Тарихи мұраны зерттеу ғылыми ізденістердің күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе. Халқымыздың өткен жолы-қасіреті мен қуанышы қатар өрілген сан ғасырлық шежіресі бар баға жетпес құндылық. Оның жақсылықтарында, қасіреттерінде ұмытпай, тиісті сабақ ала білу қажет.
ХІХ ғасырдың соңы және ХХ ғaсырдың бас кезеңі Қазақ өлкесі мен қазақ халқы үшін түрлі саяси мәселелердің күшеюімен толы болды. Соның ішінде патша үкіметінің қазақ жерлерін «артық, бос» деп танып, оған Ресейдің еуропалық бөлігінен орыс шаруаларын қоныстандыру, жергілікті көшпелі халықтан шұрайлы жерлерді тартып алу үшін қабылданған қаулылар, қазақтардың шөлейтті аймаққа ығыстырылуы – ұлт-азаттық қозғалыстардың кезекті толқуларына әкелді. Осындай қысылтаяң уақытта отаршылдық езгісіне түскен халқының мұң-мұқтажын көтере қоғамдық қозғалыстарды басқарған Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Сералин, Ахмет Байтұрсынов, Ғұмар Қарашев, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай сынды бір топ оқыған, көзі ашық қайраткерлердің іргелі мемлекет құрудағы күрес жолы тарихтан белгілі. Олардың арасында ұлт мүддесі үшін қызмет еткен зиялылардың бірі – Бақтыгерей Құлманов болды.
Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов 1859 жылы 22 желтоқсанда Астрахан губерниясы, Никольск селосында (Бөкей ордасы, қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы) дүниеге келген. Тегі төре, Кіші жүз ханы Әбілқайыр, Нұралы хан, Есім сұлтаннан тарайды. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Бақтыгерей Құлмановтың жетінші атасы. Әбілқайырдан-Нұралы, Нұралыдан-Есім, Есімнен-Қарабай сұлтан, одан-Асан, Асаннан-Құлман, одан-Ахмет, Ахметтен-Бақтыгерей.
Бақтыгерейдің туған анасы Сара Шеркеш қонысынан белгілі Мақаштың бір әке, бір анадан туған қарындасы екен.
Бақтыгерейдің қарт атасы Құлман ақсақал шағын ауылдың ру басы, ауқатты шаруасы бар, ел алдында беделді, әулетіне сөзі өтімді, абыройлы адам болған. Баласы Ахметті оқытып жоғары білімді, елге атағы шыққан азамат ете алмағанмен сауатын ашып, өнерлі де өнегелі, қатарының алды етіп өсірген. Бір ауылда тұрып балалық шақтарын бірге өткізбегенмен қоныстары жақын болғандықтан ержете келе Құлманның Ахметі мен Мақаштың қарындасы Сара талай жиын тойларда жиі-жиі кездесіп қалып жүрген. «Жігітті ел мақтаған, қыз жақтаған» дегендей, сымбатты да көрікті өнерімен ел көзіне түскен Ахметке ғашық болған Сара ата-анасының рұқсаты болмаса да оның алып қашуына келісім берген. Сөйтіп жігіт қызды алып қашады. Артынан жер соғып қалған бай ауыл қуып баруға арланып, қызын «жарылған жұмыртқа» санап, мүлдем қатыспай қояды. Осыдан алты жыл өткесін 1864 жылы Ахмет қайтыс болады да, артынан бес жасар Бақтыгерей және екі баламен Сара жесір қалады. Содан кейін ғана Мақаштың туысқандық сезімі оянып, құдаларының ауылына өзі барып, өткен іске пендешілік жасап, күйеу баласының көзі тірісінде қатынаспағанына ол қайтыс болғаннан кейін де бата оқымағанына кешірім сұрай отырып, туған жиенім Бақтыгерейді маған қиыңдар өзім оқытып, тәрбиелейін. Сіздерге қарағанда менің өрісім кең, қолым ұзын ғой: өзі де есін біліп қалған бала, фамилиясын өзгертпеймін, азамат болып ер жеткесін тегін табар»-депті. Мақаштың сөзін жерге тастамай, баланың да жылағанына қарамастан оны правительдің күймесіне өздері әкеліп мінгізіп, ақ баталарын беріпті. Бақыгерейдің мектеп табалдырығын аттаған бірінші күнінен бастап, адамның барлық жақсы қасиеті тек біліміне байланысты, ал білім ақылдың ажар-көркі екенін айтып, оның жақсы оқуын талап-еткен және оны үнемі өзі қадағалап отырған.
