Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Бүгінгі күні Қазақстан өте қиын жағдайды бастан кешіруде. Әлемде мұнай бағасының құлауы еліміз үшін қара алтынан түсетін пайданы кемітті. Бұл тек шикізатқа негізделген біздің экономика үшін ауыр соққы. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі, қанша тырссақ та, экономиканы әртараптандыра алмадық. Тек мұнай мен газға, түсті металдарға сеніп, шикізат отаны болып қалдық. Қазір соның зардабын тартудамыз. Сонымен қатар, бүгінгі күні әлемді үрей құшағына енгізген коронавирус індеті біздің де елді тығырыққа тіреп отыр. Сіздің жарлығыңызбен Төтенше Жағдай жарияланды. Бір қатар қалалар карантинге жабылды. Індет барлық аймақтарға жайылды. Осы орайда еліміздегі азаматтардың, балалардың амандығын ойлап, мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарындағы студенттерді онлайн оқыту мәселесі қолға алынуда. Бірақ, мұны жүзеге асыру мүмкін емес сияқты. Оның себептері жеткілікті. Соңғы он жылда Қазақстанды цифрландыру үшін ел қазынасынан қаншама миллиард қаржы бөлінді. Солай бола тұрса да, елімізді толықтай интернетпен қамту мәселесі шешілмеді. Шалғай елді мекендер өркениеттен сырт қалды. Инфрақұрылымдар жасалмады. Жасанды жер серігі арқылы жүзеге асуға тиіс, интернет жүйесі күткендей жемісін беріп тұрған жоқ. Бұл арзан жүйе еді. Бірақ біздегілер әдейілеп, кабель тартуды жөн көрді. Өйткені бұған ақша көп бөлінеді. Жеуге де ыңғайлы. Бар мәселе осында.
«Қазақтелеком» және «Тарнстелеком» байланыс компанияларына жүздеген миллиард қаржы бөлінді. Өкініштісі, солардың ешқайсы дұрыс интернет жүйесін ел территориясында орната алмауда. Тек бөлінген қаржыны ұрлаумен айналысты. Сондай-ақ, IT саласы дамымады. Біздің ірі компаниялар отандық мамандардың жұмысына жүгінбей, шет ел мекемелерін миллиардтаған ақшаға шақырып, ел қазынасын судай шашты. Бір ғана мысал: 2015, 2016 жылдары «Самұрық-Қазына» 42 млрд. теңгеге немістердің IT мамандарын шақырған. Бұған не айтуға болады? Неге мұндайға жол беріліп отыр?
Былтыр Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев: «1999 жылдан 2018 жылға дейін қаржы министрлігіне, оның кеден, қазынашылық, салық органдарын цифрландыру үшін республикалық бюджеттен ғана 78,5 миллиард теңге бөлінген. Ол қаржы қайда, қалай жұмсалды?» деген депутаттық сауал жолдады. Бұл да жауапсыз қалды. Өйткені жеткілікті жұмыстар жасалмаған. Мұндай цифрларды көптеп келтіруге болады.
Енді онлайн оқуға келетін болсақ, бұл да іске аспайтын арманға айналып отыр. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елдегі интернеттің онлайн сабақ өткізуге мүмкіндігі жетпейтінін мойындады. Ол: «Бүкіл елді онлайн-стриминг арқылы қосу мүмкін емес екенін көзіміз жетті»,- деді. – Интернеттегі шешілмеген мәселелер барда онлайн сабақ өткізу тиімсіз. Көп ата-ана интернетке қосыла алмады. Байланыс үзіліп кетті. Қазақстандағы интернет 2,5 миллион оқушыны онлайн оқытқанға қауқарсыз екенін көрдік. Сондықтан онлайн сабақ өткізудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Онлайн сабақ болмайды, оның орнына басқа механизмдерді пайдаланамыз,- дейді. Бұған не айтамыз? Бұған А. Жұмағалиев басшылық ететін цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қ. Есекеев басшылық ететін Қазақтелеком акционерлік қоғамы жауапты деп санаймыз. Сонда интернет саласын, цифрландыру («Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына бес жылға 141 млрд. теңге бөлінген) мәселесін жүзеге асыру үшін қазынадан қаншама қаржы бөлінді. Негізгі байланыс операторы «Қазақтелеком» компаниясынан соңғы он жылда бөлінген триллион теңге нәтиже бермеді. Неге осы қаржыға дұрыс интернет жүйесі құрылмады? Демек, осы салаға бөлініп жатқан орасан зор қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткені анық.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, осы салаға жауап беретіндердің бәрін соңғы он жылда жұмсалған триллиондаған теңге жобалары бойынша жауапқа алып, қатаң тексеру керек. Мынадай қиын жағдайда елдің абыройына нұқсан келтіргендер міндетті түрде қатаң жазасын алуға тиіс. Сіз өзіңіз бас болып, осы мәселені бақылауға алуыңызды сұраймын.
Құрметпен Азаматхан Әміртай,
«Байтақ Болашақ» Экологиялық
Альянсының президенті