Жаңа жыл қарсаңында «қуып» кетейін бе? Эльдар Рязановтың «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен!» атты керемет фильмінің кейіпкері Женя сияқты болғым келіп кетті. Моншада достарымен сыра ішіп , мас болып, досы Павликтің орнына ұшаққа отырып, Ленинградтан бірақ шығатын ше? Сондағы Надяның үйін өз үйім деп таласып, ақырында Женя+Надя болып қалғанын көріп едік қой?
Жаңа жылға қарсы пәтерлі болғым келіп кетті! Кезекте тұрғаныма отыз жыл! Енді отыз жылдан кейін «точно» пәтер аласың дейді әкімдіктегілер. Содан ыстық нанның асты сияқты күйіп кетіп, кластастарыммен моншада сыра іштік. Досым Пернехан–Павлик болды. Мен Жексенбай–Женямын. Бірақ бала-шағам, қабырғаларымды санап, сипалап жататын жалғыз келіншегім бар, пәтер жалдаумен жыл өткіземіз. Содан мені достарым Петербург, бұрынғы Ленинградқа ұшатын ұшаққа салып жібергісі келіп еді, мас адамды отырғызбайды екен. Содан Астанаға ұщатын болып, достарыммен Шымкент әуежайында қалғып отырмын. Бір кезде «кратко метражный» түс көрдім. Түсімде Астанада алшаңдап, аяғымды әр жерден басып келе жатыр едім, алдымнан бір орыс келіншек шыға келді:
–Кешіріңіз, сіз Женясыз ба? –деп сұрады ол.
–Жексенбаймын. Одан кейін Женямын.
–Менің атым Надя. Құдай үшін біздің үйге жүріңізші?
–Е? –деппін мен.
–Жаңа жылға екі сағат қана қалды. Бір өзім қалай қарсы аламын? Көңілдесім Ипполит келмейтін болды. Өкпелеп қалыпты.
–Базар жоқ!
Содан не керек, «Тағдыр тәлкегіндегі» Надяның үйіндемін. Сценарий бойынша шалбарымды шешіп тастағанмын! Тура болашақта маған берілетін пәтерден аумайды екен! Ойда жоқта тап болған сұлу Надямен дастархан басында отырмыз. Оған үздіге қараймын. Ол да мөлиіп… Жо-жоқ, жанары жасқа толып, еріндері дірілдеп… Енді сүйісе бергенімізде, есік қоңырауы безек қақты. Надяның құрбылары екен!
–Мынау Ипполит пе? –деп сұрады біреуі.
–Ия, Ипполит! –дейді Надям.
–Қойшы, қазақ сияқты ғой?
–Шын аты– Итбай. Мен Ипполит деп еркелетемін.
–Өтірік айтады, мен Женямын! –деймін мен. Надя сөзімді аяқтатпай, ерніме сүліктей жабыса кетеді. Құрбылары кеткен соң енді сүйісе беріп едік, есік қоңырауы… Көршісі екен, тұз сұрап келіпті. Басына тұз себілгір. Ол кеткен соң, бір-бірімізге үздіге қарап, енді… Қап! Есік қоңырау тағы да… Бұл жолы келген Ипполит екен. Удай мас! Мені көріп, сыртқы киімдерін шешпей душқа түсті де, дастархан басына отырды.
–Ты кто? –деп сұрады ол.
–Өзің ктосың?
–Ипполит.
–Жексенбай–Женя.
–Неғып жүрсің?
–Өз пәтерімдемін. Надя қонаққа келген.
–Өз пәтерім? Өй, бұл менің пәтерім! Надяға сыйлағанмын! Ану– ка, үйден шық!
Екеуміз жұлқыласып жатырмыз! «Өлсем де пәтерден шықпаймын!» деп қоямын. Ол бетіме салып қалды. Шошып оянсам, Пернехан–Павлик екен. Бетімді ұрғылап жатыр. Қарсы алдымызда участкелік полицейлер… Астанаға ұшпайтын болыппыз. Арақ ішіп, қоғамдық орында ойқастап жүргеніміз үшін бес тәулікке қамалдық. Үйімізде Жаңа жылды да дұрыстап қарсы ала алмайтын болдық–ау! Айтпақшы, қатынушка, жаңа жылыңмен!
Мұхтар Шерім