Еліне білімі мен парасаттылығы жөнінен беделге ие болған Мақаш тәрбиелеген, ұлағатты ортада өскен Бақтыгерей, бірер жылдан кейін әкім ставкасындағы мешітке молда алдында арабша хат тануға барады. Кейін Мақаштың кітапханасында отырып орысша кітаптар оқып өз сауатын ашады. Содан Мақаш Ордадағы орысша оқытатын мектепке апарып оқытуды ойлайды. Ақыры соңында Мақаш ойлаған мақсатына жетіп, Бақтыгерейді Ордадағы Жәңгір мектебіне оқытады. Ордадағы Жәңгір мектебін үздік аяқтаған Бақтыгерейді бұдан кейін Мақаш Орынбордағы гимназияға апарып оқуға түсіреді. Осылайша Бақтыгерей Орынбор ерлер гимназиясында оқып, білім алады. 1881 жылы маусым айында Бақтыгерей Құлманов Орынбор гимназиясын күміс медальмен ойдағыдай аяқтап шығады. Бақтыгерей гимназияны бітірерден бір жыл бұрын ауылға келіп, демалысын өткізіп жатқанда, Бөкей Ордасына Петербургтен келген экспедиция әдейілеп Мақаш ауылына келеді. Патшалық Ресей XIX ғасырдың II –ші жартысында өзінің қол астындағы ұлан-байтақ қазақ даласының табиғаты мен кең байлығын, халықтың әдет-ғұрпы мен ауыз әдебиетін зерттеуге ерекше көңіл бөлген. Осы тапсырма Санкт-Петербург университеттің профессорлары, атақты шығыс зерттеушісі, орыс ғалымы И.Н.Березинге жүктелген. Мақаш өз заманында тек белгілі қазақ ағартушыларымен ғана емес атақты орыс ғалымдарымен де соның ішінде И.Березинмен де жақсы араласып тұрған. Березин орыс тілінде таза сөйлейтін Бақтыгерейдің шығыс жырларының талайын жатқа білетініне, олардың мазмұнын бұған орыс тілінде айтып бергеніне таң-тамаша қалады. Мақашқа Бақтыгерейді Петербург университетіне оқуға әкелуіне кеңес берген.
Содан білімге деген құштарлығы арта түскен Бақтыгерей Құлманов 1881 жылы Ресей империясының астанасы Санкт-Петербург университетіне оқуға түсуге келеді. Бірақ жанұясында болған қиыншылықтарға байланысты кешігіп келген Бақтыгерейді университетке бірден қабылдай қоймайды.
Архив құжаттарында Бақтыгерей Құлмановтың Санкт-Петербург университетінің ректоры атына жазған мына өтініші сақталып қалған: Окончив ныне курс в Оренбурской гражданской гимназии, я приехал сюда поступить в университет для дальнейшего продолжения своего оброзования, но к этому встречаю препятствие, так как своевременно мною не было подано решение. Это же обстоятельство было вызвано сильную болезнью матери, на которой лежали все заботы о семействе и которые в случае неблагопрятного исхода ее болезни падали на меня как и старшего члена семейства и тем принудили бы меня отказаться от вышеуказанного намерения…. прошу зачислить меня в число студентов веренного Вам университета на юридический факультет.
Осылайша Бақтыгерей университеттің заң факультетіне өте үлкен қиыншылықпен қабылданады. 1884 жылы Петербор жоғары оқу орындарының студенттері өздері туған аймақтарына байланысты «Жерлестер» ұйымын құрып жатқан шақта Барлыбек Сыртанов, Бақытжан Қаратаев, Мәмбетәлі Сердалин, Бақтыгерей Құлманов, Абдолла Теміров бастаған бір топ студенттер қазақ тарихындағы ең тұңғыш ұйытқы болған жастар ұйымын құрады. Бақтыгерей Құлманов әуелі заңгерлікке түсіп, кейін шығыстану факультетіне өз өтінішімен ауысады. 1886 жылы осы араб, парсы, түрік, татар бөлімі бойынша тәмамдап, ол үздік дипломмен аяқтайды. 1888 жылы қазан айында Санкт-Петербург университетінің ғылыми Кеңесі Бақтыгерей Құлманов жазған диссертациялық жұмысын зор бағалап, оған ғылыми кандидат атағы беріледі.
Бақтыгерей Құлманов шығыс тілдері мамандығы бойынша тұңғыш ғылыми диссертациялық жұмыс жазған қазақ азаматы. Оқуды аяқтаған Бақтыгерей Құлманов өз мамандығы бойынша Баку қаласында бірнеше жыл қызмет етеді, кейін 1903 жылы туған жері Бөкей Ордасына – Астрахан губерниясына қарасты Қамыс-Самар әкімі боп тағайындалады. Бақтыгерей әкім өз халқының мүддесі үшін күрескен жан, қызмет жолында жүріп мектептер мен түрлі емдеу пунктерін ашып көбейткен. Қазақ қоғамының экономикалық дамуы да көшпелілердің отаршылықты егіншілікке байланысты маңызды рөл атқарды. XIX ғасырдың ортасында Ресеймен тауар айналымы басым орын алды. Бұл екі жаққа да пайдалы болды, сондықтан көпестердің сауда айналысы үнемі өсіп отырды.
1903 жылы Бақтыгерей Құлманов Бөкей Ордасы қазақтары атынан делегацияны бастап Санкт-Петербугке барады, патша үкіметінің қазақ жерлеріне отарлау саясаты мен озбырлық әрекеттерін мәселе етіп, шешімін табуды талап етеді. Империялық Ішкі Істер Министрлігінде болған кеңеске С.Нұрмұхамедов, С.Жантөрин, Б.Шынтеміровтермен бірге қатысып, үкіметтің жер мәселесін тез арада шешуіне бірнеше ұсыныстар енгізеді. 1905 жылы Ресей империясының І Мемлекеттік Думасына Орта Азия және Қазақстаннан 21 депутатқа орын бөлініп (4%) Астрахан губерниясы қазақтары атынан Бақтыгерей Құлманов сайланады. Ол қазақ даласынан сайланған ұлт зиялыларымен бірге империялық шовинизм мен саясат үстемдік етіп тұрған кезде де ел намысы мен талан-таражға түскен қазақ жерін қорғау ісіне барынша үлес қосты. Кейін 1907 жылы қаңтар-ақпан айларында ІІ Мемлекеттік Думаға Орал облысынан Бақытжан Қаратаев, Ақмола облысынан Шәймерден Қосшығұлов, Торғай облысынан Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан Темірғали Нұрекенов, Сырдария облысынан Тілеулі Алдабергенов, Астрахан губерниясынан Бақтыгерей Құлманов – мұсылмандар фракциясына, Жетісу облысынан Мұхамеджан Тынышпаев – кадет фракциясына тіркеліп, депутат боп сайланады. Бір топ қазақ тізе біріктіре жүріп заңгер Бақытжан Қаратаев отарлаушы үкіметтің саясатын әшкерелеп Дума мінбесінен 1907 жылы 16 мамыр күні күллі империяға мәлімдеді. Екі мәрте депутат боп сайлануынан Бақтыгерей Құлмановтың ел ішіндегі беделі мен қадірін көруге болады, Дума мүшелігіне өту үшін орыс тілін білу шарты болғаның да ескергеніміз жөн. Империялық саясаттың үстемдігі билеп тұрса да ел мен халық үшін жан аямаған Бақтыгерей Құлмановтың қайраткерлік белсенділігі толастамады, ашық күресті. І дүниежүзілік соғысқа араласқан патшалық Ресейдің 1916 жылғы 25 маусымда 19 –дан 43 жасқа дейінгі ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы Қазақ даласында саяси толқуларға ұласты, қазақтан жігіт алуға қарсы Бақтыгерей Құлманов үн көтеріп, қарсылық білдіруге шақырды. Бақтыгерейдің бұл әрекеті патша үкіметінің назарын аударып, «қазақтарды өкіметке бағынбауға шақырды” деген айыппен қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылды.
