Аспан асты еліндегі алпауыт өзеннің жайсаң Жайыққа қатысы қанша десеңіздер, жауабын төменнен аласыздар.
Бүгінде тарихы тағылымға толы, Махамбет пен Төлегендер кешіп өткен Жайығымыздың жағасы құрғап, арнасында аралдар пайда бола бастады. Соңғы рет өткен ғасырдың орта шенінде осындай жағдай орнап, өзеннің
Қапты, Тасты, Митрофан өзекшелері құрғақ сайға айналған. Тіпті, Ескі Жайықтың тайызданғаны сонша, өзеннің екі арнасын жалғап тұратын Шыман өзегі 1975 жылы, тамыз айында үзіліп, теңізшілер ауылдарына қарай өте алмай, қайықтарын Дамбаға тастап, жаяу келгені бар екен. Бірақ 90 жылдары өзеннің арнасы толмақ түгілі, ернеуінен асып, маңайдағы елді-мекендерді шайып кеткен. Сол жағдайдан кейін Жайығымыз қайта бұлқынбады, керісінше сарқыла бастады…
Азияның ең ірі өзені Хуанхэ де осындай халде. Қытайдың қарыштаған экономикасының кесірінен өзен суы сарғыш түске айналып, тіршілік көзі мүлдем жойылған, оның үстіне арнасы да азаюда. Ғалымдар бұл өзенді қайта қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ екенін алға тартып отыр. Жайықтың да тағдыры осыған ұқсас. Екі өзен де химиялық қалдықтардан зардап шегуде, соның əсерінен су жануарлары жойылуда. Сонымен, Жайығымыз Хуанхэнің күйін кешпес үшін не істеуіміз қажет?
Ең алдымен мəселенің шығу себептерін тізбектей өтсек. Өзеннің бастауы Ресейде екені сіз ге де бізге де мəлім. Көршімізге суды жеткілікті жібермейді деп ренжиміз. Бірақ олай емес, келісілген мөлшердегі су жыл сайын жіберіліп отыр. Сонда Ресей сүттен ақ, судан таза болғаны ма? Жоқ, мəселе судың мөлшерінде емес, оның сапасында болып отыр. Орыс ағайындар осы өзен суынан энергия көзін алады. Нақтырақ айтсақ, Ириклинск секілді гидростанциялар суды ысыту кезінде су құрамындағы биоағзаларды өзгерістерге ұшыратады. Қысқасы, судың сапасы төмендейді. Мұндай суда балықтардың көбеюі екі талай. Бұл да Жайығымыздың жағдайының жақсармауына бірден бір себеп.
Екіншіден, қате өзімізден де бар. Көптеген өндіріс орындары суды асқан ысырапшылдықпен пайдалануда. Жер астындағы байлыққа құнығып, жер үстіндегі қазынамызды ұмытудамыз. Теңіз суы дүниежүзілік мұхиттардан бөлінгені əсерінен де төмендеуде. Оның үстіне қара алтынның орнын осы теңіз суымен толтырып жатыр. Яғни Каспий теңізінің су деңгейі төмендеп, өзен суы төменге қарай тез ағып кететіндіктен тайызданып жатыр. Бұл дегеніміз тесік шелекке су құйғанмен тең. Əрі осы кəсіпорындардың əсерінен өзен суы химиялық қалдықтармен ластанып, балықтар қырылып жатырғанын жазып та, айтып жатыр. Егер бұлай жалғаса берсе, Жайық та дəл Хуанхэ секілді «өлі өзен» болары сөзсіз.
Үшіншіден, шаруашылыққа жұмсалып жатырған Жайық суын атап өтпеске болмайды. Егістік суаруға өзеннен жылына 0,6 текше км, суландыруға 0,2 текше км суы кетіп, арнаға қайтып оралмайды. Шынына келгенде, аймақты асырап отырған осы Жайық анамыз. Өйткені Ембі, Ойыл, Жем, Сағыз секілді өзендер бізге жетпей, тартылып жатыр. Сондықтан халықты сумен қамтамасыз етуде 67% су Жайықтан алынуда. Өзен бойына орналасқан егіндік алқаптар өте көп. Мендегі ой егіншіліктің көзін құрту емес, жай ғана суды үнемді пайдалану. Қазіргі замануи дамыған əлемде «тамшылатып суару» жүйесі тиімді болмақ. Суды топыраққа төккенше, тікелей өсімдік тамырына құйған абзал. Біраз шаруа қожалықтары осыны ескермей, бейқамдылық танытады.
Төртіншіден, өзен суы тартылып жатқанымен қоймай, ластанып жатыр. Өзен жағасына тынығуға, көңіл көтеруге келген тұрғындар қоқыстарын жағалауға тастай салады. Қоқыстың көбі полиэтилен пакеттер мен пластик өнімдері. Ғасырлар бойы шірімейтін бұл қалдықтар Жайыққа жара болып жабысқандай. Аталы сөз болмаса да, «Ninety one» айтпақшы, «Не керегін бəрі біледі, бірақ дым істемейді». Расында да, қоқыстың табиғатқа кесел екенін біле тұра, əдейілеп қастандық жасағандаймыз. Сол себепті өзен жағалауларына қоқыс контейнерлері орнатылса, жағдай сəл болсын түзелер еді. Жағалауларда полиция бөлімшелері болса, тіптен жақсы. Тəртіп бар жерде, жақсы нəтиже болатыны даусыз.
Түйіндей келе, Жайықтың жанын сақтап қалуға барлығымыз атсалысқанымыз жөн. Бүгінгі атқан таңымыз осы өзеннің арқасы. Қиын-қыстау кезеңдерде бабаларымыз Жайықтың суы мен балығы арқылы жан сақтаған болатын. Ендігі кезек — бізде! Асыл өзеніміз «өлі өзен» атанған Хуанхэнің тағдырын қайталамас үшін осы бастан нақты іске көшкеніміз абзал. Əйтпесе, жайсаң Жайығымыз да айықпас дертке шалдығуы əбден мүмкін. Қазіргі кезде Жайық жылап ағып жатыр. Ал мен оның жаны жадырағанын қалаймын!