Дана халқымыз жүзі жылы, мінезі жайдары, жанары жарқын адамдарды қашанда ақыл мен парасаттың, білгірліктің, ұстамдылықтың үлгісі деп біледі. Ал білгірлік пен біліктілік, ұстамдылық пен адамгершілік «ұстаздық» аталатын ұлы қызметпен астасатыны белгілі. Ғұлама Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» – деп «жақсы» деген ұғымға ерекше мән береді. Біз қашанда жақсылыққа тартыламыз, жанымызда жақсы жандардың жүруін, тек жақсы хабарды естіп, көзіміздің жақсылықты ғана көруін қалаймыз. Жақсының жақсы екенін оның ісінен, адами қасиеті мен мінезінен көреміз. Ойы көркем, парасаты мол, мінезге бай адамдар қай ортаның болмасын қадірлі тұлғасына айналары сөзсіз. Осындай жақсы ұстаз, бар ғұмырын педагогикалық қызметке, жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған білікті маман, мықты азаматтың бірі – Әуесбай аға Бақбергенұлы деп білемін.
Ағамен менің алғашқы танысуым қасиетті Тараз өңіріндегі білімнің қара шаңырағы атанған бір ғасырлық тарихы бар оқу ордасы – Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесіне оқуға түсуімнен басталды. Елімізге танымал талай мықтыны ұшырған білім ошағына 1984 жылы қабылдандым. Ұстаз мамандығының қыр-сырын меңгеремін деген 14-15 жастағы бүлдіршін қыздардың тағдыры осы қасиетті қара шаңырақта тоғысқан болатын.
Білім ордасындағы оқу барысы өз мамандығың бойынша тек сабақ оқып қоюмен шектелмейді. Оқу бағдарламасында қосымша пәндер мен үйірме жұмыстарына үлкен мән берілетін. Болашақ ұстаз «сегіз қырлы, бір сырлы» немесе «бесаспап» болуы міндетті. Педагогикалық училищенің қай жылғы түлегін алсаңыз да өз ісінің шебері, білікті маман, шығармашыл тұлға екені талассыз. Түлектердің мұндай жетістікке жетуінің бірінші себебі – жақсы ұстаздардан алған білім мен тәлім-тәрбие деп сенімді айта аламыз.
Студент кезімізде сабақтан тыс уақытта оқу орнымызда вокал, аспапта ойнау, би, хор, бейнелеу өнері бойынша үйірмелер жұмысы жүргізіліп, оған барлық білім алушының қатысуы міндетті болатын. Өзімізге ұнайтын үйірмелерге жазылып, конкурстарға қатысуға қызу дайындалатын ек.
Студенттік жарқын жылдарымыздың бір күнінде хорда ән айтқанымызды көріп, Әуесбай ағай жаңа вокалдық ансамбльге әнші қыздарды жинап жатқанын, тобымыздың 6 қызын ансамбльге шақырып отырғанын айтты. Біз ағаның ұсынысын қуана қабыл алып, бірер күнде 12 адамнан тұратын вокалды ансамбльдің мүшесі боп шыға келдік.
Өнер ұжымымыз «Балауса» вокалды қыздар ансамблі деп аталатын. Кейін білгеніміздей, бұл ансамбльдің тарихы біраз әріде екен. 1978 жылдың күзінде педучилищеге жұмысқа қабылданған Әуес ағайға сол кездегі директор Достай Еселбаев талап қойыпты:
– Жас мамансың ғой. Бойдағы жігеріңді жұмыста көрсетуің керек. 6 ай сынақпен қабылдаймын. Белсенділігің керек. Училищенің көркемөнерпаздарын жина. Қалада көркемөнерпаздары байқауы өтеді. Содан жоғары деңгейде көрінуіміз керек. Кәне, не істемек ойың бар, қысылмай айт, – деп сынай сұрапты. Әуесбек ағайымыз жауаптан тосылмай, ойындағысын іркіп қалмайды:
– Қазір облыста өнер ұжымдарының түр-түрі бар. Хор да би ансамблі де оркестр де бар. Олармен ешкімді таң қалдыра алмаймыз. Мен кілең студент қыздарымыздан құралған вокалды ансамбль құрсам деймін. Бұл бір тың дүние. Рұқсат етсеңіз, кірісейін, – дейді. Алдына келген небәрі 27 жастағы жас жігіттің тау қопарардай екпініне сүйсінген директор ансамбль құру туралы бастаманы бірден құптапты.
Училище басшысының қолдауын алған ұстазымыз 1979 жылдан бастап, әнші қыздардың басын құрап, әншілер тобын өнерімен жарық жұлдыздай жарқ еткізді. 12 әнші студент қыздардан құралған вокалды топ ыңғайына қарай 3 дауыста кейде 4 дауыста ән шырқады. Мен ансамбль құрамында «сопрано» дауысындағы орындаушы болдым.
Ансамбльдың атауын қоюға келгенде Әуес ағайдың ойына бірден «Ақ бантик» әні сап ете қалған екен. Ақын Мұхтар Шаханның сөзіне жазылған композитор Шәмші Қалдаяқтың әйгілі әні сол кездері қазіргінің тілімен айтқанда жастар арасында «хит» болатын. «Балауса қыз едің бір кезде, басыңа ақ бантик байлаған…» деп басталатын өлең жолдарын білмейтін жан қазір де кемде-кем. Әрі табиғатта жаңадан көктеп шыққан балауса – жас өскін, өскелең ұрпақтың нышанындай ғой. Ансамбльдің негізін қалаушы, әрі көркемдік жетекшісі болған Әуес ұстазымыз көп ойланбастан өнер ұжымының атауы ендеше «Балауса» болсын деген ұйғарымға келіпті. Оның үстіне 60-жылдары қазіргі әнұранымыздың авторы Жұмекен ақынның «Балауса» аталған тұңғыш жыр жинағы шығып, өлеңдері жастар арасында кеңінен танымал болған кез:
Көк балауса егілер,
Көгерер-ау тал, шынар.
Тал, шынардан төгілер
Мөлдір-мөлдір тамшылар.
Әуесбай Бақбергенұлының дем беруімен бар ынтамызбен ән салу өнерін игере бастадық. Ағай жақсы репертуар таңдап, әрбір дайындыққа зор мән беріп, асқан жауапкершілікпен қарайтын. Ән айту біздің сабақтан кейінгі екінші жұмысымызға айналды. Аптасына үш күн уақытымызды ансамбльге арнайтынбыз. Көркемдік жетекшіміз Әуес ағайдың оқытушылық жұмысы өз алдына, одан бөлек сабақтан тыс кезде бәрімізді жинап, 12 солисті 4 дауысқа бөлу, әнді әрлеу, баянмен сүйемелдеу сияқты жұмыстың біле білгенге машақаты айтуға ғана оңай. Соның бәріне төзіп, алған бетінен қайтпай, табанды еңбектенуінің арқасында «Балауса» ансамблі аз ғана уақытта қала, облыс, республика ауқымындағы көркемөнерпаздар байқауында топ жара бастады.
Репертуарымызда негізінен отандық композиторлардың патриоттық және әскери рух көтерер әндер болды. Әскери әндерді ана тілімізде айтқанда Марк Бэрнестің атақты «Журавли» әнінің шумақ пен қайырма арасында орындалатын әйгілі әуенімен әрлеп жіберетін еді Әуес аға. Сондай тапқырлықтарына тәнті болатынбыз. Жұрт жаттап айтатын сүйікті халық әндеріне де ансамбльден орын бердік. Төлеген Мұхамеджановтың «Туған ел», Кеңес Дүйсекеевтың «Заман-ай» шығармалары ән қоржынымыздағы тұрақты туындылар еді.
Ол кезде қала көлемінде өтетін дәстүрлі байқауды жылда сәуір айында қалалық мәдениет үйінің директоры Анатолий Межевихин бастаған қазылар сараптайтын. Қалалық сахнаға шығатын қатысушыларды алдымен байқау комиссиясы училищеге келіп саралайды. Сондай кездері «Балауса» қыздар вокалды ансамблінің шығармашылығы қашан да 10 ұпаймен бағаланатыны есте.
Жүйелі жүргізілген жұмыстың, жақсы дайындықтың, жетекші ұстаздың жоғары талабының нәтижесінде түрлі деңгейдегі конкурстарға жиі қатыса бастадық. Ол кездері қаламызда көркемөнерпаздар байқаулары дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін. Оған облысымыздағы арнайы орта білім беру мекемелерінің өнерпаздары қатысты. Бір айта кетері, көркемөнерпаздар байқауының тарихында «Балауса» ансамбліміз әрдайым бірінші болып, бәйгенің алдын бермей келді. 1979 жылдың бас кезінде құрылған вокалды тобымыз 1996 жылға дейін 17 жыл жемісті жұмыс жасап, училище тарихындағы ең ұзақ жасаған өнер ұжымдарының біріне айналды.
Мен студент жылдарымда 3 жылға жуық осы «Балауса» ансамблінің құрамында өнер көрсеттім. Әуесбай ағаның ұстаз ретіндегі шеберлігі, шыдамдылығы, ыждаһаттылықпен түсіндіре білуі ерекше болатын. «Жақсы ұстаз» деген ұғымды ағаның болмысымен байланыстыратынбыз. Біз әнші болған жоқпыз, бірақ ұстаздық еңбек жолымызда сахнаға еркін шығып, мінберде сенімді сөйлей білуде, студенттермен жұмыс жүргізуде өнердің мол септігі тигеніне көзіміз жетті.
1992 жылы мен Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтын үздік бітіріп, Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесіне мұғалім болып жұмысқа қабылдандым. Маған жақсы ұжымға, білім берген ұстаздар ортасына ұстаз болып оралу бақыты бұйырды. Қызмет барысында мен шәкірт ретінде білетін Әуесбай ағаны жаңа қырынан таныдым.
Адамның жан-дүниесін танып-білудің, өзіне тән жеке-дара өзгешелігін түсіне білудің маңызы ерекше. Әуесбай ағаның бойындағы ізгі қасиеттер – адамгершілік пен қарапайымдылық. Бұл өз кезегінде жанашырлық, тілеулестік, кішіпейілділік деген қасиеттермен ұштасады. Сондай-ақ, Әуесбай аға бойында мейірімділік пен қаталдықты, талапшылдықты теңестіре білген азамат. Болашақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, маман даярлауда үздіксіз еңбек еткен жақсы ұстаз, білікті маман. Оқытушыдан бастап өнер ұжымдарының жетекшісі, кафедра меңгерушісі сынды қызметтерді жауапкершілікпен атқарған, біз білетін Әуесбай Бақбергенұлы әріптеске де, шәкіртке де жылы жүзбен қарай алатын, қажет жағдайда қатал да бола алатын іскер басшы, өз мектебін қалыптастыра білген азамат.
Кезінде студенттерді ауылшаруашылық жұмыстарына тартып, көкөніс, жеміс-жидек теруге ауылдық жерлерге жіберетін практика бар еді. Студенттер қатарынан бірнеше еңбек қосыны жасақталып, тәжірибелі ұстаздардан жетекшілер тағайындалатын. Мұнда да жетекші Әуесбай ағаның тобына түсіп, әр мұғалімге берілген 25-30 студенттен құралған студенттер жасағымен жүзім, алма теруге шығатынбыз. Бұл жауапкершілігі үлкен жұмыс еді. Біріншіден, студенттердің аман-есендігіне жауап беру, екіншіден жиын-терім бойынша белгіленген жоспарды орындау міндеті тұрады. Бір жарым ай студенттермен қатар жүріп, еңбек маусымын табысты аяқтап, оқу орнымызға ораламыз. Кейде қызмет барысында, шешім қабылдауда келіспей қалатын, тартысатын да кездеріміз болады. Десек те, ағадан көп тәлім алдық деп айта аламын. Әуесбай Бақбергенұлы білім беру саласында 47 жылдан аса тынбай еңбек етіп, әріптестері мен шәкірттерінің ерекше құрметіне бөленген жан.
Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ұлағатты ұстаз, қадірлі ардагеріміз, әрі әріптес ұстазымның 100 жылдық тарихы бар білім ордасындағы ізі сайрап жатыр. Сол іздің бірі – бір кездері облыс, республика деңгейінде аты дүркіреген «Балауса» қыздар вокалды ансамблі біздің студенттік жылдарымыздың ұмытылмас тәтті естелігіне айналған.
Гүлшат ҚҰЛАБЕКОВА,
Шерхан Мұртаза атындағы
халықаралық Тараз инновациялық
институтының проректоры