Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы болды. Оған жалақы мәселесі бойынша облыс аумағандағы жұмыс беруші ірі компаниялардың басшылары шақырылды.

Комиссияда өңірдегі еңбек қатынастарының жағдайы, әсіресе әлеуметтік шиеленіс картасы, жалақыдан берешектер, өндірістегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жазатайым оқиғалар туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің баяндамасы тыңдалды. Оның баяндауынша, өткен жылы облыстағы 83 кәсіпорынның 1388 жұмысшы-қызметкеріне жалақыдан 470 млн. теңге берешек болып, қабылданған шаралар негізінде 1196 қызметкердің 438 млн. теңгесі төленген. Қазір мемлекеттік кіріс органдарының араласуымен жалақыға берешек қарызды толық жабудың шаралары алынуда. Былтыр өңірдің өндірістік орындарында болған 45 бақытсыздық жағдайдан 5 адам қайтыс болып, 42 жұмысшы денсаулығына зиянды ауыр жарақаттар алған. Бұлар жөнінде арнайы құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатқан көрінеді. «ІSKER», «Сичим С.п.А Казахстан» ЖШС жұмысшы-қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен қамту, жұмыс орындарын аттестаттау, цехтарды желдету, қалыпты температураны сақтау және басқа да еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талаптар сақталмайды.

Комиссия мүшелері «Теңізшевройл» ЖШС-нен қызметкерлердің қысқартылуы және оларды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша аталған компанияның бас директоры Кевин Лайонның баяндамасын тыңдады. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов, әкімнің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков, Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов жұмыс ауқымының аяқталуына байланысты «ТШО» компаниясының «Теңіз» кен алаңындағы мердігер және қосалқы мердігер мекемелерінен 39500 адамның жұмыстан қысқартылатындығына байланысты компанияда әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу, ұлтаралық бірлікті нығайту бойынша тиімді және жүйелі шараларды қабылдау, әр ай сайын жұмыстан қысқаратын адамдардың тізімін шығару, барлық мәліметтерін мұқият жинастыру, басқа жұмысқа орналастыру, жаңа мамандыққа оқыту мәселелеріне баса көңіл аудару қажеттігін компанияның бас директорына міндеттеді.

Облысқа шетелдік жұмыс күшін тарту туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов хабарлама жасады. Оның келтірген дерегіне сәйкес биыл облысқа шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша –7598 бірлік квота бөлініп отыр. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен – 1,4, ал, 2019 жылғыдан 2,2 есеге кем. «Теңізшевройл» ЖШС сұнанысы бойынша соңғы үш жылда 1139 адам 11 мамандық бойынша оқуға жолданып, 650 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл аталған компания бір мың адамды оқытуды көздеп отыр.

Айта кететін бір жайт, 3 және 4 санаттағы инженерлер, техник, механик, супервайзер, әкімші, мастер, электр-газбен дәнекерлеуші, монтажшы, жөндеуші, бригадир, машинист сияқты мамандық иелерінің Венгрия, Түркия, Ұлыбритания, Үндістан, Өзбекстан мен Қытайдан тартылуы тіпті түсініксіз жағдай. Мәселен, тек 2020 жылы ірі шетелдік компанияларда – 4242, ал, өткен жылы 5211 шетелдік азамат аталған мамандықтар бойынша жұмыс жасапты. Сонда елімізде осы кәсіпті терең меңгерген азаматтар жоқ дегенге біреу сене қоя ма екен? Әрі олардың ататын айлық жалақылары қазақстандықтардан бірнеше есе жоғары болатынын қайтерсіз? Еңбек құқықтарын сақтау, әлеуметтік әділетсіздік, жалақы жөніндегі алалаушылықтар түрлі дау-дамайдың туындауына әкеліп соқтыратын факторлар. Ал, сол компанияларда бірдей кәсіпте жұмыс жасайтын шетелдік және қазақстандық мамандардың алатын жалақыларындағы едәуір алшақтықты болдырмау қажеттілігінің туындағанына да біраз жылдың жүзі болды. Бірақ, әзірге бұл кемсітушілік мәселесі шешіле қойған жоқ.

Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі өндірістік кәсіпорындарда әр жұмысшының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды екендігін қаперлей келіп, айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, құзырлы мекемелер басшыларына оның орындалуына қатаң қадағау жасауды тапсырды.

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің баспасөз қызметі,Бақытжан ЖҰМАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *