«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы Саяси Бюросының мүшесі, Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Ұзақбайұлы Баймұханов бүгін Атырау қаласының Алмалы ауылдық округінде болды. Халық қалаулысы мұнда осы ауылда тұратын 2 топ мүгедегі Бисенғали Биғазиевтың партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жазған өтініші бойынша арнайы келді.
Алмалы ауылдық округінің әкімі Гүлшат Аухадиевамен және арыз иесі Бисенғали Биғазиевпен кездесіп, мәселенің мән-жайына қанықты. Ауыл клубының газбен жылыту қазанында оператор болып, маусымдық жұмыс жасайтын арызданушы қараша айында зейнеткерлікке шыққан соң өзін жұмысынан босатып тастағанына ренжулі екен. Ұзақ жыл «Алмалы су арнасы» мекемесінде оператор машинист болып еңбек еткен ол кейін күзгі-қысқы жылу беру маусымы уақытында ауыл клубында пеш жағушылық жұмыста болған.
Арыз иесінің уәжін мұқият тыңдаған Ізтұрған Ұзақбайұлы ауылдық округ әкімі Гүлшат Төлегенқызына тұрғынның өтінішін аяқсыз қалдырмай, заңдылық жолымен шешуді тапсырды. Өз кезегінде округ әкімі қарапайым еңбек адамының бұл арызы таяу уақытта қанағаттандырылатындығына сендірді.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің баспасөз қызметі, Бақытжан ЖҰМАТ