Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды төртке бөліп, соның ішінде тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал деп атаған жөн екенін айтқан. Сол санатқа лайық, лайым аузынан ақ батасы үзілмейтін, ауылымыздағы дария ақыл ақсақалдардың бірі – Өтеулі Хасанұлы. Өнегелі жанның өмірдерегіне бір шолу жасасақ: 1939 жылы 4 ақпанда Нұржау ауылдық кеңесіне қарасты Дәшін ауылында өмірге келді. 1949 жылы сол ауылдағы Каганович мектебінің 1 сыныбына қабылданып, 1955-1956 жылдары Жамбыл ұжымшары орталығындағы Панфилов мектебінің 6-7 сыныбын оқып, 1957 жылы Нұржаудағы бұрынғы Ворошилов мектебіне ауысып, 1959 жылы В.И.Ленин атындағы қазақ орта мектебін бітіріп шықты.
Бұғанасы қатпай жатып, бейнетті тірлікке белін бекем буып, 1959-1961 жылдары Киров атындағы кеңшарда сиыр бақташысы, жазда пішен бригадасында пішенші, звено жетекшісі болып жұмыс жасады. 1961 жылы Гурьев ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, 1964 жылы зоотехник және веттехник мамандықтары бойынша ойдағыдай аяқтады. 1964 жылы тамызда Маңғыстау ауданындағы «Правда» кеңшары «Тиген» малдәрігерлік учаскесінің меңгерушісі, 1965 жылдың сәуірінен бастап 1966 жылдың қазан айына дейін сол кеңшардың бас мал дәрігері қызметін атқарды.
1966 жылдың қазан-желтоқсан айларында Киров кеңшарында «осеменатор», 1967 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының жолдамасымен «Коммунизм жолы» кеңшарындағы мал емдеу орталығында мал дәрігері болып еңбек етеді. 1967 жылдың тамыз айында сол кездегі №5 қой фермасының аға мал дәрігері атанып, 1972 жылдың сәуір айынан 1997 жылдың қаңтар айына дейін «Коммунизм жолы» кеңшары №1 қой фермасының 25 жыл басқарушысы болады. Аласапыран заманда ата кәсібімізді ақсатпай ұстау – «анау-мынау» адам атқара алмайтын ауқымды іс болатын. Өз білімін жетілдіру мақсатында қосымша 1966 жылы үш ай Алматыдағы зоотехник-мал дәрігерлік, 1978 жылы үш ай Орал ауыл шаруашылық институттарында оқыды. 1994 жылы жеңілдікпен зейнеткерлікке шығып, жұмысын жалғастырды. 1999-2001 жж. «Ғизат Әліпов» өндірістік кооперативінде мал шаруашылығының тізгінін ұстады. 2002-2010 жж. «Мақаш» өндірістік кооперативінің бас мал дәрігері жұмыстарын қоса атқарды.
Еңбек ер атандырады демекші, қайтпас жігер, қалтқысыз қызметі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет Грамотасымен, Москвада өткен ауыл шаруашылық көрмесінің күміс медалімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медалі және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. 1974, 1976, 1978, 1979, 1991 жылдары «Социалистік жарыстың жеңімпазы», 1991 жылы «ХІІ бесжылдықтың екпіндісі» төс белгілері, 1981 жылы «За спасение утопающих» медалі өңіріне тағылды. 1987-1990 жылдары селолық кеңестің депутаты болып сайланды. Өзі шаруасын ұршықша үйірген ферма ұжымы 1976, 1983, 1991, 1994 жылдары «ауданның чемпион» фермасы атанды. 2007 жылы Республикамыз бойынша Ардагерлер кеңесінің құрылғанына 20 жыл толуына байланысты Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы атынан Құрмет грамотасымен, аудан бойынша «Үздік қоғамдық ұйым жетекшісі» дипломымен ұлығыланды.
Саналы ғұмырын аймақ экономикасының қарышты дамуына арнаған азаматтың атын аудан халқы да ерекше құрмет тұтады. 70 жасқа толу мерейтойына сәйкес ауданның Құрмет грамотасын иеленсе, 2016 жылы «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атанды. Ал, 2018 жылы «Құрманғазы ауданының құрылғанына 90 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Қайраткерлігі мен қаламгерлігі үндестік тапқан жанның жұртшылықтың көкейіндегі түйткілді мәселелерді арқау еткен маңызды мақалалары баспасөз беттерінде үздіксіз жарияланып келді. 1990 жылы облыстық «Атырау» газетінің (бас редакторы Т.Жауыров) Құрмет грамотасын, 2010 жылы аудандық «Серпер» газетінің 80 жылдығына орай, сол кездегі «Атырау-Ақпарат» КМК төрағасы Э.Жұмағазиевтің қолынан Алғыс хат еншіледі.
Қым-қуыты мол тіршіліктің қазанында қайнай жүріп қажырлы кейіпкеріміз ұлт руханиятын жаңғырту дәстүрінен де шет қалмайды. Ата-бабамыз тұтынған көне жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап, жер-жерден табан тоздырып асыл дүниелерді жинаумен айналысады. Қоғамдық жұмыстарды шебер жүзеге асыру қабілетімен 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында округ жанынан музей және Мақаш әкімнің туғанына 180 жыл толуына лайықталған бөлменің ашылуына белсене атсалысты. Бірегей бастамаға ықпалдасқаны үшін «Қоғамдық қор» төрағасы Өмірзақ Қажымғалиевтің қолынан Алғыс хат алды.
2012 жылы Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына байланысты Мақаш округі ардагерлер ұйымы ұйымдастырған музей көрмесі көпшіліктің зор ықыласына бөленіп, облыс бойынша әріптестері арасында бірінші орыннан көрінді. Астана қаласындағы республикалық сайысқа жолданған аталмыш көрме үздік деп танылып, мұнда да жүлделі бірінші орынды иеленді. Мұнайлы өлкеміздің мерейін өсірген диплом және бағалы сыйлықтар Өтеулі атамызға облыс әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты түрде табысталды. Бүгінгі күні де халық қазынасының қайнар көзіне айналған ауылымыздағы музейге қызығушылық танытып, алыс-жақыннан ат басын тірейтіндердің қарасы аз емес.
Одан кейінгі уақытта да Құдайға шүкір, қоғамға пайдалы қарекеттеріне сай көрген құрметі мен жеткен жетістігі жалғасып келеді. 2013 жылы «Ғизат Әліпов мектебіне 20 жыл», 2015 жылы «Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов» медалдарымен марапатталды. 2019 жылы облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісі өтіп, онда 80-ге толған мерейжас иесі — Өтеулі Хасановтың еңбегі де дәріптелді. Оның зейнетке шыққан соң Мақаш ауылдық округінің ардагерлер ұйымын басқарғаны, облыста тұңғыш рет округ жанынан ардагерлер музейін ашқаны, ол республикаға дейін үлгіге ұсынылғаны Қатимолла Ризуанов ағаның лебізімен көңіл толқытарлықтай деңгейде айтылған-тұғын.Осылайша облыс аумағында да абыройлы орнын қалыптастырған ақсақалдың кеудесіне ҚР «Құрметті ардагері» төсбелгісі тағылған еді. Биылғы жылы қазан айында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі жанынан ауданымызда құрылған «Өренді өлкетанушы» клубының мүшелігіне өтті. Клуб төрағасы, есімі қаймана қазаққа етене таныс тұлға Өмірзақ Қажымғалиұлы өңір тарихынан талмай сыр шертуге бар Өтеулі атамызға клубқа мүшелік куәлігі мен «Өлкетанушы» төсбелгісін арнайы тапсырды.
Уақыт өз дегенін жасайды екен. Саулығы мен жасының 80-ге келуіне орай 20 жылға жуық уақыт мүлтіксіз атқарған Мақаш округі ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін ауылдың іскер азаматы Жасталап Тайыровқа ұсынды. «Ер адамның қандай да жетістігінің артында ақылды әйел тұрады» деген рас сөз. Адал жары атанған Ханшайым Өтегенова – азаматының әркез бабын таба білген, қас-қабағына қарап қалауын түсінген қадірлі жан. Шаңырақтарында 2 ұл, 4 қызды тәрбиелеп, одан өрбіген немере-жиендердің қызығына кенелеп отырған парасат иелерінің бұл пәниден көрер жақсылықтары көбейе бергей деп тілеймін.
Ғибратты жанның ғұмыр жолы кім-кімді де, әсіресе жас буынды бей-жай қалдырмасы анық. «Бейнет түбі – зейнет», «Еңбек – ердің көркі, Ер – елдің көркі» деген мақалдардың мәнісін жете түсінгендей боламыз. Хәкім Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» өлеңін өмірлік қағида қылуға құлшынысымыз артары сөзсіз…
Еркеназ Қалижан,
Құрманғазы ауданы