(Мұрат Мөңкеұлы өмірінің соңғы сәттері туралы не білеміз?)
1. ШАЛДА мен ШАЙЫР
Еділ, Жайық арасы,
Екі судың саласы.
Байтақта қалған көп жұртқа,
Арасы болғай панасы.
Қош, аман бол, жан досым,
Көкіректегі шыбын жан,
Кетер де білем шамасы…
(Мұрат Мөңкеұлы)
Дендердің топырағына табаны тиген адамның арнайы тәу етіп баратын орындары жеткілікті. Себебі Жайықты жағалай қонған елді мекендердің қай-қайсысында да өлке тарихының айшықты ізі қалған. Әсіресе жаны ізгі жырқұмар қауым Жарсуат ауылының маңындағы Мұрат Мөңкеұлының ақшаңқан кесенесіне соқпай өтпейді. Ал бір кезде ақынның басына мазар орнатпақ түгілі оның қайда жерленгенін білетіндердің өзі саусақпен санарлық еді. Аманатқа адал көнекөз қарттардың арқасында қазақ әдебиетінің айтулы тұлғасы Мұрат Мөңкеұлының қабіріне кеңес заманынының өзінде арнайы белгі қойылған.
Ғылымға енді ғана қадам басып, Мұрат мұрасын зерттеу үшін Атырауға алғаш келген сапарымызда-ақ ақын бейітіне барып, рухына тағзым етуді жөн санадық. Шежірелі Жарсуатқа жеткен соң таяу жердегі шағын қорымға қарай жаяулап тарттық. Әдепкі әсердің ешқашан ұмытылмайтыны әмбеге аян. Бәрі де күні кешегідей көз алдымызда сайрап тұр.
– Міне, Мұрат ақын осында жатыр!
Жолбасшымыз – Индер аудандық газеті бас редакторының орынбасары, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін елгезек әріптесіміз Сансызбай Базарбаевтың дауысы елең еткізді. Жол шетіндегі «Ақын Мұрат Мөңкеұлының бейіті» деп жазылған көрсеткіш тақта бірден көзге шалынды. Бейіт қорымның ішінде оқшау тұр. Қабірдің айналасы ұлутаспен қапталған. Аумағы әжептәуір кең қоршау жасалған. Ескерткіш тақтада ақынның аты-жөні, туған, қайтыс болған жылдары, белгі қоюшының аты-жөні көрсетілген. Ақынның:
Тайсойған, Ойыл, Қиыл, Дендеріміз,
Қарабау, мекен еткен жерлеріміз.
Сағызды, Топырақшашты баса жайлап,
Күзекке қайтушы еді елдеріміз, –
деген бір ауыз өлеңі тасқа қашалып жазылған. Атақты «Сарыарқаның» үзіндісі. Бұл – бейіттің бүгінгі ахуалы. Ал оның ақынның ардақты есімі ақтала қоймаған кездегі қалпы мүлде өзгеше еді.
Осы тұста мынадай сауал туындайды. Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында туып-өскен ақынның Индер ауданындағы Жарсуат ауылының сыртында жерленуінің сыры неде? Жалпы, Мұрат Мөңкеұлының өмірбаянында жазылған «1906 жылы Индер ауданының Өрлік ауылында дүние салған» деген деректен басқа не білеміз? Ақын ғұмырының кейінгі кездері жайында мәлімет бар ма өзі?
Өз дәуірінде бүкіл Дендер өңіріне белгілі болған шежіреші қарт Кенжеғали Тоғызбаевтың ұлы Жөкес ағамыз әкесінен естіген әңгімені былайша өрбітті:
– Осынау өңірге аты мәшһүр Шолақ деген би болыпты. Сөзге шешен, от ауызды, орақ тілді кісі екен. Бегіс Беріштің биі атанған адам. Шолақтың Дүйсенбі, Бейсенбі деген екі ұлы болған. Дүйсенбінің Түймеш деген қызынан өрген перзенттер баршылық. Мына Бөдене ауылында тұратын Нысанғали Құрақов – сол Шолақтың немере қызы Түймештің ұлы.
Мұрат ақын жастайынан Шолақ бидің жанында жүреді. Кейін екеуі өте жақын дос-жаран боп кетеді. Шынында да бірі би, бірі ақын, керемет үйлесіп тұран жоқ па?! Шолақ Мұраттан едәуір үлкен болса да, ақынды өзімен тең санайды. Бұлардың Бейсен деген делбешісі бар екен. Үшеуі көңілдері жарасып, ел аралап, серілік құрып, көп жүрсе керек. Бір думанды отырыстан қайтып келе жатқанда олар: «Тіріде іргеміз бірге болып еді, өлгенде моламыз қатар тұрсын. Кім бірінші дүниеден озса, сол осы жерге қойылсын», – деп серттеседі. Арада жылдар өтеді. Алдымен Шолақ бидің дәм-тұзы таусылып, жарық дүниемен қоштасады. Мұрат пен Бейсен оны уәде байласқан жерге әкеліп, арулап қояды.
Ел-жұртқа жастайынан кең танымал Мұрат ақын сал-серілік құрып, Жайықтың арғы бетіндегі Мәмбеттің қаратоқайларына барып тұрады екен. Арғы беттің құмын мекендейтін ағайынды Мәмбет ауылының адамдары деп атайды. Бұл – қазіргі Өрлік аулының тұсы. Сонда ел аралап жүрген ақын аяқ астынан қатты ауырады. Іші түйіліп, бауырын жаза алмай ілбіген күйі Өрліктегі Шалда Қармысұлы деген шеркештің үйіне жетіп жығылады. Шалда Шолақ бимен құдандалы болып келеді. Сол Шалданың Жұмазия дейтін қызы Шолақтың туған ағасы Қарқынбайдың Орынбайының әйелі еді. Кулагин (Есбол) ауылындағы Орынбайдың баласы Сүйеу ақсақал да бұл әңгімені растай алады. (Шалданың ұрпағы Марат Байзақовтың кітабында Орынбайдың әйелі Жұмағыз деп көрсетілген. Б.О.)
Шалданың қыс қыстауы да, жаз жайлауы да осы. Өрлік пен Қарағаштың маңын жайлаған бір шоғыр шеркештердің ауылы Шалда ауылы деп аталған. «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» дегендей, оның үйі күн ұзаққа қонақтан бір босамайтын көрінеді. Жаны қиналған шақта игі жақсылардың бәрі бас қосатын сол бір қыдыр дарыған шаңырақ есіне түскен Мұрат та ат басын осында тіреген ғой.
– Құдеке, мен қатты ауырып келе жатырмын, – дейді Мұрат қиналып, – науқасымның беті жаман, жүрегім бірдеңені сезеді. Арғы беттегі ауылға жете алатын түрім жоқ. Жаным қалса – қалар, қалмаса… Аманатымды айтайын.. Шолақты білесің ғой. Жан аяспас дос болдық. Бейітіміз бірге болсын деген сертіміз бар еді. Олай-бұлай боп кетсем, сонда жеткіз…
Шалда байғұс «қайдағыны айтпашы», – деп бәйек болып Мұраттың қасында жаны қалмай жүреді. Бірақ ақынның халі сәт сайын нашарлай түседі. Кенет ол үй иесінен шылапшын сұрайды. Сол жерде Мұрат бір шылапшын толтырып ақ көбік құсады да сылқ ете түседі. Жанына жиналып отырған ауылдың көнекөз ақсақалдары: «Бұл шыққан өлеңнің желі ғой. Мұрат та, өлең де жоқ енді», – деп аһ ұрып, күңіренісіп кеткен.
Сөйтіп, көмейінен жыр саулаған қайран ақын осылайша алпыс үш жасында аяқ астынан жабысқан кеселден ажал құшады. Төңірек түгел құлақтанады. «Ағайынымыздың сүйегін алып кетеміз», – деп Қарабаудан қаратоқай туыстары келеді. Бірақ Шалда: «Мұраттың ақтық демі таусылардан бұрын айтып қалдырған аманаты бар», – деп оларға көнбейді. Сөйтіп, Өрліктегі орыс тамырының біреуінің қайығын сұрап алып, марқұмның денесін Жайықтың бергі бетіне өткізіп, Шолақ бейітінің жанынан орын сайлайды. Кейін би мен ақынның делбешісі болған Бейсен Сәнкісіұлына да топырақ сол жерден бұйырады.
Осының бәрін майын тамызып әңгімелеген Жөкес аға өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында Қазбек ауылдық кеңесінің орталығы болған алтыншы ауылда дүниеге келіпті. Жетінші кластан кейін оқи алмай, еңбекке араласқан. Бірақ құймақұлақ бала әкесінен естіген өлең-жырлар мен қызықты хикаяларды зердесіне тоқи берген. Колхозшы, көлік жүргізушісі, мектептің шаруашылық ісінің меңгерушісі, балық аулау бригадирі болыпты. Кеудесі көл-көсір қазынаға толы көшелі кісі. Мұрат ақынның жырларын жатқа айтып отырғанда бір сөзінен жаңылмайды. Шаршау дегенді білмейді. Еркін көсіледі. Дауысы құлаққа сондай жағымды. Жүзі жылы, жүрегі таза, салмақты адам еді. Көп балалы көрінеді.
Сол Жөкес ағам Шалда мен шайырдың хикаясын осылайша баяндап беріп еді. Біз мұнымен шектелмей, Мұрат дүние салғанда қасында болған Шалданың деректерін одан әрі қазбалай түстік.
Шалданың жиені Төлеш Тілекқабылов Индерборда тұрады екен. 1933 жылы туған. Өте әңгімешіл. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Өрлік пен Жарсуаттағы мектептің мұғалімі, Жамбыл атындағы орта мектептің директоры болып қызмет істепті. Тіпті аудандық оқу бөлімін де басқарған. Ол кісінің айтуынша, Шалда патша билігі тұсында счетчик деген қызмет атқарған. Жер бөлінісін қадағалаған. Белгіленген жерді кесіп-пішіп, өлшеп беріп жүрген сияқты. Қазаққа да, орысқа да қадірлі болған деседі. Шалданың бірінші әйелінен Байзақ, Айтбай, Айтмырза деген үш бала туған. Екінші әйелінен Әбіл деген ұрпақ бар. Байзақтың үлкен қызы Бәтима – менің шешем. Сонда біз Сақау шеркеш Шалданың жиені боламыз».
Бірер сағат әңгіме барысында Төкеңнің текті тұлғасын, бекзат болмысын анық аңғарғандай едік. Қателеспеппіз. Биылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық бәйгесінде атыраулық Тілекқабыловтар әулеті бас жүлдені жеңіп алғанда тумысынан педагог қайран Төлеш ағамның тәрбиесі текке кетпеген екен ғой деп сүйсіндік.
Бұл әулеттің түп нағашысы Шалда Қармысұлының туған және өмірден өткен кезеңі туралы деректер қолымызға түспей тұр. Оның есесіне қазір Шолақ би 1841 – 1904 жылдарда өмір сүрген деген мәліметтер түрлі ақпарат көздерінде жарияланып жүр. Бірақ нақты дәйектемелері әлі айқындала қойған жоқ. Ақсақалдардың айтуы бойынша, оның жасы Мұраттан анағұрлым үлкен сияқты еді.
Айтпақшы, ілгеріде Өрлікте тұратын тоқсаннан асқан ақсақал Үмбетияр Есжанов та Мұратты осы Шалданың үйінде көрдім демеп пе еді?! Демек, ақын ғұмырнамасын толықтыра түскіміз келсе, Шалда шеркештің төңірегін әлі де қаузайтын боламыз.
БЕЙІТ пен БЕЛГІ
Сұр жорға аттың сүргіні,
Қағыл жердің үргіні.
Ақ төстері аңқиып,
Қараша қайтар күз күні.
Қызыл тілім қырмызы,
Уақыт келсе Алладан,
Алып кетер бір күні…
(Мұрат Мөңкеұлы)
Біз осы жолы Жөкес Кенжеғалиевтен Мұраттың басына алғаш қойылған белгінің де жай-жапсарын сұрадық. Оның үстіне өзіміз арнайы барып көрген соң көңіліміз толып, қиын-қыстау кезеңге тәуекелге бел буған азаматтар жөнінде молырақ мәлімет алуға құмартқанымыз рас еді. Жалпы, Мұрат ақынның басындағы ескерткіш-белгіні тоқыраудың тоңы жібімей тұрған кезеңде Бердеш Есбосынов деген азаматтың өз қаржысына орнатқаны жөнінде бұрынырақта естігеніміз бар-ды. Әкімшілдік-әміршілдік жүйенің қаһарынан қаймықпай, Мұраттың есімін сүйсініп еске алғаның үшін есеп беруге тура келетін әсіресақ заманда ақынның басын қарайту ерлікке барабар екені белгілі. Біз сұхбаттасқан Құрылыс ауылының тұрғыны Жөкес Кенжеғалиев Бердеш Есбосыновтың немере ағасы екен. Ескерткіш-белгіні орнатуға бұл кісінің де тікелей қатысы бар көрінеді.
– Мен 1928 жылы туғанмын. Біз Беріштің Қаратоқай аталығынан тараған Шындеке деген руданбыз, – деп сөзін жалғады Жөкең. – Менің әкем Кенжеғалидың әкесі – Тоғызбай, оның әкесі – Тоқан, оның әкесі Шыман. Кенжеғалидың Есмағамбет, Есбосын дейтін ағалары болған. Бердеш – сол Есбосынның баласы. Әкем екі ағасына еркелеп, еркін өскен. Атамыз Тоғызбай ақсақал да «Баланың кенжесі ыстық, мұның бетіне қақпаңдар», – деп әкемді ағаларына аманат етіп тапсырған. Сөйтіп, екі ағасы шаруаға айналып, әкем сал-серілік құрып, ел аралап жүре берген. Әкем: «Мен Мұрат өлеңдерін білгенімнің арқасында қыз-қырқынның ортасына еркін араласып кетуші едім. Ақынның жырларын жаттап алып, Құрмас деген жерде болған сегіз жиынға қатыстым. Кәдімгі Мұраттың өзі:
Базарбай, Қабыршақты, Күнен, Құрмас,
Адыра құдық еді, суы сырлас.
Арқада ат шаптырып, ақ үй тігіп,
Дедің бе, әлде бізді кеңес құрмас, –
деп жырға қосқан Құрмас қой», – деп айтып отыратын.
Бір күні әкем Бердеш екеумізді шақырып алды. Мен шопырмын. Бердеш Тайсойғанда дүкенші болып істейтін еді. «Осы қаражат дегенді кез-келген жерде шашып жүрсіңдер ғой. Менің көзім тіріде Мұрат ақынның басына белгі қойыңдар. Үкімет қолдаса – қолдар, қолдамаса – ештеңелерің кетпес. Бұл маңайда Мұраттың қайда жерленгенін менен басқа білетін кісі қалған жоқ. Ертең олай-бұлай боп кетсем, көп нәрсені жоғалтып аласыңдар. Белгі деген не тәйірі, екеуің екі айлық жалақыларыңды қисаңдар болды ғой», – деп қамшылай сөйледі. Содан соң маған қарап: «Машинаң жүріп тұр ма, бала?», – деп сұрады. Әкей Бердеш екеумізді Мұрат бейітіне бастап апарып, ақын өлеңдерінде кездесетін жер-су атауларына шетінен түсінік беріп, бірқатарын аралатып көрсетті.
Ақынның бейіті бір кезде кереге төрт құлақты болғаны байқалады. Түгелге жуық опырылып құлап қалыпты. Басынша ешқандай белгі жоқ. Уақыт оздырмай Бердеш екеуміз ақылдастық та, Атырауда тұратын немере ағамыз Бейсен Есмағамбетовке жолықтық. Ол кісі «Облселхозтехника» мекемесінің қоймашысы еді. Бізді Петровский атындағы заводтың құю цехында қалыптаушы болып жұмыс істейтін Жайғали Дүйсенов деген жігітке табыстады.
Ақыры арада бірер күн өткенде «Руы Қаратоқай тайпасы. Аққұлы бөлімі. Ғұлама ақын Мөңкеұлы Мұрат. 1843-1906 жж. Бердеш Есбосынұлы» деген жазуы бар, көлемі 50х40 сантиметр, салмағы 30 килограмм шойын тақта дайын болды. Бердеш екеуміздің қуанышымызда шек жоқ. Ал әкеміздің тіптен есі шығып кетті. Енді ескерткіш-белгіні қоятын мезгіліміз жақындаған сайын өрекпіген көңіліміз шамалап басылайын деді. Қалай десек те, Бердештің абыройлы қызметі бар, оның үстіне өзі коммунист. Партияның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған кезең. Соңы қалай болар екен деп ептеп қауіп ойлағанымызды несіне жасырайық. Сол кезде: «Мен-ақ қояйын, коммунист емеспін, әрі қарапайым көлік жүргізушімін», – дедім тәуекелге бел байлап.
Абырой болғанда, бізді ауыл ағалары түгел қолдады. Жарсуаттың үш басшысы – Жамбыл атындағы совхоздың директоры Мұхамбет Бақтығалиев, партия комитетінің хатшысы Сүндет Тасқарин, ауылдық кеңестің төрағасы Мәтжан Сәпиев (Шолақ би мен Мұрат ақынның атқосшысы Бейсеннің немересі) Бердештің үйінде отырып кеңес құрды. Өзара ақылдасып, бір тоқтамға келген соң Бердеш «нар тәуекел!», – деп бір марқаның басын құбылаға қаратып, құрбандыққа шалып жіберді… Сөйтіп, бейіт басына аттандық. Қасыма Жұма Қашуовты және тағы төрт-бес жігітті алып, тақтаны менің машинама салып апарып, орнатып қайттық. Сол күнгі қуанышымыз көл-көсір еді. Ақын қабірінің басына белгі орнатқанымызды бір күн бойы тойладық. Кейін Бердеш бейіт басына құрылыс материалдарын әкеліп, белгіні одан сайын әспеттей түсті.
Жөкес Кенжеғалиевтің айтуынша, олар құлпытас-белгіні 1964 жылы орнатқан. Әдепкіде «Әкеміз алпыс екінші жылы аманатын айтты» дегендей болып еді. Кейін соны еске салғанымызда, сәл ойланып, «Әлде алпыс екінші жыл ма екен а? Жо-жоқ, олай емес, алпыс төрт деп жазшы», – деді нық сеніммен. Әр сөзін әрлеп-зерлеп айтатын Жөкес ағаның үйінен ризашылықпен аттандық.
Бұл сапарымызда Жарсуат жұмысшылар кооперациясының төрағасы болып қызмет істейтін Бердеш Есбосыновқа да жолықтық. Ақсары, келбетті кісі екен. Ғылымдағы әдепкі қадамын апыл-тапыл басып жүрген бізді баласынған жоқ, бірден шаңырағына шақырды. Жақсы ағаның үйінде жата-жастана әңгімелестік. «Әйтеуір ешкім соңымызға түсіп, қудалай қоймады. Бәлкім, бізді ақынның әруағы қолдаған шығар», – дейді Бердекең. Мұрат бейітінің қайда екені қалың қазаққа белгісіз болып қалу қаупі төнгенде ақсақалдың аманатын аяқ асты етпей, партбилеттен айырылып қаламын деп қорықпай, тәуекелмен үлкен іс тындырған осындай азаматтарға қандай құрмет көрсетсе де лайық емес пе?! Кезінде Мұрат мұрасын ұлықтауға арналған шараларға олар қадірлі қонақ ретінде шақырылып жүрді.
Біз бұл екі ағамызбен 1992 жылғы 7 наурыз күні әңгімелесіппіз. Тәуелсіздік алғанымызға жыл да толмаған кез. Нарықтың қыспағы біртіндеп жақындап келе жатқанына қарамастан елдің рухы жоғары еді. Арыстардың ақталған тұсы. Әдебиеттегі ақтаңдарды жаппай зерттеу басталды. Жас ғалымдарға бір-бір тұлғаның шығармашылық өмірбаянының жоқ-жітігін түгелдеу міндеті жүктелді. Біздің де Жайықтың екі жағын жағалап, тірнектеп мұра жинап жүргеніміздің себебі осы болатын. Ескі заманның әңгімелеріне жетік ақсақалдар көп еді ол мезгілде. Олар Мұрат жырларын шетінен жатқа айтатын. Сол сұңғыла шалдардың зердесі мен зейінінің арқасында Мұрат ғұмырнамасын бір ізге түсіргендей болдық. Ардақты ақынның тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірлік сапарының бірқатар сәттерін қағазға хаттадық. Әсіресе, ақын тіршілігінің соңғы жылдары хақындағы естеліктер өте маңызды еді. Осыған қатысты біраз мәлімет жинақтадық.
Шолақ би мен Шалда шеркеш туралы айттық. Енді Шолақ бидің жанына жерленген үшінші досты да ұмытпағанымыз жөн. Естуімізше, ақын мен бидің делбешісі Бейсен Сәнкісіұлы соңында өнегелі ұрпақтары қалған сияқты. Олардың айтуынша, Бейсен тіпті жай делбеші емес, балуан болған деседі. Демек, Мұраттың тағы бір серігінің өмір деректеріне тереңірек үңілу керек. Тіпті, антқа адал, сертке сенімді болған Шолақ – Мұрат – Бейсен үштігіне арнап ескерткіш тұрғызса да болар еді. Сондай-ақ, оның бейіт маңында болуы да шарт емес. Достық ұғымы осылайша дәріптелмек.
Мұрат ақынның басына белгі орнатып, кейін бүкіл жұрт тағзым ететін көрнекті кесененің салынуына жол ашқан Бердеш Есбосынов та, Жөкес Кенжеғалиев те қазір өмірде жоқ. Рухы шат болсын асыл ағаларымыздың!
Бауыржан Омарұлы,
Филология ғылымдарының докторы, профессор