Көз көрмеген, құлақ естімеген ерте заманда Рұн деген патшалық болған екен. Ол елді Рұн деген патша билепті. Рұн қаласы – бұл патшалықтың орталығы, яғни астанасы саналыпты. Бұл қала күнен-күнге жайнап, жарқырап, өркендей беріпті. Бірақ күндердің бір күнінде Рұнды екіге бөліп тұрған Рұн өзеніне тұрғызылып жатырған көпір құрылысы аяқталмай жатып құлап қалады. Рұн патша Рұнның екі бөлігін жалғастырамын деп Рұнға салып жатқан Рұн көпірінің қалайша құрылысы аяқталмастан құлап қалғанын анықтауға жедел түрде бұйрық береді. Патшаның қызметкерлері дереу әрекет жасап, патшаның алдына үш ұрыны алып келеді. Олар өздерінің қылмыстарын мойындайды.
– Уа, әміршім, біз көпірді бекіту керек бұрандаларды ұрлап кеттік. Бұрандалар алтыннан болғандықтан оларды азық-түлікке айырбастап, жетімдерге, үйсіздерге, жағдайы жоқтарға тараттық. Біз кінәліміз, қымбат көпірді қиратып, халыққа көмектескеніміз үшін бізді жазалаңыз,– дейді ұрылар.
Рұн өзінің қателгін түсінеді. Бір көпірге бола қазынадан қыруар қаржы шығарып, халықты аш қалдырғанына өкінеді. Сөйтіп қателігін түзегісі келіп, ұрыларға былай дейді:
– Сендер, не болса да, ұрылардың ішінде ең шеберлері екенсіңдер. Қаншама күзетшіні қапы қалдырып бұрандаларды ұрлау екінің бірінің қолынан келмес еді. Мені өз қатарларыңа қосыңдар. Патшалықтың қазынасын ұрлайық. Бірақ оны кейін орнына қайтып қоямыз, өйткені бұл – уәзірлеріме жасалатын сынақ болады.
Ұрылармен келісіп алған Рұн патшасы Рұн өз қазынасына ұрлыққа түсіп, 1000 ділдә ұрлап кетеді де, бір ұрының үйіне тығып қояды. Дәл сол күні-ақ уәзірлер патшаға бас ұрып келеді.
– Уа, ұлық патшамыз, бүгін түнде қазынаңызға ұрылар түсіпті.
– Ойбай-ау, не дейді. Кеше ғана көпірімнен айрылып едім, енді мынау,– деп патша өтірік налыған түр жасайды – ұстадыңдар ма?– дейді ақырып. Уәзірлер бәрі бірдей:
– Ұстадық!
– Алып келіңдер алдыма,– деді Рұн патша. Олар ішке ешқандай жазығы жоқ, өзімен өзі мал бағып жүрген бір жас жігітті алып келеді. Патша уәзірлерін одан сайын сынамақ болып:
– Қанша ұрлапты,– деп сұрайды. Олар:
– 10 000 ділдә,– дегенде патша қаһарланып, уәзілерін тұтқындауға бұйрық береді. Сосын қазына күзетшілері мен уәзірлерді халық алдына шығарып, дүре соқтырады да, барлығын зынданға тастайды. Бағанағы 1000 ділдә қазынаға қайтарылады. Уәзірлер 10 000 ділдә ұрланды деп көрсетіп, өздері 9000 ділдәні бөлісіп алған екен және жазықсыз адамды жазалатпақшы болыпты. Жазықсыз жігіт босанды, 9000 ділдәні патша бағанағы үш ұрыға береді. Бірақ олар ақшаны халыққа үлестіріп береді. Осы күннен бастап Рұн патшасы Рұн елі үшін артық шығындардан арылып, жанына адал уәзірлер жинауды бастайды екен.
Есенбай Ізбасаров