Атырау облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Кәсіподақ- еңбеккерлер құқығы үшін» атты қалалық мектеп оқушылары арасында пікірсайыс турнирі өтті. Пікірсайыс турнирінің мақсаты — тәуелсіз елдің жастары арасында еңбек адамының мәртебесін арттырып, жаңа қырынан танытып, еңбеккерлердің қауіпсіз еңбегі үшін кәсіподақ ұйымының маңызын кеңінен насихаттап, шешендік шеберлігі бар, өзінің көзқарасын, өз командасының мүддесін сауатты әрі нақты қорғай алатын жастардың біліктілігін арттыру болды.
Сайысты «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Ұзақбайұлы Баймұханов ашып беріп, құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде:
— «Ел ертеңі — болашақ жастардың қолында». Сол себепті, кәсіподақ орталықтары жанынан жастар көшін ұйымдастыру тұрақты жолға қойылған міндеттердің бірі. Кәсіподақ ұғымы мен жарғысы, оның стратегиясы мен үндеулері қоғамдағы еңбек етуші барлық топ өкілдерін қамтитындықтан, жастар да бұл тақырыптан алыс емес. Сайысқа қатысып отырған жоғары сынып оқушылары , күні ертең студент атанып, 18 жасқа толған шақтан бастап, кәсіподақ ұйымы әрқашан жанынан табылады, — деп атап көрсетті.
Кейін, облыстық пікірсайыс бағдарламасының үйлестіруші-координаторы Асланбек Теміржанұлы сайыс ережесімен танысытырды.
Пікірсайыс бойынша іріктеліп, қаладағы ең мықты 8 мектеп арасында өткен турнир бәсеке мен тартысқа толы болды. Нәтижесінде, III орынға Еркінқала орта мектебінің намысын қорғаған «ALDASPAN» ( Төлеген Азиза, Мұханжан Гүлназ) және IT мектеп — лицейінен келген «FLASH» (Серіков Дулат, Таған Айсұлу), II орынға №36 мектеп-гимназиясының оқушылары «ТҰМАР» (Ғалымжанқызы Аяулым , Молдашева Айсәуле), I орынға №5 Ғ. Мүсірепов атындағы орта мектептен шыққан «DANA» (Бақдәулет Асел, Ринатқызы Аяна) командалары ие болды. «Үздік төреші» номинациясы бойынша Серікова Айымжан жеңімпаз деп танылса, «Үздік спикер» Мұханжан Гүлназ атанды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға диплом, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің баспасөз қызметі