Хромтауда Дөң тау-кен байыту комбинатымен, шахтамен өмір жолы түйіспеген отбасы кемде-кем. 85 жылдық тарихы бар кәсіпорында бір кәсіпті бүтін бір отбасы жалғаған жұмысшылар бар. Мұнда Мейрамғали, Темірғали, Сәндіғали, Алмат Дүйсеналиндерді танымайтындар жоқ, сірә. Ағайынды төрт жігіт «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» атындағы шахтада еңбек етеді. Кенші әулетінің кенжесі де осы мамандықта оқып жатыр. Ендігі бір-екі жылда ол да шахтерлер қатарына қосылмақ.
Олар – бір жолды таңдап, бір әулеттің шежіресін өріп келе жатқан шахтерлер. Ағайындылардың алды – Мейрамғали шахтаға алғаш жолды осыдан он алты жыл бұрын салған. Артынша немере ағасы Сәндіғали, кейін Алмат, содан соң осыдан төрт жыл бұрын Темірғали інісі келді. Әулетте Сәндіғали ғана өзгеше мамандықта. Иә, бұрын ол жердің бетінде жол жұмысшысы болса, өндіріске келіп, шыңыраудағы жол жұмысшысы атанды. Тек мұнда жүздеген метр тереңдікте жатқан рельстердегі кен тиелген электровоздарға қызмет көрсетеді. Өзгелері сол электровозға кенді қазып шығаратын нағыз шахтерлер. Інілері Темірғали комбинаттың «Мирный» карьерінде еңбек етеді. Оның үйдегі шахтерлерден айырмашылығы жас кенші жер астына автобуспен жетсе, ағалары клетпен түседі.
Ол кездері ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатына жұмысқа тұру кез келген ауыл баласының арманы болатын. Жора-жолдастарының шахта туралы әңгімелері жас жігітті қызықтырып, клет, маңдайдағы шам, штректер, забойларды тесу, күндізгі уақытта тас қараңғы тоннельдермен жүру секілді жерасты тірлігі 20 жасар Мейрамғалиді өндіріске жетелеп келді. Оның бұл таңдауын әкесі мен анасы да қолдап, ерекше ықыласпен «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахтаға тау-кен жұмысшысы ретінде кіріп, минус 160 горизонтта еңбек жолы басталды. Жер астына вагоншалармен түрлі материалдар тасып, әрбір бортқа оларды орнатуды бір кісідей үйреніп алады. Кейін уақыт өте тәжірибе жинақтап, ұңғылаушы қызметіне ауысып, күні бүгінге дейін осы қызметінің жемісін көріп келеді.
– Кенші болу әрине оңай жұмыс емес. Бірақ өзім Хромтау ауданынан болғандықтан, ең сапалы кеннің өзімізден шығатынына мақтанатын едім. Шын қызықтым осы іске. Менің әкем ауылда мал бағып, шаруашылықпен айналысқан адам. Әулетте ер бала көп болса да, шахтада істейтін ешкім болмады. Басқа кәсіпті таңдамай, осы салаға жүрек қалауыммен келдім, — деп Мейрамғали жұмысын әңгімеледі. – Менің міндетіме забойды бұрғылап, ол жерді жарушы от-дәрімен жарып дайындап берген соң, сол тұстың қауіпсіздігіне көз жеткізіп барып, кенді шығарып, забой ішінен шыққан жақтаулардың торларын таспен бітеп, тазартамын. Бұл жерде тор мен кенжардың арасында бірде-бір саңылау қалмау керек, — деп түсіндірді.
Жұмыс процесін ретімен баяндауынан-ақ кәсібінен еш жалықпаған азаматты көруге болады.
– Қызметім жақсы жүргесін, ата-анам, бала-шағам мен үшін әркез қуанады, — деп әңгімесін жалғады Мейрамғали. – Артымнан Алмат пен Темірғали бауырларымның ергені мені одан әрі бақытты ете түсті. Мені үлгі тұтып, ержете келе өз еріктерімен кәсіпорынға келді. Бір әке, бір анадан төрт ұлмыз. Ортаншы інім де ұңғылаушы болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын жол апатынан қайтты. Енді ең кенже інім де Хромтау тау-кен колледжінде осы мамандықта оқып жатыр. Амандық болса, екі жылдан кейін қатарымызға қосылады. Бірақ немере ағам Сәндіғали де менен соң шахтаға келгесін бе, ағайындылардың асуы әлі де биік болып тұрғандай көрінеді.
Шахтерлер күнін хромтаулықтар ерекше күтеді. Мерекеде шахтер ағайындылар қара шаңыраққа жиналады. Тіпті ағалы-інілердің кейбірі бір ауысымда жұмыс істейді. Олардың барлығы әркез қауіпсіздік ережелерін біріне-бірі ескертіп, қызметтерін сапалы орындап шығуға серттескен. Себебі шахтерлікті атакәсіпке айналдырғысы келетін бауырлар қызметтерін адал әрі мінсіз орындауды бірінші орынға қояды.
– Біздің комбинатта кеншілікті ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған аңыз адамдар бар. Ендігі арманым – болашақта сол кісілер секілді төртеуімізден тараған ұрпақ біздің жолымызды жалғап, өндірісте өрісіміз кеңейсе екен деймін, — деп Мейрамғали Әлібиұлы сөзін аяқтады.
Арайлым Ғани
Алексей Пименовтың фотосуреті