Жуырда Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Алаш заңгерлері» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Орал қалалық кітапханалар жүйесі мен «Зерек» оқу орталығы ұйымдастырған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, оқытушы-профессорлар және аталған университеттің «Тарих, экономика және құқық» факультетінде оқитын студенттер қатысты. Жинақтың ауторы, белгілі заңгер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан заң саласына қатысты тың мағлұматтар айтты.

– Бұл кітапты жарыққа шығару үшін үш жыл бойы іздендік. Жалпы қазақ заңының тарихы тым тереңде жатыр. Бұрын қазақ түрме, зындан салмаған. Тәлім-тәрбиеге баса назар аударған. XVIII ғасырдың орта шамасында жаңа заманға тап болдық. Боданға айналдық. Жаңа заң бекіту қажеттілігі туындады. Қазақ заңының қалай қалыптасқаны жөнінде ақпарат жоқ. Қазақ заңгерлері жайлы жинақ әлі күнге жарық көрмеген. Сол себепті мен өз-өзімді қамшылап, мәліметтерді жинай бастадым. Бұл кітапқа Абайды да енгіздім. Оның заң саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қазақ даласына арнап орыстар жазып шыққан ережеге Абай 74 түзету енгізген. Кітапты жазу барысында неше түрлі қызықты дерекке тап болдым. Айта берсең, көп-ақ, – деді Абзал Темірғалиұлы.

Техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Ақсерік Әйтімов пен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидатыЗейнолла Мүтиев салтанатты түрде жаңа кітаптың тұсауын кесті. 

– Абзал Құспан – менің бір кездегі оқушы-шәкіртім. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, сынып жетекшісі болғанмын. Кітапта 59 қазақ заңгерінің өмірбаяндық деректері, олардың заң саласындағы еңбегі баяндалады. Заң тарихына зер салған аутор біраз ізденген. Беймәлім кәсіби заңгерлер ғұмырынан тың да қызықты деректер келтірген. Заң саласының мамандарын дайындауда көмекші әдістемелік құрал есебінде кітаптың пайдасы зор болмақ. Абзал шәкіртімнің жазары көбейе берсін! Оның әлі талай тағылымды еңбек жазатынына бек сенемін, – деді Зейнолла Жақсылықұлы.

Өз кезегінде ақын, «Парасат» орденінің иегері Дариға Мұштанова, ақын, тіл жанашыры Нұрлан Сәдір, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев,  Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин кітап туралы аз-кем пікір білдіріп, ауторға ризашылығын жеткізді. Ал студенттер болса, бірінен соң бірі өздерін толғандырған сауал-сұрақтарды жаудырып, оған Абзал Құспан толыққанды жауап қатты.   

– Әлі де қызықты деректер табылуда. Алдағы уақытта бұл кітаптың жалғасы жарыққа шығуы керек деп есептеймін. Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Жаһанша Досмұхамедов секілді заңгерлер – портретін төрімізге іліп қоюға лайық тұлғалар. XX ғасырдың басында қазақта заңгерлер мен дәрігерлер көп болған. Дәрігерлеріміз туралы жинақталған ақпарат жоқ. Болашақта дәрігерлер жайында бір кітап шығуы керек деп ойлаймын, – деді Абзал Темірғалиұлы.

Марлен ҒИЛЫМХАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *