Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде яки болмаса көпшілік арасында феминистердің һәм әйел құқығын қорғауды мақсат еткендердің бас көтеруін көріп, ашық ой- пікірлерін желілерде жариялап жүргенін байқап келеміз. Оның себептерінің бірі ерден әйелді төмен санау және адам құқықтарының тапталуы мен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жәбір көру болса, абайтанушы Омар Жәлелдің қыздар туралы айтқан пікірі, оларды “маркерге” теңеуі көпшілікті шамдандырып, бірнеше ай өткен соң Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының тапсырмасы бойынша түсірілген бейнеролик қоғам ойын сан саққа жүгіртіп, екіге бөлді.
Өз басым болып жатқан жағдайларды сырттай бақылап жүргеніммен, бел ортасына түсіп пікір қоспаппын. Дегенмен, жақында куә болған дүние мені одан әрі ойландырып тіпті таңқалдырып тастағаны жасырын емес. Болған жайтты бүкпесіз баяндайтын болсам: күні кеше өзім жақсы көретін сән салондарының біріне бас сұққанмын. Сол мезетте қолында нәрестесі бар жас келіншек келді. Әңгімеден әңгіме туып, емен-жарқын сөйлестік. Екі қызы бір ұлы барын айтты. Қанша қаласамда мұндай орындарға келмейтінмін. Себебі жолдасым рұқсат етпеді. Тек дүниеге ұл әкеліп берген соң ғана келісімін беретін болды деген ортағасырлық түсінікті жеткізгенде не айтарымды білмедім. Іштей жаратылысқа қарсы шығудың және оны саудаға салып, талап қоюдың қаншалықты дұрыс екенін түсіне алмадым. Себебі, қыз болса да, ұл болса да дүниеге дені сау ұрпақ келсін, бастысы дұрыс адам болсын деп түсінетін маған бұл ой оғаш көрінді. Әрі бұл жанұяда қалағанына қол жеткізе алатын еркін әйел өмір сүрмейтінін және қыз баланың мәртебесінін тым төмен, тіпті жоқ екенін аңғарып, жоғарыда айтылған зорлық- зомбылық, адам құқықтарының шектелуі, қыз баланы кемсіту осындай тәрбиемен суғарылып отырған жерде өмірге келе ме деп ойладым?.. Әрине бұған әсер ететін факторлар тым көп.
Жақында дүниеге келген сәбиді бөліп жарып қызды емес, ұлды ғана ұрпағым деп ойлап, ұлды төрге қойып, қызды көрге тығуға дайын тұрар адамдардың елімізде баршылық екенін Бақытжан Бұқарбай ютуб каналда берген сұхбатында тілге тиек еткен болатын. Өзім көзбен көрген дүние осы сөздің дәлелі іспеттес екені “тайға таңба басқандай” айқын. Мұндай оқиға ұл мен қызын қатар оқытып, бір- бірінен кем не озық етіп қарамай өмір есігін ашқан нәресте ең алдымен адам болып қалыптасуы қажет, әрі “білімі, өнері – адамшылықтың таразысы” (А.Құнанбаев) болуы тиіс деп өсірген әке шеше тәрбиесін алған мен үшін өмір есігін ашқан қызды намыс көріп көзі тірісінде көрге тыққан арабтардың жәһилік(әрине біз араб емеспіз), надандық кезеңінен әлі өте алмау секілді боп көрінеді. Ал, ұлды ұлықтап, қызды қараңғылыққа құрықтайтын айналамыздағы адамдар үшін таныстырып, небір теңеулермен әшекейлендіруді қажет етпейтін Абай атамыздың қызын Күлбаданды ақылды, білімді етіп өсіру жолында аянбай тер төгіп оны қала мектебінде оқытып, қазақ қыздарының сауатты болуын қолдап, ең болмағанда оқу-жазуды игеріп, хат тануы қажет екенін ескертіп, ауылындағы қыз балалардың сауатын аштырып, өлең-жыр көшіртіп, ән музыкаға баулығанын қалайша үлгі етпеуге болады? 1887 жылы қазақ даласында 40 балалық Ырғыз қыздар училищесін ашып, олардың да көп нәрсеге қол жеткізуге құқығы барын айқындауға ынта-шынтасымен кірісіп, үлесін қосқан атақты Ы.Алтынсариннің өлшеусіз еңбегі ше? Қазақ әдебиетінің тарихында алғаш роман деген жанрлық анықтама қойылған, әрі әйел теңдігін көтерген, әйелдің махаббат жолында таңдауға еркі бар екенін жеткізген Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамалын” қайда қояды? Әрине, толықтыра түсер болсақ дәлелдердің ауқымы өте кең. Әйткенмен, өткенмен өмір сүрмей, тек одан сабақ алып, болашаққа айқын бағыт сілтеу мақсат болғандықтан жан- жағымызда орын алып жатқан сорақы дүниелерге “бармақ басты, көз қысты” қарамай, ұлды ғана емес, қызды да жақсы көріп “құндызым, аспандағы жұлдызым” деп әке, ана ретінде құрмет таныта білсе, бала кезден-ақ өзінің алдымен адам, еркін адам екенін түсініп, құқығын таптатпай өмір сүруді үйренсе, ұлға да қыздың қандай жағдайда болмасын өзіндей тең адам екенін түсіндірсек, әйелге, қыздарға көрсетілетін жан түршігерлік зұлымдақтар тізбектелетін статистикалық мәліметтердің де саны азаяр ма еді? Кім білсін?..
А. Қайрошқызы