Қан майданға аттанып бара жатқан, жар болып, бала сүйіп те көрмеген өрімдей он сегіздегі ауылдас ағаларымызды қимай, «А.С. Пушкин» пароходының соңынан Жарсуат ауылының тұсынан Қызылжарға дейін жар жағалап бір топ бала жүгіргеніміз әлі есімнен кетпейді,- деп бұдан 78 жыл бұрынғы тарих үшін қас қағым бір сәтті көз алдына қойғандай әңгімесін бастап еді Жарсуат ауылының 91 жастағы тұрғыны тыл ардагері Үмбет Тезекбаев ақсақал.
– Есіңізге түсіріп көріңіз, аға, 1942 жылы жаз айында майданға аттанған өрімдей жас жігіттер кімдер еді?
– 1924 жылы туғандар – барлығы бірге соғысқа кеткендер:
- Жансалиев Әбіт (соғыстан келіп, Ресейде райвоенком);
- Жұбатқанов Қайырғали – бухгалтер болған. Кейін хабарсыз;
- Жолмағанбетов Серік – детдомда тәрбиеші болған. Кейін хабарсыз;
- Жұмағалиев Серікқали – Райстат бастығы. Экономист;
- Жұқиев Аманқұл – Қызылжар 9 жылдық мектебінің оқытушысы. Соғыстан оралмаған;
- Бөкенбаев Күлекеш – Қызылжар 9 жылдық мектебінің оқытушысы. Соғыстан оралмаған;
- Ақторин Қайыр – Қызылжар 9 жылдық мектебінің оқытушысы. Соғыстан оралмаған;
- Мақанов Мырзағуат – Қызылжар 9 жылдық мектебінің оқытушысы. Соғыстан оралмаған;
- Неталиев Қашқын – мұғалім. Соғыстан оралмаған;
- Нұрғалиев Жаңбырбай – соғыстан жаралы келген. Советте финагент;
- Нұғыманов Жұмабай – хабарсыз;
- Байтимов Орынбасар – Ауылдық Советте хатшы болған. Кейін хабарсыз;
- Дашев Табылды – Аудан мекемесінде істеген. Кейін хабарсыз;
- Әменов Қалабай – мұғалім. Соғыстан оралған;
- Намазғалиев Хами – мұғалім. Соғыстан оралған;
- Төлепов Құлынжан – парторг болды. Соғыстан оралған;
- Демесінов Талин – колхозшы болды. Кейін хабарсыз;
- Көздіғалиев Жайықбай – хабарсыз.
– Алғашқы ұстаздарыңыздың ұрпақтарынан кімдерді білесіз?
– Алғашқы ұстаздарым: Шәріпов Есмұхан, Ерманов Амантұрлы, Бисеналиев Нұрғали соғыстан оралмаған Нұрғали ағайдың Қади, Қази және Бағила атты қыздарымен мектепте бірге оқыдық. Қади 9 сынып бітіріп Гурьев педагогикалық училищесіне түсіп, екі жылдай мұғалім болып жүріп Шапақов Әдиет ағасының шақыртуымен Құлсарыға барып, аудандық комсомол комитетінде жұмыс жасап жүріп Гурьев пединститутына түсіп орыс тілінің маманы болды. Партия қатарына мүше болып Жылой аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің басшысы болып жұмыс жасады. Қазір зейнеткер, Атырау қаласында тұрады. Есмұхан, Амантұрлы ағайлардан майданда ерлікпен қаза тапты деген қара қағаз келген.
Намазғалиев Хами деген ағайымыз соғыстан оралғаннан кейін мектепте жұмыстас та болдық; ағайдың қызы Намазғалиева Зоя Индер аудандық партия комитетінде жұмыс жасап зейнеткерлікке шыққан, мамандығы мұғалім; ұлы Қайрат құрылысшы, бизнесмен; кіші қызы Ішкі істер бөлімінде жұмыс істеп, полковник шенімен зейнеткерлікте.
Әменов Қалабай – Есбол аудандық комсомол комитеті секретары, мектеп директоры, Жарсуат ауылдық советінің басшысы болды. Балалары – Аманкелді Сарайшық мектебінде мұғалім болған, зейнеткер, Қангелді – мұғалім, Жангелді – архитектор, Бекболат – құрылыс инженері, Марат – мұғалім және екі қызы тұрмыста.
Осындай ұстаздардың мектепте берген тәрбиесі біздің саналы болуымызға тікелей ықпалын тигізді.
– Колхоз жұмысында егінде, пішенде бірге болған замандас, ағаларыңыз кімдер?
– 1943-45 жылдар ауылдық кеңестің төрағасы болып Ұланбаев Құспан, Секретары Ерғалиев Бисекеш, түрлі салықтар жинаушы болып Нұрғалиев Жаңбырбайлар майданнан жаралы болып келіп, елде жұмыс жасады. Мен 9 сынып бітіргесін жаз айларында кітапханашы болдым. Елде қалған кемпір-шалдар, қыздар жаппай әлдері келгенше колхозға еңбек етті. Жұмысшы батальонынан келіп Тілеумағанбет деген шал егіс бригадирі болды. Елде қалған Әйтимов Елеу атамыз плантатор (балдың суын реттеуші). «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегендей 1942 жылы Жайықтың суы тасып арнасынан асып Молымбеттегі барлық үйлерді су басып, тұрғын үйлерді, мектеп, пекарьный, дүкендер, мәдениет ошақтары – клуб, кітапхана, кеңсе үйлерін құлатты. Ел түгелімен қырат жерлерге көшіп шығып, бұрынғы құлаған ескі қыстауларға орналасты. Тасқын су қайтқасын тоғайлық, сай-салаға егістік, тары, бидай, бау-бақша салып, елдің әл-ауқаттары жақсарып қалды. Бригадир аға таң атпай тұрып елең-алаңда егіншілерді үй санап жүріп, оятып жұмысқа жабады. Су келді жерлерді соқамен жыртып, тырмалап тары егілді. Тылда қалған әйелдер Есімова Зейнеп – Жамалдың анасы, Нұриева Сәнім –Өтептің анасы, Аталықова Сәбила – Бисеннің анасы, Есенова Мейіз – өзімнің апам, Жылқышиева Қапиза – Қойшығұлдың анасы, Жолымбаева Рәпіш – Ермағанбет, Амантайдың анасы, Мырзағалиева Сәуле – Қайыржанның анасы, Қашағанова Қымбат – Жиенбайдың анасы, Төлепова Зиба – Құлыншақтың анасы, Өтешова Мұхылиса, Темірболатова Ұлжан, Мырзағалиева Ағира, Шәріпова Зібира – Амангелдінің анасы, Жанғожиналар Әдемі, Аққалыш, Рахила, біздер ересек балалар – Балтабай, Байтұрсын, Серікқали, Жиенбай, Жиенғали, қыздардан – Ибаш, Тәрбие, Байтұрсын, Тәнзила, Қаламқас, Орын, Әлима, Әминаш жер жыртуда – өгіз жетектеп, пішен науқанында шөмеле салып, кебен басында жылқы, түйемен шөмеле тарттырып, кебенге үюге тасыдық. Егін піскенде орын жинау, қырман басына тасып, бастыру, түнде кезекші болып, қарауылдауда боламыз; пішен шабу кезінде орақ шабамыз, норма орындау бәсеке болатын.
Арасында қайнаған жұмыс, бригадирлер айдап, ақырып, бір жағынан жастығымызды пайдаланып, ұрсып, қорқытып та қояды.Астарында ат, қолдарында қамшы, арасында қашып бірер күн Жайық басына қашып жарға, тал арасына тығылып отырсақ та тауып алады, қуып жұмыс басына әкеліп қосады. Сөйтіп жүріп тасқын суда құлаған тұрғын үйлерді жартылай жерден, үстіңгі жағы соқпамен қысқы үйімізді тұрғызып алдық.
Мектеп директоры Мұхамедияров Қаден, кейін ауыл совет бастығы Ниязғалиев Қалам ересектеу балаларды, жұмысқа жарамды деген кемпір-шалдарды, жұмыстан босаған колхозшыларды жауып Қызылжардан мектеп үйін, интернат, қойма, асхана үйлерін соқпа балшықтан жаз бойы тұрғызып алдық. Осы жұмыстың барлығы сол кездегі адамдардың қанша уайым-қайғы, аш-жалаңаш жүрсе де саналықпен алда бір жақсылықтың болатынына сенім арту, бір жағынан әділетсіз, опасыз жауды жеңуге деген бір жоғары отаншылдық сезім рухы болды.
1944-1947 жылдары Қызылжар ауыл Советінің кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істеген кезде «Бірлік күш» колхозының аға шопандары Жылқышиев Өтеу, Ізтелеуов Құмар, Шотжанов, Құлмағанбетовтер отарларына жиі-жиі кітап таратып, газет-журналдарын жеткізіп, олардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отырдым.
Совет Армиясының жеңістерін айтып малшылар қауымын қуантып, олардың Жеңіс үшін деген еңбектерін еселеп арттыруға күш-қуат, жігер берілді; сонымен қатар олардың қысқы мал азығын дайындап алуға қолдап көмектестім.
Жеңіс күнін жақындатуға қарттар да өз үлестерін қосып, қой жүндерінен жүн иіріп қолғап, носки тоқып, қой терілерін илеп, жылы шолақ ыңғайлы тон тігіп ертелі-кеш тыным таппайды; Күріш, Рабиға, Сағида апалардың қолдарынан ұршық түспейтін-ді. Көктемде қозыларды енесінен айырып бөлек бағып, саулықтарды көгендеп қатар-қатар тізіп сүтін сауып, одан ірімшік, сүзбе жасап дайындап тапсырып отыратын; қыздар Жыға, Маруся, Ілгек, Қарашаштар саулықтарды қолдан иітіп алуға маманданып алып еді.
– Сіздің өз заманыңызға деген көзқарасыңыз, елуінші-сексенінші жылдар туралы айтсаңыз…
– 1960 жылы Есбол аудандық Советінің 14.09.60 №127 қарары бойынша мұғалімдік стажы, еңбек ақысы сақталып, Махамбет атындағы мәдениет үйіне директорлікке тағайындалдым.
Енді әңгіме мәдениет үйінің жұмысын қолға алу керек болды. Сол кезде аудан бойынша көркемөнерпаздар үйірмесінің фестивалін өткізу жүріп жатқан кезең. Мен музыкант болмағанмен, ұйымдастыру мен сурет салу, ұран жазу қабілетім бар, соған сенімдімін.
Ауыл еңбеккерлерімен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде алғаш рет домбыра оркестрі құрылды. Жетекшілігіне мектеп директоры Қалбағаев Қалуды, Есқалиев Әділ, Дашев Аманғалиларды тартып, ауылдағы домбырадан хабары барларды жинап күй үйренуден бастадық.
Клубқа 1 баян, 20 шақты домбыра алдыртып, оркестр құрып «Ақбай», «Би», «Адай» күйлерін тартып шығардық. Хор және өлең айтушыларды дауысына қарай Қашуов Жұма «Маржанқыз», Төлепқалиева Бибіш «Ақбидай», Сұлтанғалиева Қайша «Водавоз», Қасанғалиев Мизам «Махаббат вальсі», Құмарова Қалима «Сәулем-ай» әндерін нақышына келтіре орындап, аудандық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Енді аудан бойынша ауыл шаруашылығы күніне арналған төл алу науқаны қорытындысымен малшылар күнін өткізуге дайындық жұмысы басталды. Оған мәліш қойдың ақ жүнінен промкомбинат арқылы киіз үйдің туырлығы, шаңырақ, кереге, уық, сықырлауық, есік, басқұрлар шашағымен артел арқылы дайындалып жасалды.
Мақсат – жайлаудағы малшылар үйін бейнелеу; колхоздың, ауылдың шаруашылық-мәдени жұмыстарының нәтижесін көркемдік жағымен халыққа бейнелеп көрсету арқылы колхоздың негізгі табысын қорытындылау, насихаттау. Біраз тер төгудің арқасында көрмені жасақтап үлгердік. Сөйтіп облыс бойынша бірінші орынға ие болып, өлкелік Ақтөбе қаласына жолдама алдық.
Киіз үйдің ішкі-сыртқы жабдықтарын бейнелеу Сейфолла Байғожинде, Кеңес Сақиевта және жауапкершілік өзімде болды. Бәйге атына жауапты Төлеген Молдашбаев, қойға жауапты Әбу Шабаев пен Какен Есқалиевтар болды.
Көрме қорытындысы бойынша аттарымыз бәйгеден келмегенмен, қой малынан түгелдей марапатқа ие болдық; киіз үйіміз ішкі-сыртқы безендірілуі жағынан бірінші орын алып, ақшалай сыйлықпен, кісі басына 1-2-ден кілеммен, бір қап үнді шайымен, т.б. заттай сыйлықтарды олжалап, барған адамдардың барлығы ауылға қуанышты көңіл-күймен оралдық.
1964 жылдан КПСС мүшесі болып, совхоз партком секретары Сүндет Тасқариннің көмекшісі, цехтық партия ұйымының секретары болдым. Осы жылдар партия- совет жұмыстарында белсенді жұмыс жасауыма, басымды иіп ризашылығымды білдіремін, менің екінші мектебім Сәкең болды. Менің еңбегім бағаланып, 1978 жылдан совхоздың кәсіподақ ұйымының басшысы болуға дейін тәрбиелеп өсірді.
Марапаттауларым туралы айтсам: екі мәрте «Еңбек ардагері», бес мәрте «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің мерекелік медальдерімен», «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл ескерткіш медалімен» және Одақ кезіндегі партия, совет, комсомол ұйымдарының құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталдым. Осыған байланысты мен өз қоғамымдағы еңбегімнің бағаланғанына ризашылығымды да білдіріп өтейін.
– Бүгінгі жас ұрпақ, балаларыңызға айтар тілегіңіз, аманатыңыз қандай?
– Жастарымыз өздері қалаған мамандықтарына ие болып, ақыл-саналарын, білімдерін үздіксіз дамытып еңбексүйгіш те , мемлекетшіл, отаншыл болып өссе екен.
Амантай Бақыт