Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында және келер жылы құрылғанына 75 жыл толатын Қазақстан Республикасы ғылым академиясының айтулы күндері алдында советтік заманның, тіпті бүкіл тарихымыздағы энциклопедист, ғұлама ғалым, мемлекет қайраткері туралы жазбауға хақым жоқтай көрінеді. Өйткені, ғылым академиясы десек, Сәтбаев; Қаныш Сәтбаев десек, ғылым академиясы еске түседі.
Өскен орта
Қаныш аға туралы айтқанды тектілігін, өскен ортасын айналып өте алмаймыз. Әкесі – Имантай бабамыз ғалымның Ел алдындағы орасан зор еңбегін түбегейлі зерттеуге жиырма-отыз жылдай қаламгерлік-шығармашылық өмірін арнаған көрнекті жазушымыз Медеу Сәрсекеевтің жазғанындай:
«…Имантай бидің қадірі уысында отырған екі ауылмен ғана шектелмейді, оның бір ауыз сәлемін ат шаптырым төңіректегі қаржас, бабас, атығай да, тіпті жалпақ сүйіндік те, қала берді, бүкіл Ақ келін болысында екі айтқызбай орындау-рәсімге айналған үлгі…»
(М.Сәрсекеев, « Сәтбаев.», 9-бет)
Имантай би – өзі де көкірегі ояу, көзі ашық адам, дүние, мал жинаудан гөрі жан-жағына өзі секілді кеудесі сәулелі азаматтарды тартып, ән-жырға құмар болған. Би аулына сол заманның әйгілі әнші, композиторы Жаяу Мұсадан бастап, әнші, күйші, жыршылар жиналып, талай күндер таңды-таңға ұластырып, сауық құрған. Сондай күндерде сұрағы да көп,тыңдауға да ықыласты, алғыр зейінді бала Қаныш әкесінің үнемі қасынан табылған. Ғалымның өнерге деген құштарлығы оның жан-жүрегінде бала жастан ізгілік пен адамгершіліктің мөлдір сезімдері болып тұна берді.
Сонда алғашқы ұстазы-өз заманының озық ойлы абызы Имантай бидің өзі деуге негіз бар.
Білім жолында
Қаныш Имантайұлы білім алған ордаларды шолып айтсақ, олар: ауылдағы Жұмаш молдадан бастап, Шорман аулындағы орыс-киргиз мектебі, (Н.Е. Алексеев, Г.В. Терентьев деген озық ойлы ұстаздар сабақ берген; бұл мектептерде ол 1909-1911 жылдары оқыған);
Павлодардың екі класты орыс-киргиз училищесі (мұнда Н.Е. Алексеев, Арсеньев, Ахметолла Ақтайұлы Барлыбаев секілді ұстаздардан сабақ алған); Семейдің мұғалімдер семинариясы (ағайынды Н.Н. және А.Н. Белослюдовтар, Н.Я. Коншин, ерлі-зайыпты Нәзипа және Нұрғали Құлжановтар, ғалымның ағасы Әбікей Зейінұлы Сәтбаев, т.б. сияқты мықты ұстаздардан дәріс алған, 1913-1917-жылдары). Ғалымның бүкіл өмірінде айрықша із қалдырған білім ордасы-Томск технология институты, сол заманның Сібірдегі ғана емес, бүкіл Ресейдегі ең іргелі,оқу-материалдық базасы жүйелі қалыптасқан жоғары оқу орыны еді. Бәрінен бұрын 1901 жылы кен факультетін ұйымдастырған әйгілі ғалым-геолог, саяхатшы Владимир Афанасьевич Обручевтан бастап жиналған мүйізі қарағайдай М.А. Усов, В.Я. Мостович, В.К. Кузнецов, А.А. Кулябко, В.В. Сапожников, В.А. Хахлов секілді ғылым дарабоздары жиналған ұстаздар құрамын айтсаңшы!
Әсіресе, геология жолына түсуіне бірден-бір ықпал еткен профессор Михаил Антоновичтің (Усов) есімін біз, бүкіл қазақстандықтар болып құрметпен атауға тиістіміз.
Геология жолына түспес бұрын біз айтпай кете алмайтын бір шындық бар. Ол – жиырма жасар Қаныш жазған алгебра оқулығы. Бұл жөнінде ғалым өзі былай дейді:
«Оқушылардың алдына тартылып отырған кітап 1919 жылдан былай басталып, онан бері әр түрлі толастар арқылы созылып келіп, 1924 жылдың ішінде аяқталып отыр. Жазылған кезінде пәннің өз жүйесі мен әдістеу тәсілдерінің қиыншылығының үстіне керекті терминдер табылып отыруы да ауыр жұмыс болды… Бұл кітап бой сергіп, өнер тасып, қол қышып отырған күйде жазылған жоқ. Бір жағы оқу жолымен шұғылданып, екінші жағынан соңғы замандағы шәкірт тұрмысының түрлі қиыншылықтарымен дамылсыз алысып жүргендегі күрес үстінде жазылып отыр. Сондықтан оның ішінде көп кемшілік, көп мін болуға лайық…»
(«Сәтбаев», 68-69 бет)
Алдында айтқандай Қаныш Имантайұлының геологияны-кен барлау ісін, ғылымын таңдауында Томск технология институтының профессоры М.А. Усовтың игі ықпалы мына бір екеу ара әңгімеден көрінеді.
Геология үшін қазақ даласы-іздесе таптырмайтын, ешқашанда жолықтырмайтын классикалық мектеп дер едім. Қаншама ашық, иә-иә, беті аршылған геологиялық үлгілер! Таулары да мейлінше ескі, тозған, уақыт оларды әбден мүжіген. Сірә, қазыналары да аз болмас деймін! Оқымаған, көзі қараңғы Апақ Байжанов, Қасым Пішенбаев сияқты кезбелер суыр індерін түрткілеп-ақ Қарағанды, Екібастұз сияқты көмір ошақтарын тауыпты, Ал білімпаз геологтар шындап іздесе не болар еді? Ғылым үшін тіпті ғажайып жаңалықтар ашар еді-ау, шіркін! Қаныш Имантаевич, қымбаттым, сіздің орныңызда жүрсем, мен бәрін де тастап, геолог болып кетер едім. Құдай ақы, елімізден сізді ауыстыратын бір судья табылар, Қаныш, қымбаттым, сізге осының керегі қанша? Сіздің орныңыз-геология!».
(«Сәтбаев», 91-бет).
Осылай деп профессор Усов Баянауылда Халық судьясы болып жүрген Қаныштың бетін геологияға біржола бұрып жібереді.
Қаныш Имантайұлының кейін әлденеше ұрпақтың өмір, еңбек жолындағы шам-шырағына айналар бейнет-тауқыметі де, даңқты табыстары мен жеңістері де дүбірлі келер жарқын ғұмыры осылай басталып еді.
Бұл жылдары болашақ ғалым дауасы әлі табыла қоймаған қатерлі өкпе дертімен де алысып жүрген. Сөйтіп Қанекең 1921-1926 жылдары Сібірдің әйгілі оқу ордасында үздік оқып, 1926 жылдың 14 майында мемлекеттік комиссия алдында диплом қорғайды. Иә. Қаныш Сәтбаевтың-қазақтан шыққан тұңғыш геология инженерінің енді кен барлаушы геологтық сапарының басы бұл. Геологтың қырық жылға жуық мағыналы еңбек жолында оның бағын ашқан кейін «Үлкен жезқазған» атанатын Жезқазған кен орны.
Бірақ, тарихтан білеміз, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қазақ даласын көзге елестетіп көріңіз. Қазақ даласына өндірістік-техникалық база орнықпаған жылдар: жалғыз Балқаштан басқа өндіріс ошағы да жоқ; орталықтан қияндағы құла түз; сусыз-нусыз шөлейт аймақтар; теміржолдың бары Қызылорданың Жосалы станциясына келіп тұр. Жосалыдан Жезқазған аймағына дейін төрт жүз шақырым. Көлік дегенде бар сүйенерің түйе ғана… Ал, мамандар мүлдем жоқ деуге болатын еді. Жұмыс жасап жүргендері Орталық аймақтан, Ресейден келгендер, олардың қазақ даласында кен игеруге онша зауқы болмаған, Медеу Сәрсекеевтің «Сәтбаевында» осы ойымызды анықтай түсетін бір көріністі ортаға алып келейін.
Байырғы геолог Иван Степанович Яговкин деген жас барлаушы-инженер Сәтбаевқа былай деп кеңес береді.
– Сіз, жас мамансыз, Қаныш Имантаевич,- деді Яговкин кіді үнмен, аптығы басылмаған, арыны қайтпаған дегендей… Тегінде, жарқыным, бұл өңірден жез түгілі алтын тапсаң да – оны жер бетіне шығарып, қажетіңе жарату қиын әрі қымбатқа түспек. Өзіңіз ойлаңызшы, ең жақын деген теміржол станциясы төрт жүз отыз шақырым жырақта,су мүлдем тапшы, төңірек құлазыған шөл дала, тұрғын халқы түгелдей сауатсыз. Иә, олар, көңіліңізге келмесін, өндірістен ештеңе сезбейді. Бұларға бірдеме сездіру үшін кем дегенде жиырма жыл қажет…» Осылай деп алып Яговкин Жезқазғаннан былай деп түңілдіреді.
– Жезқазғанға малданып қалмаңыз, қымбаттым… Мұның болашағы баянсыз кен. Иә, ащы шындық солай. Мұндағы барлауды бірер жылда аяқтап, басқа бір-қоры мол, іргелі кенге ауысу керек…
(«Сәтбаев»; 128-130-бет)
Мұндай «бір қайнауы ішіндегі» дүмбілез пікірлер, шикі «ақылдар» арманы асқақ, өзінің ғылыми күш-қуатына сенімі мол, қажырлы геологты, әрине, тоқтата алмады. Қайта ол бұрынғыдан да қайсарланып, ширай түседі. Осы кезде ғалымның жұбайы, ол да геолог Таисия Кошкинаға 8.02.1927 ж. жазған хатынан тәуекел деп тас жұтқан, алдында нендей асулар кездессе де кейін шегінбейтін, алдындағы мақсат-мұратынан айнымайтын; қиындық, бейнет, ауыр еңбектің бәріне дайын, өзіне сенімді жас жігітті анық көреміз.
«…Өзіңізге мынадай сұрау қойып, «Мен онымен бірге жүріп, өмір ұсынар әр түрлі шырғалаңдарды бастан кешуге әзірмін бе?» деп ойланып көріңізші, …мен – қазақпын, жаратылысым да, жаным да; ой-түсінігім бойынша да қазақпын; алдағы өмірімді тек қана Қазақстанда өткізбекпін; бұл жолда өзіме ай нұрына шомылған бұлдыр армандар қойып отырған жоқпын; сондай-ақ сөзсіз кездесер қиыншылықтардан да алабөтен безінгім келмейді; жан тыныштығындағы жайлы тұрмыстан гөрі рухани күрес жолында өткізгенді жөн көремін; қажет екен-тіршіліктің барлық жақсы күйтінен бас тартып, Қазақстан қиырында «кезбе» болып, өмір бақи кен іздеуге де әзірмін…» (141-бетте)
Егер қарапайым қаламгер жазып отырған осы сәтте және алдағы уақытта Елімізде өндіріске жаңа ғана келген геологтар, инженерлер, барлаушылар болса, заманымыздың нағыз ізденуші геолог ғалымы Сәтбаевты оқысын; оның күреске толы жарқын ғұмырынан өзіне керек табандылық, қайсарлық, мақсаткерлік, еңбекқорлық, өз ісіне сенімділік, ғылыми күш-қуат пен іскерлік секілді ондаған асыл қасиеттерінен үлгі алсын дегім келеді. Сәтбаевтың бір биік қасиеті-өз ісінің дұрыстығын жоғары басшылықтың алдында сеніммен, бұлтартпас дәлелдермен, анық фактілермен қорғай алуы еді.
Қаныш Имантайұлына жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардың бастапқы бесжылдығында, тіпті қырқыншы жылдардың басында да Жезқазған кенінің құнары мен қорына, оның өндірістік қуатына, игерілуіне сенбеген, көзі де ойы да жетпеген, сенгісі де келмеген орталықтан келген Одақтық геология комитетінің бірнеше мамандарымен айқасуына тура келді. Әлгі мамандардың пікірлерінен ашық айта алмаса да шовинистік, жек көру белгілері де байқалатын.
Мысалы, геолком мамандарының пікірі мынадай болған.
«Күректен өзге темір көрмеген сайын далада өскен сауатсыз малшыға сеніп, бір жазда он бес станок жүргізуге талап қылу, келер жылдарда оны екі есе көбейтпек болу-тек қана қияли адамның арманы, әмбе жалған патриотизм, жершілдік салқыны…»
(Кітаптың 176-бетінде)
Осындай кереғар,тіпті жат пікірлерді геолог,өз ісінің білімпазы Сәтбаев қалай Одақтың Жоспарлау комитетінің төрағасы Глеб Максимилианович Кржижановскийдің алдында қалай теріске шығарғанын көрсеңіз.
– Глеб Максимилианович, сіз бір ғана жайға көңіл аударыңыз:
Жезқазған тәрізді шөл даланың қиыр түкпірінде орналасқан жабайы кенді Ленинградтан жүрдім-бардым қатынап, төрт-бес айға жалданған бұрғылаушылардың күшімен тиіп-қашып барлаған тиімді ме; әлде сол жерде ұйымдасқан геологиялық мекеменің қолына беріп, қатаң табиғаттың сырын жақсы білетін, оның әр түрлі құбылысына, ыстық-суығына көнбіс жергілікті тұрғындардан маман жұмыскер тәрбиелеп, қысы-жазы бірдей тұрақты барлау жүргізген сенімді ме?..
…Қысқасы, түйе мінген қазақтың бүгінгі заманның машина, техникасын толық меңгере алатынына сенімім зор!.. (Кітаптың 180-беті)
Осындай орнықты ойлармен,бұлтартпас қисынмен дәлелдеген Сарыарқа геологының ұсыныстарын төраға құптап, келісімін береді.
Бұдан кейінгі жылдарда да Қанекеңе әр түрлі қиямпұрыс,жымысқы ойлар мен әрекеттерге шебер Одақтық геолком басшыларының ісі ме, әлде басқадай себептер болды ма, Жезқазған көрген үлкен қиянат 1933 жылы келеді. Кеншілер: бұрғышы, барлаушылар үшін ең бір ауыр күндерде, кен орыны қаражатсыз қалғанда, тағы да Сәтбаев тәуекелге барады. Бұл жолы қалыптасқан күрмеуі қиын мәселені әуелі Бүкіл Одақтың ғылым академиясы арқылы шешіп, (1934 жылдың қараша айында), кейін оның қорытындысы созбалаңға салынғасын, «Құласаң нардан құла!» 1934 жылдың аяғында Одақтың ауыр өнеркәсіп Наркомы Серго Орджоникидзенің қабылдауында болып, тағы да Жоспарлау комитетінің төрағасын қалай риясыз сендірсе, бұл жолы даңқты «Темір Наркомды да» солай шүбәсіз сендіре біледі.
Осылайша Қаныштай туған елінің әр тасын сүйе білген, бағалай білген. Намысты, аса білімді, білікті перзентінің арқасында, Сергодай мықты Наркомның қолдауымен Үлкен Жезқазғанның бағы жанды.
Қаныш Имантайұлының Отан алдындағы ересен еңбегін бөліп қарауға хақым жоқ; ол еңбек бөлінбейтін біртұтас еңбек!
Аңыздағы тау көтерген Толағай-өмірдегі Қаныш ағаның өзі еді! Қанекеңнің жан алып, жан беріскен қанқасап қырғын Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлік еңбегі тіпті төтен болды! Егер 1942 жылдың маусым айының 12-сінде Сәтбаевтың көрегендігімен табылып, отыз сегізінші күнде игеріліп, Жездінің марганеці Оралға жөнелтілмегенде, тарихтың беті қалай жазылатынын кім білсін!?
Осылайша жау қолында қалған Украинадағы Никополь марганецінің орнын Жезді марганеці толтырып, Отан қорғаныс өндірісіне аса зәру броньды құрышқа ие болады. Мұндай ерлік Қазақстан мен Ресейдің, ТМД елдерінің, қала берді дүниежүзілік тарихта алтын әріптермен жазылуға әбден лайық емес пе!? Ғұлама ғалым, мемлекет қайраткерінің бай мазмұнға толы мағыналы ғұмырын оймен шолғанда, оның бүгінгі Қазақ Еліне мұра болып қалған зор игілікті істерін жинақтай айтамыз. Олар: Үлкен Жезқазған мыс алыбы, Геологиялық ғылымдар институты мен 1946 жылы Сәтбаевтың тікелей белсенді басшылығымен ашылған Қазақстан ғылым академиясы, Ертіс-Қарағанды каналы, ол ашқан (бірлескен сегіз ғалым) металлогениялық болжам картасы, ондаған жаңа кен орындары, мұнай мен газ өндіру аймақтары-осының бәрі оның ардақты есімімен тығыз байланысты ауқымды игі жұмыстар тізбегі. Осыншама ұланғайыр іске ол қаншама ақыл-ой, қажыр-қайрат, жүрек күшін жұмсады! Бұл жағынан келгенде, Қаныш Имантайұлы – дара құбылыс, феномен! Былайша айтқанда қазақ жастары үшін нағыз идеал Тұлға! «Бәрін айт та, бірін айт!» Қаныш ағаның қайырымдылығын айтсаңызшы!
Замандастар естелігінде айтылғандай ғұламаны көбіне ауыл қарттары елден іздеп келеді екен. Сағынышпен, аңсап келеді, нұрлы жүзін бір көруге асығып келеді. Солардың бәрін Сәтбаев құр қол қайтармаған; біріне-ақшалай сый, біріне-көзі аз қат тауарлармен сый, енді біріне тон кигізіп те жіберген…
Ал, Қаныш дегенде халықтың сүйіспеншілігі, құрметі қандай болған! Медеу аға Сәрсекеев мынадай бір аңызға бергісіз шындықты жазған екен.
«Бұл оқиға бір топ геологтар далалық саяхатта жүргенде, 1952 жылы болған. Саяқты көріп, Майқайын алтын кеніне аттанған жолда олардың машинасын бір топ адам тоқтатады. Топтың алдында-басына қардай ақ кимешек киген еңселі бәйбіше, екі жағынан оны алпамсадай екі еркек сүйеп тұр. Геологтар оларды жай жүрген жолаушылар екен деп ойлайды.
– Қаныш қайсың?- дейді бәйбіше, машинадан түсіп, өзіне сәлем берген жолаушыларға қарап. Іздеп тұрған Қанышын көрген соң қарт ана оған қайтадан амандасып, маңдайынан иіскейді. – Осы елдің кәрісінің алдымын, қарағым, жасым жүзге еңкейді, екі жағымдағы егделер-кіші балаларым. Сені тосып тұрмын, Қаныш шырағым. Аулымыз дөңнің астында,үйге жүріп, дәм іш! Қаныш Имантайұлы асығыс екенін айтып, қарт ананың ықыласына алғыс білдіреді. Шаруасын бірақ қазір естіртуін өтінеді.
– Осы жерден өтетініңді біліп, жолыңды тосқанда айтарым, қарағым: «Қайда жүрсең де жолдасың қыдыр болсын, алдыңнан нұр жаусын!» деген бір ауыз ниет сөз!- дейді сонда қарт ана, – Басыңа пәле-жала үйіріліп, қиянат көріп жүргеніңді естідім. Ер жігіт ғұмырын да не кешпейді?.. Сен оған мойыма! Халқың сені жаныңдай сүйеді, мақтан етер перзентім деп аялайды. Соны біл де жұмыс қыл! Осы еді айтпағым!..»
(«Сәтбаев», 427-428-бет)
Қаныш аға туралы талай естеліктер, өлең-жырлар жазылды. Әлі де жазыла бермек. Ел үшін ең асылы-оның көзін көрген замандас, қызметтес жандардың естеліктері.
Солардың арасында Мәскеуде шыққан («Тамаша адамдардың өмірі» сериясымен) «Қаныш Сәтбаев» ғұмырнамалық кітабы, Алматыдағы «Жалын» баспасы шығарған «Сәтбаев» және «Қуғындалған Сәтбаев» кітаптарын жазған көрнекті жазушы Медеу Сәрсекеев еңбегінің шоқтығы биік тұрады.
Жақсы адамның жақсылығы әлі де замандар бойы айтыла берер,жазыла берер… Халық «жақсыдан-шарапат»дегенде жақсы адамның жақсы істері,ұмытылмас еңбектері талай-талай ізгі ниетті жандарды тәрбиелей беретінін айтқан ғой… Қорытынды сөзді замандасы академик Әлкей Марғұлан айтсын.
«…Қаныш тек қана халық үшін жаралған, халықтың шын сүйген адал ұлы еді. Қазақстанның қай түкпірінде болсын, ондағы жұмысшы мен шопандардың Қанышты зор мақтаныш етіп, оның істеген ісіне, ұстаздық, кемеңгерлік мінезіне сүйсініп, қуанып отыратындары тіпті аз болмайтын… Қаныш дүниеден көшпелі дәурен сияқты өте шықты. Бірақ ол өткенімен оның ұлы адамдық бейнесі халық көңілінен еш уақытта кетпек емес. Оның халық үшін істеп кеткен асқаралы ісі, ұрпағына мирас етіп қалдырған ғылым қазынасы халық есінде, тарихта мәңгі қалмақ».
(«Қаныш аға», 36 ,42-бет).
Амантай Бақыт