Қиындығы мол ішкі істер саласында  ер азаматтардан қалыспай қыз-келіншектерде міндеттерін адал, абыроймен атқарып жүр.
Сондай нәзік жандардың бірі — бүгінде тәжірибелі маманның біріне айналған Айнұр Маратқызы  Бозахаева.
Ол  полиция қызметкері болуды бала жасынан алдына мақсат етіп қойды. Атырау қаласындағы мектеп-гимназияны үздік бітірген Айнұр сол арманның жетегімен 2002 жылы ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы Академиясына оқуға түседі. 2006 жылы  оқу орнын үздік бітіріп, қызыл дипломмен туған жеріне оралды.

-Жастайымнан әкеме ұқсап, милиция-полиция болсам деп армандайтынмын. Академияны үздік бітіргенімді естігенде ата-анам, әсіресе папам қатты қуанды. Әкем Марат Бозахаев ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін үздік,  «қызыл дипломмен» бітіріп, бар саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған жан», дейді ол.
Айнұр еңбек жолын 2002  жылы Атырау қалалық ішкі істер басқармасында тергеуші болып бастады. 2007-2012 жылдарда облыстық ішкі істер департаментінің Заң тобында заңгер болды. Құрылымдық өзгерістерге сай, 2012 жылы Әкімшілік полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы,  аға инспекторы,
2015 жылдан  бүгінгі күнге дейін облыстық полиция департаментінде аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушы қызметін абыройлы атқарып келеді.
-«Ішкі істер органдарының қай қызметі болмасын үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Оқу бітіріп келгенімде, Қалалық ІІБ тергеу бөліміне тергеуші болып тағайындады. Ең алғашқы тергеп-жүргізген қылмыстық ісім әлі есімде. Қаламызда бірнеше ауқатты   үйлерге түсіп, қымбат заттар, алтын бұйымдар мен ақшаны қолды еткен ұры, бұрын сотталған (рецидивист), көршілес БҚО облысының тұрғыны. Менің жастығымды пайдаланып, тергеу барысында қылмысын мойындамай бақты. Бірақ, жан-жақты жүргізілген тергеу амалдарымен, ұзамай «гастролер» жігіттің жасаған қылмыстары дәлелденіп, іс сотқа жіберілді. Теорияны жетік меңгеріп,
оқуды қанша жерден жақсы бітіргенмен, тәжірибе керек, осы ретте мені тергеу жұмысына үйреткен тәлімгерлерім мықты болды. Солардың бірі, бүгінде зейнеткер Талғат Молдабаев.  
«Тергеуші әрбір ұсақ-түйекке мән беруі тиіс, нәтижеге қол жеткізем десең,  қызметіңді  жауапкершілікпен атқару керек. Қылмыстық істерді тергеуді сауатты ,сапалы жүргізіп, уақытылы процессуалдық шешім қабылда», деп үйретті, дейді  Айнұр тәлімгер ұстазы Талғат Молдабаев туралы.
-«Тәлімгерлерімнің бірі-бүгінде полиция полковнигі Гүлфара  Аубекерова.
Департаменттің Заң тобында  заңгер қызметінде  жүргенімде, Гүлфара Жолдасқызынан көп нәрселерді
үйрендім, істер жүргізетінбіз, азаматтық соттарда облыс ішкі істер органдарының  құқығын қорғауға қатыстық. Гүлфара Жолдасқызы басқарған Заң тобында  5 жылдай жасадым».
Айнұр Бозахаева  1985 жылы 30 қаңтарда Марат пен Клара Бозахаевтардың отбасында  дүниеге келген. Әкесі  Марат Бозахаев 40 жылға жуық ішкі істер органдарында  аянбай еңбек етті. Жедел қызметтерде  болды.Полиция подполковнигі, бүгінде ІІМ  зейнеткері. Анасы Клара медицина  қызметкері. Айнұр өз ортасына сыйлы. Жүзі  жарқырап, қашанда айналасындағыларды жылы қабағымен баурап алады. Өнегелі отбасында көрген тәрбиесі, оқу-білімге деген  ынтасы,  оның адами болмысын ашып тұрғандай. Әйел заты болсада, қызмет барысында  ер азаматтармен қатар жүріп, қызметтің қиындықтарынан  қашқан жоқ. -«Кәмелетке толмағандармен  жұмыс тобында жүргенімде түрлі жайттарға куә болдық. Адамдармен, әсіресе ата-аналармен жиі байланыста болдық. Мысалы, бізде есепте апалы-інілі бір үйдің екі баласы болды. Әкелері жоқ, анасы ертеңнен кешке дейін жұмыста.  Апасы — 8 жаста,  6 жасар інісімен үйден шығып кетіп,  қаңғыбастықпен айналысады. Бір емес, бірнеше рет жүрген жерінен тауып аламыз. «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу» орталығына да  орналастырдық. Қоймайды. Содан, бір күні олар тұратын көп қабатты үйдің ауласына  әдейі барып,  кетіп бара жатқан жерінен тоқтатып, сөйлестім. Аналарының табысы аз, жағдайлары төмен, балалар көше кезіп жүруді әдетке айналдырған. Қыз баламен оңаша, аулада отырып әңгімелестік. Келесі күні әріптестеріммен жиналып, азық-түлік, киімдермен көмек бердік. Құжаттарын жинақтап, әкімдіктегі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға шығардық. Жан-жақтан қолдап, отбасына қамқорлық көрсетілді.
Балаларда бізге үйренді, бұрынғыдай қаңғыбастықпен айналыспайтын болды.  Жалпы, жасөспірімдермен жұмыс  кезінде.
түрлі отбасындағы жайттарды көрдік, жайсыз отбасы, ішімдікке салынған ата-ана, қараусыз бала, есепте тұрған жасөспірімдер, солардың  құқық тәртібін бұзбай, қылмысқа бармауына жауап бересің,  тұрмысына араласасың, түзу жолға түскендерін  көргенде қатты қуанып, жұмысқа деген құлшыныс пайда болатын.»
Айнұр  Бозахаева әркез білімін жетілдіріп отырады.
2019 жылы «Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған 2017-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Стамбулдық әрекеттер  ұсынымдарына сәйкес кейбір қылмыстарды тергеу мәселелері» бойынша ҚР ІІМ Бәрімбек Бисенов атындағы Қарағанды академиясында тағылымдамадан өтті.
Қызмет пен отбасының берекесін қатар ұстаған  Айнұр Маратқызы балалары  Әмина мен Ерасылына мейірімді ана. Ол   тыныштық жолындағы қызметте
абырой-беделге ие жан.
— « ІІО-да  19 жыл қызмет атқарып   келемін. Анықтау басқармасында қызмет ету — менің бала кездегі арманым болатын. Құқық бұзушылықтың алдын алып, азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етуде менде өз үлесімді қосып жүргенімді мақтан етемін.  Қызметте жетістіктерге жетуіме- әкемнен үйренгендерім септігін тигізуде. Жалпы, өмірде жолым болғанына қуанамын. Ең бастысы, қалаған мамандығыма түсіп, жемісін жеп отырмын.
Мақсатым әкемнің абыройын биік ұстау», — дейді Атырау облысы полиция департаменті Анықтау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы  полиция  подполковнигі  Айнұр Бозахаева.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *