Сонымен, еліміздің Конституциясына толықтырулар енгізілді. Жер мен оның қойнауын пайдалануға, жергілікті өзін-өзі басқаруға, т.б. мәселелерге байланысты өзгерістерді саралауды кейінгі қалдырып, бұл жолы сайлауға қатысты ойымызды ортаға салайықшы.

Расын айтқанда, бұған дейін де егемен елімізде қос Конституция  қабылданған. Біріншісі 1993 жылы 28 қаңтарда өмірге келді. Ол кезде Жоғарғы Кеңес жалғыз заң шығарушы орган еді. Республикада парламенттік билік үстемдік құрған. Аға ұрпақтың есінде шығар, өздерін белсенді санайтын кейбір депутаттар аттылыға жол, жаяуға сөз бермейтін. Сол шақта Жоғарғы Кеңестің өз газеті бар-ды. Оның сессиялары теледидардан тікелей эфирде берілді. Соның да әсері шығар, кейбіреулер өздеріне жарнама да жасады. Несін жасырамыз, Президенттің айтқанына құлақ аспау күнделікті көрініске айналды. Демократия желеуімен тәртіпсіздік өрістеді. Егер еліміздің заң шығарушы органында отырғандар бірін-бірі жағадан алып жатса, онда қарапайым халық кімге арқа сүйер? Жұртшылықтың жағдайын жақсартатын заңдар қажет-ті. Шарықтаған инфляцияны тежейтін тетіктер керек-ті. Соны ешкім ұсына алмады. Оңды ойлар болған шығар, бірақ текетірес тасасында жүзеге аспады.

Әйтсе де, оның бір жақсылығы – сайлаудың шындығында әділ өтуі. Адамдар өздеріне берілген құқықты барынша пайдаланды. Рас, асырасілтеу де байқалған шығар. Депутат таңдауда қателескен де болар. Сылдыр сөзімен халықты өзіне бұрып кеткендер де табылды. Дегенмен, сайлаушылар дауысын бұрмалаушылық орын алмады. Мысалы, Жылыойда Жоғарғы Кеңеске бір орынға сегіз үміткер тіркелді. Сайлау округінің шекарасы Мақаттан асып, Қызылқоға ауданының Сағыз бен Мұқыр мекендерін қамтыды. Жұртшылықтың қолдауын күткендер ат арытып солардың бәріне барды. Алғашқы турда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Болат Еламанов пен Теңіз кенішінің жұмысшысы Сағат Түгелбаев жеңіске жетіп, әрі қарай екеуі тартысқа түсті. Соңғысының аупарткомның бірінші хатшылығынан босап қалған кезі еді. Алайда, халық соны қолдады. Қос кандидаттың сенімді өкілдері жұртшылық жүрегінен жол табуға ұмтылды. Бір қарағанда, қызметінен кеткен Сағат Қашқынұлына қарағанда аудан басшысы Болат Еламановтың мүмкіндігі басым болуы керек-ті. Әйткенмен, сайлау қорытындысы басқаша шықты.

Мүмкін демократиялық үрдіс ұшқыны осы-ақ шығар. Бірақ, ол берекетсіздікті де тудырды. Жоғарыда айтқанымыздай, Президент ұсынған бастамаларға депутаттар қарсы шығып, жүзеге асырмады. Жоғарыда осындай тартыс жүріп жатқанда төменде халықтың жағдайы нашарлады. Заң шығарушы органға өзгеріс енгізу қажеттігі туды.

Сөйтіп, 1995 жылғы 30 тамызда екінші Конституция қабылданды. Осы дата содан бері Конституция күні ретінде аталып өтеді. Енді билік толық дерлік Президентке көшті. Еліміз құралуының бастапқы кезеңінде барлық жауапкершілікті мойнына алатын адам қажет болды. Іргелі реформа, шетелдік инвесторларды тарту, жерасты байлығын игеру, шекараны шегендеу, экономиканы дамыту, ауылшаруашылығын сауықтыру, әлеуметтік ахуалды жақсарту – қысқасы, сан-салалы жұмыстарды жасауға тура келді. Сондықтан, мұндай өзгеріс уақыт талабымен үндес еді. Өзін ақтамаған орган ретінде Жоғарғы Кеңес таратылды. Оның орнына қос палаталы Парламент өмірге келді.

Ата Заң содан бері де барынша жетілдіріліп келеді. Әйтсе де, ол ең алдымен адамдар үшін жұмыс жасауы тиіс екенін ескерсек, барлық толықтырулар да солардың құқықтарын қорғауға бағытталуы тиіс. Дегенмен, олқы тұстары да жоқ емес.

Жалпы, екінші қабылданған Конституцияға содан бері бірнеше өзгеріс енгізілді. Алдымен, 1998 жылы Президент өкілеттігі бұрынғыбес жылдан жетіге ұзартылды. Парламент мүшелерінің өкілеттігі де алдындағы төрт жылдан беске өсті. Енді оларға асықпай сапалы заңдар қабылдауға мүмкіндік туған еді. Тағы бір ерекшелік – Президент пен мемлекеттік қызметкерлер жасына қойылған шектеулер алынуы. Енді олар зейнет жасы саналатын 63 түгілі, жүзден асса да міндетін атқара беру құқына ие болды. Бұл тәртіп қазір де бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнет жасына жеткенімен, тәжірибелі мамандардан бас тартпау қажеттігін айтқан. Ортақ іске пайда әкелсе, денсаулығы сыр бермесе, қабілеті болса, әлі қатардан қалдырмау керек. Қазіргі тұжырым осы. Кейбір әкімдер мен Парламент мүшелерінің биліктен қол үзбей отыру себебі де сол.

Тағы бір өзгеріс – саяси партияларға Мәжіліске сайлану құқы берілуі. Бұған дейін 67 депутат әр аймақтан тең дәрежеде сайланатын. Әрине, бұл – демократиялық үрдіс. Бірақ, кейін байқағанымыздай, оппозициялық бағыттағы күштер ұтымды ұсыныстардың өздерін сынап, жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Олардың өкілдері облыстық мәслихаттарда да болды. Рас, атқарушы билікті тежеуде өзіндік рөл атқарды. Әйткенмен, барлық бастамаға оңды-солды қарсылық көрсету – ілгеру жылжу жолы емес-ті.

Бұл 2007 жылы бір партиялы Парламентті өмірге әкелді. Енді Мәжіліс партиялық тізіммен құрылды. Яғни, азаматтар нақты адамға дауыс беру құқынан айырылды. Кімнің депутат болып сайлану ықтималдығы жұртшылыққа жұмбақ еді. Өйткені, оларды сайлауда жеңген партия «жабық тізім» бойынша анықтады. Қазіргі жұмыс жасап жатқан Мәжіліс те солай жасақталды. Әрине, көптің көзі көреген ғой, осы тізім арқылы Атыраудан Мәжіліске өтіп кеткен депутаттардың бәрін сайлаушылар мақұлдап отырған жоқ. Бірақ, қолданыстағы  заңдылықтарға орай, «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясы жеңіске жеткендіктен, депутаттардың дені де соның мүшелері.

Рас, бұл жүйеге қазір кейбір өзгерістер енгізілді. Өйткені, елімізде құрылып жатқан жас партиялар халықтың қажетті қолын жинай алмай, тіркеуден өтпеді. Енді Мемлекет басшысының пәрменімен ол жеңілдетілді. Демек, Мәжілістің келесі сайлауында партиялар саны көбірек болуы да ықтимал. Тек пікірталас тасасында ашық алауыздық орын алмаса жарады да.

Енді 2011 жылғы толықтыру Мәжіліс депутаттарын сайлау жиілігіне жол ашты. Яғни, олардың бір тобы жұмысын жалғастырып жатқанда, екінші бөлігінің мерзімі аяқталады. Демек, құрамы өзгереді. Бұл сапалық тұрғыдан жақсы дегенмен, Мәжіліс қызметіне аз-кем кері әсері де бар. Жаңадан сайланған депутаттар мәселенің байыбына толық бармай-ақ, талқыланып жатқан заңдарға қолдау білдіріп жібереді. Дегенмен, сол жүйе қазір де қолданыста.

Ақырында, 2017 жылғы Конституцияға өзгеріс 26 қаңтар мен 26 ақпан аралығында бүкілхалықтық талқылауға шығарылды. Сөз жоқ, құнды пікірлер айтылғаны ақиқат. Соның нәтижесінде Президент, Парламент пен Үкімет өкілеттігі белгіленді. Парламент рөлі артты. Үкімет енді соған есеп беретін болды. Қазір де солай.

Әйтсе де, бұл депутаттардың министрлерді оңды-солды сынауына соқтырды. Әрине, бюджеттен бөлінген қаражатты Парламент мүшелері қадағалауы қажет дегенімен, сала басшылары жұмысын жоққа шығарып, оларды қолбала тәрізді жұмсау жараспайды. Тіпті іске алғысыз етіп тастайтыны бар. Ау, соларды тағайындағанда осы депутаттар келісім берген жоқ па еді? Ендеше, неге түкке тұрғысыз етеді?

Конституцияға енгізілген қазіргі өзгеріс Президенттің ешқандай партияға мүше болмауын бекітті. Бұған дейін мұндай талап тек құқық қорғау өкілдеріне ғана жүретін. Бұл – үлкен жаңалық. Рас, бірқатар, тіпті дамыған, шет елде мемлекет басшысының партия мүшесі болуына тыйым салынбаған. Бірақ, шындығы керек, құрамы жөнінен басым партияға немесе оны қолдайтын өзге саяси күштерге бюджеттен қаражат бөліп, қолдау көрсету бұларды басқалардан биік қояды. Байқайсыз ба, бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» партиясынан үміткерлер сайлауалды науқанында экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыдан уәдені көбірек береді. Тіпті жеке адамдарға үйіне дейін жол салып беретінін, сәбиін балабақшаға орналастыратынын айтып жатады. Сонда құрылысты қай ақшасына жүргізеді? Қалтасынан шығара ма? Яғни, бюджетке қатысы бар шаруаны тілге тиек еткені ғой. Ал, жас партияларда мұндай мүмкіндік жоқ.

Енді Президент өзін партиядан тыс етіп жариялағанда жағдай қалай өзгермек?  Әр аймақтағы филиалдары қызметін қалай атқармақ? Егер бюджеттен қолдау көрсетілмесе, олардың жетекшілері жарытусыз жалақыға жұмыс жасай ма? Әлде бас тартып, табысы  тәуір салаға кете ме? Бәлкім бұлар партияға шын берілген, нағыз патриоттар шығар? Онда, әрине, әңгіме басқа. Осы орайда есімізге сонау жылы Теңіз кенішін игерушілердің Құлсарыға келгені еске түседі. Бүкілодақтық құрылыс алаңына айналған аймақта жан-жақтан жеткендер айына бәлен мың сом алатын. Бұл сол кезде өте көп жалақы болатын. Содан партиялық жарна ұстағанда біраз ақша жиналатын. Міне, соны шығынға санаған кейбір коммунистер партбилеттерін лақтырып тастаған. Кезінде бұл оқиға аупартком мен обкомның басын біраз ауыртқан.

Қазір, шыны керек, партия жарнасы жөнімен жиналмайды да. Жұмыс жасайтындардың жалақысынан ұсталады. Ешкімнің партбилетіне белгі де соғылмайды. Партияға кіріп-шығу да жеп-жеңіл. Бұрын партбилеттен айырылу басшылар үшін кем дегенде астындағы жұмсақ орындығымен қоштасуымен тең еді. Әрі кетсе, жыл да арқалап кететін. Қазір «Аманат» партиясының мүшелері тобымен торға түсіп жатыр. Неге? Бұдан партия басшылығы қорытынды шығарып жатыр ма? Өз қатарына лайықтыларды ғана қабылдау қажеттігін ұғына ма? Мұны айтып отырған себебіміз – Парламентке өту үшін осы партия атын жамылу жиілеп кетуі.

Қазір Мемлекет басшысының пәрменімен Парламент пен мәслихаттарда әйелдер мен жастарға көбірек орын берілетін болды. Дұрыс та шығар. Олар өздеріне қатысты проблеманы жақсы біледі. Әйтсе де, сан қуу жолында заң шығарушы орынға түк дайындығы жоқ, көшедегі көлденең кісілер келуі де мүмкін. Олар өздеріне жүктелген жауапкершілікті ойлаудың орнына, аяқ астынан ала салған мәртебесіне мастанып кетуі әбден ықтимал. Содан сақтанған жөн.

Жалпы, Президент бір сөзінде депутат омырауына белгісін тағып, кердеңдеп жүрген жан емес екендігін айтқан-ды. Расында да, өздерін «халық қалаулысы» атайтын адамдар неге қарапайым жұртшылықтан жоғары тұруы тиіс? Сайлауалды науқанында үйіп-төгіп уәде беріп, үлкен-кішіге жылы қабақ танытуы жалған көрініс пе? Парламенттен орын тиген бойда өзгеріп сала беретіні несі? Анау жылы Атыраудан депутат болған бір азамат араға бірер ай салып елге келген-ді. Журналистермен жүздескенде өзінің өңірмен танысқалы жеткенін айтқан. Ау, сонда өмір бойы осында тұрған ол туған жерін танымай қалғаны ма? Әлде бұған дейін аймақтағы ахуалдан бейхабар ма? Астанаға соларды шешуге даярланып бармас па? Міне, келесі сайлауда Парламентке көлденең кісінің өтіп кетпеуі керек-ақ.

Ал, осы органда отырғандар өздерінің мәртебесіне сай ма? Профессор Бауыржан Жандарбек Парламент депуттарының 80 пайызы заңгер болуы керектігін айтады. Орынды ұсыныс. Тіпті 90 пайызы заң саласының қызметкері болғаны жөн. Өйткені, ол – заң шығарушы жоғарғы орган. Солардың қабылдаған сапалы заңдары күллі Қазақстанға қызмет етеді. Сайып келгенде, Ата Заң адамдарға арналған. Бүгін қабылданып, ертең өзгеріске ұшырап жатса, бұл – елдік мүддеге жат. Мәселен, АҚШ конституциясына 200 жыл толды. Содан бері небәрі 27 толықтыру енгізілген. Екі ғасыр бойы мемлекетіне қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Қоспалаталы Парламент пайда болған уақыттан бері оның құрамында болмаған мамандық иесі жоқ шығар. Мұғалімдер мен дәрігерлер, ғалымдар мен кәсіпкерлер, спортшылар мен әншілер, жазушылар мен ақындар, т.б. Алпыс төрт жасында өмірден өткен Құдайберген Сұлтанбаев та Мәжіліс депутаты атанды. Сонда Парламентке келген Нұрсұлтан Назарбаев оны байқап қалып, қасына шақырыпты. Қысқа амандықтан соң бұрынғы Мемлекет басшысы мұнда қанша әртіс барын сұрапты. Марқұм Құдайберген сөзден тосылған ба, «Нұреке, 130 әртіс бармыз, ішінде профессионалы мен» деген екен. Сол кезде Мәжілісте осыншама депутат болғаны ғой. Тапқыр жауапқа Нұрекең, әрине, мәз болған. Оны қолдап қасындағылар, арасында депутаттар да бар, қоса күлген. Сонда әлгілер белгілі сықақшының өздерін келеке етіп тұрғанын сезбегені ме? Бірінші Президентіміз де заң шығарушы органда кімдер отырғанын жақсы білетін еді ғой. Әйтсе де, айтқанын тыңдап, айдағанына жүретін депутаттар қажет болғаны да.  Масқарашылық-ай.   

Былтырғы халық санағы ел тұрғындарының орташа жасы 31-32 жыл екенін көрсетті. Демек, Қазақстанға қартаю процесі төніп тұрған жоқ. Жастар әлі-ақ билік басына көтеріледі. Ендеше, оларды даярлауды қазірден бастау қажет. Парламентке мүше болу ешқайда қашпайды. Әйтсе де, біз қазір ұл-қыздарымызды билікке әзірлеп жатқан секілдіміз. Себебі, депутаттық орындыққа жайғасқандардың ішінде биік лауазым иелерінің ұл-қыздары да кездеседі. Лайық па, әлде көлденең келді ме? Жұрт соңғысын атайды.

Осы тақырыпты одан әрі өрбітсек, бүгінде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибеге енген тәрізді. Мұндай шара Атырауда да ұйымдастырылды. Бірақ, шынын айтқанда, сол күткендегідей өтіп жатыр ма? Ықтимал үміткерлердің аты-жөнімен танысқан бойда-ақ кімнің әкім боларын бірден сезесің. Өйткені, осы қызметті атқарып жүрген адамға балама ретінде бір-екі кісіні ұсына салады. Олардың көп дауыс алмайтыны бесенеден белгілі. Бұрынғы әкім де жұмысын жалғастыра беретініне сенімді. Бұдан әділ сайлау бола ма? Келешекте аудан, одан әрі облыс әкімдері сайланбақ. Егер қазіргі көрініс сол кезде де қайталанса, сайлаудың өзі ойынға айналып кететін тәрізді. Жұртшылықтың оған қатысуға зауқы соқпай қалуы да ықтимал.

Айтпақшы, Ата Заңға енгізілген өзгерістердің бірі – сайлау әділдігін қамтамасыз ету. Бұл жөнінде Атырауға келген сенатор Ләззат Сүлейменова айтқан. Жалған десеңіз, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын газеттерді оқыңыз. Ал, бұл кісі бірнеше жыл ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болған. Сонда бұған дейін өткізілген сайлаулар әділетсіз өткені ме? Жұртшылық айтатындай, дауыс ұрлауға жол берілгені ме? Мұны Парламенттің бүгінгі мүшесінің ресми мойындауы деп түсінеміз бе? 

Сайып келгенде, аудан немесе облыс әкімдері ресми тағайындалғанымен, сәйкес мәслихаттар депутаттарының келісімін алады. Бірақ, еш жерде, соның ішінде Атырау аумағында, Президент ұсынған адамға қарсы шыққан депутат көрмедім. Үміткер сырттан келе ме, әлде жергілікті жан ба – бәрібір қолдауға ие болады. Күңкіл сөздер сессиядан соң өзара айтылғанымен, оның барысында бірде-бір депутат жақ ашпайды. Ал, осы мәслихаттарды халық сайлаған жоқ па? Әй, көңілде түйткілдер көп-ау.

P.S. Ия, қайталап айтқанда, Ата Заң адамдарға арналған. Президентіміз әділетті қоғам орнатуды үндеді. Демек, Конституция соған жұмыс жасауы шарт. «Жаңа Қазақстан» деп ұрандатып жатырмыз. Сонда бұған дейінгі өміріміз ескіше болғаны ма? Ендеше, соны түп-тамырымен қопарып, алға басар адымымызға соны соқпақ салған жөн.

                                                                                 Меңдібай СҮМЕСІНОВ

                               

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *