Атырау облысының «Әділ» мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық ұйымдар қызметкерлері жергілікті кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің құрамындағы «Eurasia support services» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымы арқылы бөлінген қаражат есебінен жұмысшы-қызметкерлердің мектеп жасындағы 50 баласы Ақтөбе қаласындағы «Шұғыла» балалар лагерінде демалды. Балалар түрлі спорттық және өнер сайыстарында бақтарын сынап, қаланың көрікті жерлерін аралап, музей жәдігерлерімен танысып, жаңа достар тауып, көңілді демалып қайтты. Ата-аналар компания басшылығы мен кәсіподақ ұйымына шынайы ризашылықтарын білдіруде.

«Біз ұжымдағы көп балалы, әлеуметтік жағынан көмекке зәру отбасыларындағы 9-14 жас аралығындағы балаларға жылда осылай қаржылай қолдау көмек көрсетіп, демалыс лагерьлеріне жіберіп тұрамыз. Еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және әлеуметтік әріптестік қарым-қатынасты нығайтуда жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы арасында ынтымақты тығыз байланыс орнатылған. Қазақстан Кәсіподақтарының 120 жылдығына арналған мәдени-көпшілік, спорттық шаралар, жұмысшылар әулеттерін ұлықтау, кәсіподақ ардагерлері мен белсенділерімен кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз» — дейді серіктестік бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Марал Көшенов.
«Eurasia support services» ЖШС басшылығы демалушы балалар үшін арнайы автобус бөлгендігін және жолдағы қауіпсіздікті Атырау мен Ақтөбе облыстарының жол полициясы қызметкерлері жоғары деңгейде қамтамасыз еткендігі де айта кеткен орынды.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі, баспасөз қызметі