Қанша жыл өтсе де  Екінші дүниежүзілік соғыстағы аталарымыздың ерлігі ешқашан да ұмытылмайды. Сол сұрапыл соғыста атам минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі 1943 жылдың 6 ақпанында Лески деревнясын жаудан азат ету барысында көзсіз ерлік жасап, қаза тапты. Оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 2019 жылы Орел облысы Покровск ауданы аумағынан батырдың денесі табылып, сүйегі Никольск деревнясындағы бауырластар бейітіне жерленгені туралы хабар алғанбыз.

    Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай аталған аудан басшылығының шақыртуымен Боран атам жерленген бауырластар зиратына барып келдім. Сапар барысында  Орел қаласында «Огненная дуга» іздеуші отрядтың басшысы Николай Андреевпен кездестім. Ол  маған атамыздың денесін қалай тапқанын, оны қалай анықтағанын түгел айтып берді. Оның айтуынша, жауынгердің сүйектері граната жарылысынан шашылып калған. Алайда басы каскамен тығыз жабылған күйде сақталғандығын, темір касканың ішінен қара шашты, моңғолоид типтегі бет сүйектерін анық көргендігін жеткізді.

    Н.А.Андреев отты жылдарға арналған тарихи музей жасақтаған, өзі соның басшысы.     Олар жылына екі рет экспедиция ұйымдастырып, қаза тапқан солдаттарды тауып, анықтап, туысқандарын іздестіріп, жерлеу шараларын жүргізеді екен. Табылған экспонаттар музейге жинақталады. Музей ішіне енгеннен-ақ соғыс кезіндегі атмосфераны сезінесіз. Мұнда кеңес жауынгерлерінің киімдері, қару-жарақтары, ұрыс қимылдарының карталары мен майданнан келген хаттар қойылып, қанды  шайқастардың фотосуреттері көрсетілген. Жергілікті тұрғындар мен жауынгерлердің батырлығы, қайтпас қайсарлығы мені таңғалдырды.  

    9 мамыр күні Покровск ауданына бардым. Мұнда мені аудан басшысы Андрей Решетников пен оның орынбасары Алексей Кустов қонақжайлықпен қарсы алды. Сол жерден біз Никольскідегі бауырластар зиратына жол тарттық. Мұнда Жеңіс мерекесіне арналған шараға елдің әр түкпірінен келген жүздеген адамдар келіп, осында қаза болған өз ата-әжелерінің суреттерін ұстап, «Бессмертный полк» шеруіне қатысты. Шерушілер қатарына атам Нысанбаев Боран Арыстантегінің суретін ұстап мен де қосылдым. Бір таңғалғаным, атам Боран Нысанбаевты жерлігікті халық жақсы біледі және оның ерлігін әлі күнге дейін ұмытпаған, оны қатты құрметтейді. Мерекелік митингте мені трибунаға шығарып, Кеңес Одағының Батырының ұрпағы ретінде маған үлкен құрмет көрсетті.Бауырластар бейітінде атамның да аты-жөні жазылған. Сол жерде мен атама арнап дұға оқып, туған жерден алып келген бір уыс топырағын салып, атамның рухына тағзым еттім.

    Покровск аудан әкімшілігі Боран атамызға жеке мемориалдық тақта дайындалып жатқандығын айтты. Мерекелік шара аяқталғасын Боран атамның қаза болған жері — бұрынғы Лески деревнясына бардым. Ол жерде қазір тұрғындар жоқ екен. Атамыздың қаза тапқан жерінде де мемориалдық тақта орнатылған, жан-жағы қоршалған, тап-таза жинақылық байқалады. Мұнда батыр атамның рухына дұға бағыштадым. Жергілікті әкімшіліктің, халықтың ұлтымыздың салт- дәстүрін сыйлайтыны, құрметпен қарайтыны сезіліп-ақ тұр. Мен атамның мәңгілік тыныс тапқан орнында онымен жүздескендей болып, туған жерге үлкен әсермен оралдым.

    Атырауға келгесін, мамыр айының соңына қарай, Боран атамызға арнап мемориалдық тақта орнатылғаны туралы хабар да жетті.(суретте)

    Батырлардың ерлігі ұрпақтан ұрпаққа осылай жеткізіліп жатыр. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес!

                                           Азамат Нысанбайтегі КЕНЖЕШОВ,

                                                           Атырау қаласы