Исламғали Аманжол Рахымжанұлы — 2000 жылы 24 шілдеде Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келіп, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында өскен. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің студенті.

Көшкен бұлтқа ілесіп кештегі әсер,

Жоққа айналған.

Көгімдегі бұлттың да көшкені әсем,

Оны да таппай қалғам.

Жүрегімнен жұлып ап жауһарымды,

Жыл да аттанды.

Сәулесімен жүректің жол табылды

…Көл көңіл құрғап қалды.

Сол кештерге келеді қайта оралғым,

Қайта барғым келеді сол көшеге

Әлгі аруға сөзімді айта барғым…

Сол сезім де,

Сол кезім де

сана ішінде күңгірттеу қайталанды,

Бәрі тек көз ұшында қайталанды…

Бұлт арасынан сығалайтындай өткенім,

— Бұл мен бе?

Кешегі болмыс, кешегі мүсін

Бұлт артындағы өткенімменен бірге өлген.

Кешегімді іздеп күрең тартады бұл күйім,

— Келер ме?

Мен армандаған күллі арман неге тым биік?

Мен ойламаған ой, бәлкім, жатыр тереңде.

Соны ұқтым, сосын сүйкімі қашты бүгіннің,

— Үміт бар!

Ертеңге елеңдеп, жоғына өткеннің жығылдым,

Сенім де кейде үмітімізге кіріптар.

Күн қызара қап мұң шаққан сәт те көз ілген,

Жанымда қазір жоқ адам!

Келе ме қайтып кештерде қалған сезімдер,

Ораламын ба мен оған?

Өткенім уақыт жаққан өртке оранып,

Өкінішке жүректі текке малып.

Кеше кешкен күндерім күл боп бүгін,

Көңілдің көзәйнегін кірлетті кім?

Шырғалаңнан шығынып, шетте қалып

ойланам.

Тұрғаныммен үміттің шамын құшып,

Түндер бойы тоңдырды жанымды үсік.

Бір аймаққа жеткім кеп дереу менің,

Ертеңімнен ем күттім, елеңдедім…

Төмпештесе ой-елес түртіп түндік,

Таңға таман көнігіп, кірпік те ілдім.

Уақыт ағып, көңіл кірбіңсіз болса,

Өкінішпен өңірде үнсіз қалсам

Менің тыныштығымды тінтіп тірлік

қызғанардай.

Кеше ештеңе күтпедім

ешкімнен,

Мен шарасыздыққа шалдыққам.

(Бүгін де мұңлы әуен естілген.)

Ештеңе күтпеймін ешкімнен —

бүгін де жалғызбын сондықтан.

Тек сол сәтті сағындым,

Көлеміндей сығырайған көздердің.

Көз алдымда өліп кетер сәттің де,

Сағынышқа көміп кетер сәттің де,

Оралмасын сезгенмін.

Оралмайды

жыл ішінде жылтыр сәт,

Оны күтіп батқанымен күн баяу.

Жанарларда жалқы-жалқы мұң тұрса,

Жүректерде бір сағыныш жүр ме ояу?

Жүрегімде сағынышым жүр ояу,

…уақыт бәрін өшірген.

Қимас сәтті қайталанбас қылғаның ба, Құдай-ау?!

Жүрегіме көшіріп,

Кетпейтіндей есімнен…

Жанды жамал жарығымен суарып,

Ес жоғалтқам жазықта.

Қуаныштың өңі қалды қуарып,

Бәлкім, қайғы қажытқан.

Майға малып үмітімнің білтесін,

Тұтатады түн ұзақ.

Тамшы тесіп көңілімнің күркесін,

Сәт сырғиды, күн ұзап.

Көктем жасы, көңіл жасы — көл біткен,

Көл көлемін кеңейтеді тамшы мұң.

Сен сағымға сәтті ұзаттың мен күткен

Осы ғана түнге таныс бар сырым.

Жұлдыздардың жорамалы жауыр ғып,

Сынық айдан сығалай ма сағым да?

Түн құшқан сол қала ішінде жаңылдым,

Ол қалада жолдарымнан жаңылғам…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *