(«Sakhara» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 2020 жылғы 10 тамыздағы №30-31-32-33[1309] нөмірінде жарияланды)
Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовты сергек ойлы, сұңғыла саналы жандардың білмейтіні кемде-кем. Сөз жоқ, ол мұнай өндірісі саласындағы санаулы саңлақ, бірегей тұлға. Кеңестер Одағы дәуірлеп тұрған күні кешегі замандарда оның есімі әлдеқалай аталса, Мәскеудегі мықтылар мен марғасқалар елең етісіп, алтын жиекті көзілдіріктерін қолдарына алып «Ол не депті?» — деп өзге шаруасын тоқтата тұрады екен. Қазақтың «қара алтынын» өндіру ісінде Жолдасқалидың жолы да жөні тым бөлек. Кеудемсоқ Одақтың көзі жерге түспейтін партократтары мен бюрократтарына қысылтаяң шақта Жолдасқали Ахметұлының ғана сөзі өтіп, қазақтың елдік мүддесінен тірелер бірқатар шаруалар оңынан айналған. Жаратушы хақ тағдыр талайына қаншалықты тұзды сор мен ауыр азапты артқанымен, содан арылтатын жанкешті ұлдарын да дембіл-дембіл жаратып отырған. Солардың бірі де бірегейі деп Жолдасқали Ахметұлын айрықша астын сызып айтқанымыз дұрыс. Сөз жоқ ол ата тегіне біткен тектіліктің заңды мұрагері. Халқыма бір пайдамды тигізсем деп соққан албырт жүректі арман иесі. Оның таңғажайып талантына, білімі мен білігіне, өздерінен кейде асып түсіп кететін зеректігіне обалдары нешік, одақтық деңгейдегі «қасқабастар» мойынсұнған. Талап-тілектері, өтініш-ұсыныстарымен ылғи да санасып отырған. Шамалары келсе Жолдасқалидың жолына тұрмауды ойластырған. Оның еврей не орыс болмай қазақ болып туғанына қызғанып, іштері күйе тұра, бағалы бастамаларын қолдамаудан қаймыққан. Себебі, Жолдасқали Ахметұлы нені ұсынса да, нені айтса да бұлтартпас ғылыми дәлелдемелерін алға тартып, былай-былай тайқып кетуге, екіұшты жауап беруге ешқандай мүмкіндік қалдырмаған. Оның қазақ жеріндегі «қара алтын» кенін игерудегі жобалары сайып келгенде бұрынғы Одақтың қазынасына тың да қисапсыз үлес болып қосылып отырған. 1991 жылы алғаш өнім бере бастаған, әлем құлағын елең еткізген алып кеніштің бай қорын анықтап, оның қойнында жуық маңда таусыла қоюы екіталай ересен қазына жатқандығын ғылыми тұрғыда дәлелдеп, «Теңіз» деп атын қоюының өзі, ғасырда қайталануы екіталай ересен ерлік деп бағалауға тұрады. Осы алып кеніштен «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны арқылы мұнай өндіріліп ел Тәуелсіздігі іргесін мықтап бекітіп, еңсесін тіктей түсті. Мұнайы бар елдің шырайы бар елге айналғаны бізге тән бұлжымас ақиқат. Махамбет бабамыздың «Қара қазақ баласын хан ұлына теңгермек» арманы орындалды. Теңелдік, озық отыз елдің қатарында болуға «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын белгілеп, оны нақтылы істерімізбен дәлелдеп, жүзеге асырудамыз. Осы тұрғыдан ой ұзартсақ, теңіздей терең бұлқыныспен ел игілігін еселеп арттыруға айрықша үлес қосып келген алып кеніштің жаһанға жария болуына сенімді негіз қалаған Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовтың алдына сәт сайын бас иер тағзым құрметін жасау – елдік парыз демекпіз.
Иісі қазақтың мақтанышына айналған Жолдасқали Ахметұлы 1916 жылдың 15 қыркүйегінде Мақат ауданының Ракуша кентінде туған, мұнайлы өңірдің перзенті. Тоқ етерін айтқанда Маңғыстау және Атырау мұнай кендерін ашушы әрі игеруші. Тамыздың от шарпыған ыстығы саябырсып, қауырсын қанаттар қоңырау үнімен сыңғыр қаққан 2016 жылғы Қыркүйек айының орта шенінде Жөкең атанған, өзін сан қырынан мойындатқан Жолдасқали Ахметұлының туғанына 100 жыл толды. Аллаға шүкір, туған өңір тау көтеріп әкелген Толағайдай ұлына қамсыз қарап қалған жоқ. Еске алу, ұлығылау, ұрпағының мерейін көтеру, есімін мәңгілікке қалдырудың жарасты нышандары көңілге қуаныш үйіргені есте. Оның бәрін болмағанымен біріне ғана тоқталып өтсек: Атырау политехникалық колледжінде сол жылдың 8 – сәуірінде «мұнай-газ саласы бойынша мамандарды дайындаудың заманауи бағыттары» тақырыбымен айрықша ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, ол Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Геолог күнімен орайластырылғанын ел жұрты жақсы біледі. Себебі, республикалық көлемде өткізілген шара болатын.
