Осыдан 110 жыл бұрын, яғни сонау 1911 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «талап жоқ, үміт мол бір халықпыз» деп қынжылса, қынжылғандай едік. Енді міне талабы мен үміті зор ел болғанымызға 30 жыл толғалы отыр. Ілгері күнге үміт арта отырып, кешегі күніміздің көзден кетсе де, көңілде өшпестей таңба қалдырған тұстарынан әңгіме қозғау артықтық етпес. Өйткені, өткенімізден аттап кетсек, өскенімізді танымағанымыз болар.
Бәрімізге белгілі, жетпіс жыл бойы ата дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз аяққа басылып, ұрпағымыз қасиетті ана тілінде ұлағатты сөз тыңдаудан қалып бара жатты. Нәтижесінде жастарымыздың 40 пайызға жуығы нигилистер қатарына қосылды. Өзінің тілін, тарихын білмеуінің салдарынан қазақ жастары өз ата-бабаларының ғасырлар бойы жинақтаған рухани дүниелерін де еріксіз ұмыта бастады. Бұл бізге отбасының қазақы тірлігін іріткен, ата дәстүрден түбегейлі алшақтатқан індет боп жабысты. Сондықтан ата салтымызды тірілтіп, ұлттық құндылықтарымыз бен мұраларымызды іздегеніміз рас және де одан ұтпасақ, ұтылғанымыз жоқ.
Мәселен, Наурыз мейрамын алайық. Бұл мереке Кеңес одағы кезінде атап өтілуге тыйым салынғанына қарамастан, қазақ халқының ең маңызды мерекесі болып қала берді. Әлі есімде. Бала кезімде бұл күні таңертеңнен бастап үлкен-кіші мерекелік көңіл күйге бөленетін, жақын туыстар бір бірін іздеп, қонаққа барып, жаңа жылдың келуімен құттықтайтын. Қыстан аман-есен шығып, жаңа жылда бас қосқан жұрт өзара ақ ниеттерін жаудырып жататын. Бірақ мұның бәрі жасырын жасалып, сырт көзге білдірмеуге тырысатын. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанда 1926 жылдан бастап Наурызды тойлауға тыйым салынған болатын.
Қазақтың төл мерекесін өзіне қайта сыйлаған – әйгілі қазақ ақыны Мұхтар Шаханов. Шаханов 1988 жылы сол кездегі коммунистік партияның Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбинге хат жазып, осы мерекені қайта жандандыруды сұраған еді. Ашық ақпарат көздерінен белгілі болғандай, хат мәтінінде: «Геннадий Васильевич желтоқсан оқиғалары екі ел арасында жік қалдырды. Қазақтар сізге жек көрінішпен қарайды. Егер сіз Наурыз мейрамын жандандыруға көмектесетін болсаңыз, онда барлық қазақтар сізге басқа көзқараспен қарайтын болады» делінген. Сонда Колбин Горбачевты көндіруге уәде береді. Сөйтіп, сол жылдан бастап Қазақстан Наурыз мейрамын қайта тойлай бастады, сең құрсауы сөгіліп, ұлттық нақыштағы жаңа жылға рухани жағынан саналы көзқарас танытылып, оны өркениетті түрде атап өтуге ықпалы мол жұмыстар жүргізуге мүмкіндік туды.
Ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жандандыру жолында, Наурыз мейрамын жаңаша атап өтуге сол тұста «Қазақ тілі» қоғамы тарапынан да игі шаралар молынан атқарылды. Жер-жерде бұл қоғамдық ұйым мейлінше белсенділік танытып, жастардың ұлттық дәстүр-салтты, халықтың өткені мен бүгінін терең білуіне ұмтылыстарын ояту әрі ынталандыру мақсатында «Ауыл тойлары», «Келіндер байқауы», «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», Әжелер өнері, ақындар айтысы, ұлттық киім үлгісі, жыршылар мен термешілер байқауы, қыз қуу, алтыбақан құру, көкпар, ұлттық спорт сайыстары тәрізді көптеген игілікті шараларға ұйытқы бола отырып, істің басы қасынан табыла білді. Өз кезегінде мұндай іс-шаралар адам баласының жүрегіне сезім, көңілінде сәуле байытуға игі әсерін тигізіп, жаңа заманның жаңа адамдарын қалыптастыруға терең із қалдырғанына күмән жоқ. 2010 жылғы 19 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәдениеті» бағдарламасының 49- тармағына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарардың қабылданғаны бекер емес. Сөйтіп, мереке Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан да толықтай мойындалды.
Бүгінде Наурыз мерекесі барлығына ортақ мейрам. Бұл ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының күні. Қазақ халқы бұл мерекеге Ұлыстың ұлы күні деген екінші атау берген. Наурыз мерекесі заманауи өмірге үйлесімді түрде өзгертіле келе, қоғамда достық пен келісімнің нығаюына үлкен рөл атқара бастады. Бұл өте маңызды. Ел ішінде келіспеушілік пен түсініспеушілік орын алған болса, осынау мейрам күні жойылады деген сенім бар. Яғни өкпе-реніш атаулы түгел тарқап, кешірім үстемдік құрады. Осы күнгі дәстүрге сай ақсақалдар халыққа жақсы тілек айтып, бата береді. Әдетте бұл жақсы тілектер: «Халық гүлдене берсін! Ақ мол болсын! Бұл күн молшылық әкелсін! Бүкіл жамандық пен барлық қара іс жер бетінен жойылсын! Ата-бабамыздың рухы әрдайым бізге қолдау көрсетсін!» деген сөздермен аяқталады. Сөйтіп, қазақтың ақ баталары мен ізгі тілектерінің Наурыз мерекесі сынды ұстанымдардан қалыптасқанына сенесің. Себебі, наурыздың осы күндері бүкіл дүние жайнап, жадырап тұрады. Адамдардың көтеріңкі көңіл күйі табиғаттың жайма-шуағымен әсем үйлесім табады. Әрине, жер көлемі жағынан әлемнің тоғызыншы территориясы болып саналатын Қазақ елінде табиғаттың тосын сыйлары болуы мүмкін. Дегенмен, Наурыз мейрамында қар жауса да, бұл жақсылықтың белгісі. Ерте заманнан бері қыздардың сұлулығын Наурыз мейрамында жауған қармен салыстырған. Ақ, таза, жұмсақ, үлпілдек қар сұлу ханымдардың асқан сұлулығын бейнелеп, мәртебелерін биіктейді.
Бір сөзбен айтсақ, Наурыз мерекесі – бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту, сонымен қатар қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруды мақсат тұтқан ұлтымыздың ұлық мейрамы. Ендеше, өмірге жаңаша қарауға шақыратын, алдағы күндерден тек үміт күтіп қана қоймай, игі істерге, жақсылықтарға жетелейтін Наурыз мерекесі бәрімізге құтты болсын!
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
Нұр — Сұлтан қаласы.