Осыдан бірер күн бұрын ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қазіргідей қиын кезеңде өз міндетін дұрыс атқара алмаған кез-келген әкім, министрлер жұмыстан кетеді» деп еді. Иә, президент аузын жиып үлгермей, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ұсталғаны туралы дерек тарады. Дереккөздерінің хабарлауынша оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет алаяқтық үшін құрықтаған көрінеді. Оның орынбасары Марат Делмұханов және әкімнің туыстары, бизнесмендер Жеңісбек Ысқақов пен Азат Досмайылов та ұсталды делінеді. Бұл жөнінде Ақорда «Мемлекет басшысының Жарлығымен Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов Қызылорда облысының әкімі қызметінен босатылды», деп жұтаңдау хабар таратты. Бұл қызметке Қуанышбек Ысқақов 2019 жылдың 28 маусымында ғана келген еді. Облыс тізгінін қолға алғанына бір жылда толған жоқ. Бұдан бұрын Павлодар болысының әкімі Болат Бақауов айдың күннің аманында тұтылып, қамауға алынған болатын. Ендігісі мынау. Бұларды не түлен түртті? Әлде биліктің «буын» көтере алмады ма, әлде облыс тізгіні қолымда деп «басқа шауып, төске өрлегісі» келді ме, бәлки біреулердің «қырына» ұшырап қалды ма, әйтеуір алға басқан қадамдары кері кетті. Ұсталды. Қамалды. Бұлар жөнінде жоқ жерден ілік іздеу біздің ғадетімізде жоқ. Құзырлы орындар тексеріп, анық-қанығын айта жатар. Біздің айтпағымыз басқа еді. Қызылорда облысына әкім болып келген адам жайында бірер ауыз сөзіміз бар-ды. Сонымен, Қуанышбек Ысқақовтың ұсталғанына күн өтпей жатып, Қызылорда облысының әкімі болып осы өлкенің тумасы Гүлшара Әбдіқалықова тағайындалды. Президент өзі жөн көрді ме, әлде біреу кеңес берді ме, Гүлшара Наушақызы ел тарихында бірінші әйел әкім болып, Сыр бойына кете барды. Ол 1994 жылдан бері билік дәлізін шаңдатып жүрген, суға салса, батпайтын, отқа салса жанбайтын, керісінше тасқа шауып, басқа өрлеген жолы болған шенеунік әйел. Басқа қызметін былай қойғанда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы болды. Ешқайсы осал орын емес. Енді әкім. Алайда, Гүлшара Наушақызы қай креслода отырмасын, «тас қопарып, тау бұзыпты» ел үшін «мынадай игілікті» іс атқарыпты деген керемет қолпаш лепесті ести қойған жоқпын. Біреулердің ол жайлы тіс арасынан сыздықтата жылы сөз, я болмаса мін айтқанын тағы естімеппін. Содан болар оның біліктілігіне кейде күмән келтіретінім бар. Ел қойын құрттаған, қойыртпағын ұрттаған тыныш заман болса бір сәрі, дәл қазір алас-күлес кезде облыс тізгінін ұстау кімгеде болса оңайға соқпасы анық. Соның ішінде Гүлшара Наушақызына. Қызылорда «үріп ішіп, шайқап төгіп» отырған бай облыстардың қатарынан емес. Дотацияда отырған, қамбасы тесік аймақ. Әрине әкімдікті Гүлшара Әбдіқалықовадан қызғанып отырған жоқпыз. Алайда, дәл қазір коронавирус індеті өршіп, мұнай бағасы құлап, ел қамбасына түсер пайда кеміген тұста, кезінде облыс әкімдерінің ішінде ең іскері, бірегейі саналған Қырымбек Көшербаевтың Қызылордаға қайтып барғаны жөн еді. Осы тұста президент жаңылыс қадам жасады, асығыс шешім шығардыма деп қаламын. Қырымбек Көшербаевтың тәжірибесі мол, ұйымдастыру қабілеті ерек, біліктілігенде мін жоқ адам. Қиын кезде қиыстырып жол таба білетін азамат. Ал, Гүлшара Әбдіқалықова жөнінде олай айту қиындау.
Азаматхан Əміртай
«Байтақ-Болашақ» экологиялық
альянсының төрағасы