«Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып,әлеуметтік ортамен араласып,азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады.»
(Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»)
Қай салада, қандай мамандықта болмасын адамды қанаттандыратын шабыт деген күш Шалқар шабытын өз ісін,өз мамандығын шексіз сүйген жанның ғана еншісіне бұйырған.Өз ісінің майталманы,жоғары дәрежелі маман биігіне жетуде шалқар шабытың да жалаң болмақ.
Еліміздегі мәртебелі мамандық,мерейлі қызметтің бірі ұстаздық еңбектің биігіне де шабытпен қоса ұдайы намысын қайрап,жігерін жанып жүретін өз ұлтын жанымен сүйген патриот жандар ғана шыға алмақ.
Біз білетін ұзақ жылдар Индер ауданындағы іргелі білім ордаларының бірі-Махамбет атындағы орта мектепте бірге еңбек еткен замандасымыз , «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Биғайша Әбдешқызы педагогикалық еңбектің нағыз майталманы.
Мұндай жоғары мәртебені еңбеккер ұстаздың жеткен шыңдары,алған асулары анық көрсетіп береді. Дана халқымыз «Құс қанатымен, адам арманымен, ұшады» дегеніндей,Биғайшаның балалық шақтағы арманы-әнші болу еді.Әнші болғанда да әйгілі «Досмұқасан» ансамблінің әншісі болуды армандаған екен. Бірақ өмір жолы арманшыл жасты басқа бағыттарға алып кетеді.
Биғайша сүйікті ұстазы , сол кездегі Гурьев қаласындағы Қазақстанның 50 жылдығы атындағы №13 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі
Сатымғали Қабделов ағайымен нағашысы,Есенсай ауылының азаматы Аужанның ықпалымен, осы ағалардай жанашыр жандардың ақыл-кеңесімен ұстаздық жолын таңдайды.
Қашан да шын жүйріктің, нағыз таланттың бағы бірден жана қойған ба !?
Биғайшаның да жолы бірден болмағанымен, «Шалқұйрықтан үш жылға дейін дәмем бар» дегендей, 1976 ж сәті түсіп,Оралдың «Құрмет белгісі» орденді педагогикалық институтының физика факультетіне оқуға түседі. Қазақ тобы толып қалғандықтан, орыс тобында оқиды.Осының өзі тағдырдың сыйындай,білімге құштар,жасынан ізденімпаз жан үшін асығы алшысынан түскендей дерлік бір сәттілік болады.Орыс тіліндегі ғылыми әдебиеттер мол болғандықтан,керектіні асыл маржандарды теңіз түбінен молырақ терудің сәті түседі.Жастайынан көркем әдебиетті де құныға оқитын қайсар қыздың өз ұлтының құндылықтарын,мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуі де біршама жоғары еді. Мына бір әңгімені Биғайшаның өз аузынан естігем.Ол жылдары орыс тілділердің дәурені жүріп тұрған,аға ұлттың өкілдерінің бәрі болмағанмен,өресі тайыздары қазақ баласына шекесінен күліп,менсінбей қарайтыны жасырын емес.
Орал қаласында 70-ші жылдары орыстар көп,сан жағынан да басым болу керек.Студенттік жылдардың бірінде автобуста келе жатқанда бір орыс қызы бірге оқитын қазақ қыздарына «бараны»деп тиіскен ғой. Намыс отына күйген Биғайша мен қасындағы құрбылары аялдамадан түскесін «біз баран болсақ,сен-шошқасың (свинья)»-деп әлгінің «сыбағасын» берген ғой…
Бұл үшін қаршадай қыздарды мақтан етсек болмай ма !?
Биғайша замандасымыздың алғашқы еңбек жолы сәтті басталды деуге болады.Әрине,кездескен кедергілер мен қиындықтарды жеңе біліп,еңсере жүріп үш-төрт жылдың қалай тез өткенін де жас физик-ұстаз аңғармай да қалғандай. Осындайда Алаш көсемі,ұлы ағартушы-ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың мына бір өсиет-сөзі ойымызға оралады.
«…Мұғалім қандай болса,мектебі һәм сондай болмақшы.Яғни,мұғалім білімді болса,білген білімін басқаға үйрете білетін болса,ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы.Солай болған соң,ең әуелі мектепке керегі-білімді,педагогика,методикадан хабардар,оқыта білетін мұғалім…»
Биғайша Әбдешқызы бүгінде келін жұмсап,қолы ұзарған ене,бақытты, мерейлі ардагер ұстаз сол алғашқы еңбек жолында әуелі Гагарин атындағы,кейін үш жыл №13 мектепте қалалық болып мұғалімдік тәжірибе жинаған жылдарын,мектеп басшысы,өлкемізге белгілі педагогикалық еңбектің майталман ұйымдастырушы ,басшысы Есет Қаженбаев аға мен ол басқарған ұжымдағы ұстаздардың іскерлік пен шеберліктегі үлгі-өнегесін сағынышпен еске алады.
Жас адамның өмірінде және ол өрісін жырақтан табар қыз болса,бұрылыстар мен ұмтылыстардың болуы заңды құбылыс саналады. Замандас өмірінде де осындай бір тосын жаңалық орын алады. Бір мектепте бірге жұмыс істейтін сыйлас, сырлас апасы Света Бакиева сырттай әбден танырлықтай мағлұмат бере жүріп,қайнысы Жарсуат ауылының азаматы Қуанғали Төлегенов ағамызбен әуелі танысуға,кейін табысуға жағдай жасайды.Ағамыз да жасынан күреспен, бәйгеге шабумен шұғылданған,бойлы,сойлы жігіт. Осылайша жаңа өмір Индер ауданының Жерұйығы атанған мекен-Жарсуат ауылында басталады.
«Келіннің бетін кім ашса,сол ыстық» дегендей, Ғайшабибі үшін (замандасы қойған есім) ыстық жандар : абысындары- Света мен Гүлжан апалар,қайнағалары –Жиенбай мен Еділ ағалар.
Қала мектебінен жақсы тәжірибе жинаған жас мұғалімді,әрине,жаңа оқу жылының алдында бос орын күтіп тұрған жоқ еді. Осылайша алғашқыда кешкі мектепте сабақ беріп жүрген жас мұғалім 1986 жылы болу керек,білім жетілдіру курсына жіберілген физиктің орнына сабақ берудің де сәті түсе кетеді.Осы кезде білікті басшы, әдіскер ұстаз Қабдол Маджанов ағаның ол кісі қатысқан бірнеше сабақтан соң,назарына ілігіп,жақсы пікіріне ие болады.
Майталман ұстаздан алған жақсы баға жас мұғалім үшін жолдамадай болады.
Шын білімнің бағасын «оқу-инемен құдық қазғандай» деп біздің халықтан асып кім айтқан!?
Биғайша Әбдешқызы да тәлімгері санайтын Махамбет атындағы орта мектептің математик ұстазы Борис аға Жанғалиевтей алдыңғы толқын ағалардың жолын жалғастырып, ұдайы ізденісте жүріп, жылт еткен жақсы жаңалық болса, «қағып алып» іске асыратын, қай баланың да қабілеті, икемі болса, соларды дамытуға ұмтылатын,өзі де біраз жылдар бас тәлімгер-мектеп директорының ( Қоныс Мағзомұлы Жаналисов) оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметінде ондаған мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсеткенін жақсы білеміз.
Жаңалыққа жаны құштар,ізденімпаз ұстаз уақыт талабына сай 2006 жылғы Алматыдағы республикалық мұғалімдер біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында халықаралық «PISA» бағдарламасы аясында «Мектеп оқушыларының біліктілігін диагностикалау құралы» курсында оқып,мол тәжірибесіне ғылымдағы іргелі ойларды, идеяларды қосып қайтады.
Қашанда шабытты өзінің сүйікті ісінен, әрбір сабағындағы сәттерден алатын білікті ұстаздың ойынша ауыл мектебінің бір артықшылығы- ауыл балаларының қабілеттілігі мен қарапайымдылығы,физика, химия,биология секілді жаратылыстану пәндеріне қызығушылықтарының басымдылығы,табандылығы мен адамды құрметтеушілігі.
Ауыл мұғалімдерінің көпшілігінің интеллектуалдық –іскерлік шеберліктері қалалықтардан кем емес.Бір кемшілік- қаладағыдай техникалық құрал –жабдықтардың жетіспеушілігі екенін айтады.Ауыл мұғалімдерінің шаруашылыққа, күйбең тіршілікке араласуы да оның уақытының бір бөлігін алады. Өзіне өзі сын көзімен қарай алатын,әр сабағына үлкен жауапкершілікпен,дайындықпен келетін жаңашыл ұстаз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ашылған жаратылыстану бағытындағы сыныптарға сабақ беріп, жетекшілік еткені де бар. Осы жылдарда шетел классиктері мен Абайды, Шәкәрімді,Әбіш Кекілбайды,Жұмекенді көп оқыған замандасымыздың озық әдістемелермен физика сабақтарында Абай мен Шәкәрім поэзиясын сөйлетуі өзінше бір тосын құбылыс болды десек артық болмас.Әр сабағында баланы таңқалдыруға ұмтылған ұстаздың өзін де таңқалдырған Әскербек Дәндібаев,Меруерт Махметова, Шәміл Қамиев секілді оқушылары болған.
Қай баланың алдында да берген білімі үшін ұялмайтын шебер ұстаз-маэстро Биғайша Әбдешқызы талантты шәкірттерінің бірқатарының атын атап өтеді. Олар: жоғарыда айтып өткен таңқалдырған үшеумен бірге Темірәлиева Маржан,Аманжолова Маргарита-физика пәнінің мұғалімдері, Әшімова Эльвира-ақпараттық технология мұғалімі, Тасқарина Марина-жоғары санатты кардиолог дәрігер,Есқалиева Балағыз- Қазақ Мемлекеттік университетінің химия факультетінің деканы,Жаңбырбаева Гүлайым-Индер аудандық білім бөлімінің бас әдіскер маманы, Әбуов Рафик пен Мурзин Артур-облыстық және аудандық әкімдіктердің басшы қызметкерлері,Смаилова Дамира, Өтеманов Медет-түрлі салаларда нарықтық заманға сай бәсекеге қабілеттілік көрсетуде.
Абай мен Шәкәрімдей ұлыларымызды физика сабақтарында шалқар шабытпен сөйлеткен ұстаз ғаламтор желісінің көмегімен Одессалық ұстаз Павел Виктордың озық әдістемесінен де үлкен шабыт,әсер алғанын жасырмайды.Бұл-бір жағынан өз ұлтын сүюдің,өмірге құштарлық пен әдебиет пен өнерді қадірлеген ізгі ниетінің де белгісі.Өмірге құштарлық,ғылымға, өнерге,әдебиетке іңкәрлік бар жерде,әрине,үлкен кәсіби,адами сапа да болары даусыз. Бұрынғы ойшылдардан –Абай хакімді, бүгінгілерден –Асқар Жұмаділдаевты (академик,математик) пір тұтатын замандас адам,қоғам, заман туралы ой бөліскеніміздегі түйінді пікірлері мынаған саяды.
-Адамның жақсылығы-жүрегінде,түзу ниетінде,иманында.Сондай адамдар бар жерде,осындай жандар қызмет істейтін барлық салаларда қандай ма іс болмасын оңға басады.Қоғам да дамиды.Жастарымыз Еліміз алға басу үшін технократтық,жоғары технологияларды меңгеретіндей білім мен қаруланғаны және жүректерінде иман болғаны-дамудың қайнар көзі десек болады.
Заманның жақсылығы- еркіндікте,еркін ой мен сан алуан пікірлердің қоғам, Ел дамуында бір арнада тоғысуында,иманды жастардың,қайырымды істердің көбеюінде. Адамдар бір-бірін қолдауын күшейтсе,жастар үлкенді сыйлауын, қариялар өз орынын біліп,жастарға ықыласын,мейірімін көбейтсе, өміріміз жақсырақ болар еді.
Биғайша Әбдешқызынан «Педагог мәртебесі» туралы заң мен мәртебелі мұғалім туралы пікірлескенімізде, ұстаздық еңбектің асқарына жетіп, талайлардың алғысына бөленген жан былай деді:
-Егер Абай бабамыздың толық адам-кемелденген адам идеясы ұстаздар тарапынан іс жүзінде орындалып,жастарымыз Қазақстанымызды ең дамыған мемлекетке,қоғамымызды-иманды қоғамға айналдырса,онда заңымыз да өзін ақтап,ұстаздарымыз мәртебелі болмақ.Әрине, мұндай ауқымды өзгерістердің болуына әрбір қоғам мүшесі,әр ата-ана-баршамыз да жауаптымыз.
Иә. Айтқаныңыз келсін.Жаратушы Иеміз ел, халқымызбен бірге иманды қоғамды көруді нәсіп еткей.
Замандас ұстаз туралы әңгімемізді қорытындылай келгенде,өз пәнінің шын шебері, маэстроны жалғыз-ақ сөзбен сипаттасақ , патриот деген халықаралық терминмен атауға болады.
Қай салада болмасын, қандай ма еңбекте де жоғары нәтижеге жетудің кілті-отбасылық береке-бірлікте екені белгілі.Ұстаздық еңбекте мұндай қолдаудың маңыздылығы еселеп арта түседі.Біз жақсы білетін Биғайшаның табысты еңбек нәтижелерінде, абырой-құрметінде жұбайы,Жарсуат ауылының азаматы,байырғы құрылысшы,шебер Қуанғали Төлегенұлы ағамыздың мол үлесі бар. Соғыс пен әдебиет қаһарманы,даңқты Бауыржан Момышұлы Бақыт туралы былай деген екен.
«Бақыт дегеніміз –өмірді өз орнында,өз қалпында шамасы келгенше үлгілі сүру,адал болу,майдалықтан,іштарлықтан қашық жүру.Мұршасы, әлі жеткенінше өз заманын түсіне білу, өз қоғамымен бірге,алған мақсатына қопарыла,шын көңілмен адал қызмет істеу».
Баукеңнің бақыт туралы осы бір анық ойы есімі өлкемізге белгілі ұстаз, «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, ұстаздық еңбектің шын шебері, маэстро,патриот ұстаз,асыл жар,отбасының, Кәмшаттай қырмызы гүлінің, Серікболсын,Ақмаралдай-бала-келіннің бибі анасы, Нұрисламдай сүйікті немеренің абзал әжесі Ғайшабибі –Биғайша Әбдешқызына қарата айтылғандай.
Аман жүр, отбасыңмен бірге өмірдің жақсылықтары мен игіліктерін көре бергейсің, замандасым.
«Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі»
«ҚР Білім беру ісінің үздігі»
Амантай Бақыт