Атың өшкір, барсакелмеске көшкір короновирустың еліміздің есігін қаққаны қашаан! Ет жеп отырып, есеңгіреп қалғандар да, «Құдай сақтасн!» деп бейқам жүргендер де баршылық.
Қала әкімі «әу» дегеннен шиыршық атқан шешім шығарды. Бұл бұйрық бойынша:
1.Мүмкіндігінше, карантин біткенше тыныс алмау керек. (Адам қанша минөт демалмай тұра алады өзі?) 2. Теңгелер де вирусты тез таратқыш, үтіктеп алуыңыз керек. Тиындарды қазанға салып, сегіз сағат қайнатыңыз. 3. Қол беріп амандасуға тиым салынады, оның орнына құйрық түйістірген жөн. 4. Қала адамдары теріс қарай жүруді бастасын. Яғни, алға емес, артыңызға қарамастан, кері жүресіз. Сонда кеңкелес короновирус жұқпайды екен, түшкіргендер, жөтелгендер тек алдына қарай жөтеледі екен. Оның үстіне, кеңкелес короновирус «теріс қарай» ұша алмайтын көрінеді. Талапты орындамағандар жүз мың теңге төлейтін болды.
Содан не керек, біздің мекемедегілер таңертең құйрық түйістіріп амандаса бастадық, Біреудікі қатты, біреудікі «тәтті» дегендей, қызық болды, мұның ақыры кәдімгідей шыжық болды. Бізде ерлі–зайыптылар жұмыс істейтін. Момынбайдың әйелі Мағира құйрығыма құйрығын түйістіріп, тұрып алды. Қызғаныш деген алып күш Момынбайдың ашуын айға іліп қойды.
–Не істеп жатырсыңдар? –деп сұрады ол қалшылдап. Момынның ашуы жаман болады екен.
–Амандасып жатырмыз, –дедім мен.
–Амандассаң, осылай тұра бересіңдер ме, не?
–Қол сілкілесіп жатқандаймыз ғой, –деді әйелі.
–Теріс қарап сөйле, –дедім мен күлкімді тия алмай. Негізі, Мағира екеуміз ойын–күлкі үшін алдын–ала келісіп алған едік. Момынбай құйрығыма бір тепті! Сол екпінмен көшеге шығып кеттім. Мәссаған! Көшедегі көліктер де алдымен емес, артқа қарай зуылдап барады! Рульді артқы орындықтарына ауыстырып алған пысықтар да бар екен! Адамдар ше? Бәрі теріс қарай жүргендері сол. Тіпті, желкесіне көзілдірік тағып алғандарды көріп, күлкім келіп кетті. Кім бұрын артқа қарамастан жүріп көрген? Біраз жүргіншілер қақпағы ұрланған, айлар бойы ашық жатқан кәріз құдықтарына құлап кетіп жатты. Енді бірі көліктердің астына түсіп кете жаздады. Мен де теріс қарай жүремін деп, бір әйелді соғып кеттім.
–Көзіңізге қарасаңызшы? –деді ол түтігіп.
–Кешіріңіз, желкемде көзім жоқ, –дедім мен.
–Жарайды, менің айтарға сөзім жоқ!
Содан теріс қарап, үйге қайтып келемін. Өзіме¬–өзім жыным келіп, короновирусқа қарғыс айтып келемін! Бір кезде бірдеңеге тірелдім. Жүрейін десем, жүре алмаймын. Артыма сәл бұрылып қарасам, сиыр! Қалаға қаңғып келген қандай сйыр бұл? Аузына маска тағып алыпты. Қасында бұқасы, көзінде қара әчки! Теріс қарай тұра қаштым, сөйтсем, қала шетіндегі ауылыма жетіп қалыппын ғой. Әке–шешемнің үйіне кірейін десем, есік құлыптаулы! Шешем терезеден шыңғырып тұр: «Ойбай балам, жұғып кетеді, кейін келесің, кейін!» Содан зымырып отырып, өз үйіме жеттім–ау! Есік ашылмайды. Дереу ұялы телефоныммен әйеліме хабарластым.
–Кім бұл? –деп сұрады әйелім.
–Мен ғой.
–Короновирус емессің бе?
–Жындысың ба? Маған жұқпайды.
–Неге?
–Демалмай жүрмін.
–Сенбеймін жаным, бала–шағаңды, мені ойласаң, үйге кірме.
–Айттым саған, екінші қатын алайын деп! Далада қаламын ба енді?
–Карантин біткен соң келерсің, есік ашпаймын!
О, атаңа нәлет, короновирус! Қатынымнан қашырған короновирус! Сіркем су, битім ботқа көтермей, кері қайттым, Теріс қарап жүріп келемін, өзіме–өзім ызадан күліп келемін. Сол күйі бұрын барып жүрген көңілдесімнің пәтеріне кіріп кетіппін. Жаным кіріп қалды! Бірақ, ол басыма пластмасса шелек кигізіп қойды. Сақтанған түрі. Өзінің басына да шелек киіп алған. Екі шелек бас қатар оырып, кофе іштік. Шелектің астынан. О, атың өшкір, короновирус! Бір кезде әйелім хабарласты.
–Қайдасың жаным?
–Досым Досыбайдың үйіндемін, –дей салдым.
–Үйге келсеңші?
–Қойшы, жұғып кетер…
–Келсеңші?
–Қорықпа қатын, карантин біткен соң барамын!
О, атың өшкір короновирус! Бір ай көз таныс келіншектің үйінде жаттым ғой! Әйелімді сағыныыыып кеттім–ей?
(Авторлық құқығы қорғалған.)

Мұхтар ШЕРІМ. АТАҢА НӘЛЕТ, КОРОНОВИРУС!

Көшеде көршімді көріп қалдым, көрдім де, тірідей «өліп» қалдым. Әшейінде жалпақтап, басы қалтақтап амандасатын көршіме қолымды созып, амандасайын деп жатсам, теріс қарай сала еңкейіп, құйрығын құйрығыма тигізіп қояды.
–Ойбай, бұл не қылғаның? –деп сұрадым мен.
–Амандасып жатырмын ғой.
–Қазақта құйрық жабыстырып сәлемдесу жоқ қой?
–Мен шығардым. Атаңа нәлет короновирустан сақтанып жатқаным емес пе?
–Дұрыс қой. Бірақ аяқ түйістіре салуға да болады емес пе? Қыз–келіншектермен осылай амандасу ыңғайсыз ғой?
–Атаңа нәлет короновирус! –деп күрсінді көршім. Әлемге әйгілі адам жалмағышты жерден алып, жерге салды, –Осының кесірінен биыл төл мерекеміз, Жаңа жылымыз–Наурызды мерекелей алмайтын болдық қой!
Ол жынданып тұр. Егер короновирус деген тірі адам болса, жағасынан ала түсіп, тұмсығына періп кеп жіберіп, жерге жатқыза салып, тепкілеп, құлақтарын шайнап, мұрынының тесігіне пластилин тығып тастайтындай күйде тұр.
–Әй, бірақ, осы Наурызды өткізудің жаңаша жобасын қарастыру керек–ау, деймін?
–Ия, Наурыз мерекесі «штамп» болып кетті. Сахналық мерекеге айналды. Бастықтар ғана тойып кететін болды.
–Дұрыс айтасың, биыл халық болып тойламасақ та, екі аяқты аспанға көтеріп қойып, ойлансақ еді…
–Неге екі аяқты аспанға көтереміз?
–Қазақтың миы табанға түсіп кеткен сияқты көрінеді маған…
–Қой, өзімізді өзіміз жерге ұра бермейік. Жүр, біздің үйге. Наурыз көже ішеміз!
–Наурыз мерекең құтты болсын! –деген ол мені құшақтай жаздады да, есіне атаңа нәлет короновирус түсіп кетті ғой деймін, әдетімен құйрығын тоса бастады. Менің бір тепкім келіп, әзілдесе қояйын дегенмін, бірақ ол ойымнан айнып, аяғына аяғымды тигізе қойдым.
Құдай бетін аулақ етсін, жалмауыз індет келген ізімен кері кетсін, еліміз аман болсын, бұл пәлекет тезірек тамам болсын! Короновирус әшейін келеке болсын, үйлеріңізде Наурыз көже ішіліп, береке болсын! Әумин!

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. МАХАББАТ МИТИНГІСІ

–Әй, шырақтарым, махаббат митингісі осы жерде өтеді ме? –деп сұрады кемпірін жетектеген қария насыбайын атып жатып.
–Сізге не жоқ, ата? – деп қалды махаббат митингісіне шыққан кәрі қыдардың бірі. Артынша жастар мен кәрі қыздар ұрандатып қоя берді.
–Отандық махаббат жасасын!
–Шетелдің махаббат инвесторларына жол жоқ!
–Махаббатымыз шекара аспасын!
–Жемқор махаббат министрі отставкаға кетсін!
–Бекежандар мен Қодарлар қотыр болсын!
–Кәрі қыздарға үкіметтен күйеулер бөлінсін!
Бір кезде полицейлер мен жасақтар жетіп келді де, оларды қуа бастады. Махаббат отына күйгендер мен күйе алмай жүргендердің қолдарын қайырып, киімдерін айырып, тепкілеп, езгілеп, арнайы көлікке күшпен тиеп, бөлімшеге алып келді. Араларында жаңағы қария мен кемпір де бар еді.
–Сіздер ерлі–зайыптыларсыздар ма? –деп сұрады тергеуші.
–Е, жоға, –деді қария.
–Сонда қалай?
–Мына апаң кеңес дәуірінде ЖенПИ–де оқитын.
–Сіз ше?
–Мен намаз оқитынмын.
–Жігітім намаз оқығаны үшін бастық әкем жек көріп, байға бермей қойған, – деп кеңкілдей күлді кемпір.
–Апа, енді неменеге жетісіп жүрсіздер?
–Апа деме, мен әлі етегі түрілмеген қызбын шырағым… Қарындас дегін.
–Кешіріңіз, қарындас апа…
–Қырық жыл күттім ғой, қырық жыл! Біздің елде не көп, салық көп. Махаббат салығын төлемегендіктен, әлі үйлене алмай жүрмін! –деп қария қарнын қасыды.
–Бекежан! –деп дауыстады тергеуші. Күзетші көрінді,–Бір шелек су әкел!
Күзетші бір шелек су алып келді.
–Ата, заңсыз махаббат митингісіне қатысқаныңыз үшін, сіздің басыңызды екі минөт суға батырып, жазалаймыз! –деді тергеуші.
–Біздің елде ондай да жаза бар ма еді?
–Жақсы болды қайта. «Таңертең бетімді жууды ұмытып кетіппін» деп ең ғой? –деп қалды кемпір.
Тергеуші қарияның басын шелекке батырды. Бір кезде оның басын көтеріп алып, шелекке үңілді де, таң қалды.
–Ата, бір шелек судың бәрін ішіп қойдыңыз ба, не? –деп сұрады сосын.
–Кеше қуырдақ жеген едім. Шөлдеп тұрмын, шырағым. Әй бала, дәрет сындырып келейінші, шыдай алмай тұрмын! Құман бар ма, құманды қойшы, сендерді осы иман бар ма? –деген қария сыртқа қарай қалт–құлт етіп, жүгіре жөнелді. Соңынын кеңкілдей күліп, кемпірі кетіп барады. Кемпір кімдерге күлді екен?