Адамның асыл сезімдерінің бірі- сағыныш қой. Жылдар жылжып өткен сайын алпыстың орта белінен асып бара жатқан мен сияқтылардың сағынышы да ұлғая берер… Қамсыз балалық шақтың,жалаулы жас дәуреннің-сол бір алаулы кезеңнің естелігі-ендігі біздің көңіл сарайына жарық берер шамшырағымыз секілді.
Бала шақта қырда малшы болған әкем мен анам радиодан,патефоннан сүйіп тыңдайтын халық әндері мен Ғарифолла Құрманғалиев орындайтын әндер шуақты сезімдерге бөлесе, 60- жылдардың өн бойында мектепте оқыған жылдары аға-апаларыммен бірге Шәмші Қалдаяқов әндерінің самалдай ескен сазына жанымызды тербеп өстік.Шәмші әндерінің «сиқыры» неде?
Мен өнертанушы емеспін.Менің айтарым- озық дарын туралы қарапайым тыңдарманның ғана ой-пікірі. Менің көзқарасымда заманында Абай хакім қазақ поэзиясына жаңа мазмұнды сопы түр ендірсе, даңқты Ақан сері,Біржан сал,Үкілі Ыбырай,Естайлардан соң қазақтың ән өнеріне жаңа құбылыс алып келген өз заманының дүлдүл композиторы Шәмші Қалдаяқов.
Дүниеге ұрпағы келгеніне балаша мәз боп қуанған өзі ұста,шебер,етікші Әнәпияның біртүрлі әндетіп жылайтын сәбиіне берген есімі Жәмшид еді.
Онымен қуанышты бірге бөліскен құрдасы Құдайберген деген кісі:
«Әнәпия-ау,мына балаң біртүрлі әндетіп жылайды екен, сірә,адамның Жәмшидтей патшасы болмаса да, әннің патшасы болар-ау,-» деген екен.Сол кісінің аузы дуалы ма, әлде Жаратқан Иеміздің берген еншісі ме, кейін Шәмші атанған баланың өмірі әнмен, музыкамен біте қайнасқанын ел біледі.
Бала Шәмшінің әнге ғашық болмауы тіпті де мүмкін еместей.Себебі,ол дүниеге келместен де бұрын Оңтүстік өлкеге белгілі Шәді Төре ақынның қарындасы,тәп-тәуір әншілігі болған анасы Сақыпжамалдың құрсағында халық әніне тербеліп өскен ғой.Әкесі де қара жаяу емес,өнерге,жырға құштар,жанынан суырып өлең шығаратын айтқыштығы болған екен.Сақыпжамал анамыз халық әндерімен бірге Естайдың «Хорланын» өзінің әсем дауысымен нақышына келтіріп беріле айтқан.Осы әнге деген құштарлық, әнге етене рухани жақындық,іңкәр сезім бала Шәмшіге тұтасымен беріледі.
Ол халық әніне,әсіресе, Естайдың «Хорланына» ғашық болады.Жасынан-ақ өмірі музыкамен,әнмен байланысты боларын ұлы Жаратушы Иеміз сездіргендей,ол айналаның бәрінен: Сарыкөл мен Сырдың майда толқындары үнінен де, қыранның шаңқылынан ,бозторғай шырылынан,бұлақтың сылдырынан, қамыстың сыбдырынан,желдің ызыңынан естіген дыбыстарынан ерекше сезім күйіне берілетін болады…
Алдымен ол құштарлықпен ән іздесе,кейін әннің өзі оны іздейтін болады…Аңызға айналған Ән-ағаның дариядай шалқыған еліне белгілі әндерін талдауды музыка зерттеушілеріне қалдырайын.
Десем де,сонау 60- жылдардың басынан бері баршамызды өзіне баураған «Ана туралы жыр»- көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің сөзіне жазылған,перзент махаббатына толы, жүзімізге –шырай,жанымызға шуақ құяр ғажайып құдыретті ән туралы бір ауыз сөз қалай айтпайын?
Шәмші аға осы әнімен –ақ басқа ән жазбаса да, қазақ музыкасының «Алтын қорында» қалар еді!
Қандай ма әнде шалқар сағыныштан, ішкі алай-дүлей толқынды тебіреністен туады десек,бұл әнде осындай шақта өмірге келеді.Композитордың жақын достарының бір,журналист Оразбек Бодықовтың естелігінде сырқат әбден меңдеп,хал үстінде жатқан анасының Шәмшімен қоштасқан сәтін жазады.Сонда қайран ана былай деген:
-Бұл өмірде салған әнің айтылмай жатып үзілмесін.Ол әнің ұзаққа кетсін.Жалғыз тілеуім- сен аман бол.Бақыл бол,балам.
(О.Бодықов «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр», «Жалын», 1992 ж.)
1957 жылдың 4-қарашасы күні анасының соңғы сөзін тыңдаған сазгер ана туралы бұған дейін айтылмаған жаңа ән шығаруға серт береді.Осы сертін қазақы бір сөзділік,адлдық,тазалық рухында тәрбиеленген маэстро төрт жылдан соң, 1961 жылы абырой биігінде орындап шығады.Және қандай ән?!