Оған губернатор Соколовскийдің «Бақтыгерей Құлмановтың қазақтар арасынан ақша жинап, даладан жұмысқа алынған жігіттерді босатып алуға Петроград қаласына аттанды» деп жазған мәліметі дәлел. 1916 жылы Бөкей жеріндегі көтерілістің ұйымдастырушысы болған Сейтқали Меңдешев те өз естеліктерінде Бақтыгерей Құлмановтың қазақтан жігіт беруді тоқтатуды үкімет өкілдеріне мәселе етіп қойғандығын, бірақ Астрахан губернаторы өлкеден жігіт жинау науқаны аяқталғанша Құлмановты Қамыс-Самар болысынан 1917 жылдың ақпан-наурыз айларына дейін Ақтөбе облысына жер аударғанын жазады. Ақпан төңкерісінен соң Бөкей Ордасына оралған Бақтыгерей Құлманов халыққа монархияның құлап, енді демократиялық өзгерістерге зор мүмкіндік туғаның түсіндіріп, ел ішіне төңкерістің азаматтық идеяларын таратады. 1917 жылы сәуір-мамыр айларында облыстық, уездік қазақ съездері өте бастап, Бөкей Ордасы қазақтарының басқару жүйесі арнайы съезіне Ғ.Мұсағалиев, И.Меңдіханов, С.Меңдешев, Б.Ниязов, М.Шомбалов, Ш.Бекмұхамбетов есімді зиялылар қатысып, орталық комитетті сайлаумен қатар Бақтыгерей Құлмановқа «Қазақ халқының Астрахан өлкесіндегі комиссары» етіп, билік жүргізуге құқық береді. Төңкерістен соң орнаған Уақытша Үкіметтің Бөкей даласындағы комиссары Подгорский орнынан алынып, Бақтыгерей Құлмановтың ұсынуымен өлке комиссарлығына заңгер Батырхайыр Ниязов тағайындалады. Съездің президиум мүшелері боп: дәрігер Мәжит Шомбалов, Қазан университетінің студенті Шафхат Бекмұхамбетов, хатшылығына: Сейтқали Меңдешев, Ғабдулғазиз Мұсағалиев, төрағалығына бірауыздан заңгер Уәлитхан Танашев сайланған. Съезд барысында сайланған Орталық комитет Бақтыгерей Құлмановтың басшылығымен сол кездегі өзекті жер мәселесін шешуге тырысады, земстволық басқарушылар құрады, ел ішінде үгіт-насихат жүргізуге «Ұран» газетін шығаруды қолға алады. «Ұран» газеті 1917 жылдың қыркүйегі мен 1918 жылдың мамыр айы аралығында Бөкей Ордасында шыққан газет. Уақытша үкімет тұсында Бөкей даласындағы зиялы күштердің қолға алған саяси өзгерістердің мәні – Қазақ автономиясын құрудағы алғашқы қадамдардың бірі болды. Патша тақтан құлаған соң 1917 жылы 15 наурызда Минскідегі қазақ зиялылары Қазақ жерінде демократиялық республика құру мақсатында жолданған телеграммалар күшімен өткен болыстық, уездік, облыстық съездердің саны 68 болыпты. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері Орынбордағы Уақытша үкіметтің Торғай комиссариаты үйінде өткен Жалпықазақ съезінде құрылған Алашорда үкіметінің құрамына мүше боп Бақтыгерей Құлманов енді. 1917 жылдың 21-28 шілде күндері Орынбордағы Жалпықазақ съезінде Бөкей Ордасынан Бақтыгерей Құлманов, Уәлитхан Танашев, Батырқайыр Ниязовтар депутаттар тізіміне енген. 1918 жылы Уфа қаласында Алаш басшыларының жиналысында қашықтық пен жол мәселесін ескере елді үкіметтің бір орталықтан басқару қиындығынан Алаш Орданың Батыс бөлімшесі құрылып, басқару құрамына Бақтыгерей Құлманов сайланады.
Жиналыстан елге ауырып оралған абзал жан 1919 жылы 60 жасында Жаңақалада (Батыс Қазақстан облысы) қайтыс болды. Иман мен парасаттылық күші жетектеген Алаш қайраткерлерінің бірі Бақтыгерей Құлмановтың шығармашылық жұмыспен де айналысқаны белгілі, біздің міндетіміз оның қаламынан туындаған туындыларды іздеп тауып, өскелең ұрпаққа жеткізу. Өткен ғасырдың аласапыран кезеңінде күллі қазаққа Тәуелсіздік үмітін жандандырған Алаш арыстарының әділетсіз жүйеге азаматтық қарсылық көрсету үлгісі мәңгі есте қалары анық.
Алаштың жолы, Алаш қайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары-бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстанымдардың бірегейі болатынын естен шығармағанымыз абзал.
Қамиева Нұргүл Ерболатқызы,
Мақаш Бекмұхамбетов атындағы
орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі