Нұртілеу ҚАДЫРҚҰЛ – Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Мәстексай ауылында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Филология» факультетінің 3 курс студенті.  Республикалық VІІ «Мен жастарға сенемін!» жастар форумы «Поэзия» аталымының Гран-При иегері , «Дүниеге келер әлі талай Қасым…»  атты Республикалық мүйшәрада  Сырбай Мәуленов атындағы  арнайы жүлде иегері.

                          

     Сауал  

Кеңістікте қалқыған бұл Жер-қайық,

Жүзіп жете алмай қалған Ай жаққа.

Ауа — Жанды көкке апарар жол ғайып,

   Ашылады қай қақпа?

Сана сансыз шырмалады сұрақпен,

   Заңды жəне қалыпты.

Жаратылды əлем қандай мұратпен?

Мүмкін, құдай жалғыздықтан жалықты…

Көлегейлеп күмəн жүзін жап-жарық,

   Күн-көңілім тұтылған.

Көк тылсымы көкірегімді қақ жарып,

Уақыт уын сімірермін құтымнан.

Жоғалу — хақ, жаралуың — жорамал,

   Сенім — жалғыз серігің

Мəңгі жұмбақ жасырады молалар,

Мүмкін шығар қайта өмірге келуім…

 

  Сағыныш

Желді түні лаулаған отты елестет,

Жүрегімді әкелер көз алдыңа.

Жаның аңсап сағынған “жоқты” елестет,

Бейнем, бәлкім, байқалар бозаң мына.

Құс қамалған құлыпты торды елестет,

Сөзім еді ол айтылмай іштегі өлген.

Қалтыраған қия алмай қолды елестет,

Өкініштен бармағы тістеленген.

Қатеңді ойла, қайтадан тоңдырмасын,

Өз кінәмді кеудеме шегелегем.

Көзің еніп түсіме мөлдір, жасыл,

Айналсоқтап сол ойға келе берем.

Көктемді ойла гүл біткен көктеп өспек,

Құлпырады мұңлы бақ, құсалы жол.

Қара бұлты аршылған көкті елестет,

Сағыныштан жайылған құшағым ол!

   Ойкезбе

Серуеннен қайтпады Ойым.

Қаңғырып,

Адаспауға өзін-өзі нандырып.

Жолықты ма жолай бөтен,жат ғалам?!

Маңайына толды ма екен сан Күдік?!.

Серуенге кеткен еді Ой алдап,

Аяусызға аянышпен аялдап.

Енді жүрек қандай күшке бойұсынып,

Енді жүрек қандай түске боялмақ?!

Сол шіркінді жетпей дəрмен тұсауға,

Түні бойғы арпалыспен түс ауған.

Бірақ, ойсыз қайғы ұшына қонбаймын,

Бірақ, ойсыз Ай құшуға ұша алман.

Шарла!

Шарла!

Ой, жаһанның шарла ішін!

Күшің келсе, күпірлікке бармашы.

Осы күнгі жасап жүрген күнəлар,

Кеше ойлаған Ойларымның жалғасы…

 

Күллі ғалам көркемдігі көз-айнаңнан

көрінді !

Көрдім,

сосын, жаным ұшып шексіздіктен əрі астым.

Көңілімді құбылттың да, түстей қылдың өңімді,

Түс пен өңнің арасында сандырақтап

адастым…

Адасқанда жалғыз саған жол сілтейді  Жел ескен.

Бар білері Сені сомдау сұлу көктем кешінің.

Жиі-жиі күлім қаққан  бейнең  келді елестеп,

Əлсін-əлсін әуезді үн боп жетті есімің.

Есіміңді күбірлеп ем,

Ай назданып, гүл жауды.

Сен жайында ойланып ем, сəуле тілді түнекті.

…Доғарсам ба жас сезімнің болашағын болжауды,

Жоғалсам ба жолыңа төсеп тастап Жүректі !

                    

Қонар бұта таппаған еркін құсым!

Жан айдынға суарған сертіңді ұсын.

Серт күшіне сену де — бұл аңғалдық,

Қай мұң езді?

Қай кезден аман қалдық?

Жолдар жүрем, …сапарлар, жондар кезем,

Кешірімнің кезеңі — орнар кезең.

Ажарыңа Ай жырын арнай кетсем,

Маңыңнан шалғай кетсем,

Сен егілген түндердің тамшы жасы

нөсер болып жауратар.

…жан шыдасын.

Салған шақта жүрегің сағынып əн,

Көлденеңнен үзбесін тағы күмəн.

Мезгілдерді елемей шыршадайын,

Өңін бұзбай көңілің тұрса дəйім…

 Күтуменен кеудеңде өзек талса,

Жолайрықта жоғалған мезетті аңсап,

Оралар ем махаббат маздау үшін,

Оралар ем азаптан аздау ішіп…

       

түсімде:

бағып жүрмін бала күнгі өзімді.

…таныдым айқын:

он тоғыздағы Нұртілеу мен

төрт-бес жасар Нұртілеу.

ересегі — түнді сүйеді,

кішісіне — жарық ұнайтын.

жетектеп жүріп, өлең оқыды,

ауыр-ауыр ойларын айтты

оңаша ап барып,

дəл осы күнде болашақ барын.

үлкені өзіне ұқсатқысы келді,

доп орнына кітаптар ұстатқысы келді.

көнбеді сəби, қаша жөнелді.

жүгірістер мен күлкі,шулардан

жасап өнерді.

айнала қашты түз жазықтарын,

қуалап жүріп, балғын бейнеден

мəңгілікке енді көз жазып қалды…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *