбек ұлы Жәнібек екендігін тағы бір мәрте еске сала кетсек дейміз. Бұдан Қазақ хандығының негізін салған әйгілі Жәнібек ханның мәртебесі мен беделінің еш төмендемесі хақ…» («Әз Жәнібек хан: аңыз бен ақиқат»)
Қарапайым оқырман есебінде осы бір анық айтылған жанды пікірді,қисынды ойды қолдайтындардың қатарындамын.
Кеш те болса, бір-бірімізге кешіріммен қарап,онсыз да көп бұрмаланған соры қалың тарихымызға қиянат жасамай, әділдікке жүгініп, Алтын Орданың әйгілі ханы Әз Жәнібек Өзбек хан ұлының мәртебелі есімін өзіне қайтарғанымыз дұрыс.
Бақыт Амантай