( Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы Х. Б. Табылдиев туралы естелік)
Ш. Нағимов Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, « Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Күні кеше арамызда өзінің ақыл- кеңесімен, жайдары да ақ жарқын мінезімен айналасын нұрға толтырып жүретін Хисмет Бозанұлының да өмірден өткеніне төрт жыл уақыт өтіп кетіпті. « Ақкөңіл жанның аты азбайды, тоны тозбайды» дейді халық. Өзінің жан достарының бірі академик Манаш Қозыбаевтың сөзімен айтқанда «егер ақкөңіл жандарға конкурс ұйымдастырылатын болса, сол конкурстың жүз пайыз жеңімпазы болып Хисмет Бозанұлы тағайындалар еді». Ағамыздың тағы бір атақты досы, академик К. Сағадиев өзінің естелігінде « Хисмет ұстаздардың ұстазы болды. Осы өңірде талай жасқа білім беріп, үлкен өмірге қанаттандырып ұшырды. Сексеннің сеңгірінен асып бақилыққа аттанған замандасымның артында өшпес ізі қалды. Ғылымдағы соны соқпағымен талай ғалымдарға бағдар болатыны анық. Атырау педагогикалық институты деген оқу орнын университет дәрежесіне көтеруге бірден-бір себепкер жан Хисақаң екенін елдің бәрі біледі. Институттың ауқымы университет статусымен салыстыруға келмейді. Университет статусын алған оқу орнының білімі де, мүмкіндігі де, әлеуеті де зор. Осыны терең түсінген Хисекең ғылым мен білімнің, мәдениеттің ошағы саналатын университет статусын алу үшін отқа да түсті, су да кешті. Осы мәселені табанынан тозып жүріп, кез келген жерде айтып ақыры статусты алып берді». Өлке тарихын зерттеуде ұзақ жылдар бойы жұмыс жасаған белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, көрнекті тарихшы, тарих ғалымдарының докторы, профессор Табылдиев Хисмет Бозанұлы еңбегінің ерен екендігі белгілі. 1957 жылы Атырау қаласындағы Орджоникидзе атындағы орта мектепті бітіргесін, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1962 жылы тарих, әдебиет тіл мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1962 жылдың тамызынан 1963 жылдың қазан айына дейін Хисмет Бозанұлы Атыраудағы орта мектепке тарих пәнінің мұғалім болып еңбек етті. Қабілетті, зерттеу жұмысына бейім Хасен Бозанұлын педагогикалық институтқа қызметке шақырып, бұнда ол Л. Файн, Қ. Темірғалиев, С. Қожабаев сияқты белсенді де білікті тарихшы мамандармен бірге еңбек етіп, осы тәжірибелі педагог кадрлардың ықпалына ілігіп, қамқорлығын көрді. Осы тарихи кезеңде Одақ көлемінде жергілікті өңір, завод-фабрикалардың, қалалардың тарихын жазу қолға алына бастаған еді. Хисмет Бозанұлының да ғылымға жасаған алғашқы қадамы осы арнада жүрді. Хисмет Бозанұлына Атырау қаласының тарихын жазу бұйырған екен. Жетпісінші жылдардың басында Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих институтына аспирантураға түскенде ол бұл тақырыпта біраз еңсеріп те үлгерген болатын. 1973 жылы «Социалистік Гурьевтің тарихы» тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаты диссертациясын сәтті қорғады. Хисмет Бозанұлы жастық жігерін, бүкіл саналы өмірін Атырау педогогикалық институтын өңірдің білім және мәдениет орталығына айналдыру ісіне арнаған тұлғалы азамат. Хисмет Бозанұлы он төрт жыл бойы институттың проректоры қызметін атқарды. Осы жауапты да бейнеті мол қызметті жүріп ол өзін шебер ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде танытты. Кішіпейіл де байсалды Хисмет Бозанұлы ұстаз-педагогтар мен студент жастар арасында зор беделге ие болды. Көп жылдық проректорлық қызметінің қорытындысы ретінде ол 1991 жылы институттың ректоры болып тағайындалды. Табылдиев Хисмет басшылық жасаған жылдары Атырау педагогикалық институты жаңа биіктерді бағындырды. Институттың материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Егер де институтта 1990 жылы бірде-бір ғылым докторы жоқ болса, тоқсаныншы жылдардың соңында олардың саны онға, ал ғылым кандидаттарының саны жүз отыздан асты. Институт университет дәрежесін алды. Университеттегі 12 факультет 34 мамандық бойынша мамандар даярлайтын болды. Университетке Хисмет Бозанұлының ұсынысымен ұлы энкциклопедист-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Халел Досмұхаметұлының есімі берілді. 1992 жылы Жоғары аттестатциялық комиссия оған профессор ғылыми атағын берді. 1994 жылы 2 маусымда Халел Досмұхамедов атындағы Атырау педагогика институтын Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті етіп қайта құрды. Жаңа басшы ретінде статусы өзгерген оқу орнының материалдық-техникалық базасын соңғы талапқа сай құру жолында қыруар жұмыстар атқарды. Университетке байланысты осындай сан қырлы жұмысты атқара жүріп Хисмет Бозанұлы ғылыми жұмысын да жүргізді. 1996 жылы «Ғылым» баспанасынан оның Қазақстандағы сауатсыздықты жою тарихына арналған, 1997 жылы «Өлке» баспасынан «Сауатсыздықтан білім шыңына» атты монографиялық еңбектері жарық көрді. Осы еңбектерінің жиынтығы ретінде 1997 жылы «Қазақстанда сауатсыздықты жою: тарихи тәжірибе және тағылым» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
Ғалымның докторлық диссертациялық зерттеуіне байланысты мынадай бір жағдайға көңіл аударғанымыз жөн. Ол- Хисмет Бозанұлының алаш зиялыларының сауатсыздықпен күрес ісіне қосқан үлесіне арнайы тоқталуы еді. Бұл тақырып Х. Б. Табылдиевке дейін тарихнама саласында арнайы қозғалмай келе жатқан мәселелердің бірі болатын. Зерттеуші әсіресе алаштық зиялылардың орта және жоғары оқу орындары үшін жазған оқулықтары жөнінде тың да маңызды деректерді айналымға қосты, жаңа тұжырымдар жасады. Хисмет Бозанұлы кеңес өкіметінің сауатсыздықпен күресте қол жеткізген табыстарын, олардың қазақ елінің мәдени және рухани өркендеуіндегі рөлін жоғары бағалай отырып, сонымен бірге бұл істің қайшылықты жақтарына да батыл бара алған еді. Сауатсыздықпен күрес мәселесі кеңістік билік тұсында мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерілді, бұл іске одақтық деңгейде, республикада бұрын болмаған көлемде арнайы қаржы бөлінді, арнайы мемлекеттік шаралар жүйелі түрде жүзеге асты. Соның нәтижесінде әлемдік практикада бұрын болмаған жеңістерге қол жетті, кеңес өкіметі осындай ұлы шараларды іске асыра отырып, сонымен бірге ірі қателіктерге де ұрынды. Мәселен, ол ұлттық мәдениеттердің, соның ішінде ұллтық тілдің негізін әлсіреуге апаратын үдерістерге де жол беріп алды. Зерттеуші бұл жасалған тұжырымдарына дәлел ретінде науқаншыл әдіспен араб графикасынан латын әліппесіне, одан кириллицаға көшіру, оқу- тәрбие ұстанымының шектен тыс саясаттануы, ұлттық сананың қалыптасуына тікелей қатысы бар алаш зиялылары шығармаларын оқытуға және оқуға тыйым салынуына байланысты көптеген тарихи фактілерді келтірді. 2000 жылы 3 наурызда Екінші сайланған облыстық Маслихаттың сессиясында облыстық Маслихаттың хатшысы болып сайланды. 2003 жылдан 2008 жылдың қыркүйек айы аралығында облыстық «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары болып еңбек етті. 2008 жылдың бастап Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі қызметін атқарды. 2006 жылы қыркүйекте Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Хисмет Бозанұлы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. Облыстық маслихаттың депутаттығына қатарынан үш мерзімге сайланды. Облыстық депутат ретінде награда комиссиясын басқарды. Ғылыми еңбектерінің негізі 12 томдық «Үлкен Қазақ Кеңес энциклопедиясында», үш томдық «Боздақтар» жинағында, Атырау облысының энциклопедиясында, «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Құрманғазы», «Кіші жүз руларының тарихы мен шежіресі», «Сауатсыздықтан білім шыңына», «Сарайшық», «Қазақстанда сауатсыздықты жоюдың қиыншылықтары», т. б. атты монографиялық еңбектерде жарияланды. Бұдан басқа Табылдиев Хисмет 200-дің үстінде жеке еңбектер мен ғылыми мақалаларының авторы. Көп жылғы еңбегі үшін «Парасат» орденімен, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстанның 10 жылдығы», «Қазақстан Парламенті 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «10 лет Ассоциации вузов Прикаспия» медальдарымен, Министрліктің және облыс, қала деңгейлеріндегі мадақтау грамоталармен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен мараптталды.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші елге танымал ғалым болғаннан кейін өзіне өкшелес жас буынға үлгі, өнеге бола жүріп бірнеше ғылым кандидаттарын даярлап шығарды. Бүгінде есімдері республикаға танымал тарихшы ғалымдар Жеңісбек Мұстафин, Әділбек Тұрдалиев, Әния Ермағамбетова( марқұм) Хисмет Бозанұлынан білімдерін шыңдаған болатын. Олардан бөлек қазіргі кезде университет қабырғасында еңбек етіп жүрген көрнекті ғалымдар Алдар Сарсенов, Гүлжамал Қаленова, Аққали Ахмет, Жамиға Таңатарова, Ұлжан Ахметова, Жұмазия Жұмабаева, Лесқали Бердіғожин,Серік Қуаныш, Гүлфайруз Қайырғалиева, Сайфолла Сапанов, Көпжасар Меңдігереевтер Хисмет Бозанұлының ағалық қамқорлығын талай көрген болатын. Хисмет Бозанұлы дүниеден өтсе де, оның бойындағы ерен адамгершілік қасиеттері – мейірімділігі, адалдығы, парасаттылығы, адамға қамқорлығы, жас ұрпақ тәрбиесі жолындағы қажырлы еңбегі, биік болмысы мен кісілік келбеті көзін көріп, өзімен сыйлас, тілектес, әріптес болған және білім-тәрбие берген шәкірттері көкейінде жаңғырып тұрары анық. Хисекеңнің осы айтылған адамгершілік қасиеттерін дәлелдейтін жарқын мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Солардың бірі осы жолдардың авторының басынан өткен еді.
Мен Хисмет Бозанұлын біршама көп уақыттан бастап білемін,дәлірек айтқанда сонау 1967 жылдан бері таныспын деп айта аламын. Әлі есімде Совет Армиясы қатарынан босап, бұрын оқып кеткен оқуымды жалғастыру мақсатында менің Гурьев қаласына келген бойым болатын. Бұрын Армияға дейін оқып бір курсын бітірген «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы жабылып қалғандықтан институттың сол кездегі ректоры Сәдірбай Тоқманұлы Қожабаевтың пәрменімен «Тарих» мамандығының студенті болып шыға келдім. Бірінші курсқа қабылданғаннан кейін, жаңылмасам 5-6 күн өткесін бірінші жарты жылдықтың емихандары басталды. Желтоқсан айының соңына қарай «Дүние жүзі тарихы» пәнінен емтиханға кіріп, кезекпен қолыма билет алдым. Емтихан қабылдаушы Күләш Қайырбекова апай еді. Өте аз уақыт ішінде емтиханға қандай дайындық болушы еді. Билеттің екі сұрағының біреуін білетін сияқтымын. Маған кезек әлі келген жоқ еді. Бір уақытта емтихан жүріп жатқан аудиторияға шашын жанына қайырған, ұзын бойлы, ширақ қимылды бір әдемі кісі кіріп келіп, үлкен көздерімен емтиханда отырған студенттерді шолып өтіп, Күләшқа қарап: «Күләш, мынау үшінші қатарда отырған бала кім? Өткенде қабылдау емтиханы кезінде, мен бұл баланы көрген жоқ сияқты едім ғой» — деді. Күләш жымиып, «Көрмеуің дұрыс, бұл студент жақында ғана армиядан келген, ректордың бұйрығымен институтқа қабылданды» — деді. Жаңағы кісі, Күләшқа қарап: «Күләш-ау, әскерде 3 жыл бойы болып, біздің бәрімізді қорғаған, баладан несін сұрайсын, бір жақсы бағаны қойып жіберсейші» — деді. Кейін білсем, бұл кісі Хисмет Табылдиев екен. Ректор сияқты бұл кісі де, менің жағдайымды түсініп, стипендия алсын деп ойлаған болар деп түйдім. Одан кейін өмір жолында Хисмет Бозанұлымен талай рет кездестім. Бәріміз бір салада – халық ағарту саласында тер төгіп еңбек еттік. Ол кісі қатардағы мектеп мұғалімінен, Батыс өлкедегі тұңғыш университеттің ректоры дәрежесіне дейін үлкен, жарқын еңбек жолынан өтті. Ғалым ретінде көп шаруа бітірді. Ол — Гурьев қаласының іргесі қаланған жылын анықтаған адам. Сонымен қатар Хисмет Бозанұлы Гурьев қаласының атын Атырау атауына өзгерту ісіне орасан зор үлес қосты. Осы еңбегі үшін ғана ол кісіге ескерткіш қоюға болады деп есептеймін. Хисмет Бозанұлы өмірде өте қарапайым, кішіпейіл, қайырымды адам еді. Біреуге болмасын деген ниеттен әрқашан да аулақ, алды кең азамат болатын. Әлі есімде, 1999 жылы Алматы қаласындағы «Ғылым» баспасынан менің «Атырау — білім өлкесі» атты алғашқы кітабым шыққанда ең бірінші болып құттықтағандардың бірі басқа ешкім емес осы Хисекен еді.
Қазақ халқында «Бақ деген – құс, ұшады да кетеді. Тақ деген – түс, кіреді де кетеді. Байлық деген – мұз, ериді де кетеді, Мәңгілік қалатын – адал іс», — деген ұлағатты сөз бар. Бүкіл саналы ғұмырын университет қабырғасында өткізген Хисмет ағамыз киелі қара шаңырақтың артына адал іс қалдырған, іргетас тірегі бола білген еңбегі ерек, болмысы бөлек тұлға еді. Өйткені Хисмет Бозанұлы тынымсыз еңбегімен, ақыл-парасатымен тек Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ғана емес, республиканың түпкір-түкпіріндегі жора-жолдастарының, замандастарының, сан мыңдаған шәкірттерінің сый-құрметіне бөленген біртуар азамат болды. Хисмет ағамыз қиын-қыстау заманда өмірге келіп, өзінің күш жігер- қайратымен, адал еңбегімен ел қатарына қосылған азамат, қоғам қайраткері бола білді. Бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылымға, оның ішінде жоғары мектеп саласына арнап, «өз ісінің маманы, көпшіліктің адамы» атанған Хисмет Бозанұлы Майра Ғилақызы сынды өзінің сүйген жарымен мәнді де, мағыналы өмір сүріп, көздерінің қарашығындай екі ұлы Бейбіт пен Ерланға жақсы тәрбие бере білді. Бұл күнде екі ұлы да еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтарға айналды. Облыс көлемінде атқарған қайырымдылық шаралары үшін Хисекеңнің кіші ұлы Ерлан Хисметұлы «Құрмет» орденімен марапатталды. Хисмет ағамыздың ізгі істері ел жадыңда сақталып, ұмытылмайтыны, керуен көші жылжыған сайын, оның тұлғалық қасиетінің тау шыңындай биіктей беретіні сөзсіз . Тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Б.Табылдиевтің Гурьев пединститутында, кейін Атырау мемлекеттік университетінде 55 жыл атқарған қызметінің ішінде қазақ халқының ардақты перзенті, әмбебап ғалым, ағартушы- педагог профессор Халел Досмұхамедовты қалың жұртшылыққа насихаттау және оның есімін Гурьев педагогикалық институтына беру төңірегінде атқарған қызметін ерекше атаған жөн. Хисмет Бозанұлы 1993 жылғы мамыр айында Атырау педагогикалық институтында Х.Досмұхамедовтың туғанына 110 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілуіне үлкен еңбек сіңірді. Ректордың үлкен ұйымдастырушылық қызметі өз жемісін беріп, ҚР Үкіметінің қаулысымен 1994 жылы 23 мамырда Атырау педагогикалық институтына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, ағартушы-педагог, профессор Халел Досмұхамедовтың есімі берілді. Мұның өзі Атырау облысы жұртшылығының мәдени өміріндегі ерекше оқиға болды. Ал, Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1994 жылғы 2 маусымдағы қаулысымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау пединституты Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті болып қайта құрылды. Бүгінде «Парасат» орденінің иегері, Атырау облысының құрметті азаматы, профессор Х.Б.Табылдиевтің есімі университет құрамындағы ғылыми зерттеу институтына берілген. Ендігі кезекте өлкеміздің білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Табылдиевтің есімін Атырау қаласы мектептерінің біріне беру керек деп есептейміз.