Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасында жарияланған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес облыста құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік жұмыс тобы мүшелері Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының мемлекеттік архивтері, Атырау облысы ішкі істер департаменті Ақпараттық-аналитикалық орталығы арнайы мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасы архиві, облыстағы аудандық мемлекеттік архивтер, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті архиві (Астана қаласы), Батыс Қазақстан облыс ішкі істер департаменті мемлекеттік архиві, Алматы облысы ішкі істер департаменті мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві және Қазақстан Республикасы Президенті архиві қорларындағы құжаттармен жұмыс жасады. Осы атқарылған нәтижелі ізденістердің қортындысында «Атырау облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірілік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары) І-том (240 б.)., ІІ-том (246 б.). – Атырау, 2022.» 2-томдығы және «Атырау өңіріндегі саяси қуғын-сүргін» атты өңірлік комиссия мүшелерінің мақалалар жинағы (– Атырау: «ASSEM» ЖШС, 2022 ж. – 287 б.) жарық көрді.
«Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегі № 2200 Заңы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi жаппай саяси қуғын-сүргiндерге ұшыраған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге батыл бел байлап, осы қуғын-сүргiндердiң барлық құрбандарын ақтау, оларға тигiзген моральдық және материалдық залалды қазiргi уақытта барынша мүмкiн болатын өтеудi қамтамасыз ету мақсатында аталған Заңды қабылдаған болатын. Бұл заңның қабылданғанына да 30 жыл болды.
Архивті саясат қолшоқпарына айналдыру ісі партия басшылығымен елде азамат соғысы аяқталғаннан кейін-ақ қолға алынды. Большевиктер өздерінің саяси қарсыластарын «әшкерелейтін материалдар» («компорт») жинауды ОГПУ-НКВД-МВД секілді жазалау органдарының көмегі арқылы жүргізеді. 20-шы жылдардың бірінші жартысында архивтерге Революциялық трибуналдардан, Республикалық бақылау комисиясынан, Мемлекеттік саяси басқарманың тергеу бөлімдерінен (СООГПУ) көптеген сұраулар түсе бастайды. Осы кезеңнен елдің қоғамдық-саяси өмірінде ОГПУ маңызды рөл атқарады. 1925 жылдың 9 желтоқсанында Халық Коммиссарлары Кеңесінің жанындағы ОГПУ Ресейдің Орталық архивіне «аса құпия» хат жолдап, онда архив қызметін түбірімен өзгертіп, Кеңес өкіметіне «жат элементтерді» іздестіру жұмыстарын жандандыру және оны оперативтік мақсатқа бағындыру талап етіледі. Осы құжат алынғаннан кейін барлық жерде, оның ішінде Қазақстан архивтерінде де патшалық Ресейдің үкімет мекемелеріне, азамат соғысы кезіндегі «ақтар» мен «ұлтшылдар» үкіметтеріне қатысы болғандарды анықтау жұмыстары қыза түседі. 1927 жылдың 25 ақпанында Ресей Федерациясы Орталық архиві өзіне қарасты барлық архив мекемелеріне «Архив материалдары бойынша анықталған саяси іздестірудегі адамдарға алфавиттік карточкалар толтыру жөнінде құпия циркуляр таратады. «Халық жауларын» іздестіруге елдің барлық архивтері жұмылдырылады. Элементтерге тізімдер жасалып, НКВД-ның тиісті құрылымдарына, оның 2-ші бөліміне тапсырылады НКВД бұрын-соңды болмаған жаппай қуғын-сүргін саясатын жүргізуде архив материалдарын кеңінен пайдаланады. Осы шаралардың барысында 1920-1921 жылдары Орал губерниясының Революциялық әскери Трибуналымен контрреволюциялық және бандитизм үшін сотталған адамдардың тізімі Оралгубревтрибуналдың архивтік материалдары бойынша 1925-1926 жылдары анықталған.
Батыс Қазақстан облысы мемлекетік архивінің №1588 қорынан Кеңес өкіметінің жүргізген саясатына қарсы шығып, кейін НКВД тарапынан қудалауға түсіп, есепке алынып және банды, жат элемент атанған, бұрынғы тап жауларына жатқызылғандар тізімі:
- Абдрахман Попилов – Орал губерниясы, Гурьев уезі, Сарайшық ауылдық кеңесі, Редут болысының тұрғыны. Дауыс беру құқығынан айырылған. Бандитизммен айналысқаны үшін 1924 жылы сотталған.
- Сазон Иванович Краснятов – 1893 жылы туған. Топайлы ауылынан. 2-ші Түркістан дивизиясының 8-ші кавалериялық полктің қызыл әскері. А.В.Сапожков бандысы құрамында соғысқан. 1920 жылы Революциялық Әскери трибуналмен сотталып, кейін майданға жіберілген.
- Павел Семенович Бакалдин – 1880 жылы туған. Орал губерниясы, Гурьев уезі, Сарайшық ауылдық кеңесі, Редут болысы тұрғыны. Генерал В.С.Толстов армиясында қызмет еткен. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің қатарында болды. Отряд командирі және контрреволюциялық ұйымның мүшесі. Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен ату жазасына кесілген.
- Лазарь Клементович Думчев – 1893 жылы Редут ауылында туған. Ақтар армиясында қызмет еткен. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің қатарында болды. Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен ату жазасына кесілген.
- Викула Ванифантьевич Зарщиков – 1880 жылы дүниеге келген. Сарайшық ауылдық кеңесі, Редут болысы тұрғыны. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің қатарында болған. Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 5 жылға сотталды.
- Кирилл Иванович Зариуиков – 1883 жылы Сарайшықта туған. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің қатарында болған. Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 3 жылға сотталды.
- Евстафий Кузьмич Зевакин – 1885 жылы Редут ауылында туған. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 5 жылға сотталды.
- Леонтий Акакиевич Зевакин – 1885 жылы Редут ауылында туған. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 20 шілде күні ату жазасына кесілді.
- Иван Парамонович Истомин – 1886 жылы Редутта туған. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 29 шілде күні ату жазасына кесілді.
- Феодр Васильевич Короблев – 1898 жылы Кондауровода туған. Контреволюциялық жиналыстарға қатысқаны және 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 29 шілде күні 5 жылға сотталды.
- Евлампий Феодрович Карамышев – 1879 жылы Сарайшықта туған. Генерал В.С.Толстовтың армиясында қызмет еткен. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 29 шілде күні 5 жылға сотталды.
- Феодр Антикович Картошов – 1881 жылы Редутта туған. Генерал В.С.Толстовтың армиясында қызмет еткен. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 29 шілде күні 3 жылға сотталды.
- Дементий Семенович Кокарев – 1903 жылы Сарайшықта туған. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 3 жылға сотталды.
- Семен Михаилович Кокарев – 1886 жылы Сарайшықта туған. Контрреволюциялық ұйымға белсене қатынасқан. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 29 шілде күні ату жазасына кесілді.
- Абрам Сергеевич Мазалов – 1884 жылы туған Редут болысының Сарайшық ауылының тумасы. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 29 шілде күні ату жазасына кесілді.
- Ефстафий Семенович Попов – 1887 жылы туған Редут болысының Сарайшық ауылының тумасы. Гурьев қалалық милиция бөлімінің милиционері. В.С.Толстов армиясында қызмет еткен. Ақтар қозғалысының белсендісі. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Орал Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 29 шілде күні ату жазасына кесілді.
- Константин Парфеонович Рефков – 1875 жылы Редут ауылында туған. В.С.Толстов армиясында қызмет еткен. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Григорий Евсеевич Семенычев – 1885 жылы Сарайшықта туған. Гурьев мұнай базасынң агенті. Унтер-офицер. Гурьевтегі контрреволюциялық күштердің белсендісі. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Орал Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 9 шілде күні ату жазасына кесілді.
- Феодр Трофимович Струняшов – 1879 жылы Сарайшықта туған. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың 1921 жылғы 29 шілде күнгі шешімімен 3 жылға сотталды.
- Петр Павлович Сурский – 1890 жылы Сарайшықта туған. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 29 шілде күні ату жазасына кесілді.
- Василий Александрович Толстов – 1880 жылы Кондаурово ауылында туған. Кондаурово ауылдық кеңесінің мүшесі. Патша армиясының уряднигі. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 29 шілде күні ату жазасына кесілді.
- Архип Нефедович Почилин – 1903 жылы туған. Редут тұрғыны. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 3 шілде күнгі шешімімен 3 жылға сотталды.
- Григорий Ванифантьевич Цыганов – 1883 жылы Сарайшықта туған. Генерал В.С.Толстов армиясында қызмет еткен. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің құрамында болғаны үшін Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 29 шілде күні ату жазасына кесілді.
- Алфирий Ануфриевич Чумаков – 1884 жылы Редут ауылында туған. Генерал В.С.Толстов армиясында қызмет еткен. 1921 жылы Гурьевке шабуыл жасаған контрреволюциялық күштердің белсендісі. Революциялық Әскери трибуналдың шешімімен 1921 жылдың 23 шілде күні ату жазасына кесілді.
- Максим Бахеров – 1896 жылы Редут ауылында дүниеге келген. В.С.Толстов банды құрамасында болғандығы үшін дауыс беру құқығынан айырылғандар тізіміне енгізілн.
- Ефстафей Бумчер –1898 жылы Редут ауылында дүниеге келген. В.С.Толстов банды құрамасында болғандығы үшін дауыс беру құқығынан айырылғандар тізіміне енгізілген.
- Григорий Житков – 1893 жылы Редут ауылында дүниеге келген. В.С.Толстов банды құрамасында болғандығы үшін дауыс беру құқығынан айырылғандар тізіміне енгізілген.
- Филорет Житков – 1899 жылы Редут ауылында дүниеге келген. В.С.Толстов банды құрамасында болғандығы үшін дауыс беру құқығынан айырылғандар тізіміне енгізілген.
- Андрей Зарщиков – 1896 жылы Редут ауылында дүниеге келген. В.С.Толстов банды құрамасында болғандығы үшін дауыс беру құқығынан айырылғандар тізіміне енгізілген.
- Ефим Зарщиков – 1896 жылы Редут ауылында дүниеге келген. В.С.Толстов банды құрамасында болғандығы үшін дауыс беру құқығынан айырылғандар тізіміне енгізілген.
- Фадей Зевикин – Редут ауылының тұрғыны. В.С.Толстов банды құрамасында болғандығы үшін дауыс беру құқығынан айырылғандар тізіміне енгізілген.
- Артемий Афанасьевич Зеленцев – В.А Серов бандысы құрамында болғандардың тізіміне тіркелген.
- Димитрий Лифанов – 1899 жылы Редут ауылында дүниеге келген. В.С.Толстов бандысы құрамында болғандардың тізіміне тіркелген. Дауыс беру құқығынан айырылған.
- Терентий Лифанов – 1892 жылы Редут ауылында дүниеге келген. В.С.Толстов бандысы құрамында болғандардың тізіміне тіркелген. Дауыс беру құқығынан айырылған.
- Николай Пастухов – 1892 жылы Редут болысында дүниеге келген. В.С.Толстов бандысы құрамында болғандардың тізіміне тіркелген. Дауыс беру құқығынан айырылған.
- Ананий Ревков – 1897 жылы Редут болысында дүниеге келген. В.С.Толстов бандысы құрамында болғандардың тізіміне тіркелген. Дауыс беру құқығынан айырылған.
- Осип Федорович Толстов – Топайылы ауылынан. В.А.Серов бандысының құрамында болған.
- Андрей Точолин – 1899 жылы Редут ауылында туған. В.АСеров бандысының құрамында болған.
- Григорий Фадин – 1899 жылы Редут ауылында туған. В.А.Серов бандысының құрамында болған.
- Еремей Фадин – 1896 жылы Редут ауылында туған. В.А.Серов бандысының құрамында болған.
- Митрафан Фадин – 1896 жылы Редут ауылында туған. В.А.Серов бандысының құрамында болған.
- Василий Владимирович Шапошников – Топайылы ауылынан. Серов бандысының құрамында болған.
- Георгий Тимофиевич Шепелов – Топайылы ауылынан. В.А.Серов бандысының құрамында болған.
- Мартемьян Сафонович Соколов – Топайылы ауылынан. В.А.Серов бандысының құрамында болған.
- Георгий Александрович Толстов – Топайылы ауылынан. В.А.Серов бандысының құрамында болған.
- Евдоким Рефков – 1899 жылы Редут болысында туған. Дауыс беру құқығынан айырылған. В.С.Толстов бандысы құрамында болған.
- Константин Рефков – 1899 жылы Редут болысында туған. Дауыс беру құқығынан айырылған. В.С.Толстов бандысы құрамында болған.
- Николай Севрюгин – 1898 жылы Редут болысында туған. Дауыс беру құқығынан айырылған. В.С.Толстов бандысы құрамында болған.
- А.А.Селиверстов – Топайылы ауылынан. В.А Серов бандысының құрамында болған.
- Иван Калмыков – Редут болысынан. Дауыс беру құқығынан айырылған. В.С.Толстов бандысы құрамында болған.
«Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Заңының 6-бабы бойынша:Осы Заңның 5-бабында аталған, соттар негiздеп айыптаған, сондай-ақ сот емес органдардың шешiмдерiмен қылмыстық жазаға тартылған, iстерiнде мына төмендегi жасаған қылмыстары жеткiлiктi дәлелденген адамдар ақталуға жатпайды:
а) шетелге қашып немесе ұшып кетуден басқа Отанды сатудың барлық формалары; қарулы көтерiлiс немесе қарулы бандылар құрамында Республика аумағына революцияға қарсы мақсатта басып кiру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа да күш көрсету әрекеттерiне; тiмiскiлiк, терроризм актісі, бүлдiру әрекеттерiне қатысу;
б) жай халық пен әскери тұтқындарға қатысты күштеу әрекеттерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезiнде осындай әрекеттер жасауына басқыншылар мен Отанын сатқандарға деп берушiлiк;
в) қарулы бандыларды ұйымдастыру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа күштеу әрекеттерiне қатысу.
1993 жылы қабылданған заңның 6-бабы бойынша тізімдегі адамдар ақталмайтындығы анық. Сонымен бірге екінші дүниежізілік соғыс жылдарындағы (1939-1945 жж.) фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды, сондай-ақ «Түркістан легионында» уақытша болған қазақстандық тұтқындарды ақтау мәселесі де осы бапқа келіп тірелетіндігі сөзсіз.
Сондықтан да аталған заңға өзгерістер енгізу бүгінгі таңдағы қоғам алдындағы тұрған өткір мәселелердің бірі
Аққали Ахмет
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор