«Ана тілің – арың бұл» кешенді іс-шаралар шеңберіндегі жұмыстар нақты нәтижесін беруде. «Ұлттық құндылықтарды қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында қалыптастырудың инновациялық жолдары» атауымен облыстық семинар аудан орталықтарында өтіп жатыр. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысындағы филиалы және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті аудандық білім бөлімдерімен бірлесе ұйымдастырған іс-шараға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары қатысып, тәжірибе алмасуда.

                   Мичурин мектебінде – мықты мамандар

Мичурин мектебінде өткен семинардың басты мақсаты – қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың тиімді әдістемесін қалыптастыру.

Іс-шараға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Алтынбек Абдулманов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Гүлайым Ерғалиева, Бәйтерек ауданының білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлжиян Рамазанова және Бәйтерек ауданы аумағындағы мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты.

Ең әуелі «Мичурин мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінің директоры Алмагүл Кенжебаева сөз алып, семинардың маңыздылығына тоқталды. 

         – Қазақтың ұлттық киімін киіп келгендеріңізге рахмет, құрметті ұстаздар! Қазақтың ою-өрнектері – зерттеуді қажет ететін тың тақырып. Әуелі өзіміз зерттеп, кейін оны оқушыларға баяндауымыз керек. Оқушылар ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуі тиіс. Осы бағытта аудандарда семинарлар өткізілетін болады. Ұлттық құндылықтарды жаңа үлгіде жастарға жеткізудің жолын тапқанымыз жөн. Себебі, жастар ұстаздарға қарап, бой түзейді, – деді Алтынбек Әбутәліпұлы.

         Семинар барысында Гүлжиян Хамитқызы тренинг өткізді. Ол мұғалімдердің көңіл-күйін көтеру, санасын сергіту бағытында түрлі ойын ойнатты. Мичурин жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғалия Кенжебаева «Оқу-тәрбие үдерісінде ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың маңыздылығы» тақырыбында баяндама оқыды.

          Ал Бәйтерек ауданының орталығында орналасқан Қасым Аманжолов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботагөз Хасанова «Қазақ тілі сабақтарындағы дағды мен ұлттық құндылықтар үндестігі» атты шеберлік сағатын өткізді. Ботакөз Мақсотқызы айтылым, жазылым тапсырмаларын тиянақты орындағандарға жент, құрт ұсынды. Ұстаздар арасында айтысып, төрт жол өлең құрап жіберді. Трёкино ауылында орын тепкен Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аягүл Абуғалиева «Сабақтан тыс шаралар арқылы ұлттық құндылықтарды енгізу» тақырыбында баяндама оқып, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.

Қатысушылар қозғалған мәселелер төңірегінде ой-пікірін ортаға салып, тақырыпты кеңінен талқылады. Алтынбек Әбутәліпұлы ұстаздарға сертификат табыстады.

– Семинардан үйренгенім көп. Осындай іс-шаралардың жас мамандарға берері мол. 50-ден астам мұғалім қатысты. Біз салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды ұмытпауымыз керек. Сол себепті сабақтарды ұлттық құндылықтарға байланыстырып өткізуге тиіспіз. Жоғары оқу орнын тәмамдап, биылдан бастап ұстаздық қызметке кірістім. Білікті мамандардан білмегенімді сұрап, өз-өзімді жан-жақты жетілдіріп жүрмін, – деді Дариян ауылындағы Абай мектебінің жас ұстазы Дәуренбек Жұмабеков.

                   Оқушыны ойынмен баурауға болады

Дәл осындай семинар 19 қазан күні Ақжайық ауданының орталығында орналасқан Абай атындағы мектеп-гимназияда өтті.

Ақсуат ауылындағы С. Ошанов атындағы орта мектептің мұғалімі Тыныштық Жүнісова қазақ тілінің өткені мен бүгініне шолу жасап, салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайлы біраз мағлұмат айтты. Сонымен қатар шәкірттерге киіз үй жабдықтарын қалай таныстырғаны жөнінде сөз өрбітті.

Алмалы орта мектебінің педагогі Болат Өтешов тың ізденістерімен бөлісті. Чапай ауылындағы М. Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлмира Қайырлиева, Абай атындағы мектеп-гимназияның педагогтары Ләззат Бисенова мен Ұлжан Біранова ұлттық ойындар, ән-күй, би арқылы оқушылардың дүниетанымын кеңейтуді мақсат еткен дәрістердің тиімділігін атап көрсетті. Яғни, сабақты қызықты өткізудің түрлі айла-тәсілі бар.

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің сабақ барысында ұлттық педагогикаға негізделген әдістерді шебер қолданатынына көз жеткіздік. Біздің мақсат – мемлекеттік тіліміз бен салт-дәстүрімізді мектеп оқушылары қандай деңгейде меңгеріп жатқанын анықтау. Мұғалімдер шәкірттердің жадында жақсы сақталатын ұтымды сабақ жоспарларын ортаға салды. Дегенмен әлі де іздену керек. Батырлар жырын, би шешендеріміздің қанатты сөздерін, даңқты ата-бабаларымыздың нақылдарын насихаттағанымыз жөн, – деп Алтынбек Әбутәліпұлы семинарды қорытындылады.

Баяндамалар кәсібилікті арттырады

21 қазан күні тасқалалық педагогтер аудан орталығында орын тепкен Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектепте өткен семинарда өздерінің осы бағытта жақсы жұмыстанып жүргенін көрсете білді. Мемлекеттік тілді үйрету, оқытудың тиімді әдістемесін қалыптастыру, мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту жүйесін енгізу бағыттары бойынша жиі ізденетін мамандар жоба-жоспарлары жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.

Бибігүл Батырова (Тасқала аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинеті), Гүлзада Дүйсеғалиева (аудан орталығындағы Қ. Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі), Айымкөз Шәкірова (аудан орталығындағы Қ. Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі), Гүлжан Мұхамбетжанова (Оян мектеп-бөбекжай-балабақша кешені), Венера Бексейітова (Амангелді мектеп-бөбекжай-балабақша кешені), Гүлшат Сағатова (Атамекен мектеп-бөбекжай-балабақша кешені) оқушылардың жас ерекшеліктері бойынша түрлі тақырыпта баяндама оқыды.

Марлен ҒИЛЫМХАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *