Көпшілік пластикті адам баласы ойлап тапқан ең сұмдық дүние деп және оның қолданысын тез арада азайту керек деп санайды. Әйтпесе, бәріміз пластиктің арасында қалқып жүреміз дегенді уәж етеді. Бұндай қорқыныштың қайдан пайда болғаны түсінікті: қоқыс көлемі күннен күнге артып келеді, оның көп бөлігін пластик қаптамалар мен бөтелкелер құрайтындай көрінеді. Бірақ шынында солай ма? Пластик расында көпшіліктің айтып жүргеніндей қауіпті дүние ме? Бұл мақалада пластикті жаппай қолдану кесірінен адамзатқа қоқыс арасында қалу қаупі төніп тұр ма, пластик ыдыстар мен қаптамаларды қолдануға тиым салу керек пе, әлде оларсыз оданда қиын болып кете ме деген сұрақтарға жауап іздейтін боламыз. Ең бастысы, пластикті құртушы емес, қорғаушы ретіндегі рөлін көрсетуге тырысамын.
Пластиктен қандай қауіп?
«Адамзат өз қоқысына батып жатыр! Ғаламшарымыз үлкен жуындыға айналды! Қоқыс алаңдарында пластик патшалығы әмірлік етуде!» Қазір бұл материалға қатысты осындай қыңыр ұрандарды көп естиміз. Бір қарағанда, бұлар ақылға сыйымды көрінеді. Адамдардың пластикті пайдаланып бастағанына көп бола қойған жоқ, шамамен, 70 жыл. Бірақ осы уақыт аралығында бұл материалдан 8 миллиард тонна шамасында өнім шығарылып үлгерді. 10%-дан азы ғана утилизацияланды, 12%-дан сәл көбі өртелді, ал қалған 78%-ы қайда? Айналамызда! Пластик пакет пен бөтелке, сыраның қалбырын елсіз жатқан Тайгадан да табуға болады: онда аңшылар немесе геологтар тастаған ғой, болмаса өзендер ағызып әкеледі. Ірі қалалардағы жағдай айтпаса да белгілі.
Қалай ойлайсыздар әлемде неше материк бар? Алты? Негізінде бұрын солай болған. Бірақ қазір тағы біреуі пайда болды: жетінші! Бұл – Тынық мұхитының солтүстік бөлігінде қалыптасқан қоқысты континент. Бұл «құрлық» 3,5 миллион тонна пластиктен құралған. Қоқысты континенттің қазіргі көлемін Франциядан үш есе үлкен немесе аумағына бес Германияны сыйғызады деп сипаттауға болады. Дегенмен, ол өсуін әлі тоқтатпады. Оның көп бөлігін дәл сол пластик құрайды. Бұнда олар түрлі мұхиттық ағындар мен циклондардың әсерінен жиналған. Негізінде, бұл құрлық қалқып жүрген пластик пакет пен бөтелке емес, кисельге ме, қойыртпаққа ма, әйтеуір сондай бір нәрсеге ұқсайды. Күн сәулесі, тұзды су, соққы әсерінен пластик кішкентай бөлкештерге ыдырайды. Осылай «пластик сорпасы» түзіледі. Бұны планктондармен шатастырып алған балықтар мен басқа да теңіз жануарлары жеп қояды. Дәмі қандай екенін білмеймін, бірақ калориясы аз екені айдан анық. Сосын балықтарды біз жейміз. Сондықтан пластик қоректік тізбекке еніп қойды дей беруге болады. Өткен жылы ғалымдар адам ағзасынан пластиктің микробөлшектерін тапқан.
Әлемді құтқару ұранымен кәрі құрлықтың біраз елі бір реттік ыдыстар мен пластик қаптамаларға тиым сала бастады. Скандинавтық бестік кассада сізге пластик пакет ұсынбайды: «өтінемін, қағаз сөмке сатып алыңыз!». Болмаса, өзіңізбен бірге тор сөмке алып жүруіңізге де болады. Міне, адамзаттың құтқарушысы!
Тиымдар мен баламалар
Асықпаңыздар! Бұлай жарнамалық роликтерде ғана әдемі естіледі. Іс жүзінде бәрі басқаша. Бәрі бір пандемия өз түзетулерін жасады. Пластиктен жасалатын бір реттік ыдыстарға, кофе ыстақанына, тамаққа арналған пластик контейнерлерге салынған тиымдарды кейінге шегеруге тура келді. Өйткені, оларды көп реттік түрлеріне ауыстыру карантин саясатына сай келмеді. Оған қоса, тиым тек оларсыз-ақ күн көруге болатын санаттағы пластик өнімдерге қатысты болды. Мысалы, пластик бөтелкелерді ешкім алып тастағалы жатқан жоқ. Оған бәсекелесер балама жоқ! Пакеттер ше? Оларды экологиялық таза деп саналатын қағаз пакеттерге алмастырары сөзсіз. Тіпті пластикті жек көретін Greenpeace ұйымының өзі қағаз пакеттерді пластик әріптесінен қорқыныштырақ деп есептейді. Оның өндірісінде атмосфераға бір жарым есе көп зиянды қалдықтар бөлінеді. Ал су айдындары 50 есе көп зардап шегеді. Есептеулер бойынша, кассалық аймақтағы пластик пакеттерді сатуға тиым салынғаннан кейін қағаз қалдықтары миллион тоннаға артқан екен. Сонымен қоса, қағаз пакеттерде «көміртекті із» үш есе көп қалады. Бұл – кез келген өнімнің өндірісінде пайда болатын парникті газдардың көлемін сипаттау үшін қолданылатын термин. Айта кететін бір жайт: дәстүрлі жолмен жиналатын, іштен жау қозғалтқышы бар көліктердің өндірісіне қарағанда, электромобилдердің, әсіресе оның батарейкасын өндіруде атмосфераға екі есе көп парникті газдар бөлінеді. Дәл сол парникті газдар жаһандық климат өзгерісіне әкеледі: мұздықтардың еруі, мұхит суы температурасының артуы, тағы сол сияқтылар, қысқасы, жағымды әсері аз. Пластик пакеттеріміз қайнауда шынығып, майданда сыналған жоқ па! Онымен қоқысты тасудың өзі ыңғайлы ғой: жыртылмайды, су өткізбейді.
АҚШ дүкендерде, дәріханаларда, жанармай құю бекеттерінде пластик пакеттерді бермек түгілі, сатуға тиым салды. Нәтижесінде, Калифорнияда бұл іске тығыз қағаз пакеттерді қолданды. Соның салдарынан, қоқыс көлемі бірден өсіп кетті. Өйткені, олар ауырырақ әрі көбірек еді. Оған қоса, кәдуілгі орама түріндегі қоқысқа арналған дорбаша саудасы да артты. Ол пластик емес пе еді?
Экобелсенділер отқа май құяды: БАҚ, әлеуметтік желі, басқа да ақпарат көздерінде пластиктен қорқынышты зат жоқ деген ойға сендіреді. Қалай болса да, одан құтылу керектігін айтады. Негізінде, бәрі сәл басқаша, жоқ, мен мүлдем басқаша дер едім.
Пластик пакеттер VS қағаз пакеттер
Экологиялық тиімділігі жағынан пластик қаптама көптеген қаптама материалдарды басып озады. Біз сатып алатын қаптамалардың көбі тамаққа тиесілі. Шыныда, киім немесе электрониканы сатып алуға қарағанда, жиірек тамақтанамыз. Азық-түлікті қаптауға арналған азық-түліктік пластиктен ешқандай қауіп жоқ. Тұтынушыға жеткенше тексерістің барлық сатысынан өтеді. Сонымен қатар, объективті факторлармен қоса, жанама әсер етуші факторлар да болады. Пластик, тіпті, жерде жатқан күннің өзінде мүлдем дерлік ыдырамайды және қоршаған ортаны ластастаушы әсері болмайды. Ал құрамынан желімді де, түрлі бояуларды да табуға болатын картон мен қағаз тез шіріп, топырақты да, ондағы суды да ластайды. Бұл тек бергі жағы, тереңірек үңіліп қарайықшы.
Қаптама айналымға түспестен бұрын оны өндіру керек қой. Пластик қаптаманың басты бәсекелестері картон мен қағазды неден жасайды? Әрине ағаштан. Біздің қорғансыз ағаштарымыз-ай. Бұл сонда қандай экология болады: ағашты кес те, әлемді пластиктен сақта? Тағы да есептеулер көрсеткендей, тек Ресейдің өзінде пластик пакеттерді пайдалану жылына қағаз пакет өндіруге кететін 15 миллион ағашты аман алып қалады екен. Калькулятор алып есептеп көріңіз: орманда орташа есеппен, әр гектарда 300 ағаш өседі. Сонда пластик пакет тұтыну жылына 50 000 га орманды сақтап қалады. Оны апат деп жүрсек, бұл басқа апаттың алдын алып тұр екен ғой. Сөзімізді жалғастырайық. Ағаш кескеннен бөлек, одан қағазды өндіру процесі бар. Оны қайда жасайды? Целлюлоза-қағаздық комбинаттарда. Экологтардың пікірінше, ең үлкен техногенді апат осы ЦҚК әсерінен болады. Бір ЦҚК салу ісі түгел Байкалды «өлтіре» алады. Целлюлоза-қағаздық комбинаттар – бұл улы қалдықтар, уланған су және өте көп мөлшерде энергия. Энергия көзін де ойлап қойыңыз. Бір пластик пакет өндіру үшін кететін энергия бір қағаз пакет өндіруге кететін энергиядан 40%-ға аз.
Барлығы вирустар мен бактериялардан қорқатын пандемиялық кезеңде пластик қаптамалар бұлардан да сақтап тұрғанын ұмытпау керек. Аризона университетінің ғалымдары көп реттік пакеттерде адам денсаулығына кері әсер ететін вирустар мен бактериялар болуы мүмкіндігін анықтаған. Жоғарыда айтқан Калифорнияда пластик пакеттерге тиым салғаннан кейін инфекциялық аурулар саны 25%-ға артқаны байқалыпты. Бұнда таңдауға тірелеміз. Көп реттік пакеттер, әрине, экологиялық жағынан тиімді; бір реттік пакеттер гигиеналық жағынан тиімді. Өзіңіз шешіңіз.
Пластик бөтелкелер «the best» пе?
Бөтелкелермен дәл сол әңгіме. Зерттеулерді дұрыстап қарайтын болсақ, PET бөтелкелер бәсекелестерін барлық қырынан шаң қаптырады екен. Сыра, кола және сол сияқты басқа да сусындарға арналған банкалар жасауға қажет альюминий өндірісі тозақпен тең. Зауыттың қасына арнайы электростанция салынады. Әйнек те істі жеңілдете қоймайды. Құрғақ болмасын, әңгіме жұғымдырақ болу үшін сандарды сөйлетейік.
Американдықтар 3000 литр сұйықтықты сақтауға болатын көлемдегі әртүрлі материалдан жасалған бөтелкелерді өндіруге кететін энергияны есептепті. Цифрлар шынымен таңғалдырады. PET бөтелкелерді жасауға кететін энергия альюминий банкаларды жасауға кететін энергиядан 1,5 есе, әйнек бөтелкелерді жасауға кететін энергиядан 2,5 есе аз екені анықталды. PET бөтелкенің өндіріс қалдықтарынан 137 кг PET бөтелке, альюминийден 338 кг альюминий банка және әйнек бөтелке өндіріс қалдықтарынан 2,5 тонна әйнек бөтелке жасауға болар еді. Ауаға парникті газдардың бөлінуі бойынша да шамалап отырған боларсыз. PET бөтелкеден – 510 кг, альюминий банкадан – 1255 кг, әйнек бөтелке өндірісінен – 2,2 тонна. Есесіне, альюминий мен әйнек табиғи материалдар деуіңіз мүмкін. Бірақ бұл да күмәнді аргумент. Мақтадан табиғи не болуы мүмкін? Бір қарағанда, мүлдем зияны жоқ өнімге ұқсайды. Бірақ оның өндірісі орны толмас экологиялық залал әкеледі. Мақта өсірудің әсерінен АҚШ-тың орталық батысындағы үлкен территориялар шөл далаға айналды. Ал өз өлкемізде Сырдария мен Әмудария бойында мақта егілуі салдарынан Арал теңізі құрудың алдында тұр. Табиғилық не шешті?
Статистика не дейді?
Бұл тек бастамасы ғана. Мен енді ғана бастадым. Пластик қаптамалардың көп бөлігі тамақ саласына тиесілі екенін білеміз. Пластик қаптамадағы тамақтарды елестетіп қарай беріңіз. Пластик арзанға шығатындықтан ғана емес, кей жағдайларда пластик көмегімен ғана тамақтардың жарамдылық мерзімін 10 есе көбейтуге болатықтан да тиімді саналады. Мысалы, пластик қаптама жүзімнің жарамдылық мерзімін 7 күннен 70 күнге дейін арттырады. Нанды 2-ден 7-ге дейін, етті 4-тен 30-ға дейін, бананды 5-тен 36-ға дейін, ал қиядың жарамдылық мерзімін 3-тен 14 күнге дейін көбейтеді. Ғалымдардың есебінше, бұндай мүмкіндік жылына 30 миллион адамды, шамамен, 10 триллион теңгенің жеуге жарамды азық-түлігімен қамтамасыз етіп отыр. Пленка азық-түлікті ультракүлгін сәуледен, шаңнан, микробтан қорғайды. Бұл оны ұзағырақ сақтауға көмектеседі деген сөз. Демек, қоқысқа түсетін, ең әсерлі парникті газ – метанның басты көзі – бұзылған тамақ көлемі де азаймақ. АҚШ-тың қоқыс палигондарына түскен тамақ қалдықтары әлем бойынша парникті эффектке қатысатын метанның 25%-ын құрайды. Мамандар Шотландиядағы 456 000 тонна тамақ қалдығы 1,9 миллион тона көмірқышқыл газын бөлетіндігін есептеп шыққан. Оның қасында, 224 000 тонна пластик қалдықтары 630 000 тонна ғана көмір қышқыл газын бөлген. Егер полимерлі қаптамаларға тиым салынса, әлемдік тамақ қалдықтары көлемі 2 миллиард тоннаға жетеді. Оның тағы бір салдары бар, ол – негізгі күнкөріс азық-түліктерінің бағасы шарықтап кетеді. Жоғарыдан келген бұйрық та бұны тоқтата алмайды. Келтірілген шығынды өтеу, логистиканы қалпына келтіру және қаптама тізбегін жаңа баламамен толтыру деген сиқты мәселелері жетерлік. Айтпақшы, тасымал мен логистика жөнінде айтсақ, пластик қаптама альюминий қаптамадан 2 есе, әйнек қаптамадан 20 есе жеңіл. Яғни затты көбірек тиеуге, ал оның тасымалы үшін азырақ төлеуге болады. Созылғыш пластик қаптама барлық тасмалданатын өнімнің 0,5-3%-ын ғана құраса, картонды қаптама – 3-15%, ал әйнек қаптама 40-50%-ын құр толтырып тұрады. Есептеп қарауға болады. Мысалы, 1600 километр қашықтыққа 14 000 литр суды 0,5 литрлік пластик бөтелкеде тасымалдау осындай көлемдегі суды әйнек бөтелкеде осындай қашықтыққа тасмалдауға кететін дизель отынын 355 литрге үнемдейді. Айта кетелік, бұл көмірқышқыл газының бөлінісін 60%-ға азайтады.
Пластик бөтелкедегі су санитарлық ақуалы нашар аймақтарда да тиімділігін танытады. Транспорттық көліктердің өзі пластик бөлшектерді пайдаланғанда жеңілдей түседі әрі отынды да аз жағады. Мысалға, 20% бөлшегі пластиктен жасалған Boeing пен Airbus-тың жаңа ұшақтары бүкіл ғұмырында жағатын отынды 15%-ға үнемдейді.
Бұл әлі соңы емес. Пластиктің өзінің өндірісі ғаламшарымызды тазарақ етуге көмектесе алады. Парадокс сияқты естіледі, бірақ түсіндіріп көрейін. Ресей, Сауд Арабиясы тәрізді елдер полимерді мұнай өндірісінің қалдығы – ілеспе газдарды күрделі тәсілдермен қайта өңдеу арқылы өндіруді бастап кеткен. Ілеспе газдар өңделмеген кезде жай ғана факелдерде атмосфераға көмірқышқыл газы мен түрлі зиянды заттарды бөле отырып өртеніп кететін. 1 миллион шаршы метр ілеспе газ өртенгенде атмосфераға, шамамен, 300 тонна зиянды заттар бөлінеді. Оданда оны қайта өңдеп, пластик алған барлық жағынан тиімді. Болашақта әлемнің көптеген елдері пластик өндірісіне мұнайды емес, осы тәсілді пайдаланады деп үміттенеміз.
Шынымен, қазір пластикті алмастыра алатын басқа зат жоқ. Құрылыста қолданатын пластик құбырлар металл құбырлардан арзан әрі жеңіл болуымен ғана алда тұрған жоқ, оның үстіне ол таттанбайды. Оларды мәңгілік деуге болады. Пластик бөлшектер көптеген көліктер мен механизмдерді жеңіл етеді. Медицинада пластиктің ешқандай алмастырушысы жоқ. Шприцтер, түтіктер, қан құюға арналған пакеттер, протездер: бұларсыз заманауи медицинаны елестету мүмкін емес.
Мәселелері мен қиындықтары
Таңғалып отырған шығарсыз. Осыдан кейін қалайша пластикті заман ғажабы, адамзаттың құтқарушысы немесе бар қасіретті жазатын панацея деп ойламайсыз. Негізінде, біржақты баға беруімізге болмайды. Пластик абсолютті жақсылық емес, оның біраз мәселе туғызатынын жасырмау керек. Бірақ абсолюті жамандық та емес. Бәрінің ортасында тұр, оның жақсылық не жамандық жағына өтуі біздің оны қалай пайдаланатынымызға байланысты. Қалыптасқан жағдайға көз жүгіртіп көрейікші. Неге пластикті басты қоқыс көзі санайды? Іс жүзінде, қоқысты толтырып тұрған басты материал ол емес қой. Жылына әлемде 2 миллиард тонна қатты тұрмыстық қалдықтар тасталады. Оның 44%-ы органикалық және азық-түлік қалдықтары, 17%-ы қағаз бен картон, ал пластик қалдықтары бар болғаны 12%-ды құрайды. Дегенмен, бұл пластикті толығымен ақтап ала алмайды. Ресейдің өзінде оның 7-ақ пайызы қайта өңделсе, қалғаны өртеледі немесе жай ғана көрінген жерде жата береді. Бұл цифрлар көңіл көншітпейтіні рас. Жоғарыдаға мақтауымның бәрі оны дұрыс жинап, сұрыптап, қайта өңдесе ғана ақталады. Онсыз пластиктің ғажабы мен жақсылығы жөнінде сөз қозғау мүлдем орынсыз. Қайта өңдеусіз бұл мақалада да мән қалмайды.
Көбіне пластикті өртеу арқылы ғана утилизациялайды. Иә, жылуын энергия өндірісінде пайдалануға болады, бірақ бұл да ең тиімді шешім емес. Ойланып қарасақ, пластикті ғана өртеп жатқан жоқпыз, ақшаны, көп ақшаны да өртеп жатыр екенбіз. Пластикті қайта өңдеу пайда көзіне айналғалы біраз болды. Мысалы, Шведцияда оның 99%-ы утилизацияланады. Бұл әлемдегі ең үлкен көрсеткіш, меніңше, осындай сандар бізді де қанаттандыру керек. Қалдықтарды қайта өңдеу бойынша тағы бір үздік – Германия. Бұндағы қалдықтардың 70%-ы қайта өңдеуге кетеді. Қалдықтардың рециклі кәсіпкерге әр тонна үшін 1000 еуро табыс әкеледі.
Мәселе мақұлмен емес, ақылмен шешіледі
Қайта өңдеу зауыттары басшылығының айтуынша, дамушы елдерде PET бөтелкелерді, полиэтилендерді, тағы басқа пластик өнімдерді қайта өңдейтін зауыттар көп болмайды. Атап айтқанда, олардың 90%-ын, бар болғаны, айына 10-30 тонна ғана өңдейтін шағын кәсіпкерліктер құрайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұндай кәсіптен пайда табу, алдымен, масштабқа тәуелді. Масштаб үлкен болса, табысқа жетесің, кішкентай ма, онда жарты жылға жетпей іс тоқырап қалады. Масштабтың жетіспеушілігінен жыл сайын ондаған кәсіпкерлер бұл саладан бас тартады. Басқа елдерден қалдықтарды сатып алатын кездер де болады. Себебі өте қарапайым: қайта өңдеуге қажетті қалдықтар жетіспейді. Кәсіптің ауқымын кеңейткісі келеді, бірақ енді үлкейіп келе жатқанда өңдейтін қалдық табылмайды. Біздің үйімізден шыққан қалдықтардың 10%-ы ғана қайта өңдеу зауыттарына түседі. Ал ауқымды арттыру үшін жартысы түсу керек. Сондықтан рециклді саланы қалдықтармен қамтамасыз ету үшін сұрыптау күшін 5 есе көбейту маңызды. Әйтпесе оларды ұстап тұру үшін шет елден нығыздалған PET бөтелке сатып аламыз. Бұған мақұл деп көнбістің кебін кимей, ақылмен амалын табуға тырысу керек.
Пластиктің жанды жері
Жақын болашақта қалған жерге қоқыс тастау көшенің ортасында дәрет сындыру сияқты ұят сезімін тудыратын әрекетке айналады деп үміттенемін. Қалдықтарды қайта өңдеу саласының болашағы әлі алды. Бірақ барлық мәселесі түп тамырымен шешіледі деп айта алмаймыз. Өйткені барлық пластик бірдей оңай өңделе бермейді. Пластиктің жанды жері – пенопластар. Оларды азық-түлік қаптамасы ретінде қолданады. Пенопласт – барлық қайта өңдеушілердің бас ауруы. 95%-ы ауа болғанымен қоса, тасмалдауға өте қолайсыз. Ғалымдар оны көбіктелген күйінен, түйіршік күйіне кері айналдырудың жолын әлі тапқан жоқ. Қайта өңдеушілер шет-шетінен оны қабылдаудан бас тартуда. Бұл мәселені полиэстрлі бір реттік тамақ ыдыстарын пластиктің өңделетін түріне алмастыру арқылу шешуге болады. Ол тиімді, жылдам әрі арзанырақ болмақ.
Жақсылап ден қойсақ пластик – мәңгі өмір сүреді. Оны қайта-қайта шексіз өңдей беруге болады. Экобелсенділер оның ұзақ уақыт ыдырамайтын айтып дабыл қағады. Оны әдейі солай болсын деп ойлап тапқан жоқ па!? Пластикті жинап алып химиялық немесе физикалық жолмен қайта-қайта өңдей беру үшін солай ойластырылмады ма!? Заманауи самұрық құсы деп осыны айтуға болатын шығар. Иә, оны ыдыратудың биологиялық тәсілі де бар, бірақ ол процесс өте баяу жүретіндіктен, басқа әдістермен бәсекелесе алмайды.
Қалдықтарды қайта өңдеу – шахмат
ҚХР ұзақ уақыт бойы АҚШ-тан қалдықтар сатып алды. 2008 жылы олардың экономикасы жылдам өскендіктен, өз қалдықтары өз басына жетерліктей көбейіп кетті. Қытай АҚШ-тан қалдықтарды сатып алуды доғарды, сондықтан АҚШ-та қалдықтар тау-тау болып үйіліп қалды. Олардың қайта өңдеу зауыттары осынша үлкен көлемді игере алмайтынын көрсетті. Дереу арада бұл мәселенің шешімін табу керек болды. Сол себепті, қалдықтарды қайта өңдеуді шахмат ойынына теңеуге болады: әр қадамыңды алдын ала ойлап отыру керек.
Нәпсіңді тый да, сұрыпта!
Пластиктен ешқалай құтыла алмайтынымыз түсінікті. Ол арзан, ыңғайлы, әмбебап, жоғарыда белгілі болғандай, экологиялық тиімді материал. Сондықтан қоқысты сұрыптау – біздің жарқын болашағымыздың бір бөлшегі. Мен бұны қиын іс демес едім: бір пакетке органикалық – тамақ қалдықтары, екіншісіне – бейорганикалық – пластик, әйнек, тағы басқалары. Үшіншісіне батарейка, аккумулятор, шам сияқты зиянды нәрселерді салсаңыз болады. Еуропада оларды, тіпті, жуады. Біз, ең әуелі, оңайынан бастайықшы. Ұрпақтарымыз қандай ортада өмір сүретіні біздің қолымызда. Нәпсіңді тый да, ереіншектігіңді жеңіп, қалдықтарды сұрыпта. Білмесең – үйрен, үйренгеніңді – істе, білетініңді – үйрет! Біздің ендігәрі экоұранымыз осы болсын.
Есенбай Ізбасаров