Атыраулық таксистер түнде жүргені үшін 5 мың теңгеге дейін сұраған. Бұл туралы облыстың жедел штаб өкілдері мәлімдеді.

Жедел штаб пен полиция департаментінің қызметкерлері қаланы түнгі патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, көптеген заң бұзушылықты анықтады. Такси қызметіне ресми тыйым салынғанымен, тәртіп бұзушылар мобильді қосымшалар арқылы шақырулар қабылдап, адамдарды тасыған.

Мәселен, бір сапар үшін таксистер 3-тен 5 мың теңгеге дейін ақша сұраған. Сонымен қатар, рейд барысында құқық қорғау органдарына бағынбау, сондай-ақ автокөлікті мас күйде басқару деректері де тіркелген.

Полиция департаментінің ақпаратына қарағанда, соңғы тәулікте ТЖ режимін бұзған 32 адам ұсталған, оларға қатысты 36 әкімшілік материал жиналды.