Қазақстандық мемлекеттік сатып алу жүйесін дамыту мәселесі 1997 жылдан бастау алады. Одан кейін бұл бағытта 1998 жылғы 1 қаңтарда қабылданған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2024 жылдың 1 шілдесінде жаңа заң қабылданды.
Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңадан «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң күшіне енген болатын. Сатып алудың жаңа тәртібі жобаларды іске қосуды жеделдетіп, сыбайлас жемқорлықтың сын-қатерін азайту мен жергілікті бизнесті қолдауға бағытталған.
Аталмыш заң сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуды, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді және бәсекелестікті дамытуды көздейді.
Мемлекеттік сатып алудың ашық және оңтайлы ұйымдастырылған жүйесі процестің барлық мүдделі тарабына, оның ішінде мемлекеттік секторға, бизнес пен азаматтарға тиімді.
Бұл бәсекелестіктің артуына және көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсартуға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға зор септігін тигізеді. Сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыру үшін тиісті беделі бар өндірушілер арасында сатып алуды жүзеге асыру ұсынылады. Өндіруші туралы ақпарат түрлі дерекқорларды пайдалана отырып қалыптастырылады. Бұл өз кезегінде қызмет көрсетушілерді автоматты түрде таңдауға көшуге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында, Қаржы министрлігімен тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген тізбесі бекітілген.
Ж.АЛЖАНОВА,
Маңғыстау мемлекеттік мүлік
және жекешелендіру департаментінің
активтерді басқару бөлімінің
бас маманы