Ежелгі Шығыс елдерінде хан жарлықтарынан бастауын алып, италиялық термин «gazzetta»- ға ұласқан мерзімді басылымдар бүгінгі таңда ерекше маңызға ие. Тегінде Ахмет Байтұрсынұлы да «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтпаса керек. Аталы сөздің тарағанына бірнеше жылдар өтсе де халықпен бірге үндесіп, жұртшылыққа ақпарат таратуда ұлт ұстазының пікірін ақыл еткен Sakhara республикалық қоғамдық – саяси газетінің құрылғанына биыл 25 жыл.
Ақпарат айдынына 1997 жылы қосылған газеттің алғашқы атауы – Ар – честь деп аталды. Сол уақытта Қуандық Батыровтың бастамасымен құрылған газет ұжымы мемлекетке, ел болашағына, ұлт пен адамзат тағдырына қатысты дүниелерді жазуды мақсат етіп, алған бағытынан жылдар жылжыса да жаңылмады. Газет дүниеге келген тұстан бастап қаламы қарымды журналистер, ашық зерттеуге бара алатын мамандар, елге танымал қара нарлар қызметке кірісті. Жалынды жазбаларымен халық жүрегінен орын алған азаматтардың дәлелді һәм айқын ақпараттары біреуге ұнаса, біреудің қысымына ұшырап, шамына тиді. Әйткенмен газет ұжымы өз «позициясы» мен дегенінен айнымады. Осыған орай газетке қатысы бар баршаны құттықтай отырып, атаулы күнді атап өтуге үлкен жиында бас қосты.
Шараға шынайы лебізін білдіріп республиканың түкпір – түкпірінен елге сыйлы тұлғалар, облыс, қала әкімдері мен зиялы қауым өкілдері, оқырмандар, газет ардагерлері мен олардың жанұялары, қазіргі таңдағы қызметкерлері қатысып, құттықтауларын жолдады.
Екінші мүшелге қадам басқан Sakhara өсу мен өркендеу жолынан өтіп, облыстың, республиканың тыныс- тіршілігін оқырманға жүйелі жеткізіп, мазмұны байыған, ойы кемелденіп, тереңдей түскен газетке айналды. Кешке арнайы келген Атырау облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мақсым Ізбасов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Еділ Ұзақбай газеттің өткені мен келешегін саралап, арадағы байланыс әлі де үзілмейтінін атап, құттықтауларын жеткізді.
Шарада Атырау облысы әкімі мен Атырау қаласы әкімдерінің атынан редакцияда ерекше еңбек еткен тілшілер Алғыс хатпен мараптталды.
Газет жанашыры, ақылдастар алқасының мүшелері, Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облысы филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев пен ғалым – ұстаз, белгілі әдебиетші Қадыр Жүсіп жұмыр жүректерінен жылы тілектерін ақтарып, журналистердің бойына қан жүгіртіп, ойына ой қосты.
Атырау телеарнасының басшысы Гүлвира Бекқұлиева мен «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігі басшысының орынбасары Исатай Балмағанбетовтер қатысып, торқалы тойды аспандатып, «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналистердің еңбегіне сәттілік тіледі.
Жиын барысында «Сахараның сәтті сапары» атауымен өмірнама кітаптың тұсауы кесілді. Жинаққа газет тарихы мен 25 жыл ішінде газет бетінде жарық көрген айтулы мақалалар мен фотошежірелер енген.
Сонымен қатар, мерзімді басылымның құрылып, оқырманға жетуі жолында ерекше қолтаңбаларын қалдырған Теңдік Жауыров, Федор Перов, Тұрар Құрманғалиев , Кенжеболат Жолдыбай, Рахмет Иманғалиев, Ізтұрған Баймұханов секілді дүниеден өткен саңлақтардың отбасын және еңбек сіңірген тұлғаларды газеттің бас редакторы Қуандық Батыров редакция атынан Құрмет медалімен награттады.
Бірнеше жыл бұрын еңбек жолын осы газетпен байланыстырған Светлана Муньяноваға облыстық ардагерлер кеңесінің ұйғарымымен халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы медалдің табысталуы, журналистика майданында шындалып, өлшеусіз ізденіспен атқарған жұмысының нәтижесін айқындаған ерекеше марапат болды.
Шара барысында бас қаладан күллі қазаққа танымал ақын, Қазақстанның Еңбек Ері, саясаткер Олжас Сүлейменовтің, Республикалық Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің, белгілі саясаткер, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай мен «Бас редакторлар» клубының төрағасы Бибігүл Жексенбайдың жылы лебіздері жазылған құттықтау хаттары газет ұжымына табысталды.
Газет тойы Нұрмахан Жантөрин атындағы филармония әншілері Ханзада Сақыпованың, Жәнбек Кәрменов пен Жасұлан Базарбаевтың, Дина Нұрпейісова атындағы мәдениет сарайының өнерпазы Берік Амантайдың әнімен әрленіп, көпшілікке мерекелік көңіл – күй сыйлап, тойдың көркін қыздырып, сәнін келтірді.
Соңында, газет басшысы Қ. Батыров барша оқырмандар мен ақылдастар алқасына, журналистерге шынайы алғысын жеткізіп, марапатын ұсынып, алдағы уақытта баршаға табыс пен бейбіт өмір тіледі.
Алаш арысы Міржақып Дулатұлы «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор!» деген екен. Ләйім солай болып, газеттің де елдің келешегі кемел болсын.
Асылай Ниязбаева