Алибек Азамат Ерболатұлы 1999жылы 8-наурызда Кентау қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің Филология: қазақ тілі мамандығының 4-курс студенті.

Suspicion

Түндерге жырын, күндізге сырын,
Айтар үкімін қай бір қу?
Өмір дегенің жұлдызды өшіру,
Жапырақ етті қайғырту.

Жылылық сезіп тоңған аяқпен,
Жолдарға төсеп от басу.
Ақын дегенің оңбаған атпен,
Тағдырға қарсы соттасу.

Тәңірді кейде елемей мүлдем,
Тәкаппарсынып жақ ашпау.
Адам дегенің телегеймін деп,
Ақиқат үшін адаспау.

Сапырып ішіп сусынның бәрін,
Сарқылды — уақыт, бой — күнә.
Өлім дейтұғын бір сұмның барын,
Сарша күз айтып қойды ма?

Ереже

Сен кеткенде…
Үзілді, рас, жанарымда жәудір мұң,
Аңсарымды қай нүктеде қалдырдың?
Қуысында сақталмадық кеуденің,
Уысында кете бардық тағдырдың.

Өкінішті-ақ, ара ақыры мұз болып,
Көңіл тағы сарғаяды күзге еріп.
Сіңіп кеттік көңілсіздеу ғасырға,
Кешір құдай, кешір тағы бізді өмір!

О, неғылған керітартпа заман бұл,
Тебірене оқыр едім саған жыр.
Түстерімді өзің жорып беруші ең,
Жорылмайтын түстей болдың маған бір.

Қайтем енді кезеңге елтіп, жоққа арбап,
Өмір деген — мәнді естелік, тәтті арман.
Біз ешкімді кінәлаған емеспіз,
Жадымызда сағыныш пен сәт қалған:

Үп еткенге үміт шырақ сөне ме?

Сен жайлы ойға шарасызбын о, неге?

Жапыраққа өкпеңді айтқың келе ме?

Күнтізбеңе өткен қайтып келе ме?

Санам іші бітпейтұғын сан сұрақ,
Жандауысым сан сұраққа жаншылар.
Ережеге бағынбасақ жарар ед(і),
Терезеге үңілмесін тамшылар.

Сен жанымның жазылмайтын бүршігі ең,
Бәлкім содан ғұмыр емес мұң сүрем.
Күз жыласа жыры болар ақынның,
Қыз жыласа ғалам қоса күрсінер.

Сен білсең ғой. Кездім сосын түнекті,
Жалғыздыққа жұтылдым да түн өптім.
Аспан тектес қайғымызды ұмытып,
Жұбатам деп аласұрдым жүректі.

Жазмыш құрғыр, бұл — Тәңірдің жазуы,
Оған сенің жазығың жоқ, жазығың…
Ұялымнан естілердей наз үнің,
Қандай күйді кештің екен, нәзігім?
Мен кеткенде…

Va-Bank

Себеп іздеп арамызды жалғайтын,
Жүрген шығар сағынышың сарғайтып.
Жастығыңа сіңіп қалған жасыңды,
Қапелімде құрғатармын мен қайтіп?

Дала мынау даналық пен ой кезген,
Ойлы адамға бақыт бөтен, қайғы өзге.
«Сүйгендерді Тәңір сүйер» дейтін-ді,
Біз құдайдан алыстадық қай кезде?

Күнделікті сабылыстан қол үзіп,
Өзің жақтан қол бұлғайды көп үзік.
Өтті ғұмыр мәңгі аңсайтын түстей боп,
Кеттік қалай? Бітті неге? Со, қызық…

Куә соның барлығына кәрі аспан,
(Көл боп тұнған өксігіңді толастат.)
Қарашығың талғанынша қарарсың,
Жүріп өткен жолдарыма адасқақ.

Бұлдырайды шерге айналған сол бейне,
Жалған үміт, арзан уақыт емдей ме?
Жалғыз қалсаң егілерсің сен үнсіз,
Жалғыз қалсам күліп те алам мен кейде.

Өзің түгіл есіміңді құрметтеп,
сүйер едім… Сүю бізді жынды еткен.
Жалықтық па? Ең аяулы сәттерді,
Арашалап ала алмадық дүрмектен.

Мейлі бәрі керісінше, дұрысы,
Жазығың жоқ, жазарым көп мұң үшін.
Кешір жүрек, кешір кезең сезімсіз,
Естеліктер құрысын ба? Құрысын!

Мейлі бәрі керісінше… (дұрысы)

Сол бір түн.
Шексіздік.
Айнала.
Жалғыздық.
Гөзел.
Сәт.
Қараңғы.
Өмірге өлең боп байланам,
Сонан соң батырам қарамды…

Жылуын сездіріп Ай ғана,
Құс жолы бұрымын таранды.
Күнәм мен күмәнді ой ғана,
Мысықша тырнайды жарамды.

Досым көп аянбас көмегін,
Жауым көп ізімді аңдыған.
Сол түннің жоғалтып дерегін,
Көзімді тарс жұмып қалғығам.

Бақыттың заһарын жұтып қап,
Күнәмді әлемге жаярмын.
Сол бір түн бетімнен қытықтап,
Елесің оятты.
Ояумын.

Көргенше өлердей асығам,
Жұп қылмас тағдырға қырсығып.
Күнәмді несіне жасырам(?)
Менсіз де тазармас тіршілік.

Үміт — ол желге ұшар үлпілдек,
Тәңірден сен жайлы сұрағам.
Айнаға қараймын күлкім кеп,
Әлемді арылтып күнәдан.

Күнәсіз демеңдер күнәм бар,
Күмәншіл іңірде күйреген.
Балауса сезімге құмарлар,
Сол түнгі жұлдыздай сиреген.

Сүймесін дедің бе?
«О, жынды»…
Өзіңнен өзгесін бақылап.
Сол бір түн соқыр қып көзімді,
Сен неге ояттың?

«Ақымақ»

Романс

«Өмір өзі-ақ өлтіреді сен мені,
Өлтіріспе жарығым!»

Мейірхан Ақдәулетұлы

Сөнбейді деп сенімнің шырағданы,
Кім алдады? Иә, рас кінәм бары.
Сағынышым айналып сандыраққа,
Көз ұшында сәттердің мұнарлауы.

Заңдылық па екі әлем тоғыспауы?
Бәлкім бізді көрінбес тор ұстады.
Періштем деп атауға серт бермеймін,
Пендешілік еткен жоқ періште әлі.

Құлазып ой, тоңып тән, құрып сүлдер,
Бәлкім бізді айырды күдікшілдер.
Менің жаным бірге ұшып кететіндей,
Үп еткенде шашыңнан үмітсіз жел.

Солғандай-ақ жүректің гүл күлтесі,
Сонсоң мыйда Мәжнүннің күңгірт есі.
Кездестірер әйтеуір «Мың бір түнім»,
«Мың бір күнім» немесе «Мың бір кешім».

Эйфория

Жан қиналар кезеңді елемей көп,
Ғұмыр кешіп келеміз сағынышпен,
Саңылауын сананың көлегейлеп.

Сығалайды ессіздік, бозбала мұң,
Түйсігімде бір шаттық кемсең қағар,
Бейуақытта жоғалта жаздағаным.

Қай тарапты бетке алсам жарық әр шам?
Мені бәлкім жолымнан адастырды,
Жалғыздарды Құдай деп таныған шақ.

Жұпар иісі гүлдердің елтеді кіл,
Ауық-ауық күрсінем даланы аңсап,
Айықпайтын кеудемнің дерті еді бұл.

Қайырылмас бағзы миф, өткен аңыз,
Жұмақ- тамұқ, ақ-қара… жаға жыртып,
Көбелектей күйгелек боп барамыз.

Азғын ойлар ұйқымды көп ұрлайды.
Бәрі де енді басталды… Сүйемін мен
Ертегіні өмір мен өлім жайлы.

Ақиқатты сүйемін Тәңір жайлы!..

Аңсар

Білем, күнім, бір тылсым үміт барын,
Ұмытпадым, жалғыздың ұғып хәлін.
Желдей тонап жүр ме әлде есіл күндер,
Жанымның жапырақтай сынықтарын?

Қауырсыным қайғыдан көп өртенді,
Дертті жанға: ой — жегі, өлең — шерлі.
Кінәлі кім? Адассақ, араша кім?
Күннен қалай жасырам көлеңкемді?

Шексіз сауал, мөлдір мұң, кіл үнсіздік,
Безіп кеткім келген. (Хош, жұғымсызбын!)
Ең қиыны — «Кешір…» деу, «Сүйемін…» деу,
Сезімсіз өмір сүру — ұғымсыздық.

Назына елтіп біз күткен қарашаның,
(Аңсарым — сенің нәзік алақаның)
Тым аяулы, тым аңғал қарашықтар,
Сөрелерден іздейді «А» қатарын.

Қағаз кейпім қол созар өзің жаққа,
Сағыныштан сарғайды ол өзің жоқта.
Ұсындым мен армансыз кезімді оққа,
Түсірдім мен алғаусыз сезімді отқа.

Соның бәрі баянсыз кезең үшін,
Байқаймысың, түнекті кезеді шу.
Ауырлығын сезіндім күрсінудің,
Езілгенін жүректің сеземісің?

Құшақтап ал, саусағың дірілдесе,
(Бәрі жақсы, әлдене күбірлесем).
Кірпігіңнен үзілген моншақты аяп,
Жасың тамған өлеңде ғұмыр кешем.
Қайтейін…

-Самал, көктемге барып қалсақ:

Шай ішейік өріктің гүлін қосып,
Оңашада сырласып, күбірлесіп.
Бақыт жайлы сүркей жел сыбырласа,
Төбемізден бұлт емес ғұмыр көшіп.

Шай ішейік бірге естіп құстар әнін,
Менің жаным өмірге құштар әлі…
«Carpe diem» дегенің латын сөзі,
Тәржімәсы «Сәттерді ұстап алу»

Шай ішейік бал қосып, лимон қосып,
Сенің нәзік жұпарың сирень хошы.
Ерні күйген біз ғана емес шығар,
Сүркей желден үрлеуді үйрен, досым.

Шай ішейік сүт қосып, шекер қосып,
Көргендер тәттіқұмар екен десін.
Жалықтырса кей-кейде кофехана,
Сен ұсынған шайды аңсап кетем, досым.

Шай ішейік сынғанша үміт кесең,
Тұнық десең өзің біл суық десең.
Амнезияға шалдықсаң, мені қойшы,
Көктемге барар жолды ұмытпа сен!

Ұмытпа сен мені де…

Шалық

Сағынышымның салмағы серттен ауыр,
Күрсінісімнің деміне өкпе қарып.
Бұзып-жарып кеудемді көктем ару,
Есімді алдың жанымды дертке малып…

Сол үшін
Өкініштен өртеніп қайғы құшам,
Мүрдесіне дұға оқып ойдың ұсақ.
Қасиетті сезімдер жығылғанда,
Қасіретті жалғыздық жайды құшақ.

Тұнжырайды түнгі аспан мен тәрізді,
Бөлек кешіп жүрсің деп шер теңізді.
Анасындай аяла жалқы тағдыр,
Енесіндей аяулы, ерке қызды.

Қасаң мінез көрсетпей еріктен тыс,
Түйсік көнсе бейкүнә көріпкелміз.
Сөзден анық ойларды тұншықтырып,
Бөзге оранып кетеміз неліктен біз?!

Сонан соң,
Мезі болдым мына түн кірпік ілмей,
Кездесетін күнді аңсап күлкі білмей.
Көңіліңнің көз жасы ыршып түссе,
Мені жоғалтып алардай үркідің бе?

Жүрегімде жаттанды ерін табы,
Жанарымда сақтаулы сенім таңы.
Сөзім үшін селт етсең менің қамым,
Сезім үшін серт етсем сенің қамың.

Қайта айналып келсе ғой бағзы дәурен,
Шалық тиген тәнімде жан жүдеуде.
Пәруанаң ем адасқақ ілкі күннен,
Сені сүю секілді жалғыз әурем.

Сол сәтте,
Есімді алған жанымды дертке малып,
Мөлдірейді өмірім көкке налып.
Кездесу кезеңіне қимай қарап,
Қоштасу кезеңіне кеткен ару —

Мен сені сүймеймін!..

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *