Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминді ҚР Премьер-Мини-стрі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Асқар Ұзақбайұлы Мамин Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын тәмамдаған, мамандығы бойынша инженер-құрылысшы, экономист. Еңбек жолын «Целинтяжстрой» тресінде монтажшы болып бастаған. Қазақстан инновациялық кәсіпорындар одағы директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарған. 1996 — 2008 жылдары — Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Көлік және коммуникациялар вице-министрі, Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда бірінші вице-министрі, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрі, Астана қаласының әкімі. 2008 жылғы сәуір айынан бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті, 2008 жылғы 17 сәуірде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. 2016 жылғы қыркүйектен соңғы тағайындауға шейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.