Қазақ халқы о бастан жылқы малын ерекше қадірлегені мәлім. Ал, атқа міну мәдениеті адамзат тарихында өшпес із қалдырып, бабаларымыздың өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғаны өткен өмірімізден белгілі. Ең алғаш атқа міну мәдениеті қазақ жерінде басталғаны Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жылқы сүйектерін зерттеу негізінде дәлелденіп отыр.
Мұнда табылған аттардың азу тістерінде ауыздықтың ізі қалған. Ол жерден сол замандағы ат әбзелдері, кәдімгі құрық, теріден тігілген шалбар, тізеден асатын тері етік, тымақ та табылған. Британиялық ғалымдар ботайлықтар тұтынған керамикалық ыдыстардан қымыздың жұғынын анықтаған. Бұдан шығатын қорытынды, ботайлықтар жылқыны мініс көлігі ретінде пайдаланып қана қоймай, бие сауып, қымыз ашытып, шипалы сусын өндіруді де меңгерген. Ботай малшылары үлкен қоныстарда тұрған. Көктем шыға жылқыларын Ұлытаудағы, Торғайдағы жайлауға айдап барып баққан. Тарих атасы Геродот: «Олар ат үстінде де, жаяу да соғыса береді, соғыстың екі тәсілін де жетік меңгерген. Садақпен және найзамен қаруланған. Сондай-ақ олар аттарының алқымын сауытпен қаптайды, ал, жүгендерін, ауыздықтарын және құйысқандарын алтынмен зерлейді» деп жазған екен.
Жылқы-қазақ халқының жан серігі. Елтаңбамызда қанатты тұлпар бейнеленуінің осындай сыры бар. Елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін атакәсібіміз жылқы шаруашылығын дамыту қайтадан қолға алынды. Жылқыны ондап, жүздеп, мыңдап өсіретін шаруалар, кәсіпкерлер қатары өсіп келеді. Қазақтың ежелгі ат ойындары қолға алынуда. Ат бәйгесі, көкпар, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ, асауды үйрету, т.б. қайта жаңғыруда. Ата-бабаларымыздың атқа міну мәдениетін алғаш рет меңгергенін, ол басқа елдерге біздің даламыздан тарағанын әлем ғалымдары мойындар отыр.
Өкінішке қарай, қазір атқа мінбейтін, атқа құмартпайтын ұлтқа айналып бара жатырмыз. Тек сыртынан жалы төгілген сәйгүлікті көрсек, «Пай, шіркін» деп қызығамызда қоямыз. Нарықтық экономикаға енген соң, далалық салтты ұмытып, далалық дүниетанымнан қол үзе бастағанымыз шындық. Өмір салтының өзгеріп, тұрмыс- тіршіліктің басқа арналарға бұрылып кетуінен болар атқа мінбек түгілі, оған жақындауға қорқатын болдық.
Сонымен, ата-бабаларымыздың бізге аманаттап кеткен сал-дәстүрін кім сақтайды. Аттан қол үзіп қалу, алыстап кету қазақылықтан айырылу, қазақы мінезді жоғалту деген сөз. Дүрбелең уақыттың, аласапыран заманның ағымымен кетіп бара жатқандаймыз. Бүгінде аттан гөрі «темір тұлпар» деген сөз сәнге айналды. Атқа міну, ат баптау сән емес, шетелдік темір тұлпар сатып алу сән. Жастардың санасында темір тұлпарың болса, мықтысың» деген түсінік орнады. Өстіп, біз бірте-бірте аттан алыстап барамыз. Мұны мойындамасқа амал жоқ. Атты аттың жалын тарап өскен бала болмаса, тасжолда ержеткен бала атты тек кинофильмдерден көрген шығар. Осының бәрі неден? Біздің ат мәдениетіне жеткілікті түрде көңіл бөлмеушіліктен. Заманның өзгеруінен бе, қазір ат көлігін пайдалану күнделікті өмірімізге қажет болмай қалды.
Иә, біз қазір өркениетті болуға ұмытылған елміз. Аттан темір тұлпарды артық көреміз. Өмір салтының өзгергеніне бір дәлел, қазіргі кезде атты көлік етіп жүргендер малшы ауылдарда бар шығар. Бірақ сайын дала төсінен аттың үстінде отырған қойшыны көру арман болып бара жатқаны өтірік емес. Тіпті үйір-үйір жылқы ұстап, оның қызығын көрмейтіндер де баршылық.
«Ат-ер қанаты» дейді халқымыз. Олай болса, ұлт болып тұрамыз десек, онда аттан қол үзіп қалмауға тырысуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, қазақ атқа мініп, ұл-қызын атқа баулып, аттың қыр-сырын жетік меңгергені жөн секілді. Министрліктер, облыстық спорт басқармасындағылар осы жағына көңіл бөлуі тиіс. Бұл ретте мына бір мәселелерді ерекше атап өткен жөн. Біз мектеп оқушыларына ат спортын егжейлі-тегжейлі таныстырған экскурссияларды ұйымдастыруды қолға алуымыз қажет.
Бұған білім және ғылым министрлігі ерекше назар аударып, оқушыларды ат әбзелдерінен жасалатын шеберханаларға апару, жылқы шаруашылықтарының жұмыстарымен таныстыру, ат спортына үйрету сынды жұмыстардан хабардар етуі керек. Мүмкін оқу бағдарламасына атқа міну мәдениеті туралы арнайы оқулық енгізген жөн шығар.
Мәселен, оқушылардың жазғы демалысында лагерьлер ұйымдастырып, оларды атбегілік өнердің қыр-сырымен таныстыруды неге жолға қоймасқа? Ал, жазғы лагерьлерде әр бала атқа мінуді, ат ерттеуді үйренсе, асаудың қалай үйретілетінін көрсе, бәйге аттарының қалайша бапталатынын білсе, сонда баланың атқа деген қызығушылығы оянар еді. Осындай бір шараларды неге ойластырып көрмеске? Біз қалай болғанда да, жеткіншек ұрпақты жылқыдан алыстамауға, қайта жылқыға үйір болуға тәрбиелеуіміз керек емес пе? Бұған министрліктер арнайы бағдарлама да қабылдап, нақты шараларды қолға алуы керек.
Сондай-ақ атқа мінудің денсаулыққа қаншалықты пайдасы бар екенін медицина ғалымдары әлдеқашан дәлелдеген. Бұл, біріншіден, салауатты өмір салтын қалыптастыратын өнер. Осынау байтақ жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған бабаларымыз аттың құлағында ойнады. Бізде ат спорты дұрыс насихатталмайды. Ата-аналар баласын атқа мінгізбейді. «Құлап қаласың, бір жеріңді сындырып аласың» деп. Бұл қате түсінік. Адам бала кезінен, жас кезінен атқа мінуді үйренуі керек.
Бұрынғы қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне қарап отырсаңыз, бәрі де жылқысыз өмір сүре алмаған. Яғни, таңертеңнен кешке дейін ат үстінен түспеген. Соның нәтижесінде ұзақ өмір сүрген. Алысқа бармай-ақ қоялық, оған жыр алыбы Жамбыл Жабаев, сал-сері, әнші, айтыскер ақын Кенен Әзірбаев, атақты шопан Жазылбек Қуанышбаев, күй анасы Дина Нұрпейісова, т.б. осы секілді ұзақ өмір сүруші ата-бабаларымызды мысалға келтірсек жетіп-ақ жатыр. Сондықтан біз заман ағымына бейімделеміз деп, қолдағы асыл құндылықтарымыздан айырылып қалмауды ойластыруымыз керек. Қазір нарық жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Барлығы қаржыға келіп тіреледі. Ұлтқа қажет, ұлттың өркендеуі үшін қажет шаралардан біз неге тартынамыз? Ұл-қызыңды аттан алыстатпаңыз, ағайын!
Тақырыпқа тұздық
-Атқа міну, бір жағынан, көңіл-күйіңді көтеретін болса, екінші жағынан, денсаулыққа пайдалы. Жылқының өз биотогы болады, адам денсаулығына жақсы әсер етеді, қан қысымымен, жүрек жүйесімен ауыратын адамдарға көмегі көп. Атпен баяу серуендегенде, адам денесінің минутына 100 шайқау импульсі беріледі. Ол-массаж, ат үстінде отырған адамның барлық бұлшық еті жұмыс жасайды. Жүрек, бүйрек, бауыр, т.б. ішкі органдар шынығады,-дейді ұзақ жылдар кеңшарда жылқы баққан, бүгіндері сексеннің бесеуіне келген Тілекқабыл Симатов ағамыз.
Аяпберген САЛИХОВ