Қазір еліміздегі әскери бөлімшелерде дәл осындай сарындағы оқиғалар жиілеп кетті. Бұдан бұрын қазақ елі Тараз қаласында болған тосын оқиғадан есеңгіреп қалып еді. Енді міне, көрші Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы, Ақжігіт ауылындағы шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген Еділ Тешебай Бақытұлының ойда-жоқтағы белгісіз өлімі бүкіл қазақстандықтарды тағы да бір алаңдатып тастады.
Мұндай оқиғалар соңғы кездері әскер сарбаздарының арасында көбейіп кеткені рас. Бұл не сұмдық? Сонда әке-шешесі баласын Отан қорғауға емес, кез келген адамның қолынан өлуге жібере ме? Бүйте берсе, әскерден не абырой қалады? Бір кездері біз де әскер қатарында Отан алдындағы борышымызды өтегенбіз. Бірақ мынадай оқиғалар орын алса, сол бойда бөлімшенің командирлерін жауапқа тартып, жұмыстан босатып жібергенін талай көрген едік. Адам өмірі мен оның бостандықтарына қол сұғуға болмайды. Ата заңымызда оларға тыйым салынған. Ал, бізде басқаша. Айдың, күннің аманында әскерге жіберген дені сау, ақыл-есі түзу балаларымыз бір айға жетпей жатып, бәтеңкенің бауына асылып өліп жатыр. Күні кеше әскерге барған сарбаздың жіпке асылып қалғанына кім сенеді? Түсініксіз. Бұдан кейін ата-аналар балаларын әскерге қалай жібереді? Егер сарбаз әскерден қашса, үш миллион теңге төлейсіңдер немесе жауапқа тартыласыздар дейді. Енді, міне араға екі-үш ай салмай жатып,сарбаздың өлі денесі елге табытпен оралып, барша ата-анасын, әке-шешесін, аға,іні-қарындас,дос-құрбыларын, ауылдастарын қан жылатып кеткені қандай өкінішті дерсің?!
Бұған тосқауыл қоймаса болмайды. Меніңше, Қарулы Күштер қатарын түбірімен өзгерту керек болар. Бүгіндері әскер бөлімшелерінде ақша үшін келісімшартпен уақытша жұмыс істеп жүргендер көбейіп кеткені жасырын емес. Бәлки, осылардың арасында жаман ойлы, әскери саладан хабары жоқтар толып жүруі әбден мүмкін. Сондықтан қорыта айтқанда, әскери саланы жаңғырту, жаңарту, немесе нағыз білгір, білікті мамандармен толықтыру- бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып отыр. Соған осы бастан айрықша назар аударуымыз керек.
Аяпберген САЛИХОВ