Ел өркендеп, қала гүлденуіне әр азамат өзінше үлес қосуды мақсат ететіні аян. Ол тіпті ғылымға әкелген жаңалығымен, өнерімен, оқу-білімімен, спортта жеткен жетістігімен, қарапайым қызмет етуімен болсын мемлекеттің дамуына қолғабыс қылары көзіқарақты оқырмандарымыз үшін анық дүние. «Өз ісінің білгірі һәм шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, жетік білуге ұмтылу керек. Қандай әрекет жасап, қандай іс істер болсаңыз да – игілігін көріп, рахатына бөленуді мақсат тұтқан жөн» деген Әл-Фарабидың философиялық ойын толық ақтап, қызметіне құрметпен қарап, шаһар мен Республикамыздың мәртебесін асқақтатуда еңбегімен, жан- жақтылығымен танылған азаматтардың бірі Көшенов Марал Бисекешұлы.
1963 жылы дүние есігін ашқан кейіпкеріміз алғаш еңбек жолын Атыраудағы Петровский заводында токарьлік жұмыстан бастап, 1991-1993 жылдар аралығында қаладағы олимпиада резервтерін дайындайтын арнайы мектепте самбо күресінен жаттықтырушы болып, 1993-2001 жылдары Теңіз кенішінде ТШО-ға қарасты күзет бөлімінде қызмет етіп келді. Ал, 2001 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін «ЮСС Супорт Сервисез» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде айшықты жұмыс жасап, әуел баста көлік бөлімінде жүргізуші,кейін яғни 2008 жылдан бастап 2016 жылға дейін алаң басшысы лауазымына тағайындалып еңбегімен еленген тұлға, қазіргі сәтте дәл осы мекемедегі қауіпсіздік қызметінің басшысы аталатын жүгі ауыр қызметті арқалап жүр. Облысымызда тыңғылықты ізденіспен айқын мақсаттарын орындап келе жатырған мекемеде екі кәсіподақ ұйымы болса, Көшенов Марал басқарып отырған бастауыш кәсіподақ ұйымы 2008 жылы елу адаммен құрылып, қазір «ЮСС Супорт Сервисез» ЖШС қызметкерлерінің жетпіс пайызын құрады. Бұл дегеніміз сапасы биік, алға қарыштап, үздіксіз дамып отыратын жұмыстың нәтижесі болса керек…
Сонымен қатар, бұл ұйым өз қызметкерлерін барынша қолдап, қандай жағдай болмасын демеушілік жасап жүретіні де талай адамға белгілі. Сөзімізді ай сайын еңбеккерлерге және олардың отбасы мүшелерінің ем- домына, тағы басқа жағдайларда 1000000-1500000 теңге көлемінде бөлінетін қаржы, олардың балалары да жазғы демалысты сәтті әрі қызықты өткізуі үшін жыл сайын Орал қаласындағы «Евразия» лагеріне барып демалып қайтатыны, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Манкент пен Қостанайдағы «Қарағайлы орман» шипажайына 250 адамға арналған тегін жолдама берілгені, тіпті, «Мектепке жол» акциясы аясында 400-ге жуық қызметкер 15000 теңгеден ақшалай көмек алатыны дәлелдеп тұрғандай.Сонымен қатар еліміздегі індет ушығып тұрған қиын мезетте қызметке жарамсыз парақшасымен ауруханада ем қабылдап жатқан 25 адамға бір реттік көмек беру мақсатында 2260000 теңге бөлінгені, ал вахталық қызметіне кірісе алмай жүрген 70 азаматқа ең төменгі жалақы 42500 теңге беріп, әрі 30000 теңгеден қосымша кәсіподақ тарапынан көмек көрсетілуі басшының да қызметкерлеріне бей-жай қарамайтынын аша түскендей. Алдымен жұмыс сапасын, қызметкерлердің хал-жағдайын назардан тыс қалдырмай, ерекше бағалап жүрген басшы- Марал мырза «еңбегімен ел таныр» дегендей көпшіліктін алғысына, оң пікіріне бөленіп жүр.
«Еңбегімен ер сыйлы» дейтін қазақтың астарлы мақалы өзіне арналғандай боп тұратын ағаны халық самбодан ел чемпионы, сонымен қатар әлемдік додаларда бақ сынасқан өзбекстандық әлем чемпионының жауырынын жер иіскеткен чемпион ретінде таниды. «Елдің ісі – ердің мойнында» болатынын еңбекте де, спортта да, қоғамдық өмірде де бірнеше мәрте дәлелдеп жүрген Марал Бисешұлы қызметтен бөлек отбасында алты қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған үлгілі һәм бақытты әке.
Кезіккен талай қиындықты еңсеріп келе жатырған ағаның өмір жолы, еңбектегі жетістігі жастарға жігер сыйлап, замандастарының құрметіне бөлене бергей.
Асылай Ниязбаева