Миллиондардың жүрегінен орын алған,миллиондардың анаға деген іңкәр махаббатының гимніне айналған ғажайып ән! Шынында да «Ана туралы жыр»-қазақ кеңес музыкасындағы ана туралы тұңғыш ән-барша аналарға деген гимн болып тарихымызға енді.Шәмші ағамен біраз жылдар бірге жүрген жолдастарының бірі ақын Нармахан Бегалыұлы :«Шәмшінің тұла бойы тұңғышы «Ақмаңдайлым» Қапланбек зооветтехникумын бітірген жылы жазылды.Қайырмасын таппай қиналып жүргенде,өмірге «Қайықта», «Қаракөз» келіп,әнсүйер қауымға кеңінен тарап үлгерді.Мәскеудегі өнер онкүндігіне баратын КСРО Халық артисі Роза Бағланова бірде сазгер інісінен дауысына лайық ән жазып беруін өтінген.Аттың жалы,түйенің қомындағы қысылтаяңда жаңа туынды қайдан туа қойсын.Шәмші тілінің ұшына баяғы
«Ақмаңдайлым» оралып,қайырмасын іздей бастаған.Бұл жолы Шәкең ерлік жасап,Естай бабасының шеберлігіне бір табан жақындады.Анығырақ айтқанда,кеңестік Қазақстан композиторлары арасынан екі әуендік қайырмамен орындалатын тұңғыш ән ұсынылды»,-деп жазады.
(Н. Бегалыұлы « Төрт тараптан түскен нұр», «Егемен Қазақстан», 12. 08. 2005ж.) Бұл да бір –ән өнеріндегі елеулі жаңалық , ерекше құбылыс.Композитордың жүрегінен шыққан мұндай жаңалықтардың қатарында Тәуелсіздік алғаннан он бес жылдан соң Мемлекеттік Гимнімізге айналатын «Менің Қазақстанымды» да айтпай кете алмаймын.
Шәмші Қалдаяқов-алпысыншы-жетпісінші жылдары халық құшағынан босамаған аса дарынды композитор .Шын дарынды қашанда шынайы бағалайтын халық деген қапысыз сыншы ғой.Оған деген халық махаббатында, құрметінде шек жоқ еді. Әрине,өмір болғасын өнер бәйгесіндегі тұлпарды көре алмаушылық,қызғаныш пен бақталастық та болмай қалған жоқ.
Композитор өнерді түсінетін жандардан:өнер қайраткерлері мен жазушылардан жақсы баға,әділ сын естігенде,жаны жадырап,көңілі биіктеп,рахат сезімге бөленген; шабыттың ақ боз атына мінген. Осындай сәттің бірін Оразбек Бодықов былай деп еске алады.
« 1960-жылдың алтын күзінде Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда ортасында жұлдызы жаңадан жарқырай бастаған Шәмші бар,бір топ жас композитор ,жас әнші ,әнге мәтін жазатын жас ақындармен үлкен кездесу жиыны өтеді.Сол кеште ән салғандардың ішінен есте қалғандардың бірі-Сәкен Жүнісов болды…
Ол әнді мәнерлеп айтудан гөрі,әннің табиғатын өзі түсініп қана қоймай,оны басқаға да түсінікті етіп жеткізуге тырысып,нақыштап,өрнектеп,келістіріп айтатын…
-Шәмші,-деді ол үзіліс кезінде мен Ақан сері жайында ізденіп жүрмін.Ең сүйіп айтатын әндерім-соның әндері.Мақтады деп шалқая көрме,содан кейінгі тәуір көретінім- сенің әндерің.Өзіңді біреу Ақан серіге теңесе,мұндайда шықпаған ес ес пе? Сол кеште Шәмші үшін бар дүние жайнап кетті…Шәмші өзінің жалғыз екенін де,Алматыға өнер қуып,бақыт іздеп,жалғыз чемодан,жыртық туфлимен келгенін де естен шығарды.Сол кешті ол өнердің асқар биігіне басқан алғашқы қадамым деп өмір бақи есіне сақтап қалды…»
(О.Бодықов « Шәмші Қалдаяқов туралы жыр»)
Шәмші аға осындай таза жүректі өнер иелерінің жақсы бағасынан шабыт алып,ұдайы ізденумен жүреді.
Оның шынайы дарынды ақындармен композиторларды,әншілерді танып,бағалауы кім-кімге де ой салады.Осы естелікте айтылғандай ,ол ақындардан Мұқағалиды,Төлеген мен Мұхтарды жоғары бағалаған.Мұқағалидың жары Лашын Әзімжанованың жанашырлығымен сол кездегі «Лениншіл жаста» ақынның жарияланбаған жырлары жарық көргенде,қатты қуанады. Лашынға да, газеттегі жігіттерге де алғысын жаудырумен болады.
«Мұқағали досым өлмеген екен, жоқтаушылары бар,-»деп досын еске алады Шәкең. Композиторлардан Сыдық Мұхамеджановты,Әбілахат Еспаевты,Нұрғиса Тлендиев пен Ілия Жақановты ерекше жақсы көріп,өнеріне құрметпен қарағандығын осы естеліктен оқып,білдік. Әрине, өз кезегінде осы айтылған біртуар тұлғалар да Шәкеңді бауырындай жақын,туысындай қадірлі көрді;оның шығармашылығына үлкен құрметпен қарап,адамгершілігіне бас иді.Ән патшасының өмірінде шадыман шаттыққа бөлеген шақтарда арасында болып жатты. Сондай бір мерейлі шақ 1982жылы Абай атындағы опера және балет театрында өткен шығармашылық кеші еді.Осы кештегі концертте КСРО халық артистері:Роза Бағланова,Ришад Абдуллин,Бибігүл Төлегенова бастаған небір майталман әншілер Шәмші әндерін жарыса шырқайды.Басқа уақытта болып жататын бақталастық пен қызғаныш атымен жоғалып, бар әнщі бір кісідей ат салысады.Бұл-бар әнші мен музыканттардың нағыз дарынға деген шын ықылас ,құрметінің белгісі еді.
Шәмші ағаның шығармашылық еңбегіне ғұлама Мұхтар Әуезовтен бастап, Ғабит Мүсірепов,Сәбит Мұқанов сияқты марғасқа жазушыларымыз жақсы бағаларын берген;ізденетіндей,ілгерілей түсетіндей салиқалы пікірлерін білдірген.Бірде атақты Ғабең сазгерге былай деген екен:
«Сен соңғы кездері махаббат әндеріне үйір болып кеттің.Ол туралы сенің жасыңдағы адам жазбағанда,кім жазады.Әйтсе де позицияңды анықтап ал.Музыканы сен тек махаббат екен деп теріс түсінбе.Ғашықтық жырларының өзі азаматтық үннің бояуынан шетемес Елін сүюге,жерін қадірлеп, Отанын ардақтауға қабілетті адамның ғана махаббаты-шынайы,таза,адал,ақ махаббат.Сен осыны ұмытпа».(О.Бодықов. «Ш.Қалдаяқов туралы жыр»).
Өнерді,өмірді көп зерттеген,көпті көрген ағаның осы бір сөзін ол ешқашан есінен шығармаған.Дүние,байлыққа қызықпаған Шәмші аға қарапайым да қанағатпен өмір сүрді.Бірақ оның сыртқы тұрмыс жұтаңдығынан адами болмысы пәсейген жоқ; көңілі жұтаған жоқ. Сазгердің адамдық болмысы адал да таза,асқақ та рухты еді.Нармахан Бегалыұлы мынадай бір естелігімен бөліседі.
«1964 жылдың наурызында көрнекті ақын Әбділдә Тәжібаев Шымкентте оқырмандармен кездесетін болды.Жиналған жұрт сырт киімдерін іліп,жайма-шуақ әңгімеге көшіп,поэзия саңлағының ішке енуін күтулі.Көңіл күйі бұлыңғырлау Шәкең пальтосын өткізуге асықпады.
-Шешіңіз,іліп келейін,-дедім.
-Шешінбей-ақ қояйын.
-Айналаңыздағының бәрі кәстөмшең,ыңғайсыздау емес пе?
-Мен үшін қысылып-қымтырылма,әркім барын киеді,-деді.Сөйтсем, көйлекшең қалғалы тұр екен…»(Н.Бегалыұлы «Төрт тараптан түскен нұр»)
Бекзат болмысты Шәкеңнен мынадай бір шумақ әзіл сөз қалыпты.
« Сұрасаң руымды –Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды»
Жылқының көптігінен бұл Шәмшіңіз
Мінуге қотыр тай да таба алмайды…»
Сазгердің өзінің де ақындықтан құр алақан еместігі осы шумақтан –ақ көрінеді. Сонымен бірге тосыннан қойылған сауалға қысылмай,туралап тауып жауап беретін айтқыштығына қоса шебер әңгімеші де болған.Есте сақтау жадысы күшті болғандықтан,әңгімені әсерлі де қызықты ,әрі ойландырып айтқан.
Бір әңгімесінде он жыл үй жалдап,он бес жыл пианиносыз жүргенде,«жаяу жүрген кезімде Өзекең алып бергізген пианино төрімнің қақ төбесінде.Мен ырым қылып, бір жаңа ән туар шақта сол пианиноға барып ойнаймын,»-деп қамқорлық көрсеткен мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекұлы Жәнібековке деген разылығын білдіреді.
«Өнер жарысына о баста ауылдастарым аттандырса,менің қолыма қамшы ұстатқан Өзбекұлы Жәнібеков»,-деп ,ол өмір бойы жақсының жақсылығын айтудан жалықпаған.
Композиторлар Одағына мүше болмағанымен,шын бағасын жүрегімен берген халқынан алған бейресми мәртебесі-халық композиторы Шәмші Қалдаяқов қазақ ән өнерінің құрметті төрінен орын алғалы қашан!
Жарық дүниеге адам болып келіп, адам болып өткен Ән –аға-барша әнсүйер қазақтың қадірлісі халқының мәңгі жүрегінде.
Амантай Бақыт
«ҚР Білім беру ісінің үздігі»
«Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі»