Жанерке Мерекеқызы Ғинаят 1996 жылы 24 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың филология факультетінің түлегі. Қазіргі таңда «Жайық Пресс» медиахолдингінің әкімшілік бөлімінде корректор қызметін атқаруда.

Кейде бойыңды беймәлім, бұлдыр қуаныш билейді,

үркек үміттер сәттерді ішкізбей тым алыс сүйрейді.

Кейде көктен, жерден, санаңнан түн ағады.

Жүректің әр сағынышы жанардан сұралады.

Менің жаным  әуелден шалғайға базыналы.

Шахарлар да тағдыр сияқты маңдайға жазылады.

Көктемаңсауық

Сілкіндірді ме кешті сыз демім?

Кешті тым ада күнәдан.

Сағынғым келеді ес-түссіз менің

сағынышымен тірі адам.

Мен сүйген мезгіл сұсты неліктен?

Жылылық, кімге обалың?

Құсасын жұтып қыстығып өткен

құстар да қайтқан жоқ әлі.

Көктемі келмей құрғамайды шер,

Дәрменсіз халін ұқты қыс.

Зарығын жанның жұлмалай түсер

Теміржолдар да тып-тыныш.

Таусылар әлде кезім келген бе?

Көлеңкең көзде салады із.

Соқыр сезімді сезінген кеуде,

Біз қайда қалып барамыз?

H a s s l i e b e

Менің кеткім келеді…

Адалдық текке күйіп кетпеуі үшін,

Қасірет көз жасын сүйіп кетпеуі үшін,

Тамшыға тағдыр сыйып кетпеуі үшін.

Сезімдер іште өліп тынбауы үшін,

Жоғалтқандарымды жолықтырмау үшін.

Өзіме қайта оралу үшін,

Үзілген хаттың обалы үшін.

Жаңару үшін, тазару үшін,

Дәуірлеп шеккен азабым үшін.

Көрмеуім үшін, көрмеуің үшін,

Өлмеуім үшін, өлмеуің үшін.

Кеткім келеді,

Теңізден де асып,

Өзімнен қашып, өзіңнен қашып.

Таусылдым шыдай,

сарқылдым жылай,

«Жалғыздың жары қашан да Құдай».

Утопия

Жанарымнан тұн құлап,

мөлтек сәттер көз алдымнан көшеді,

тоқтатуға дәрменім жоқ бес елі,

көзім алды бұлдырап

Тәңірімнен азабымды дұға қылдым кешегі.

…Сен өмір ең маған шын…

Ал қазір ше?

Жүрегіме ие мұң,

Мен мұңды да өлеңімше сүйемін.

Сен бәріне адалсың,

Маған адал емесіңе күйемін.

Өзегімде бәрі удың,

кеуде керген күйінішпен алам дем,

арқамдағы зіл батпандай наламмен,

дүниеде зәрумін

тынысымдай саған мен.

Сағыныш па ең, сағым ба ең?

Мендей сенің шеріңді ұғып, білер кім?

Сендей менің шерімді ұғып, білер кім?

Жазмышыңда өлгенше өмір сүрермін.

Ал әзірге…

Жаныңды орап жаныммен

жүрегіңді бұлтқа байлап жібердім.

«Человек носит ад в самом себе».

Мартин Льютер

Еміс-еміс есімде ескі қайғым,

ескі қайбір?..

Білесің бе?

Мен…

Мезгілдерден мезімін серті бекер,

Дауа деген аспаным – дертім екен.

Тәтті деген түстерім –

 өртім екен.

Неге ылғи бір күйік кеше берем?

Күйіксіздің басынан көшеді өлең.

Қайтсем мені сақтайсың Ұлы шыдам?

Қайтсем мұңның құтылам уысынан?

Мұның бәрі…

Оралу үшін бе еді?

Сол баяғы қаузайтын ішімдегі.

Сен қолыңды созбашы үмітіме.

Әйтпесе, үгітілем…

«Өлген сезім қайтадан тірілмейді», –

көлеңкелер ішінде күбірлеймін.

Неге жаным елтеді сорға үнемі?

Азабымнан өзімнің қорға мені…

Күйреуік

«Из множества слов не сложить прикосновения»

Дебора Боэм

Көздер өлді, сөздер өлді, серт өлді,

зарық жұтып, у ішіп.

Қолың тиген қауырсыным өртенді —

күлге толды уысым.

Аспан да анау мақта бұлтын құлатып,

мұңға малып реңін,

ебіл-себіл қайтқан құсты жұбатып,

көкжиегін түреді.

Менің күйім – сол қоңыр күй әуелгі,

өкпем де сол өлермен.

Қайырмасы әр көңілсіз әуеннің

өмір сынды сен өрген.

Сағынышым – қарашаның құрбаны,

ойлайтыным – ауыры.

Босағада еңірейді жылдарым

жаза алмаған бауырын.

Соры батпан сүйретілген сүлдемнен

тамтық мұңды сіміріп,

есімді алып есінейді іргемнен

сенің қою іңірің.

“Ұмыт” дейді ол, “ұмыт” дейді ол шырылдап,

мен жүрекке үңілем…

..Жаны ұмтылған аяулысын ғұмырда

ұмыта ма тірілер?..

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *