Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ — 2004 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданында  дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті. Өлеңдері түрлі республикалық баспасөз бетінде жарияланған.

***

Ез емес ек, кім қалды енді айбынды,
Сен кеткелі:
күн көңілсіз, ай мұңлы.
Мен өзіңнен сұрамаймын ұлы бақ
Тым болмаса бөліп берші қайғыңды.
 
Жыр жазбай-ақ сен туралы тым ұлы,
Табыла ма кәусар мұңның тұнығы?
Толқын болып тұңғиыққа ала кет,
Сезімімдей кесілмеген бұрымы.

Сүре ме өмір біздің жазған жыр мәңгі,
Сен — биіксің, аласартпа тұлғаңды!
Кездесуге сылтау таппай қиналам,
Тастап кетсем бе екен әлде сырғамды?

Жат құшаққа жалын жыр ма керегі,
Көкжиектей қимай кеткен кең елін.
Жетімсіреп, жаным жылап қалғанда
Сені қатты құшақтағым келеді…

***

Ұшыра алмай жанымның кептер мұңын,
Кеудеге кеп шерлі күй кептелді мың.
Жолайырықта жүректер жылай ма екен,
айнып кеткен сезім мен серттен бүгін?!

Сағыныштың қиратып тас қамалын,
Тағдыр шертіп шерлі күй, бастар әнін.
Жапырақтай дірілдеп қамсыз көңіл
жанарымды жазықсыз жасқа малып.
(кете бардық..!)

содан бері…
көкіректе шерлі күй қалған дәйім,
Құшып жалғыздығымды сор маңдайым.
Ғұмыр сенсіз жолынан адасқан ба?!
Сенсіз бақ та — қасірет, арман да — уайым.

Жел айдаған кетер мұң нұсқап қайда,
Адасқақ түн… жауабын түс таппай ма?!
сенің салған әніңдей елеңдеймін,
құс келгенде немесе құс қайтқанда!

(тағы да..)
ұшыра алмай жанымның кептер мұңын,
Кеудеге кеп шерлі күй кептелді мың.
Жолайырықта жүректер жылайды екен,
айнып кеткен сезім мен серттен бүгін…

***

Сыбырлаған көктем бе?
…көмескі үнім?
Жылдар сазы санамда елес бүгін!
Жылы жаңбыр төгеді қауышарда
Біздің ғазиз тағдырды теңестіріп!

Мезгілдерді жоғалтып жатқаны ма Ай…
Елеңдеймін неге мен жатқа ұдай?
Сенің ғазал жүрегің жасырынған
Жанарымның мөлдірін сақта, Құдай!

Көкіректі сыздатпай сахара мұң,
Мылқау тұман жұтар сан шаһар әнін.
Тағдырымды азаптан арылтып ап,
Көзмоншағым болшы, ұлы Жасағаным!

Бермесек шын мүмкіндік табалауға,
Тағдыр қайдан қалдырсын қара дауға.
Естеліктер толқын боп соға берді,
Мен айналып келетін жағалауға…
Сен айналып келетін жағалауға…

Тамшы… тағдыр…


Тағы күн жаңбырлы… жылатқан аспанды,
Нажағай көңілден жыр перне жасқанды.
Бауыры сөгілген бұлттардай бақытсыз
Жанардан жауын боп жетімек жас тамды.

Жыр тұнған жанымның сезімсіз белеңін,
Жасындай жарқ етіп өртеп сан келемін.
Көктемгі шық сынды суытқан көңілді
Тамшымын — 
Тағдырға сенемін…

Ақселеу көңілдің мұң тербеп бесігін,
Шыққандай жанынан жыр болып есі мың.
Тамшылап құраған тағдырың жоғалар
бірінде Жайықтың жаңбырлы кешінің.

Ерімей жаным — мұз, жүрегім жаншылар,
Рауандап көрінген тағы да таң шығар?!
Жас болып ағады көзіңнен құдірет 
Соңғы рет… тамшылар… тамшылар…

Жаурау!


Көңілімді тұмшалауға құштар күз,
Жібіместен жүрегімді құшқан мұз.
Жанарына өрнек салған күздей көп
Оралмаған отанына құстармыз.

Бақи болған көктем сынды мәңгілік,
Көкжал көңіл жылатады жанды ұлып.
Жапырағы сырғып түскен сезімдей
Мұңлық болу — заңдылық.

Сағынышқа сусап қалған көктемдей,
Ғаріп болған күндер қайда өткен кей.
Қаңыраған қаладағы бұл жүрек
Көктемдегі күңіренген көк белдей.

«Тәу» еткенмен маңдайдағы бағыма,
Көкжиектей жете алмаспын жаныңа.
Жетім қазбын жалғыз қайтқан еліне
Жаурап жаным бара жатыр тағы да…

***

Мінәжат қып Күн тұра ма мезгілге әр,

Уақыт — толқын:

айтылмаған сөзді ұрлар.

Жұлдыз сырғып жанарынан жүректің

сезіміңнің бөтендігін сездірді ар.

Тарпаң тағдыр бола ала ма бізге өткел,

қорып Мұңын жанарымның күзде өткен.

Аңсағанда ең аяулы жырыңды

Бекетіне сағыныштың іздеп кел! 

Құс барады қанатқа іліп мың күдік,

Ой торласа санаңды кеп, түнді ұмыт.

Ай тұрады түнегіне “тәу” етіп

жалғыздығы жанарға жас тұндырып.

Ай тұрады… бөленеді мұңға ара.

(сағыныштың азалы әнін тыңдағам).

Жазмышыңа көрсетпе көз жасыңды

сырыңды үнсіз көтеретін түн ғана! 

Самалына сыйынатын күзді өпкен,

Қанатын кеш қомдайды ма қыз-көктем?

Аңсатқанда аяулы өлең, асыл Мұң

жүрегіңді, жүрегімді… іздеп кел!

***

Таң сызылды

көктемді аңсап тағы,

жалғыздық — ой! …санадан алшақтадым.

Тәңір-әкем қорыған жалғыздығын,

Үзеді кеп жанымның моншақтарын.

Күз сипатып маңдайын жадау мұңға

Сағынуға, аңсауға жаралдым ба?

Босата алмай ызғарлы түн құшағын

Түсіме кір, өтініш, таң алдында…

Тентек желдей бағыттан жаңылысқан,

Сенсіздіктің бәрі — сор, 

бәрі — дұшпан.

Іңір түссе, жамылып мұң көрпесін

кеткім келді жұтылып сағынышқа…

Кеткім келді ғасырдан бақ таласқан

түстерімді ұмытқыш… жаттамас таң.

Біздің жаққа сағыныш ұя салды,

жүрегімді аяшы,

Аспан…

Аспан!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *