БАЛАҒАТ СӨЗ БАЛАҢЫЗДЫҢ ӨМІРІН БҮЛДІРЕДІ

Бірде он екі ата Байұлы ішіндегі руы Есентемір Бөкен би атамызға Сырым батыр бата алуға барыпты дейді. Батасының соңында Сырымның сөздеріне риза болған атамыз оған қарап тұрып шекесін шертіпті. Сонда Сырым атамызға аузын ашып, «тілін» көрсетіпті. Сөйтсе, оның мәні «Басқа пәле – тілден» деген сөз екен. Сол айтқандай, Алла тағала адам баласына берген нығметінің бірі – тіл. Тіл арқылы адамдар ойын, пікірін, қуанышын, мұңын, сүйінішін білдіреді. Кейде әдепсіздеу айтылған сөздер біреудің ар-намысына тиіп кетуі мүмкін.

Балалық шағың – патшаның тағы

Балалық шақ – адам өміріндегі ең ғажап уақыт. Ол кімді де болмасын сағынтпай, аңсатпай қоймайды. Балалық тәтті қылықтарың, айналаңның елжіреп, мейірім төгуі, бәрі де санаңда берік орнап, жаныңа жылу ұялатады. Көбіміз осы уақытты бағалай білмейміз, есеюге асығамыз. Үлкен кісілердің түсіне көбіне балалық шақтары кіретінін білесің бе? Балалық шақ қайта оралмайды.