Өркениет – өршіл ұғым

         Қаншама қиындықтар мен ауыртпалықтарды бастан кешсек те соңғы 10 жылда еліміздің өркендеу индексі 2013 жылғы 84-інші орыннан көтеріліп, 2023 жылы 69-ды, яғни  ілгері  басуды көрсетіп тұр.

         Шүкір, «Сырт көз – сыншы» демекші, аспанымызда әлі де жаһандық тоқыраудың бұлты сейілмей тұрса да, британдық тәуелсіз Legatum институты қазақ елінің 12 түрлі аспектісі мен әлеуметтік әл-ауқатын есепке ала отырып, дамуымызға  осындай оң баға беріпті.

         Бұл институт, атап айтқанда қорғаныс, қауіпсіздік, жеке бостандық, мемлекеттік басқару, әлеуметтік капитал, инвестиция мүмкіндігі, кәсіпті қолдау, инфрақұрылым, нарық, экономика сапасы, өмір сүру жағдайы, денсаулық сақтау, білім беру, табиғи ландшафт бағыттарын екшеп, саралап барып  өз тұжырымын жариялайтынын ескерсек, әрине, бұл да жаман көрсеткіш емес. Көңілге сенім ұялатады.

         Десек те  әлемдегі 167 елдің қатарында осындай игі көрсеткіштерге қол жеткізуімізге септігін тигізіп отырған басты жетістігіміз ол – кең байтақ жерімізде тіршілік етіп жатқан халқымыздың, ұлтымыз бен ұлыстарымыздың бірлігі екендігін ашық айтуға тиістіміз. Оны әсте естен шығаруға болмайды. Бірлігі бекемнің ғана жаңа биіктерді бағындыруға мүмкіндігі молая түсетінін танытады бұл.

         Бір данамыз ілгеріректе «Тәуелсіздік – тәтті ұғым, бірақ ол біздің әрқайсымызға  зор жауапкершілік жүктейді» дегені бар-ды. Сол бір орынды айтылған сөздің астарына әлі де терең үңіліп, оң-солымызды әр уақытта салмақтап, екшеп отырсақ та артық емес-ау деген ой үнемі мазаласа екен кім-кімді де дегіміз келеді.

          Британдық ғалымдар соңғы онжылдықта адамзаттың тамақтану, баспана, жалпы өмір сапасы, жоғары білім, ересек адамдардың өмір дағдылары, пандемиядан кейін денсаулық сақтау санатындағы көрсеткіштер едәуір ілгері басқанымен де демократия, азаматтық бостандықтың нашарлауын ерекше атап, мазасызданған. Дін мен ділге келгенде де ойланатын жайлар әлі аз еместігін аңғартқан.

         Ал бұл үрдістің қай-қайсысы да ерекше алаңдатарлық құбылыс. Бастысы кейбір елдерде экономикалық өзгерістерге бейімделе алмау салдарынан жұмысшылар табысының тұралауы, жағдайының төмендеуі, қара халық арасында «артта қалу» сезімін күшейтіп, ізгілік, ұлттық бірегейліктің құлдырауы сынды жағымсыз көріністер де там-тұм әр тұстан байқалған.

         Сайып келгенде бұл ұялы телефонды басып қалсаң алдыңнан шыға келетін рас-өтірігі белгісіз әлем-жәлем «жаңалықтардан» шошынуымыздың да бір төркіні осында жатса керек. Ал мұндай жағымсыз «жаңалықтарды» айқайлатып жариялау, қазақша айтқанда «құлап жатып, сүрінгенге күлетін» кейіп таныту, өзге емес өз ауданымызда да өршіп тұр. 

         Әрине, шет елде тұрса да туған елі Қазақстанды ойлап, оның халқына деп ашқан қорына 22 млрд. қаржысын аударған азамат Анисимовтың жомарттығын, өзге қаржылы жандарға үлгі болғанын бұл арада ең жақсы жаңалықтардың біріне жатқызғанды дұрыс санаймыз. Тек сондай игі жаңалық, жақсылықтар елімізде бола түссін лайымда.

         Міне, осындай дүрбелеңі басым тұста өткен Ұлттық Құрылтайда Президенттің: «Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді», – деп бүгінгі халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған шиеленісті жай-күйін ашып, аса сақтыққа, бірлікке шақыруы тегіннен тегін еместігін еске салғың-ақ келіп тұрады.

         Пікірді пайымдасақ, «Кейбір ірі елдер өзіне қажетті күн тәртібін басқаларға таңуға, оларды өз талабына икемдеуге тырысуда. Бір-біріне мүлдем қайшы келетін түрлі идеялар мен ұстанымдар қақтығысы белең алды. Бұл қақтығыс геосаясатта немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ. Тіпті мәдениет пен руханиятты, құндылықтар жүйесін, басқаша айтқанда идеология саласын да шарпуда. Мұның бәрі тұтас мемлекеттердің және халықтардың қауіпсіздігіне кесірін тигізуі мүмкін.

          Халықаралық ахуалдың беталысы көңілді көншітпейді. Сондықтан Қазақстан Республикасы бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болуы керек», – деген сөздеріне Президенттің аса сергектікпен қарап, сананың да сапасына ерекше назар аударып, сақтықты одан әрі күшейте түскеніміз жөн-ау осы…

Дін мен діл

         Міне осындай дүрбелеңді тұста, қайшылығы молая түскен қоғамда әр мұсылман баласының қасиеттісі Құранды өртеу фактісінің де сыртында, шын мәнінде өртке май құятын кесірлік, әсіре арандатушылық тұрғанын кім білмейді?!

         Бұған алдыңғылардың бірі болып, еліміздің атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстік Европаның бірқатар мемлекеттерінде болған Құранды өртеу актісіне қатысты: «Бұл қадам – қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық  әрекет» деген уәжі дәл уақытында естіліп отырған есті шақыру болып отыр.

         «Шынында бұл әрекет – халықтар арасына, олардың діни сенімдеріне сыни қарау, барып тұрған  жауапсыздық. Жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді.

  Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиісті. БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керек» деген мемлекет басшысының сөзін біздің бейбіт елдің әр азаматы, дін өкілдері ғана емес, бүкіл әлем елдері қолдауда.

 Осы ретте атап көрсеткен дұрыс, біздің жас та ежелгі тарихы терең елімізде  осыдан тура 20 жыл бұрын, 2003 жылы қыркүйекте жер жаһаннан жиналған дін басшыларының алғашқы съезі өтіп, мән-мағынасы бірегей, бұрын-соңды кездесе бермеген ғаламдық оқиға орын алғанын еске алғымыз келеді.

  Астанаға әлемнің 26 елінен 29 діни делегация қатынасқан сол съезде «Дінаралық диалог принципі және қақтығыстарды болдырмауға» шақыру Декларациясы қабылданған болатын. Осындай діни тақырыптарды жан-жақты талқылап, күрделі мәселелерді сөз еткен съездер елімізде 7 рет өтсе, оның бәрінде де жаһанның өзекті мәселелері көтерілді, маңызды құжаттар дүниеге келді.

 Бастысы Қазақстан жер жүзіндегі дінаралық татулықты ілгерілетуге әрқашан да салмақты түрде үн қосып, түрлі қитұрқы әрекеттерге қарсы тұруға шақырудан еш талған емес. Сол ретте оның жалпы адами ортақ нормаларға қайшы келетін акцияларға БҰҰ-ның назарын аударып, ұстанымын білдіруге, сабыры қашқан әлемді тыныштыққа шақыруы – әбден-ақ заңды, өте орынды.

  Мұны соңғы кезде ауданымызда көптеп ашылып жатқан мешіттерде де, мектептер де жиі атап, жамағаттарды имани бірлікке шақырған үндердің жиі естіле бастауы көңілді тыныштандыра түседі, бірақ оған сеніп әрекетсіз отырып қалуға да болмайды. Бірлік пен достық, әсіресе дінаралық байланыс әрдайым жоғары деңгейде, түсіністік жағдайында бола беруін тілейміз.

Ассамблея және әлеумет

         Бұл жайға қазіргі таңда азаматтық қоғам мен мемлекеттің қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерін үйлестіретін негізгі институт танылып отырған Қазақстан халықтары Ассамблеясының қызметі мен әлеуетіне көп жайлар тікелей қатысты болып отырғанын да ашық айтпасқа болмайды.

         Дәл осы мәселе «Әділетті Қазақстан: Бірлік, тұрақтылық, даму» атты тақырып аясында биылғы көктемде өткен құрылымның ХХХІІ сессиясында жан-жақты сөз болғаны есте. Қазіргі таңда республика бойынша 1000-нан астам этномәдени, оның ішінде 14 республикалық бірлестік жұмыс істейтінін ескерсек, оның соңында ұжымдық та, танымдық та үлкен ықпалы барлығы  таныла түседі. Оны тек жер-жерде пәрменді, терең ойластырылған бастама, жобалармен үйлестіре, байыппен салмақты жүргізсе нұр үстіне нұр болмақшы.

          Сондай-ақ еліміздің 17 өңірінде «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалдары бар. Достық үйлері де жиналыстар мен салтанаттар өтетін ғана орын емес, шын мәніндегі халықтық бастамалардың орталығына айналуымен де жұмысының маңызын арттыра түссе айып па?!

