Сараптама

Сонымен, Атырауға Мемлекет басшысы кезекті рет ат басын тіреді. Бұрын да келіп-кетіп жүр ғой, бірақ жұртшылық оның әр сапарынан сілкініс күтетіні кәміл. Президент бұл жолы да атқарушы билік алдына біраз міндет жүктеді. Соны саралап көрелікші.

                          Жол азабын жүрген біледі

«Атырау облысында жергілікті жолдардың 72 пайызы ғана орташа күйде. Мұны төмен көрсеткіш деуге болады»

                                   Президент Қ.ТОҚАЕВ

Жалпы, облыстағы жол мәселесі кешелі-бүгін көтеріліп отырған жоқ. Бұл – ілгергі жылдардан бері айтылып келе жатқан проблема. Биыл салынған асфальттың көп ұзамай тас-талқаны шығатына да жасырын емес. Мұны тұрғындар сапасыз құрылыс салдары десе, мамандар жерасты суының тым жақындығымен түсіндіреді. Екеуіне де ден қоюға болады. Бірақ, солардан қорытынды шығаратын де кез келді. Әйтпесе, қашанғы бюджет қаражаты желге ұшады. Сайып келгенде, ол халықтың қаржысы емес пе? Демек, әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалмас па? Ал, бұлар жеткілікті. Мектептер мен балабақшалар, емханалар мен ауруханалар әлі қажет. Білім беру мен денсаулық сақтау саласы жұмысын жандандыруға қосымша қолдау үнемделген ақшадан ауыспай ма? Әйтпесе, қиыршық тас пен құмға сіңген миллиондардың, тіпті миллиардтардың сұрауы болуы керек.

Осы орайда облыста жол құрылысымен шұғылданатын мекеме жоққа тән екенін айтқан абзал. Әр жылы өткізілген тендердің басым бөлігін «АтырауИнжСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алады. Бюджеттен бөлінген қаржының денін игеретін де сол. Жә, жергілікті компанияны қолдаған жөн. Оның үстіне, құрылысқа қежетті қуатты техникасы да бар. Алайда, соншама қызмет көлемін атқаруға оның да шамасы жетпейді.

Мәселен, биыл Балауса мөлтек ауданында көшеаралық жолдар тұрғызылды. Тұрғындар мұны 15-20 жыл шамасында күткен. Сондықтан, жергілікті биліктің беті бері бұрылғанына, әрине, қатты қуанды. Оның салынуы мен сапасы өз алдына бөлек әңгіме. Қазір айтарымыз — ерте көктемде қолға алынған шаруа қоңыр күзге дейін созылуы. Есігінің алдына топырақ үйіп тастаған тұрғындар бірнеше күн үйлеріне тығылды. Жеке көліктерін далаға тастады. Олардың алды тоналып та жатты.

Ал, қызығы – бір көшенің топырағын қопарып тастаған соң сол орынға ай аралатып келетіні. Содан қиыршық тас төгеді де, тағы жоғалып кетеді. Халық құрылысшылардан сұрайды ғой, «Ау. мына көшені бітіріп кетпейсіңдер ме?» деп. Бұған құрылыс басындағы басшысының да, жұмысшысының да айтар уәжі – техниканың басқа учаскеде жүргені. Демек, ана жақтан да, мына жерден де жұмыс көлемін ала берген. Сонда қалай үлгереді? Тендерге түскенде комиссия мүмкіндігін сараламай ма? Кесімде уақытын айтпай ма?

Облыс әкімі Серік Шәпкенов исатайлықтармен кездескенде жол салу барысында біткен учаскені біртіндеп аша беруді тапсырған. Бұл тұрғындарға ыңғайлы. Сол үшін салтанатты шара ұйымдастырып, лента қию міндетті емес. Дайын нысанды халықтың өзі бағалайды. Ал, жол салу, жарық жүргізу, су мен газ құбырын тарту – атқарушы билік міндеті. Демек, халық үшін жұмыс жасауға тиіс мемлекеттік қызметшіге алғыс айту – сыпайылап жеткізгенде, артық нәрсе. Президенттің «Облыстың инфрақұрылымын жақсарту қажет» деп атап көрсетуі содан.

Мемлекет басшысы «Облыстағы шұрқ тесік жолдар талай жұрттың сынына ұшырады. Бірақ, содан ешқандай нәтиже жоқ» деп реніш білдірді. Расында солай ғой. Құрылыс сапасы нашар десек, тапырыс берушілер қалай қабылдады? Бұлардан сұраныс жоқ па? Ал, жерасты суларының әсере болса, оның да шешімін табатын уақыт жеткен секілді. Асфальтты ылғалдан қорғайтын технология жоқ па? Әйтпесе, бар себепті қашанғы жер қыртысына аудара береміз? Әлде әр жылы бюджеттен қыруар қаржышығарып, жол жөндеу әлдекімге тиімді ме?

Президент «Атырау-Астрахан күре жолын жөндеу жұмыстары баяу жүруде» деген сөзі де рас. Әйтеуір сылтау көп, іс аз. Кімдер келіп тексермеді бұл құрылысты? Министрлер, Парламент депутаттары, үлкенді-кішілі құрылымдар басшылары, т.т. Нәтиже қандай? Әлдеқашан тапсырылуы тиіс құрылыс әлі созылып келеді. Биыл да бітпейді. Мемлекет басышысы «Автокөлік жолдарының сапасы халықтың тұрмысына және экономикаға тікелей әсер етеді»десе, сол арқылы алыс-жақын шет елдермен байланыстың бекитінін меңзеп отыр. Алыс-барыс реттелсе, қажет нәрсе де аймаққа жүйелі жетеді. Біз де тысқа тауарларымызды тасуға мүмкіндік аламыз. Сайып келгенде, күллі республикаға пайдалы шаруа емес пе?

Әуелден-ақ уақыттан ұтылып жатқан жол салушылар енді битум жоқтығынан бтылға белгіленген істі келесі жылға шегерді. Осындай кәсіпорын Ақтауда болғанда Атырауда неге жоқ? Бұл мұнай қалдығынан даярланатын құрылыс материалы екенін ескерсек, «қара алтын» өзімізден шығып жатқан жоқ па? Өткен ғасырдың сексенінші жылдары жол жөндеу-құрылыс басқармасын басқарған Келдібай Төреғалиев Мақатта шағын битум зауытын салып, соның өнімін пайдаланыпты. Ұтымды ұйымдастыру емес пе? Ендеше, сондай шағын бизнес нысанын тұрғызуға не кедергі? Қазіргі жағдайға сұранып тұрған жоқ па?

Жалпы, жол тұрғызу бір басқа, ал оны күтіп ұстау – тіпті бөлек мәселе. Демек, осы құрылым басшыларынан да сұраныс болуы керек. Асфальтпен артық жүк тиеген ауыр көліктер жүрісіне тыйым салу — өз алдына бөлек әңгіме.

Ақырында, Атыраудағы жол жағдайына көңілі толмаған Мемлекет басшысы бұл саланы жеке бақылауына алатынын жеткізді. Мүмкін ахуал енді айығар. Жауапкершілік жүгін жете түсінбегендер қызметін қайта таразыға тартар. Қайткенде де, бір мәселені жылда қайталау – жақсы емес.

                       ЖАЙЫҚТЫҢ СУЫ САРҚЫЛДЫ МА?

«Жайықтың тартылуы жұртшылықты алаңдатып отыр. Дарияның деңгейі соңғы жылдары төмендеп кетті»

                                              Президент ТОҚАЕВ.

Бұл мәселенің де сөз болып келе жатқанына талай жылдың жүзі болды.  Қазір әбден күрделеніп, шарықтау шегіне жетті. Президенттің «Өзен аңғарының ахуалы күрт нашарлап, ластану көрсеткіші бойынша ең соңғы, бесінші дәрежеге жетті» деп мәселенің аса маңызды екенін ашық айтуы сондықтан. Мемлекет басшысының осы проблеманы бірнеше рет халықаралық деңгейде көтеріпті. Өйткені, Жайық трансшекаралық өзен болғандықтан, оны пайдалану тәртібі бар. Ол бастауын Ресейден алғанымен, тұтас соның меншігі саналмайды. Бұл ретте қолданылатын дүниежүзілік тәжірибе бар. Мұны мүлтіксіз орындау – барлық мемлекеттің міндеті. Оның үстіне, екі ел арасында қабылданан кейбір келісім бар. Демек, солар жүзеге асуы тиіс.

Бұл тек Жайыққа ғана емес, шекарада орналасқан өзге де өзендерге қатысты. Яғни, сол өңірдегі жергілікті билік осы құжатты басшылыққа алып, көрші мемлекет өкілдеріне өкпесін айтуға толық мүмкіндігі бар. Былтырғы желтоқсанда Қазақтан мен Ресейдің қоссалалас министрлігі жағалауды тазалауға, бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағдарлама қабылдады. Бұл – бұған дейін қол қойылған келісімдердің лайықты жалғасы. Өйткені, 2018 жылы екі ел өзеннің экожүйесін жақсартуға бағытталған шарт жасаған-ды. Ал, бұған 2016 жылғы үкіметаралық байлам негіз болған.

Міне, осылай құжат жүзінде жұмыстар жүріп жатыр. Осы орайда қос тараптың да атқаруы органдарына міндет жүктелген. Яғни, солар өзара іс-қимылдырын үйлестіруі тиіс-ті. Мемлекет басшысының «Жайық өзенінің бойын тазалап, экожүйені қалыпқа келтіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – облыс әкімінің және Үкіметтің тікелей міндеті» деп шегелеп айтуы содан.

Сөз жоқ, өзен жоғарыдан ластанып келеді. Ресей жеріндегі ондаған үлкенді-кішілі кәсіпорын қалдықтарын Жайыққа тастайды. Одан қалды Оралдағы өндіріс ошақтары бар. Енді соған Атырау үлес қоспауы керек қой. Өйткені, дарияның төменгі бөлігінде біз ғана бармыз. Ауыз суға пайдаланып отырған жалғыз тіршілік көзі осы. «Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны тұтынушыларға барынша тазалап таратқанымен, халық жағымсыз исі барын айтады. Осы орайда оны тазартатын аппарат ұсынушылардың жолы болып тұр. Құралдарын орнатып, қыруар табыс түсіріп отыр. Бизнестің бір түрі осы. Немесе дүкендердегі 19 литрлік ыдыстағы су – бүгінде ең өтімді тауарлардың бірі. Жә, Атырауда өзенге қалдықтарын тастаушылар қатарында мұнай өңдеу зауыты мен жылу-электр орталығыаталады. Екеуі де – стратегиялық нысандар. Қызметін тоқтатуға болмайды. Кейбіреудер айтатындай, шаһардан сыртқа көшіріп жіберу де оңай емес. Демек, су тазартқыш қондырғыларын қондырып, солардың қалтқысыз жұмыс жасағанын қадағалағаны жөн. Мемлекет басшысының «Табиғатты қорғауға қатысты кез-келген заң бұзушылықтың жолын кесу керек» деп тура айтуы содан.

Ия,Жайық дабыл қағуда. Біз ғана емес, көршілес Батыс Қазақстан облысының жұртшылығы да алаңдаулы. Бұл бағытта кезінде Парламент депутаты болған Елена Тарасенконың қоғамдық ұйымы белсенділік танытуда. Оның ойынша, ара-тұра жергілікті бюджеттен аз-мұз ақша бөлініп, су түбін етеңдету, жағалауды тазалау мәселені түпкілікті шешпейді. Рас, мұндай да жұмыстар қажет. Бірақ, іс төркіні тереңде. Яғни, өндіріс ошақтарының су тұтыну деңгейін барынша азауту қажет. Оны тазалап, қайта пайдлануға ден қойылуы шрт. Бүінде қазақстандық және ресейлік комиссия өзеннің экожүйесін сауықтыруға бағытталған бағдарлама қабылдаған. Ол 2024 жылға дейін есептелген. Оған екі елдің ғалымдары мен сарапшылары тартылып, әрекет жасалуда. Қорытындысын уақыт көрсетер, әрине.

Қазір әлемде экожүйенің 70 пайыздан астамы бұзылған. Оған, өкінішке орай, адамзат кінәлі. Тура мағынасында, адамдар өзі отырған бұтақты кесіп жастыр. Су көздеріне қамқорлық таныту – ірі кәсіпорындардан бастап, шағын фирмалардың міндеті. Қарапайым кісілер де өзенді ластаушылар қатарынан табылады. Үйден шыққан қоқысты жағалауға лақтырып тастаса, солай емес пе?

Бұдан басқа бізде «су ресурстарын басқару» емес, «суды пайдалануды басқару» деген түсінік бар. Сайып келгенде, екеуі – екі түрлі ұғым. Осы орайда Елена Тарасенко Энертетика, геология және табиғи ресурстар министрлігінің республикада 39 су қоймасын тұрғызу бастамасына сын көзбен қарайды. Қазір елімізде осындай сегіз нысан бар екен. Солардың жұмысын жүйелеу қиынға соғып отырған секілді. Ал, тағы ондаған объект қатарға қосылғанда кімнің не істеп жатқанын қадағалау жеңіл болар ма? Әркім өзіне қарай тартып, оның оңы дауға ұласып кетпей ме? Мәселен, қызылқоғалық белсенділер Ойыл бойында орнатылған заңсыз бөгеттерді тауып, олардың алды бұзылып жатыр. Немесе Жылыой ауданында қатар қоныстанған қос шаруашылық Жем суына таласып, мәселе ұшқынып кете жаздады. Сондықтан, мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қараған жөн. Президенттің «Өзеннің аңғарын түгел тексеріп, ондағы нысандардың заңдылығын мұқият қарау қажет» деуі осылай әркімнің өз бетінше суға тосқауыл жасамауын көздейді. Ал, оны қадағалау – атқарушы органның міндеті.

Жалпы, суға талас Орталық Азияда да қызу талқыға түскен. Кейбір мәселе әбден ушығып, қарулы қақтығысқа ұласқан. Немесе мемлекеттер арасында су сату өрістеген. Яғни, табиғат байлығы саудаға шықты. Тіпті іргелес елдер оны аясат көзіне айналдыра бастаған. Турасында, «мен саған су берейін, сен де маған бірдеңе ұсын» деген сөздер ашық айталы бастады.

Рас, Жайық та кезінде арнасынан асқан, жағалауына жайылған. Мүмкін бірнеше жылдан соң осы жағдай қайталанар, өйткені өзен арнасына оралады. Бірақ, қазір жағдай қауіпті. Демек, бұған да бойымызды үйретіп, соған сәйкес өмір сүруімізкерек. Яғни, барымызды барынша үнемдеп, шашпашылдыққа салынбаған абзал.

                  ЕСКІ ЖЕЛІ ЕРТЕҢГЕ ЖЕТКІЗЕ МЕ?

 «Атырау облысында тағы бір өзекті мәселе – электр желісінің тозуы. Оның 40 пайызға жуығы ескірген»

                                         Президент Қ.ТОҚАЕВ.

Ия, мұндай мәселе бар. Жалпы, ол республиканың басқа аймақтарына да тән. Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміздегі электр жүйесінің жартысынан астамы жарамсыз. Көбі кеңестік кезден қалған. Ендеше, бәрі жаңартуды қажет етеді. Ал, мұның бәріне қыруар қаражат қажет.

Редакция бұл мәселеге газеттің алдағы сандарының бірінде оралады. Әйтсе де, бір нәрсенің беті ашық, ол – бұдан 14-15 жылмен салыстырғанда Атырауда жылу және электр желілерінің дені жақсарғаны. Оны тұтынушылардың өздері де көріп отыр. Бұған облыс энергетиктерінің қазіргі басшылығы талмай тер төккені кәміл. Көшеде буы аспанға атып, ыстық суы төңіректі бүлдіріп жататын құбырлар есте ме? Немесе сәл жел соқса, бір-бірімен оралап қалатын электр сымдары бар еді ғой. Қазір солардың бәрі дерлік жөнделген. Қалып жатса, трғындардың өздерінің жүргізіп алғандары.

Атырау мұнай өңдеу зауытының электр қуаты салдарынан тоқтап қалғаны біраз әбігерге салды. Бірақ, бұған «Атырау-Жарық» кінәлі емес. Зауыт бұлардан ол үзіп, өз алдына дербес кеткен. Мемлекет басшысының «Облыста өзінің электр станциясын пайдаланып отырған кәсіпорындар бар. Бірақ, олардың мүмкіндігі шексіз емес» деуі назар аударуға тұрарлық. Ия, ірі өндірістік объектілерде дербес энергия көзі болуы дұрыс. Бұл сырттан келетін қуат өшкенде уақытша қызмет істеуге керек. Алайда, тұтас өндірістің қажетін өтеуге жетпеуі ықтимал. Ендеше, неге сенімді электр энергисын тұтынбасқа? Бұдан үнем болмайды. Стратегиялық нысан үшін тіпті қаіпті дерлік.

Сонау жылдары атқарушы билік жер телімдерін көп таратты. Ол кезде инфрақұрылым жөнінде әңгіме айтылған жоқ. Мәселен, әркім баған орнатып, соған сым жүргізді. Келесі келген көршісі соған жалғанды. Одан әрі басқалары қоныстанды. Бәрі бір желіге салмақ салды. Содан соң жарық та жарытусыз шықпай ма? Ал, оны жөндеу үшін жергілікті бюджет қаражат шығарылып, мердігер мекеме таңдалуы тиіс. Мұның жұмысын әкімдіктің тиісті құрылымы қадағалауы қажет. Міне, сонда іс оңға басады.

Президент «Өнеркәсіп орындары дамып, халық саны көбейген сайын қуат көзіне деген сұраныс артады. Атырау облысының электр энергиясы жүйесін түгел жаңғырту жұмыстарын бастау қажет» деді. Ендеше, атқарушы биліктің шұғылданатын шаруасы бұл. Көп жыл өтті, темір жол электр жүйесіне қатысты қаладағы тұрғын үйлер жарықтың жетімсіздігінен зардап шегуде. Олар объектілерін «Атырау-Жарық» мекемесіне тапсыруға да қарсы емес тәрізді. Бірақ, әбден тозығы жеткен жабдықтарын жаңғыртуды қолға алар емес. Енер осы күйінде облыс энергетика жүйесіне берсе, оны өзгерту үшін қыруар қаражат қажет. Мұны кім төлейді? Егер энергетиктерге салмақ салса, онда тарифті көтеруге туракеледі. Бюджеттен қаржы шығаруға ақша жетер ме? Сонда не істеу керек?

Мемлекет басшысының «Электр желілерін жөндеуді республикалық бюджеттен қаржыландаруды қарастыру қажет» деуі содан шығар. Бұл – «Атырау-Жарық» мекемесіне берілетін қаражат емес, ескі желілерді жаңартуға жұмсалатын қаржы. Соны түсіну керек. Энергетиктер – жылу және электр энергиясын шығарып, тұтынушыға таратушылар. Менің білуімше, олар құрылыспен айналыспайды. Қазір жұртшылықта «мекеме электр энергиясы үшін төлем алады, ендеше желіні де солар жөндеуі тиіс» деген түсінік бар. Немесе шаһардағы подстансалардың бәрі кәсіпорынға тиесілі емес. Бірақ, апатты жағдайда әкімдіктің өтінішімен энергетиктер жөндейді. Сол үшін ақы да алмайды. Осындай жағдайды да ескерген жөн.

Биыл аймақта 15 елді мекеннің электр жүйесі жаңғыртылмақ. Әрине, аз. Жергілікті бюджеттің шамасы соған ғана жетіп жатыр. Сондықтан, республикадан бөлінетін қаражатты тезірек қолға түсіріп, орнымен жұмсауды ұйымдастыру шарт. Президент былтыр батыс аймақты еліміздің негізгі электр жүйесіне қосу жөнінде тапсырма берді. Әлі орындалған жоқ. Рас, техникалық тұрғыдан қиын да шығар. Бірақ, Мемлекет басшысы «Үкімет осы мәселені пысықтап, нақты шешім қабылдауы қажет» деп тұжырым жасады.

Президент «Атырау облысының электр энергиясы жүйесін түгел жаңғырту жұмыстарын бастау қажет» деді. Демек, сең қозғалды. Оның игілігін көретін күн де қашық болмас.   

                                             Х  Х  Х

Президент осы сапарында Атырау мұнай-химия кешенінің тұсауын кесті. Оның құрылысы ұзаққа озылғанымен, сәтті аяқиалды. Қазір мұнда 630 адам тұрақты қызметпен қамтылған. Құрылыс кезінде 4300 кісі жұмыс жасады. Мндай зауыт әлемде АҚШ; Сауб Арабиясы, Қытай, Бельгия және Оңтүстік Кореяда ғана бар екен. Біз алтыншымыз. Амандық болса, осы нысан елімізге көл-көсір табыс түсіргелі тұр.

Бұдан басқа Мемлекет басшысы Атырауда мұнай қоймасы салынатынын жеткізді. Келешекте ескерткіш қоюды әдетке айналдырмай, оның орнына мектептер мен аруханалар тұрғызу қажеттігін айтты. Оның үстіне, енді Астана үшін аймақтардан сый сұралмайды. Брынғыдай көпір салып беру, тұтас кешен тұрғызу үрдісі тоқсалады. Оған кететін қаржы әр облыс өз керегіне жұмсайды.

Міне, Президент қозғаған осы және өзге де мәселелерді газетіміздің алдағы сандарында қозғаймыз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *