Балалар – бұл біздің болашағымыз. Бастаған ізгі істеріміздің жалғастырушысы, үкілеп ұшырған үміт-құсымыздың қанаты. Балалар – тыныштық символы. Балалар – мейірім тотемі. Осы себепті олардың бақытты болуы үшін ештеңе аямаймыз. Әсіресе, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде бұл қамқорлығымыз және де арта түседі.
Міне, 70 жылдан бері жаздың алғашқы күнін көптеген мемлекеттерде Халықаралық балаларды қорғау күнімен бастайды. Бұл күн демалыс күніне сәйкес келмей қалса да нағыз мерекеге айналады. Демелыс орындары, кинозалдар мен театрлар балалармен толып кетеді. Барлық жақсы нәрселер тек, соларға ғана арналады.
Қысқаша, бұл күн тарихына тоқталып өтетін болсақ, 1949 жылы Парижде әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы болып өтеді. Бұл конгерссте балалар бақыты, әлем тыныштығы жайында сөздер айтылады. Себебі екінші дүниежүзілік соғыстан соң балалар денсаулығы алдыңғы мәселелердің бірі болатын. Соғыстан соң көптеген балалар қараусыз қалған болып, олардың көз жасы мен зары әлем жұртшылығы назарын еріксіз өзіне аударған еді.
1950 жылдан бастап – 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіле бастады.
1989 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы балалар құқықтары туралы Конвенция қабылдайды. Бұл құжатқа бүкіл әлем балаларын қорғау туралы заң мен жобалар енгізілді.
Осы мерекені тойлаудың басты миссиясы – жұртшылық назарын проблемалы балаларға, олардың құқығын қорғауға, бақытты балалық шағын тыныш әлемде өткізуге және өз елінің толық және бейбіт азаматы ретінде өсуіне көз жеткізу болып саналады.
Отанымыздың ертеңі де, өркені де – бүгінгі ұрпақ. Сол ұрпақтың тәлімді де тәрбиелі болуы алдыңғы толқынның парызы мен қарызы десек, еш қателеспейміз. Осыны ел болғалы бері тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев айтып қана қоймай, қолдан келген барлық мүмкіндікті жасап келеді. Мемлекет басшысы өзінің «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабында ұрпаққа қызмет көрсету сөз емес, істе басым тұру керектігін тарқата келіп: «Жастар біздің болашағымыз» дегенді жиі айтып жүреміз. Алайда айту бар да, оның мағынасына терең бойлау тағы бар. Бір қарағанда, бәрі де түсінікті. Әйтсе де, солай болуы үшін жұмыс жасаудың мәні тіптен бөлек», деп қадап тұрып айтқаны бар. Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті осы үдеден шығу жолында тиісті жұмыстар атқарып келеді.
Мемлекеттің ертеңгі мықты тұғыры – жас ұрпақ. Өскелең ұрпақ қамын ойлау, балалық шақтың басымдығын мойындататын терең моральдық құндылық екені де сөзсіз. Отанымыз алғашқы қадамынан бастап-ақ бала құқықтары туралы әлемдік конвенцияға ерекше мән беріп, соның талаптарының аясында жұмыс жүргізумен келеді. Бұл халықаралық келелі құжаттың елімізде жүйелі жүргізілуі жөніндегі Жарлыққа Елбасы 1994 жылы қол қойған болатын.
Сонымен қатар ол өзінің бағдарламалық сөздерінде бала құқығын қорғау ісіне, жетім және ата-анасының қарауынсыз қалғандардың құқықтарын қорғауға мән беріп, басым шараларды нақтылап берді. Әсіресе балалар үйінде тәрбиеленушілер санын мүмкіндігінше қысқарту, ондағы жұмысты тиімді ұйымдастыру, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы ұлттық деректер қорын құру жөнінде де нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазірде елімізде 6 миллионға жуық бала бар десек, оның 27 274-і жетім және ата-анасының қарауынсыз қалғандар. Екінші деректегі, яғни балаларды отбасыларға орналастыру бойынша қазір жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бұл оң өзгеріске бастап, көптеген өңірлерде жетім балалар азая бастады. Бұған нақты мысалдар келтірер болсам, осы санаттағы балалардың, яғни 20841 (76 пайыз) ұл мен қызды мейірімі мол, алақаны аялы азаматтар өз отбасыларына алып, өнегелі тәрбие беріп келеді. Тек 6223 (22 пайыз) жетім және ата-анасының қамқорлығына зәру бала 132 білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелерінің қамқорлығында екенін еске сала кетелік. Оның ішінде бір мыңнан астам ғана бала тұл жетім, қалған 83 пайызы әлеуметтік жетімдер санатына жатады. Олар ата-аналарының кері кетуінен жетім қалған балалар. Мына жайды да жұртшылықтың назарына салар болсам, 2017 жылдан бастап, тағдырлы балаларды ниет білдірген отбасыларына беру мәселесі заңнамалық тұрғыда реттелді. Баланы қамқорлығына алған отбасыларды мемлекет қаржылай қолдап отыруға кепілдік берді.
Бала асырап алушыларды да материалдық жағынан ынталандыру ісі өз шешімін тапты. Айталық, жаны жомарт азаматтарға 75 айлық көрсеткіш көлемінде төлемақы беру көзделген. 2015 жылдан бүгінге дейін 1239 бала қамқоршысын тапса, оларға Үкімет есебінен 174 миллион теңгеге жуық жәрдемақы төленді. Бұл шаралар балалар үйлерінің азаюына әкелуде. Соңғы 5 жыл шамасында балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны 40 пайызға азайып, 10 мыңнан 6 мыңға төмендеді. Ал 4445 бала өздерінің туған отбасына оралды. Осыған байланысты елімізде 50 балалар үйі қайта ұйымдастырылып, біразы жабылды.
Қазіргі уақытта елімізде отбасылық типтегі үш SOS балалар ауылы жұмыс істейді. Әлемде мұндай балалар ауылының жұмыс істей бастағанына 60 жыл болды. Ол балалар мүддесін, құқықтарын қорғайтын, қажеттілігін өтейтін әлеуметтік ұйым болып саналады. Осындай ауылдардың біздегі ұзын санына келсек, 9 мемлекеттік, 4 үкіметтік емес балалар және отбасы үлгісіндегі үйлер жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды жасытпай, замандастарының қатарында қоғам дамуына сай бейімдеу, бұған қоса ертеңгі болашағын анықтауға көмектесу. Өмірлік дағды ұстанымдарын орнықтыруға жәрдемдесу, отбасылық, моральдық-рухани құндылықтарды танып, білуге дағдыландыру. Бұған қоса отбасылық үлгідегі 26 балалар үйіне қамқор бола отырып, орайы келсе туыстарын табуға сеп болу. Ондай үйлерде қазір 118 бала тәрбиеленіп жатыр.
Балалар үйінің тәрбиеленушілерін әлеуметтендіру мақсатында мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде 2014 жылдан бастап балалар үйінің әрбір тәрбиеленушісіне жоғары оқу орнында, колледждерде мамандық алуына мүмкіндік жасау мақсатында арнайы есепшоттар ашылған. Бұл жұмыстың аясында 7779 тәрбиеленушіге 5 миллиард теңгеден астам сомаға қайырымдылық көмек көрсетілді. Бүгінгі таңда ЖОО мен колледждерде ақылы негізде 245 түлек білім алуда. Оларды әлеуметтік жағынан бейімдеу және өз бетінше өмір сүруге дайындау үшін жастар үйлері де ашыла бастады. Онда ЖОО және колледждерде білім алу барысында талаптанып жүрген 16-23 жас аралығындағы балалар үйінің түлектері тұрады.
2013 жылдан бастап осы санаттағы балалардың баспана алу құқығы бірінші кезекке шығып, олардың арасында заңды тұлғалардың баспанасын сақтап қалу жауапкершілігі де заңмен бекітілді. Балалар үйлерінің түлектері үшін ЖОО және колледждерге түсу кезінде мемлекеттік білім беру грантының 1 пайызы қарастырылғаны белгілі. Олардың білім алу барысында тегін баспанамен, тамақ, киіммен, медициналық көмек, оқулықтармен қамту, стипендия алу бойынша да көп жағдай қарастырылған. Осы санаттағы балалар асыраушысынан айырылғандығы, мүгедектігі дәйектелсе, жәрдемақы алуға құқысы бар.
Жетімін жылатпаған халқымыздың шапағатты азаматтары, бүгінгі тілмен айтсақ, меценаттары да қол ұшын беруде. Бұл бойынша еліміздің барлық аймағында кәсіпкерлер, ірі мекемелер, бизнес құрылымдар қызметкерлері жанашырлығымен жетім балаларға қолдау көрсету ісінде кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Осының шеңберінде білім алған жастар жұмысқа орналасып, баспанаға қол жеткізіп, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола облыстары, Алматы және Астана қалаларында қамқорлық және қорғаншылық органдары әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бойынша үкіметтік емес ұйымдармен өзара келісім жасауды жақсы жолға қойды.
2017 жылдың алғашқы айынан бастап жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасында тәрбиелеуге тілек білдіргендерге республикалық деректер банкі көп көмек көрсетуде. Сол деректер банкі нәтижесінде 3640 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала түрлі отбасынан пана тапты. Мысалы, 375 баланы отбасылар асырап алса, 621 бала патронаттық тәрбиелеуге беріліп, 2644 бала қамқорлыққа қол жеткізген.
2018 жылдың 5 айында бұл көрсеткіш 711-ге артты. Елімізде әлеуметтік жетімдікке жол бермеу үшін де елеулі жұмыстар атқарылып келеді. Иә, жанашыр азаматтармен бірлесіп шешетін мәселелер де аз емес. Оның бастысы, кей облыс пен қалалардағы балалар үйінің ескі тәсілмен жұмыс істеп жатқаны дер едім. Бұл тұрғыдан келгенде Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы балалар үйіне серпіліс керек болып тұр. Бұған қоса, балаларды әлеуметтендірудің басты мәселесі, нақтылай түссек, балалар үйлері түлектерін қоғам дамуына қарай, өмір сүру үрдісіне сай бейімдеу жайы да ойландырмай қоймайды. Бір атап өтерлігі, балалардың балалар үйіне қайта оралуы сиреді. Әйтсе де өткен жылы 125 бала балалар үйіне қайта оралды.
Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге (246, 2016 жылмен өлшегенде 1,5 есеге (195) аз деуге болады. Әрине барған жеріне тастай батып, судай сіңгенге не жетсін. Тәуелсіз еліміздегі қолға алынып жатқан келелі істің бірегейі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған отбасы институтын жетілдіріп, тірлігін нығайту басты міндетке айналды. Біз мұны тиянақты түрде жүзеге асырсақ, тірі жетім болмайды. Айрандай ұйыған отбасы қалыптасады. Жақсы отбасынан жат мінезді ұрпақ өсіп шықпайды. Бұл істе біз балалар үйін және орталықтарды заманға сай ұйымдастырып, қалыптастыруды қолға алдық. Сол орталықтардан бала алуға ниет білдірген ата-аналарды алдын ала дайындау, қиын жағдайға тап болған отбасыларын анықтау, себебін біліп, салдарын жою, ана мен бала құқығын сақтау – айналып келгенде, еліміздің келешегі саналатын барлық ұрпақты кемел етіп өсіру. Бұл істе әрбір ата-ананың, қоғамдық ұйымдардың, жеке тұлғалардың атқарар жұмысы аз емес. «Отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.
«Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деп жазған еді кезінде Бауыржан Момышұлы. Бұл жай ғана сөз тіркесі емес. Зор мағыналы салмағы бар, жанға жылу, қанға қызу беретін сөз»,- деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ендеше болашағымыздың тірегін тәрбиелеуде бүгін кішкентай болғанмен, ертеңгі мықты азаматтарымыздың заманға сай білімді де білікті етіп қалыптасуы жолында олардың дәл қазір құқығын қорғау, қолдау басты міндет болып табылады.
Сержан Ізберген