         Құрылымның облысымыздағы  «Вайнах», «Ынтымақ», «Тхониль-Атырау» этономәдени, болмаса «Ассамблея жастары» бірлестіктерінің де үндері мен қызметтері осы бірліктің туын тіктеп, достықтың шырағын шырайландыруға, шаңырағы мен керегесін кеңітіп, бекіте түсуге арналып жатқанын аңғарамыз.

          Құрылым жанынан аналар, ақсақалдар кеңесі, медиация институты құрылып қызметін бастағаны тағы бар. Президент: «Біз «бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды» дейміз. Әрине, бұл – өте дұрыс пайым. Бірақ бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттігіміздің ең басты тірегінің бірі.

         Бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруы тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады.

         Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл – жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек» деген сөзінде де әрқайсымызға қатысты міндет, тапсырмалар анық көріне түседі.

         Жасыратын несі бар, осы әр отбасында, ұжымда, тағы басқа қоғамдық орындарда деген сөздің астарындағы жалпы жеке жауапкершілікке қатысты терең мән соңғы кездері ерекше сөз болып, өткірлене түскенін де облыс пен ауданның өзінде орын алып жатқан түрлі жағымды-жағымсыз жайттардан анық аңғаруға болады.

         Бұл арада адамдар ғана емес, мекеме, ұжымдар арасындағы іскер байланыстар, өзара ынтымақтастықтың дәрежесін әлі де көтеріп, бірін-бірі қолдап отыруына, бірқатар жұмыстарды бірлесіп атқаруына, қайырымдылық, қамқорлық шараларына келгенде айқын көріне түссе демекпіз.

         Жасыруға болмайды, байланыстың пәрменділігі анау айтқандай әр тұста жоғары болмай жататыны да байқалады. Ассамблея мен әлеуметтің арасындағы байланыстың сыналатын тұсы да осы өзара түсіністік екені сөзсіз.

Ұлт жүрегі – тіл

         Жасыратыны жоқ, біртұтастықтың басты қағидатының бірі, ол – тіл. Бұл жайында Ассамблея сессиясында ерекше сөз болып, онда Президент қазақ тілінің қоғамдағы орны мен оған сұраныстың артуына ерекше тоқталды.

         Ол жайында мәжіліс депутаты Айдос Сарым: «Ассамблеяның ХХХІІ сессиясында айтылған ой-пікірлер, ұтымды ұсыныстар – біртұтас қазақ ұлты деген қағидатқа өтудің бастауы. Менің ойымша, осыдан кейін қоғамның ішінде жақсы, сапалы талқылаулар қажет. Сондай-ақ дүрліктірмей, дүрлікпей рухты біріктіретін оның ішінде қазақ компенентін алдыңғы қатарға шығаратын құндылық қалыптастыруымыз керек. Ең басты идеяның бірі – қазақ ұлтының жаңа сапасы» дей келе құрылымның ішкі міндеті, жұмысы өзге этностарды біртұтас идея айналасына топтастыру, біріктіру екенін айрықша бөле атауымен маңызды естілді өзімізге.

         Бұл бағытта тәуелсіз елімізде қазақ ұлтының 70 пайыздан асқанын, қазір өзге этнос өкілдері де қазақ тілін белсенді меңгеріп жатқанын еске ала отырып, бірқатар жалаң ұраншыл жұртқа:

         «Отанға деген патриоттық рухты арттырудың басты жолы мемлекеттік тілге құрметтен басталуы тиіс. Осы бағытта біз жуырда «Uptivity Education» тіл үйрету орталығын іске қостық. Біздің басты мақсатымыз – өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретіп, елдік сезімдерін ояту» деп бір сұхбатта сөз саптаған Ассамблеяның жас мүшесі Жан Мұрадова пікірін үлгі етсек дейміз. Яғни жалаң ұраннан, атқарылған әрбір нақты іс құнды екенін еске салсақ –  артық болмас.

         Тағы бірде «Адам бойындағы қазақ халқына деген патриоттық сезімді арттыруға, елін, жерін сүюге негіз болатын басты құрал – тіл. Ал тіл ортақ болмай, қоғамның топтаспайтыны анық. Егер біз бір-бірімізді ұқпасақ, басымыз қалайша бірігеді? Сондықтан мен тілді ұлттың жаны, рухының үні, ең құнды алтын қоймасы дер едім.

         Сол өнерлі тілдің ішіндегі ең құндысы да, шұрайлысы да, ең байы да –  қазақ тілі. Елдегі кейбір азаматтардың қазақ тілін білмегендіктен де ұлтты қадірлей алмай, халықтың асқан ерекшелігі мен болмысына бойлай алмай жатқаны рас» деген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Асылы Осман апамыздың сөзі көпшіліктің көңіліне қонары сөзсіз.   

         Әйтпесе, ащы да болса айталық, дүниенің желбуаз жел диірмені уақытында есін жиып үлгермеген көп ұлттың мемлекеттік түгілі, бостандығы, тілі мен ділінен ажырап, тіпті жерінен де айырылған жайттары  көне  тарихтан белгілі емес пе?! Аллам тек оның бетін әрмен қылсын!

Ізгі тәрбие – ұлттық болмыста

         Осындайда түрлі секталар мен діни ұйымдардың жылы ұясына айнала жаздаған еліміздің болашағына мазасызданған танымал фольклортанушы Берік Жүсіповтың: «Қазақстанның бар байлығы халыққа, мемлекеттің басты құндылығы әр азамат ұлтқа қызмет жасағанда ғана жаңа Қазақстан мүмкіндігін арттыруға болады.

         Қазіргі қазақ қоғамы маңдай тіреген мәселелер жиыны жағдайында ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда дамыған идеялық ағым ағартушылық бағытты қайта жаңғыртып, ел игілігіне пайдаланудың маңызы ерекше. Есім-сойы тарихтан белгілі аталған ағым өкілдері қай кезде де адам баласы үшін ауа мен судай қажет ізгілік, әділет, ғылым, білім, өнер, таным жолдарын уағыздау арқылы қоғамды түзетуге күш салды.

         Бір ғажабы, олардың бұл әрекеттері қай кезде де қарапайым халық тарапынан қолдауға ие болып, ел ізгі бағыт үшін тиімді тәсіл ретінде қолданылды. Өкінішке орай қоғамдық формациялар өзгерген сайын белгілі, белгісіз күштер халық пен билік арасында дәнекерлікке жүре алатын осы ағымды жойып жіберіп отыруға тырысқан.

         Оның себебін алыстан іздеп қажеті жоқ. Бұл екі айырықтың арасында тұтастық сақталған қоғамда қай мемлекеттің болмасын іргетасы берік.Ал саясат ағымы ағартушылық идеялар негізінде түзілгенде қоғамда сауатты идеология қалыптастыру мүмкін екені өзін сан рет дәлелдеді.

         Өйткені, тал бойын анархиядан аулақ салып, ізгілік рухындағы тәрбиеден тәлім алып, бағыт түзеген қоғам мүшелері өзі жасаған әділет қағидаларынан айнып, өз бағытына қарсы келе алмайды. Ендеше, билік пен халық арасында ашық байланыс орнату үшін осы тәсілді қайтарып, жаңа қырынан қайта жаңғыртудың маңызы орасан» деген сөздері еске түсіп отырғаны.

          Қасиетті қарашаңырақтың әр перзенті  ізгілік пен әділеттілік, ғылым, білім, яғни ежелгі алаш рухын әлдилеп оятатын ұлт философиясына сүйенетін, мемлекеттегі руханият үлгісін санасына қойған сол ортаға бүгінде үңіле қарап, тәжірибесінен тәлім алуға үйреткен бұл жанның оң пікірін қалай қолдамассың?!

         Ғалымның «Көшірме қалып, ұлттың өзегінде жатқан асылдарды айдынның бетіне толық  алып шыға алмайды» деп алып, ұлттық болмыс пен ұлттық мінезге негізделген әр халықтың өз пәлсапасын қалыптасыру міндеті өзекті мәселе болып тұрғанын алға тартуы әбден орынды естіледі бізше.

         Дін саласындағы саясат, қоғам және ұлтаралық келісімнің жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі, Қазақстан халқы Ассамблеясы алдында тұрған міндеттерді саралай келе Президент: «Біздің этносаясатымыз біртұтас болып, дәйекті түрде жүргізілуі керек» деп, ол тапсырмаларды орындау барысында сайлауалды тұғырнама мен стратегиялық құжаттарды басшылыққа алу талабын қойғанын да естен шығармағанымыз абзал.

         Соның бір құжаты жаңадан қабылданған Әлеуметтік кодекс екендігі атап көрсетіліп, мұнда жаңа әлеуметтік саясат пен жаңа әлеуметтік келісімнің негізі қаланып отырғанын да атап көрсеткен еді.

         Сайып келгенде алдыңғы буын аға ұрпақ аманаттаған Қазақстанның болашағы, балаларымыздың тағдыры, ата-баба мұрасы – бүгінгі қарашаңырақтың иесі болып отырған біздің қолымызда. Біз сондықтан да кез-келген сын-қатерге әрбір отандасымыздың шынайы патриоттығын қарсы қойып, еңсемізді тік ұстап, азаматтық жоғары жауапкершілікпен, адалдықпен жаңа биіктерді бағындыруға әр кез барлық білім мен іскерлігімізді жұмсауымыз керек.

         Ел бірлігін нығайту және Отан байлығын молайту – қасиетті парыз. Бірлігі бекемнің ғана жаңа биіктерге ұмтылуға құқығы бар, мүмкіндігі де мол екенін әркез ұмытпалық!

С.Халықов,

ақсақалдар алқасының төрағасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *