Әнебір жылдары көрші Батыс Қазақстан мен Атырау, оның аудандары арасында экономикалық-әлеуметтік, мәдени-рухани байланыстарды нығайта түсу жөніндегі меморандумға қол қойылып, өнер ұжымдары бәсекесі ұйымдастырылып, мәз-мәйрам болысқанбыз.
Содан бері қанша шара өтті, есімде жоқ. Бірақ, Сағынтай ақын Бисенғалиев айтпақшы, «Орал мен Атырауды арасын түрен жыртқан жолақ болмаса, жүрегіміз бен тұрмысымызда ешқандай бөлініс жоқ» дегеніндей, қос өңірдің түрлі саладағы байланысы еш бәсеңдеген емес.
Соның бір дәлеліндей, оралдық аудандармен үнемі бет алмасып, байланыс орнатып келе жатқан «Дендер» газетінің бас редакторы, Атырау облыстық бас редакторлар клубының төрағасы Жанай Амантурлинді көне Жайық қалашығы тұсынан жазушылар Сағынтай Бисенғалиев пен Асантемір Қаршығаұлы құшақ жая күтіп алып, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығындағы кездесу кеші тым-тәуір дәрежеде мазмұнды өтті.
Аталған орталықтың «Елеулі есімдер» жобасы бойынша ұйымдастырылған «Дендерім-менің кең жерім» атты бұл шараға алыс-жақыннан қалам ұстаған көп ағайын мен өнерпаздар, тұрғындар белсене қатысып, бәрінен де ежелгі Дендер жерінің терең тарихы, асыл ұлдары еске алынды, біраз жайлардың тамырынан сыр тиегі ағытылды.
Кездесу қонағы төрге шығарылып, сыр-сұхбат түрінде жүрсе, оны орталық басшысы, айтыскер ақын Бауыржан Халиолланың өзі ашты.
-Біз тек қана оралдықтар немесе дендерліктермен ғана емес, әр тұста жүрген өнер мен әдебиет майталмандарын үнемі ортамызға шақырып, талантын ашып, шыңдауды, шығармашылықтарына шабыт қосуды қалаймыз. Сондықтан да Қадыр ақын орталығына жиі хабарласып, ел бірлігін нығайтып, өнерін ұлықтаймыз, руханиятқа үлес қосамыз дегендерге есігіміз әрдайым ашық,-деген орталық басшысы сөзін өзгелер де қуаттай жөнелді.
Тарихы мен әндері ел аузында жүрген Дендер топырағынан келген журналистпен кездесу облыстық мәдениет басқармасы қолдауымен ұйымдастырылып отырғанын жеткізген ол Алғыс хат пен сый-сияпаттарын ұсынды. Сонан соң қонақтың шығармашылығын баяндайтын шағын фильм көрсетілді.
Асылында атақты Жиембет жырау «Жотасы биік Дендерім», оның інісі Сүгір Мырзалыұлы «Күз күзеп қонған жерім Дендер еді», боздақ Хиса Көпжанұлының «Қай Дендер, мына Дендер,Дендер, Дендерді жайлаушы еді біздің елдер» деп асқақ шырқалатын, немесе Табылды ақынның «Дендерім -менің кең жерім» деп жырлаған аруақты топырақтың қасиетін сыйлаған, әрі сәт сайын қонағына тамсана әңгіме ететін журналистің мұндай кездесуде әр жауаптан тартынып қалуы да қиын ғой.
Оның үстіне мұнайлы астана аталған Атыраудың баршаны тамсантар табыстары мен болашақ ғаламат жоспарлары, оған үлес қосып жатқан индерліктердің де ерен еңбектері мен жетістіктері, Жанайдың атыраулықтарға жақсы таныс осы Орал қаласындағы баспаханада басылған «Алагөбең» кітабы да қойылған сауалдар арасында көрініс тапты.
Әсіресе, сыр-сұхбат барысында қойылған бірқатар сұрақтар осы кітапқа, оның атауына қатысты болды. Таң ала көбеңде бар шаруаның қамына кіресетін әр адамның, соның ішінде бар тыныс-тіршілігі малмен астасатын қыр қазағының өмірінен алынса да, Тәуелсіздіктің қасиетті жолына шыққан елдің қажыр-қайратымен үндесетін бұл ұғымның шындығында астары да, мазмұны да кең.
Әрине, шыға бастағанына 90 жылға жуықтаған «Дендер» газеті ұжымының да тың ізденістері мен жетістіктері, алға қойып отырған биік мақсаттары да айтылмай қалмады.
Сөз аудан атынан сөз алған Сүйеу Халықов оралдық ағайындарға ризашылығын білдіре келе, Индер ауданы әкімінің Қадыр Мырза Әлі атындағы орталыққа жолдаған Ағыс хатын және өңір энциклопедиясын Бауыржан Халиоллаға сыйға тартты. Ал «Атырау-Ақпарат» ЖШС төрағасының міндетін атқарушы Серік Қабдоловтың жылы сөздері жазылған хатты осы кәсіпорын қызметкері Қаршыға Көшеков салтанатты жағдайда тапсырды. Атыраулық әнші, айтыскер ақын Әбдіхан Есенғалиев Мұқағалидің сөзіне жазылған оралдық дәстүрлі әнші Сәрсенғалиевтің туындысын қонақ қәде ретінде шырқады.
Сондай-ақ Теректі ауданы әкімінің құттықтауын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Сатыбалдиев тапсырса, үзеңгілес серіктері атынан Ұлан Сайтмұқаев кеш иесіне былғарыдан арнайы өрген дойыр қамшыны сыйға тартты. Атырау, Ақ Жайық, Теректі, Тайпақтан келген көрермендер, атап айтқанда ақындар Сағынтай Бисенғалиев, Әділет Орынбасаров, тағы басқалары сөйлеп, өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан мен «Елорда- Ақпарат» медиа –холдингінен журналист Қанат Әуесбайдың игі тілектері бейнеролик арқылы көрсетілді.
Шара барысында Қадыр орталығының өнерпаздары өнер көрсетіп бірнеше әндер шырқалған соң, кеш иесі орталық директоры Бауыржан Халиоллаға алғысын айтып, кәде-сый тарту етсе, осы шараның өтуіне себепші, үнемі жақсылықтың жаршысы болып шырылдап жүретін інісі, ақын Асантемір Қаршығаұлына арнайы ықыласын білдірді.
Оралға барған сапарында Жанай Ислямғалиұлы «Жайық-Пресс» ЖШС –да болып, облыстық басылымдар мен телеарналарда да бас редакторлар клубын құру жөнінде кездесулер өткізіп, аудандағы жұмыстар, ізденістер туралы сұхбаттар берулері де өз алдына бір бөлек. Жалпы мұндай шығармашылық басқосулар ортақ мақсаттың көкжиегін кеңейтіп, шеберлік пен ізденісті де шыңдай түсуге, байытуға оң әсері аз емес. Ал Қадыр сияқты ғажап талант иесі атындағы сарайдағы мұрағатты аралап, азамат рухымен танысудың өзі ғанибет екен.
С. БИСЕНОВ