(жаңа министрімізге құлаққағыс)
Қазақта «Қызым, саған айтам, келінім – сен тыңда» дейтін нақыл сөз бар. Сол сияқты, елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің халықтың амандығын қорғау бағытындағы жауапкершілігі дәрежесін, оның бұл жөніндегі ұстанып отырған саясатын, алынған шараларын біраз жас жасаған адам ретінде (өмір тәжрибиесі бар дегенім), оған қоса, біраз жыл облыстық ардагерлер кеңесін басқарып, үлкен кісілердің денсаулығына қамқорлықты саралап отырған адам ретінде қалыптасқан пікірімді жаңа тағайындалған министрімізге пайдасы тие ме деп, қатеріне беруді жөн көріп отырмын. Өйткені бұл тек менің ғана емес, көпшіліктің пікірі екендігі дау тудырмайды.
А.Ғиният қызым (не қарындасым болар, әкесінің жасына байланысты анықталады ғой) тәж-тажалдың, бізді ғана емес, бүкіл Жер жүзін жаулап, дегенін істеп, оның алдында қай елдің де «ауызымен құс тістеген» майталман дәрігерлеріне тізе бүктіріп тұрған жағдайда өте жауапты міндетті мойнына алып отырған талабына сәттілік тілеймін. Өзіңізге, бүкіл медицина саласына табыс тілеймін.
Бізің Денсаулық сақтау министрлігінің коронавируспен күресу жұмыстарын ұйымдастыруының кей тұстарына, бұған А.Цой келгеннен-ақ түсінбестігім бар еді. Уақыт өткен сайын ол азаю орнына, керісінше, көбейе түскен. Әу баста – Бас санитарлыққа Ж.Бекшиннің тәжірибесін пайдалана беру керек еді деп ойладым. Алматы қаласында оның жасаған шараларын басқа өңірлерде, тіпті ел бойынша жүзеге асыруға ұмтылыс жеткіліксіз болды. Бір-екі мысал айтсақ, ол мониторинг топтардың санитарлық талаптарын орындамаған ірі-ірі компаниялар мен бизнес басшыларын, заңға сәйкес қажетті құжаттарын жасақтап, сотқа беруге дейін барып, жеңіп шығып жүрді. Өзі аяқтай да бутиктерді, тамақ базарларын аралап жүргенін көрдік. Мұндай жұмыс басқа өңірлерде, әсіресе астанамызда (министрлік те сонда отыр ғой) ойдағыдай болмады,талап осалсыды. Мұндай қауырт кезде, ел басына түскен ауыртпашылық, сынақ жағдайында. «Өткелде көлігіңді өзгертпе» дегендей, әуелден тап сол сәтте, меніңше, ең шешуші тұлғаны ауыстырмай-ақ қойса болатын еді. Өзіңіз мұндай мәселеде асығыстық жасамайды деп сенемін.
Екіншіден А.Цой мырза келісімен статистикаға өзгеріс енгізді, неге екені, не екені де әбден түсініксіз. «Дұрыстаймын» деп жасаған болар, бірақ әлі күнге тек халыққа абсолютті цифрлар ғана беріледі, оның аймақтардағы халық санына шаққан пайызын көрсетпейді. Өңірдегі қалыптасқан жағдайды бағалау үшін, қосымша шаралар белгілеу үшін, көмек жағын арттыру үшін дегендей, ең қажет талдау берілмеді. Симптомды-симптомсыз деген талап не берді? Қарапайым халыққа ұсынысатын мәлімет оған түсінікті болса деген сөз ғой.
Үшінші. Бүкіл ел пандемия туралы Министрдің аузынан қандай сөз шығар екен деп күтіп отырған жағдайда пресс-конференияларда ол «работаем», «думаем», «считаем», «прорабатываем» т.б. сияқты ылғи екі ұшты пікірлерді қайталай береді, сырғытпалық басым болды. Кейде журналистердің сұрағына тоқырап та қалады. Мысалы Тараздағы фармфабрика туралы сұраққа – оны Білім министрлігі біледі, «мы лечим» дейді. Шындығында, осындай халық денсаулығына, амандығына тажал төніп тұрған кезде және вакцина тапшылығына кез болатынымызды өзі біліп отырғанда, Минздрав күн сайын таңертең мен кеште сол жерде болуы керек емес пе. Вакцина салу темпін де Қ.Тоқаев анализ жасағасын ғана қолға алғандай. Бұл жұмыс әлі де ойдағыдай емес. Кей елдер иммундау жұмысын аяқтауда. «Базарларда Қытай вакцинасы сатылып жатыр, ол қанша беретін болды бізге» дегенге, министр біздің Қытаймен бұл мәселеде келісіміміз жоқ, сондықтан оны салуға да ұлықсат берген жоқпыз, дегенді айтты. Біздей қара халықтың түсінігінше, ажалдан қорған болатын министр сол фактіні сол бойда анықтап, бірден тексертіп шарасын алуға кірісуі керек еді деп топшылаймыз. Ал, артынша-ақ Қытай вакцинасы бізде ресми қолданыла бастады!
Төртіншіден, және негізгісі — пандемияға қарсы шараларымыздың әлі тияанақсыздығын министрліктің ұстанған саясатынан да көрдік. Бізде күні кешеге дейін жасы 65-тен асқандарға егілу қажет емес, қартайған организм көтере алмай қалуы мүмкін делінді. Біздегі осы 65 меже қайдан алынды екен? Ал Израиль, ФРГ, жаңылмасам — Англия, Араб Әмірлігі т.б., екпені ең әуелі қариялардан бастаулы. Олардың ғылымы бізден төмен деп ешкім айта алмайды. Сонда ғылымда да бұндай екі ұштылық болғаны ма? Әлде бізге дәрі жетпей қалар, үлкендерге «қалдық принципін» жасалық деген боп көрнетіндей! Бізде, негізінде, әуелі қариясын сыйлайды емес пе?
Енді бүгін, бүкіл дүние жүзі екінші вакцинаны 21-ші күні өткізіп жатса, бізде 45 күнде, не 90 күнде өткізсе болады деп жатырмыз. Мұндай жаңалық ашқан кім, басқа ел ғалымдары не дейді? Дәлел қайда, дәлдік қайда? Адам өміріне осылай қарауға бола ма?
Осындайдан бізде жалпы медицинаға сенім жоғалады ғой. Осы сияқты көрсетілген мәселелерге жаңа министріміз үнемі көңіл бөліп отырса, сақтықпен қарай отырып, еліміз медицинасының нақты ұстанымын анықтап отырса жақсы болар еді деген ұсыныс қой.
Бесінші: Бізде Е.Біртановтың соңына «шам алып түсіп» қалай да кінәлі етіп шығаруға тырысушылық бар ма деп қаласың. Олай дейтін себебім — оны кінәлау баптарын бірнеше рет өзгертті, ақырында карантин ба, әлде үйқамақ па, бірінің талабын бұзған деп те кінә тартты. Оған қолдануға болатын бап ізделуде. Сот оны ақтар деген үміттеміз.
Меніңше, оған таяқ тастам жерде Уханьда басталған вирус бізден асып жан-жағымызға жайылып тұрғанда, қолымызда негізінен жетіспейтін парацетамолдан басқа «қару» жоқ кезде, 3-4 ай бойы бізге оны кіргізбей қаншама адамның өмірін аман сақтап қалғаны үшін, ең болмаса, мемлекет орденімен марапаттау абзал дер едім.
Соңғы бір айтатыным, мұны өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз, бұрынғы министріміздің курстасы А.Бакееваның пандемиямен күрес мәселелеріндігі пікірлерін баспасөзден оқып отырып, бүкіл медицина нақты емін айта алмай отырғанда, оның ұсыныстарын үлкен жаңалық па деп қаламыз. Себебі оған Президентіміз Қ.Тоқаевтың өзі көңіл бөліп, телефон шалған, Ресей ғалымдары — белгілі тележүргізуші Е.Малахова, атықты кардиолог С.Т.Мацкеплишвилилер қолдау көрсеткен, Новосибирск мен Италияндық дәрігерлермен ақылдасып отырған, т.б. Қашан да даналар халық арасынан шығады ғой, өзіңіз көңіл бөліп көрсеңіз дегеннен туған пікір, бұл. Мүмкін елге пайдасы тиетін үлкен жаңалық табылар.
Қатимолла Ризуанов,
Атырау облысының Құрметті азаматы