Мұндағы конференциядағы өзекті тақырыптарды ашудан басқа жағымды жаңалық – осы өңірдегі мұнай-газ саласын ұйымдастырушы қос саңлақ Жолдасқали Досмұхамбетов пен Таумыш Жұмағалиевтің есімдерін колледждің екі оқу кабинетіне беру. Сөйтіп, Мұнай бөліміне қарасты №214 «Мұнай және газ скважиналарын пайдалану» зертханасына Ж.Досмұханбетовтың, №204 «Жалпы мұнай және мұнай кәсіпшілік» геологиясы оқу кабинетіне Т.Жұмағалиевтың есімдерін беру үлкен салтанатты шараға ұласты. Бөле-жаратыны жоқ, екеуі де жоғары білімді ұлттық тұлғалар. Сонау өткен ғасырдың 30-жылдары осы оқу орны – бұрынғы мұнай техникумында қатар оқып білім алған.
Бұл баянымыз Жолдасқали Ахметұлына арналғандықтан осы кісі туралы құнттай түспекшіміз. Белгілі мұнайшы, білікті өндіріс командирі ат-атақтан құралақан емес. 1966 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы атағы беріліп, Ленин атындағы сыйлық та тапсырылды. Бұған дейін яғни 1995 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. КСРО-ның Құрметті мұнайшысы. 1940 жылы Мәскеу мұнай институтын, 1953 жылы КСРО Мұнай өнеркәсібінің Мәскеу академиясын үздік оқып түгескен. Ленин орденімен, Октябрь Революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына 2 мәрте сайланған. Әрине, мұның бәрі халқына сіңірген лайықты еңбегінің айшықты көріністері. Осындай мұнай өндірісінің белгілі тұлғасының 100 жылдығына орай шаралар туған өңірінде үздіксіз жалғасты. Қазақ Мұнайының 100 жылдығы салтанат құрған тұста елге бергені де көп, берері одан да қомақты Атырау мұнайшылары бір кездегі әріптестері Сафи Өтебаев пен Жолдасқали Ахметұлына «Халық қаһарманы» атағы берілер деп үміттенді. Бірақ… Дұрысында Жолдасқали Ахметұлы «Еңбек Ері» болуға әбден лайық тұлға. Оның жанкешті тірлігі мен халқына сіңірген айрықша еңбегін біліп, мұнай өндірісін жаңашылдықпен игеруге қосқан өлшеусіз үлесімен танысқан кім-кімде біздің бұл уәжімізбен толық келіскен болар еді. Кеңестік жүйе қой мен жылқы баққан көкелерге, комбайншыға, тіпті пошташыға дейін үлгілеп берген «Социалистік Еңбек Ері» атағын Жолдасқали Ахметұлы сияқты ортақ қазынаға сан миллиардтап табыс құйылуының негізін салушыға келгенде пейілденбей қойды. Ел өндірісінің бұл басты саласындағы батырлар өздерінен болуы керек бұл – бір. Екіншіден, туған елі – бір қатарда жүрген қазақстандық билік өкілдері, сала басшылары тарапынан немқұрайлылық басым, қолдау – кем, қолдамау – алға шығады, арыз-шағым да жеткілікті. Ең негізгісі: «ұлтым», «халқым» деп емешегі үзілуінде, ұлтжанды болып жаратылуында.
Ендеше біз әңігімеміздің төркінін осы бағытқа қарай ойыстырғанды жөн көрдік. Құдайға шүкір, Тәуелсіздік қазақтың ұлдары мен қыздарына қайдан, қандай білім аламын десе де еркіндік берді. «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» емес, қазіргі заман. Қаланы қойып, ауылдан шыққан қара домалақтардың Қытай, Түркия, Америка, Жапония, т.б. өркениетті елдерде оқитыны таңсық болмай қалды. Бірақ, бір нәрсе кемшін соғып жатқаны анық. Ол – ұлтына, еліне, халқына деген сүйіспеншіліктің жетпей жатқандығы. Әйтпесе, кейбір білімді шәкірттер оқуын түгескен соң ақша, байлыққа қызығып өзге елде ойланбай қала салмас еді ғой. Мұндай көңіл жүдететін ездік те жиі естіліп жатады. Бүгінгі буынға ең басты керегі осы баянымыздың кейіпкері Жолдасқали Ахметұлының және осы тұрғыластардың отаншылдық түзу қалыбы. Жолдасқалиға да дүние, байлық, жайлы пәтер, т.б. басты мұратқа саналмаған. Ол туралы ойламаған, бұйырғанын апыл-ғұпыл ішіп, жеп, балаларының тәрбиесін жұбайына аманаттап, қайткенде де жаңа мұнай көздерін көптеп ашамын, игеремін, Отанға білім-білігімді арнаймын, халқымның тұрмыс жағдайын жақсартамыннан өзге алаңы болмаған. Сол жолда кімнен де тайынбаған, Мәскеудің мықтыларының да мәжіліс, жиналыстарда сөздерін бөліп, өзінікіне жүгіндірген. Біз Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовты айтқанда алдымен осыған көңіл бөлуіміз керек сияқты. Ұлтын, халқын, елін, сүюді оған өз әкесі Ахмет аманаттаса, Ахметке – Досмұхамбет. Ал бүгінгі Тәуелсіздік жолында адал ісімен танылып жүрген Жолдасқали ұрпақтарына, әрине Жолдасқалидың өзі. Бүтіндей бір буын, текті әулеттің тегеурінді қажыр-қайраты қазағына, еліне қапысыз арналуда. Әрісіне бармай-ақ Жолдасқалидан тарағандардың тірлік машығын, адами қалыптарын түгендеп кетсек осындай кемел тұжырымға ой бекітеміз. Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов жайында қаламгерлер қолынан шыққан жазба деректер молынан жетерлік. Десек те, Қобылан Жолдасқалиұлының әке жайлы толғанысты кітабының бәрінен биік тұрғаны шүбәсіз шындық. Сондықтан сол шығарманың өз бауырларына қатысты жерінен мына үзіндіні сөзбе-сөз беру ұйғарылды: «1948 жылы туған Қарлығаш апайым мен жездеміз Сәлімжан екеуі де геолог. Әкеміздің көзі тірісінде қарауында геологиялық бөлімде Орынғазы ағаймен қоян-қолтық жұмыстас болды. Қазір Алматыда тұрады. Сәлімжан Мәскеуде аспирантурада оқып, геология – минерология ғылымдарының кандидаттық диссертациясын сол жақта ойдағыдай қорғады. Осы елдің жігіті. Әкесі Өміршин деген атақты кісі. Ертеректе Есбол жағында ауатком төрағасы болған қадірменді жан. Сәлімжандардың да екі ұлы желкілдеп өсіп, үлкені – Сәкен жиеніміз ата кәсіпті ары қарай жалғастырған жас маман. Болашағынан зор үміт күттірерлік геолог. Кіші жиеніміз Марат Қазақтың политехникалық институтында. Меніңше, арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғысы да солай.
Шара болса 1954 жылы туған. Мамандығы дәрігер. Күйеуі Еңсепов Зинетолла физика-математика ғылымдарының докторы. Профессор. Бұлар соңғы бес жылдан бері Жапонияда тұрып жатыр. Шара сол жақтан ағылшын, жапон тілдерін меңгерді. Қазір ептеп аудармашылықпен айналысатын сияқты. Екі балалары бар. Екеуі де Америкада оқиды.
1956 жылы туған Баян қарындасым есеп қызметкері. Күйеуі Жұмабай банк саласында білікті маман. Исатай інім 1957 жылы дүниеге келген. Губкинді бітірді. Мамандығы геолог. Соңғы жиырма жылдың бергі жағында осы салада қызмет етеді… Жұбайы Сахиба Ақтөбенің медицина институтын тәмамдаған. Бала дәрігері. Соңдарынан ерген Гауһар, Мәлика, Камилалар әзірге мектеп жасында. Кенжесі – Асқар. Әулеттің ең кішісі Махамбет 1960 жылы туған. Ол да геолог. Әкеміз қайтқан жылы орта мектептің соңғы класында оқитын. Сол жылы ойланбастан Губкинге түсті. Жұбайы Гүлзира Қаражігітовамен сол жақта табысып, танысты. Болат, Меруерт, Айман атты ұл-қыздары бар. Астанада тұрады. Махамбет «Қазақмұнайгаз» ұлттық мұнай компаниясында геология жөніндегі департаменттің директоры. Ол да мұнай өнеркәсібін өркендету ісіне ат салысып келеді. Жұбайым Медел Алматының Әл-Фараби атындағы университетінің математика факультетін тәмамдаған. Институтта жоғары математика пәнінен сабақ береді. Екеуміз төрт бала тәрбиелеп өсіріп отырмыз. Үлкен ұлымыз Мұрат заман талабына сай бейімделіп, бизнесмен атанған. Нұргүл келін екеуі Тамерлан және Томирис атты ұл-қыз өсіріп, әке-шешесіне немере, әжелеріне шөбере сүйгізуде. 1975 жылы туған Мәдинамыз экономика ғылымдарының кандидаты. Бұл күнде ТШО-да істейді. Бір еске алатын жәйт – оның да нәп-нәзік жүрегінде, ата кәсіпке деген құштарлық алаулап тұр. Ол жұмысқа орналасар алдында толтырған анкеталық, анықтамасында:
Аты шулы Теңізді ашқан менің атам, Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов, — делінген.
Алтындай Алматыңнан өзіңе қолайлы жұмыс таппадың ба? – десе керек. Мәдина бұл жерде, де бүйір қақпай:
Атам әруағын риза еткім келеді. Оның жарты жасын қысқартқан Теңіз кен орны менің өскелең өмірімді ұзартуға тиіс, — депті.
1977 жылы туған Бәтима – екінші қызымыз.. Ол да Болгарияда оқып, Софья университетін тәмамдады. Бүгінгі таңда Англияда мамандығын әрі қарай жетілдіру үстінде. 1982 жылы туған Дина Англияның Оксфорд университетін бітірді, қазір Америкада. Бір сөзбен айтқанда, Досмұхамбетовтер әулетінің бұл шаңырағында оқу-білімге деген құштарлық ата дәстүріне әбден лайық. Яғни білімдарлық – сүйекпен бітіп, қанға сіңген қасиет іспетті!»
Бұл шығарманың жазылғаны да күні кеше емес, жылдар артын жылдар жалғап барады. Жолдасқалидан тарағандардың мектеп, жоғары оқу орнында оқитындары әлдеқашан алдыңғыларының қатарына ілесіп, өмірден өздеріне лайықты орындарын тапқан шығар. Әйгілі әулеттің отбасы құрамдары жаңарып, толысып, мәуелі бәйтеректің бұтақтарындай құлашын кеңге жая түскендері кәміл. Қызмет баспалдағымен өсіп, өрлей түскендері де бар шығар. Ата кәсіптен абырой арқалап жүргендері өз алдына бөлек бір-бір әңгіменің желісі. Ол енді келер күндердің еншісіндегі шаруа. Қысқасы, Жолдасқали Ахметұлынан тарағандар Тәуелсіздік аталатын киелі ұғымды қастерлеп, қадірін асыруға жарап жүргендер. Оларға әке рухы да риза шығар. Өйткені қай-қайсысы да білімді де өнерлі, халқын құрметтеп, ұлтын сүйетіндер, ата дәстүр, қазақы ғұрыпты ұлықтайтындар. Демек, керуен көштің алтын соқпағынан ауытқымай күнге беттеп бара жатқаны бұл. «Адам бол, адал бол, ала жіпті аттама, масылдықтан сақтан, ұлтыңа қызмет ет» деп өсиет қалдырған әке аманатына қылау түсірмеудің ең жоғары көрінісі де осы.
Жолдасқали Досмұхамбетов жай ғана қарапайым мұнай өндірісінің басшысы емес, бойына ата қаны, ана сүтімен қазақ тілі мен әдебиетінің бай құнарын жұқтырғаннан, ешкімге де дес бермей құр сапыра беретіннен емес, туған тілдің құдіретін түсінетіннен. Көсемдер мен шешендердің, билер мен батыр-бағыландардың кейінге қалдырған кемел ойларынан жаны ләззат тұшынып, оны бас құралған жерді насихаттаудан жалықпапты.
Ағамыз алғашында филолог болуды арман етіпті. Бірақ оның бұл талпынысын Қазақстанның алғашқы мұнайшыларының бірі Қазыбек бидің ұрпағы Берікқали Атшыбаевтың «Қазақ ұрпағы қой бағып, қолынан келгендері егінін салып жүре беретін күн алыстап барады. Жеріміздің асты тұнып тұрған байлық, соны игеру керек. Ең бастысы — мүнайды» — деген сөзі әдепкі ойынан қайтарып, мұнайшы болуға бағыт бұрғызады. Солай ол Гурьев мұнай техникумының есігін ашады. Белгілі мұнайшы, есімі елге танымал замандасы Таумыш Жұмағалиев өзі болған жерлерде Жолдасқали ағаның отаншылдық бейнесі жөнінде жиі әңгімелеп, ұлағаты мол естелік те жазып қалдырыпты.
«Техникумда оқып жүргенімізде қазақ тілінде жар газетін бірге шығарыстық. Ол уақытта қазіргі кездегідей діні мен ділінен, ананың ақ сүтімен бойға сіңген қасиетті тілімізден, ұлтынан безген «бейшаралар» мүлде жоқ болатын. Ұлттық патриотизм, нәсіл тазалығымыз пәрменді болатын. Оқу барысы, шәкірттердің қоғамдық істерге белсенділігі хақында жиналыстар өткенде үздік те үлгілі оқушылар аталмай қалмайды. Әрине, нақ басында «отлично» деген бағаларымен, үлгілі тәртібі, ерен белсенділігімен Жолдасқали Ахметұлы бірінші болып мадақталатын. 1934 жылы техникумның 3 курсын үздік тәмамдап, М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтына ол солай барып түскен. Бұл сол жылы Гурьев мұнай техникумының педагогикалық ұжымы үшін ұмытылмас зор мақтанышқа айналды». Бұл әйгілі Таумыш Жұмағалиевтың естелігінен сәл ғана үзінді. Ұрпақтары айтатынындай Жолдасқали аға да орыс тіліне шорқақ болыпты. Бірақ, қазақтың қанында екі қасиет барлығына өз көзі жеткен. Оның алғашқысы — өзге тілді тез меңгеруі және сол тілде акцентсіз сөйлеп кетуі.
Жолдасқали Досмұхамбетов туған халқының шынайы жанашыры дедік ғой, әбден дұрыс. Әйтпесе: «Қазақ халқының, билердің, шешендердің тіліне, қисса жырлардың мағынасына көңіл аударып, құлақ салсаң, өз алдына бір дүние. Осындай майса, сұлу тілді қалайша өгейсітуге, зерттеп-үйренбеуге болады деп қынжыламын. Тек Ембі мен Маңғыстауда қанша инженер-техник қазақтар бар. Әрқайсымыз бір-бір шыбық шанышқандай, бір-бір техникалық, геологиялық, ғылыми аударма сөзден-ақ қоссақ, қазақ тілінің бау-бақшасы қаншалықты көктеп, желек шашып марқая берер еді» деп толғанбас еді де.
Айтып отырғанындай Жолдасқали Досмұхамбетов әлемдік қолданыстағы геологиялық, технологиялық, мұнай өндірісіндегі біршама сөздердің сол кездің өзінде-ақ қазақша баламасын тауып қолданысқа енгізген. Зерттеймін деген талапты жан табылып жатса, мұның өзі бөлек бір дүниеге айналары сөзсіз.
Өзгенің дәлелдеулеріне шаныңқырамай өлкеміздегі әрбір мұнайлы өңірдің мүмкіндігін анықтауға өзі зерделі зерттеулер жүргізіп, нақтылы бір тұжырымға келген. Мәселен, Маңғыстауды алсақ, геология ғылымының тәжірибесінде осындай көп қабатты мұнайлы аймақтар сирек ұшырасады екен. Әзірбайжан бауырлар жердің жоғары қабаттарынан ғана өндіреді. Қазіргі шақта тым тереңгі қабатты үңгіп кеткен. Түркіменстанның мұнайлы қабаттары 4800-5000 метрде. Ал, біздің Маңғыстауда жерге біршама жақын, Батыс Сібірдегідей батпақты кешіп жол салу, Түркіменстандағыдай сусымалы құммен күресу деген мүлде жоқ. Маңғыстау мұнайының сапалылығы сонша 15% бензин. Ағамыздың осы сияқты дәлелдеулеріне кезінде Мәскеу мықтылары лажсыз бас шұлғысқан.
Жолдасқали Досмұхамбетов 1940-1942 жылдары Байшонас мұнай кәсіпшілігінде бас геолог, 1942-1943 жылдары «Ембімұнай» комбинатында бас геологтың орынбасары, 1971-1977 жылдары «Ембімұнай» комбинатының бас геологы қызметтерін абыроймен атқарған адам. «Өмірімнің ең таңдаулы, қызулы да қызықты 20 жылдай мезгілі Ұлы Отан соғысы мен оның алдыңғы, кейінгі жылдарында Ембінің бірқатар кеніштерін ашуға, басқаруға арналғандығын мерей тұтамын». Бұл Жолдасқали Досмұхамбетов ағаның өз сөзі. Айтса айтқандай, соғыс уақыты, Қорғаныс комитетінің қауырт тапсырмаларын орындау үшін кәсіпшіліктерге бұрынғыны былай ығыстыра тұрып, жаңа әдістерді шұғыл да батыл енгізе білген. Тәртіп қатаң, бәрі де майдан жағдайына қарай орайластырылды. Күндік, айлық тапсырмалар еселеп артып жатса, ол мүлтіксіз орындалды. Еңбеккерлер сылтау-себепті білмеді, басшылар бір нұсқауды екінші қайталамады.
Қай ұжымды басқарса да Ж.Досмұхамбетовтың жүрегі адамдарды қамқорлау деген ізгілікті іспен сәулеленіп тұрыпты. 1942-1951 жылдары Байшонас, Құлсары сияқты ірі өндірістердің директоры, «Казнефть-разведка» тресінің басқарушысы болып жүрген кездерінде мұнай мен газ барлауды, «қара алтын» өндіруді өркендетумен қатар, адамдарды тұрғын үймен, қажетті азық-түлікпен қамтуға зор көңіл бөліп отырған. Жергілікті жерде өсетін қамысты тұрғын жайлардың қабырғалық материалы ретінде пайдаланушылардың бірі болды. Осылай үй тұрғызу арқылы Қызылқұдық, Тереңөзек, Қаратон барлау алаңдарындағы еңбеккерлер індер сияқты болып келетін дымқыл иісті жертөлелерден құтылды.
Көреген басшының айтуынша мұнай біздің басты байлығымыз екені рас, бірақ ол да таусылмастай дария емес, сондықтан оны тиімді пайдалану керек, оның екінші түрі – битумды игеруді де ұмытпау керек екен. Ол солай бағалы битум өндіруді де өз тәжірибесінде дәлелдей білген.
Мұнай өндірісінің білгірлері, замандастары былай депті: «Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов қазақ мұнайының атасы атанған Сафи Өтебаевтан ескі қормен жұмыс істейтін байырғы кәсіпшіліктерді ғана қабылдап алды. Ол өз тұсында мұнайлы Ембіні жаңа кен орындарымен барынша толықтырды. Соның жарқын мысалы — Өзен мен Жетібай, Кеңқияқ пен Прорва, Қарсақ пен Қаратон, Тереңөзек пен Қара арна, Мартыши мен Камышытовый, Пустынный мен Тәжіғали, Королев пен Огай. Ең соңғысы мұнайының қоры жағынан әлемде екінші орын алатын – Теңіз. Егер Жолдасқали Досмұхамбетов болмаса, Маңғыстау мен атышулы Теңіз кеніштерін ашу қанша жылға кешіктірілер еді…»
Бұл баянымыздың кейіпкері өзін ойламаған, лауазым оны мүлде қызықтырмаған. Қазақ КСР геология министрі Шахмардан Есенов өзіне бірінші орынбасарлыққа қайтасын-қайта шақырған, тіпті болмаған соң кейіннен өз орнына қалдыратынын айтқан. Жолдасқали Досмұхамбетовтың теориялық біліміне қоса үлкен тәжірибесі де ылғи алға шығып отырған. Каспий ойпатының тұз асты қабаттары жайында терең толғаныста болыпты. Сол жылдары, алдымен тұз қабаттарының бергі жағындағы мұнай мен газды игеріп алу қажеттігін ұсынған да Жолдасқали Досмұхамбетов. Болжамы дәл келіп, сол жылдары Тереңөзек, Тентексор, Жолдыбай, Қарсақ, Кеңқияқтан да мұнай мен газдың мол қоры табылады. Ол кезде ол бас геолог лауазымында ғана болатын. «Эмбанефть» бірлестігінің басшысы болу оған сеніп тапсырылғаннан кейін өзінің өрелі ой, терең болжамдарын батыл түрде ілгері дамытады. Уақыт өте келе Прорва маңынан мұнайдың мол қоры табылып, шұғыл игеру қолға алынады.
Осындай жоғары жетістіктері ескеріле келе Қазақ КСР Геология министрлігі Жолдасқали Ахметұлын осымен екінші рет Алматыға жоғары лауазымды жұмысқа шақырады. Кезінде Қазақ КСР Ғылым академиясының түңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың өзі ғылыми салаға ауысуың керек деп өтініш білдіріпті. Өйткені, өңірімізге келген сапарында Жолдасқалимен дәм-тұздас болып, оның мұнай мен газдан да басқа қазақтың бай шежіресіне, тілі мен діліне, ұлттық дәстүріне қатысты терең біліміне, ұсыныс-тұжырымдарына аса қанағаттанғандық сезімде болған екен.
Өзі тұрғыластарын қолдап, қорғаштап жүруден бір жаңылмаған Жөкең – Жолдасқали турасында замандасы Орынғазы Есқазиев көп-көп естеліктер жазған. – Біздің Мәскеуге жолымыз түскенде еврей досы, белгілі ғалым Владимир Абрамович Бененсонға барып шаруа шешуімізге кеңес беретін. Ол Мәскеу Геология барлау ғылыми-зерттеу институтының зертханасын басқарады. Немесе, мұнай саласының білгірі, Қаратонда туған жерлесіміз Валентин Петрович Абровқа барыңдар дейтін. Мәскеу мен Ленинградтың оқымысты ғалымдарымен тең дәрежеде сөйлесіп, сыйласатын. Мәскеу мамандары кейде кісімісің итпісің демейді, сондайда Жөкеңнің абырой-беделін алға саламыз. Сол кісі айтты десек, бар қиын мәселенің түйіні тарқатылатын.
Не бір мықтылармен емен-жарқын сөйлесіп, мені таныстыра келе: «Естеріңізде ұстаңыздар, қарт Ембінің одан әрі қарай арын арлап, жоғын түгендейтін осы Орынғазы Есқазиев, алдарыңа келгенде қол ұшын беріп жүріңдер, » – деп тапсырды. Ал, кейіннен Мәскеуде «Жөкең айтып еді» деп барған жерден жұмысымның бітпей қалғаны жоқ,» – деп еске алады Орекең – Орынғазы әріптесі.
«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» тектен-текке айтылмаған халық даналығы. Жолдасқали Ахметұлымен істес, дәм-тұздас болғандар осы бір ақберен азамат туралы нені ғана айтпайды?! Бірде оған: «Сіз ғой анау академияны үздік, қызыл дипломмен бітірген адамсыз, сізге кандидаттық минимум тапсырмай-ақ, докторлық диссертация қорғауға болады. Материалды іздеп қиналмайсыз, өзіңіз жазған жылдық есептеріңіз толығынан кәдеге асады» — депті. Ол Әбу есімді мұны айтқан әріптес інісінің бетіне күлімсірей қарап: — «Қарағым-ау, менің мұнай өндірісін басқаруыма, ашуыма, игеруіме ол докторлықтың қаншалықты қажеті бар», — деп қолын бір-ақ сілтепті.
Жолдасқали Ахметұлының орындалған ұлы арманының бірі – Теңіз кеніші. Геологиялық картаға нүкте болып түскен кенішке «Теңіз» деген сөзді жазып шиырып қолын қойған. Ал, осы кеніште 1993 жылдан бастау алған, алғашқы 10-11 жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталсақ: Жылдық өнім мөлшері 1,3 млн. тонна болса, кейінгі жылдары 13 млн. тоннаға жетті. Енді аз уақытта 22-25 млн. тонна шаманы ұстайды, одан да асып кетеді. Өткен 10-11 жыл ішінде «Теңізшевройл» Теңіз және Королевское кен орындарын игеріп, Қазақстандағы мұнай өндірудің көш бастаушысына айналды. Атырау облысы инвестициялық қаражат бөлуде республикада жетекші орынға шықты. Барлық облыстарға шапағаты молынан тиген донор облыс екені әмбеге аян. Шетел инвестициясы негізінен және алғашқы болып Теңіз мұнайы кенішін игеруге тартылды. Әрине, кейіннен Каспий теңіз қайраңын барлап – бұрғылауға арналған инвестиция 2-3 есеге көбейді. Үкімет қазынасына түсетін түсім, салығы бар, басқа міндетті төлемдері бар, жылына 1 млрд. долларға жетті. «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнында жұмыс жасайтын «Қазақстандық маман азаматтар саны – 74%-дан асты.
Ал, бүгінгі «Теңізшевройлдың» өндірістік қуатына көз жүгіртсек айтқаны айдай келді деуге толық негіз бар. Теңіз зауытының бірінші өнім бергеніне биыл 29 жыл толды. 1993 жылы бір миллион тонна өнім берген ТШО сонау бір өткен 2015 жылы өнім көлемін 27,16 млн. тоннаға жеткізді. Қазақстанның өсіп өркендеуіне өзі құрылғаннан бері $140 миллиард доллар шамасы қаржы құйды. Теңіз атты алып кенішті алғаш ашқан бір топ мұнайшылар ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері атанса, ол тізім Жолдасқали Досмұхамбетовтен басталып, одан әрі Бөлекбай Сағынғалиев, Болат Еламанов, Асабай Қисметов, Құмар Балжанов, Валентин Авров, Мақаш Балғымбаев, Орынғазы Есқазиев болып жалғасады.
Біз жоғарыда Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовтың 1940 жылы бастап Байшонас мұнай кәсіпшілігінде бас геолог, 1942-1943 жылдары «Ембімұнайгаз» комбинатында бас геологтың орынбасары болғандығын айттық. Одан әрі мұнайшылық баспалдағы былайша сатылап өріледі: 1943-1947 жылдары – Байшонас МКБ-ның директоры, 1947-1950 жылдары – «Қазақстанмұнайбарлау» тресінің бастығы, 1950-1951 жылдары – Мақат мұнай өндіру кәсіпшілігінде бас геолог, 1953-1954 жылдары – Құлсары мұнай өндіру кәсіпшілігінің директоры, 1954-1971 жылдары – «Қазақстанмұнай» бірлестігінде бас геолог, бастық, 1971-1977 жылдары – «Ембімұнай» комбинатының бас геологы.
Оған ұлы Қобылан сұрақ қояды:- Әке, сіз патриотсыз. – Енді кіммін. Ел-жұртым дедім. Отаным дедім. — Өкпеңіз бар ғой. – Ел-жұртым мен Отаныма емес, айналайын. Жекеленген басшыларға. Халықтың қамы деп сөйлеп, халықтың қамын ойламаған әр сатыдағы басшыларға. Олар халықтың мұң-мұқтажын білмейтіндер. Олар барлықта өскендер, «өзіме, өз айналама болсынмен» ауыратындар…
Айтса айтқандай, қатардағы мұнайшыларды былай қойғанда бастық болған Жолдасқали Ахметұлының тұрмысы тым қарапайым, Атырау қаласының Тельман көшесінде өзгелердікіндей ғана үйі болған. Мұнайшылардың жағдайын жақсартымын деп Мәскеудегі сала басшыларымен ұзақ арпалысты, жергілікті партиялық билік өкілдеріне де жақпады. Шама келсе, мәртебесін түсіруге, аяғынан шалуға тырысқандар да табылып, дегендеріне жеткен кездер де болды. Жүрегі жараланды. Әйтсе де жатып емделмеді. Басына бұлт ілінген мұнараларды, мұнай сорған качалкаларды көрмесе тұра алмады. Өндіріс басынан табан аударған жоқ. Сөйтіп жүріп 1977 жылы бар болғаны 61 жасында кенеттен көз жұмды. Артында аңырап 49 жасындағы жары Нұрзила, ботадай боздап үбірлі-шүбірлі ұрпағы қалды. Өзімізден гөрі өзгелер қадірін көбірек біледі ме, бақилық сапарға аттандырарда басқа ұлт өкілдері молынан жиналып, солардың жанары жасқа көбірек шалыныпты. Ал, ол алдымен жақсылықты өз қазақтарына жасады, «ұлтым» деп жүрегі езіле ғұмыр кешті. Сол үшін дамыл көрмеді, дала кезді, көз шырымын алмай басын сығымдап ұстап ой кешті, түннің бір уағына дейін өздеріне ғана түсінікті сызбалар сызумен әуреге түсті.
Ұрпақтарының қай-қайсысы да: «Ә, сен Жөкеңнің баласысың ба?» — деп жарқ еткен жанарлардан шексіз ләззат алумен келеді екен. Әкелерінің қандай болғандығын осы бір ауыз сөз бен самалдай желпіген мейірім ұқтырады шамасы.
Ал, Нұрзила жарының естелік сөздері де тасқа басылып, аракідік баспасөз бетін тауып жатады. «Табалдырығын аттаған алғашқы күннен ескерткені: — Ер азаматтың шаруасына ешқашан араласпа. Менің бірінші құлай берілген ғашығым – өндіріс, екіншісі – өзің. Осыған келіссең де келісесің, келіспесең де келісесің. Алда-жалда келіспесең, жол ашық. Әңгіменің басы қатты болса, аяғы тәтті. Сол тәтті тірлік отыз жылға жалғасты. Ища дескен жоқпыз. Өз жолыммен жүріп-тұрып үй шаруасын тас табақтай қағыстыруды өз міндетіме алдым. Келім-кетім қонақтарын құшақ жая қарсы алып, аспаздықтан да алдырған жерім некен-саяқ. Жарқылдап күліп, отағасымыздың ылғи оң жағынан табылушы едік, жарықтық… Әр баламды білімге сусындатып, ертелі-кеш кітап оқуға отырғызам. Онан қор болған ешқайсысы жоқ. Бәрі де әке жолын қуып, Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай институтына өз беттерімен түсті. Шетінен геолог-геофизик атанды. Әулетіміздің атағына кір келтірмей, ет-тірліктерімен әрқайсысы әр жерде жүріп жатыр… 1995 жылдың сәуір айында Жөкеңе ҚР-ның Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сыйақыны оның атындағы лицейдің озат оқушыларына сол күйі түгел таратып бердім. Солардың бір бүйірлері тоқ жүрсін деп шештім. Тұрған үйіне тақта орнатып, көше есімін бергеніне де шүкіршілік етемін…»
Еліміздің мұнай өндірісіне сіңірген ұшан-теңіз еңбегін былай қойғанда, Теңіздей алып кенішті уақытында ашысып, Тәуелсіздіктің тәй тұрып кетуіне өзіндік зор үлесін қосқан Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовты халқы қаһарман мұнайшы ретінде таниды. «Қара алтын» қазынасын игерісудегі санда болғанның емес, санаулының бірі деп біледі. Шындығында да ол солай. Көзін көргендер, істес болғандар қатары сирегенімен тасқа басылған тарих – мәңгілік! Арыс азамат жайлы аға буын білетін шындықтарды бүгінгі буынның біле түскені абзал. Өйткені, өткенсіз – бүгін жоқ. Біз де аға жайлы деректерді аннан – мыннан іздестіріп қағаз бетіне түсірген болдық, сәл-пәл кемшілігі болып жатса, әруағы алдында мың да бір тағзым демекпіз.
Таңатар Дәрелұлы,
Республикалық «Sakhara» газетінің
ақылдастар алқасының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі.