«Оқушылардың ұлттық бірыңғай тестілеуден және мектептегі алған бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін»
ҚР Президенті Қ. ТОҚАЕВ
Міне, тағы бір оқу жылы мәреге жетті. Биыл 5683 түлек – 11, ал 11789 оқушы 9 сыныпты тәмамдайды екен. Әзірге 167 мектеп бітіруші «Алтын белгіден», тағы 247 жас «Ерекше үлгідегі аттестаттан» үміткер. Рас, бұл марапаттарды иелену үшін бірыңғай ұлттық тестілеуден сүрінбей өту керек. Ал, бұл – шәкірт пен ұстазға ғана емес, ата-анаға да сын.
Осы көзбояушылық кімге керек? Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде елдегі кейбір проблемалар қатарында білім беру саласындағы түйткілді мәселелерді ашық айтты. Сөйтсек, PISA халықаралық зерттеулеріне қарағанда, соңғы он жылда Қазақстан білім сапасы бойынша 80 мемлекеттің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан аса алмапты. Басты мәселе – балалардың білімі біржақты бағалануы. Білімнің сапасынан гөрі, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Соның салдарынан ҰБТ мен мектептегі бағаның қорытындысы жер мен көктей. Мұндай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау барысында да байқалады. Мемлеет басшысы мұны нағыз көзбояушылық ретінде санады. «Өзіңді өзің алдау, — деді ол, — жарға жығады. Мектепте алған білімді объективті бағалау туралы ойлану керек» Мұндай сөз ерте ме, кеш пе — түбі айтылуы қажет еді. Өйткені, «ауруын жасырған өледі» дегендей, өзімізді өзіміз жалған деректермен алдап жүргеніміз жасырын емес.
Аймаққа қатысты мәселені жалғастырғанда, білім ошақтары қызметінің талапқа сай еместігі айтылады. Мәселен, өткен жылы жоспарлы аттестациядан өтуге тиіс 66 мекеменің ешқайсысы оң нәтижеге қол жеткізе алмаған. Ал, биылғы бастапқы төрт айда 19 колледж бен 16 мектепке жүргізілген тексеру нәтижесінде 9 колледж бен 14 мектеп межеден көрінбеген. Сонда қалай болғаны? Бұлардың бәрінде де балалар тәлім алып жатқан жоқ па? Атырау облысының білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Қаныбек Жұмашевтің (редакция таяуда оның газет тілшісімен сұхбатын жариялайды) айтуынша, шаһарда жаңадан ашылған үш мемлекеттік және төрт жеке меншік мектептер рұхсат құжаттарын алмай қызмет істеген. Әрине, оқу жылы таяп, оқушылар жиналып қалғандығы себеп шығар. Бірақ, бәрібір, заң бұзушылыққа жол берілген. Неге? Бұл кімге керек болды?
Мынадай назар аударатын мәлімет бар. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесін талдау барысында бес жыл бойы орташа балл тұрақсыздық танытып отырған. Мәселен, 2016-2017 – 65,5; 2017-2018 – 65,7; 2018-2019 – 60,2; 2019-2020 – 54,7 және 2020-2021 оқу жылдары 55,8 пайыз. Қайткенде де, осы есепті мерзімде 70 пайыздық межеге қол жеткізілген жоқ. Яғни, көрсеткіш «төмен» және «орта» деңгейде. Назар аударатын, тіпті дабыл қағатын ахуал емес пе? Бұл кімді ойландыруы тиіс?
Бұдан бөлек, 14 жастағы оқушылардың функционалдық сауаттылығының қалыптасу деңгейін зерделегенде, математика бойынша – 28,3: оқу түрінен – 38,3 және жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтан 40,7 пайыз құраған. Әсіресе, есептен сүрінгендер санының тым көптігі алаңдатады. Сайып келгенде, мұнсыз аяқ басу мүмкін еместігін ескерсек, өзгелерден оқ бойы кейін қалған тәріздіміз. Мұндай жағдай неліктен қалыптасып отыр? Шешімі неде? Редакция таяу уақытта бұл бағытта арнайы «Дөңгелек үстел» ұйымдастырмақшы. Біраз проблема сонда айтылары ақиқат. Бұл – тырнақ астынан кір іздеу емес, болып тұрған жәйға байыпты баға беру. Сондықтан, тиісті орындар түсіністік танытуы тиіс.
Жалпы, оқу орындары бес жылда бір рет мемлекеттік аттестациядан өтеді. Оларды әр жылы мазалап жатқан ешкім жоқ. Соның өзінде тиісті мәреге жете алмаса, басқа уақытта қалай жұмыс жасап жатқаны? Егер объективті себептер бар десек, жауырды жаба тоқуға да болар. Ал, субъективті сылтауларға не айтамыз? Соның ішінде мұғалімдердің жауапкершілігі де бар. Мемлекет басшысы айтып отырған оқушылардың ҰБТ мен мектептегі бағасының арасында үлкен айырма болып отырғандығының бір себебі де сонда. Қанша дегенмен, адами фактор әлі орын алуда. Соның дәлелі – жуырда ғана республикадағы мектептердің бірінде шыққан шу. Ата-ана мұғалімдерден қызының бағасын түзеуді талап еткен. Сөйтсе, Алтын белгіге үміткер жасамақ екен. Мұндай қолдан қойылған бағалар аз ба? Ол Атырауда да кездеседі. Жарыққа шықпай жатса, ешкім байқамай қалған шығар. Немесе үндемей отыр.
Бүгінде күллі облыс бойынша оқушылардың 57 пайызы Атырау қаласында. Міне, соларға білім ошақтары жетіспейді. Он бір мектепте шәкірттер үш ауысыммен оқиды. Қазір жеке меншік білім беру мекемелері де жетерлік. Соның өзінде осындай ахуал қалыптасып отыр. Бұл, әрине, аймақты демографиялық ахуалдың жақсарғанының белгісі болар. Дегенмен, сол өсімге білім ошақтары ілесе алмай жатса, қосымша проблеманың туындағаны. Мұны алдын-ала жоспарлау мүмкін емес пе еді? Сайып келгенде, туу көрсеткішінің артуы – күнкөріс қабілеінің көтерілуі. Оған қуану да керек. Әйтсе де, аудандардан қалаға көшу үрдісі тоқтамай отыр. Демек, елді мекендер еңсесі әлі төмен.
Қанша тырысқанымен, билік қала мен ауылдағы білім сапасын теңестіре алмауда. Бұл – тек облысқа ғана емес, күллі республикаға тән көрініс. Мұндай айырмашылық, әсіресе, пандемия кезінде қатты сезілді. «Ауруын жасырғанмен, ажал әшкере» дегендей, бұған дейін сандық технология енгізгеніміз, оның барлық жерде жақсы жасап жүргені, интернетпен жүз пайыз қамтылғанымыз бос әңгіме болып шықты. Елді мекен оқушылары байланыс іздеп, дала кезіп кетті. Сәл биік төбе табылса, соған таласып жатты. Содан соң олардан нендей сапалы білім талап етуге болады? Ал, егер осындай жағдайда білім алған бала ҰБТ сынағанда қаладағы қатарынан озып кетсе, шаһардағы педагогтарға сын. Осылардан қатаң сұрау қажет. Бірақ, бізде мұндай талап бар ма?
Жалпы, Атырауда ҰБТ сынағынан екі-үш білім ошағы ғана жоғары жетістікке жетіп жүргені жасырын емес. Нәтиже солардан күтіледі. Және бұлар үмітті ақтап да отыр. Сонда басқалары ше? Арта қалғандарды алға қалай сүйрейміз? Бұдан біраз бұрын облыста бір орнында бірнеше жыл мектеп директоры, балабақша меңгерушісі немесе емхана бас дәрігері болып істеген басшыларды ауыстыру басталған. Жоқ, ешкімді тағынан тайдырған жоқ, осы іспетті өзге мекемеге тағайындаған. Соның соңы не болды?
Сайып келгенде, мұндай үрдіс кеңестік кезде де болған. Кейін қалған ұжымшарды көтеру үшін озық шаруашылықтың жетекшісі жіберілетін. Соның тәжірибесін пайдаланатын. Білім ошақтары мен емдеу орындары басшыларын алмастырғанда да осы әдіс қолданылуынан үміттенген едік. Өйткені, жоғарыда айттық қой, шаһарда аз ғана оқу ордасының үлгерімі тәуір. Алтын белгі мен «Үздік аттестат» иелері солардан шығады. Бұларда мекемені отыз жыл бойы басқарып отырғандар бар. Атақ та, марапат та соларда. Мүмкін өзгелермен тәжірибесімен бөлісер? Артта қалған бір мектепті алға алып шығар? Әй, қайдам?. Ара-тұра семинар ұйымдастырып, озық тәжірибені тарату, әрине, қажет. Әйтсе де, оны нақты іспен жүзеге асыру – түпкі оң нәтижеге бастайтын тура жол.
Республиканың өзге өңірлерінде секілді Атырауда да мұғалімдер тапшы. Атқарушы билік бұл бағытта қандай шараларды қолға алмады, бірақ нәтиже жарытусыз. Ілгергі жылдары облысты басқарған бір азамат институтты жаңа бітірген жастарға пәтер кілтін де ұсынған. Сырттан келгендерді солай қызықтырып көрген. Қазір солардың қаншасы осында жүр екен? Атыраулық атанғандары бар ма? Осы мұғалім жетпестігі де білім сапасына кері әсер етеді. Бір мұғалім бірнеше пәнді қатар оқытса, одан қандай ілгерілеу күтуге болады?
Кейбір мәселені таразыға тартқанда, облыста орта білім саласында тиімді менеджерлік басқарушылық деңгейінің төмендігі көрінген. Ұжымды бір мақсатқа біріктіру, педагогтардың міндетін адал атқаруына жағдай жасау, олардың қызметін жан-жақты бақылау, т.б. кенже қалған. Демек, осы олқылықтың орнын толтыру қажет. Биыл 15 ақпанда аймақтағы білім беру ұйымдары басшыларының қатысуымен ауқымды семинар-кеңес өтті. Тақырыбы – «Оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттырудың мәселелері» Мұндай форматтағы шара облыста бірінші рет ұйымдастырылды. Барлығы 200-ден аса директорлар мен әдіскерлер және аудандық пен қалалық оқу бөлімдерінің басшылары қатысты. Басқа қалалардан әріптестер шақырылды. Әрине, оның берері мол, бірақ, бәрібір нақты іс әркімнің жұмыс орнында көрінеді.
Жалпы, ҰБТ-ға қатысты жұртшылық арасында әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Білімді саралаудың бұл жүйесі енгеніне біраз уақыт өтсе де, әлі соған сақтықпен қараушылар бар. Әсіресе, аға ұрпақ өкілдері. Расында да, билет суырып, емтихан тапсырудың кейбір кемшілігі болғанымен, артықшылығы да жоқ емес. Оны тиімді өткізу мұғалімге байланысты. Бұрынғының адамдары оқушының қаншалықты тиянақты даярланғанын байқау үшін қосымша сауалдар қойып, әбден пысықтайтын. Сынақты да әдемі ұйымдастырып, оқушыны қызықтыра білетін. Сайып келгенде, бүгінгі іс басында жүргендердің дені солардан тәлім алғандар. Ендеше, сауатсыз болмағаны ғой. Демек, бәрібір мәселе маманда.
ҰБТ адами факторды жояды. Осы жүйені қолдаушылар солай деген. Шет елдерде осындай озық әдіс бар, соны қолдануды ұсынған. Шыны керек, оң-солын ешкім таразыға тартпаған тәрізді. Сырттан әкелді де енгізді. Бұған тіпті мұғалімдердің өздері де дайын емес-ті. Сонда оқушылар ә дегенде қалай көндіксін? ҰБТ дегенде әлдебір тажал тақап қалғандай еді. Содан сүрініп, өз-өзіне қол жұмсағандар да болды ғой. Ендеше, балаларды да психологиялық тұрғыдан әзірлеу керек болатын.
Ал, ҰБТ енді, адами фактор жоғалды ма? Енді оның жауаптарын сататындар табылды. Мұнда да бизнес жасауға болады екен. Сонда не ұттық? Жә, кейбір қызық оқиғалар да орын алған. Облыстағы мектептердің бірінде үлгерімі нашар оқушыны ҰБТ-қа қатыстырмауға күш салыпты. Мұғалім үгіттеген, өзгелері айтқан. Бала көнбепті. Егер «екілік» алып қалса, мектепке сын. Президент айтқан көрсеткіш қуу ғой бұл. Содан директорға шақырған. Оқушы орнынан тапжылмаған. Мектеп басшысы әкесімен ақылдасқан. Ол да бірбет екен. « Е, менің баламның басқалардан қай жері кем, тапсырады емтиханды» деп тұрып алған. Содан не болды дейсіз ғой. Мектептегілер жанын шүберекке түйіп отырғанда, әлгі бала аудан бойынша озық нәтиже көрсетіпті. Ауылдағылар аң-таң. Сөйтсе, әлгі бала бәрібір білмейді екен, ойына келген жерге белгі сала беріпті. Директор мәз. «Е, жақсы дайындалған ғой» дейтін көрінеді. Сонда, ҰБТ сынағы нақты нәтиженің көрсеткіші ме?
P.S. Міне, ҰБТ-ға қатысты ұтыс пен ұтылысты таразылағанда осындай ой түйдік. Бұл соңғы материал емес, әлі де жазылар. Әйтсе де, керегі оң нәтиже. Енді Оқу-ағарту министрлігі барлық аймақтардағы білім беру басқармаларын тексермекші. Ол 5 шілдеге дейін созылады. Мақсат – білім беру жүйесін дамытуды тежеу фактілерін анықтау, өңірлік үздік тәжірибелерді тарату. Бір ерекшелігі – бұл жолы мониторинг тек облыстық білім беру басқармасын қамтуы. Балабақшалар мен мектептер, колледждер мен өзге оқу орындарын қамту қарастырылмаған. Өйткені, бұлардағы педагогтар жазғы демалыста, сондықтан оларға ешкім кедергі келтірмейді. Әрине, атыраулықтарға сәттілік тілейміз. Астаналық комиссия алдынан аман өтсін. Ал, түлектерге жол болсын айтамыз.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